Автор: Смаилова А.С.
Жаңа ғасырдағы Қазақстан елінің үміт артар келешегі бүгінгі ұрпақ десек, оларды жан-жақты уақыт талабына сай білімді, мәдениетті, интеллектуалды азамат етіп шығару ұстаздар алдындағы зор міндет. Оқушының өзін қоршаған дүниеге, әлемге көзқарасы — оның сол дүниеге деген қатынасы ретінде интеллектуалдық, эмоционалдық — ерікті, нақты — тәжірибелік әдістері қалыптасады. Бұл қалыптасу көп деңгейлі және әр түрлі әдіс-тәсіл, түрлі технологияларды сабақтарда қолдану арқылы жүзеге асады. Ол деңгейлер оқушының дүниені тану мен қабылдау ерекшелігімен де байланысты.
Сыни ойлау – ашық қоғам негізі. Сыни ойлау деген — әр жеке тұлғаның кезкелген жағдайдағы мәселені ойлап, зерттеп қорытып, өз ойын еркін ортаға жеткізе алуы. Сыни тұрғыдан ойлау, өзіндік, жеке ойлау болып табылады. Ол — өз алдына сұрақтар қойып және үнемі оларға жауап іздеу, шешімін табуды қажет ететін мәселені анықтау, әр мәселеге байланысты өз пікірін айту, оны дәлелдей алу, сонымен қатар басқалардың пікірлерін дәлірек қарастыруды және сол дәлелдемелердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді. Нағыз сабақ – ол әрқашан диалог, іздене, дайындала, үйрене, шәкірттер болашағын ойлай жасалған еңбек пен тәжірибенің бірлігі. Сын тұрғысынан ойлау үш бөліктен тұрады:
Біріншіден, сын тұрғысынан ойлау өзіндік және жеке ойлау болып табылады. Ал сабақ сыни тұрғыдан ойлау принциптеріне негізделетін болса, әркім өз ойлары мен пікірлерін және бағалауларын басқалардан тәуелсіз құратын болады. Біз үшін басқа біреу сыни ойлай алмайды, біз барлығын өзіміз үшін жасаймыз. Сонымен қатар ойлау өзіндік сипатқа ие болғанда ғана сыни тұрғыдан ойлағандық болып есептеледі. Өз бетінше ойланып, мәселені шешу үшін бостандық керек.
Сыни тұрғыдан ойлауда идеяның ерекше болуы міндетті емес: басқаның пікірімен міндетті түрде келісу емес, керсінше келіспеуіміз де мүмкін. Бұл біздің құқымызды дәлелдейді. Сыни тұрғыдан ойлайтын оқушының ой бостандығы кең болғандықтан өзгенің пікіріне жиі келісе бермейді. Бұл тұлғаның қоғамдағы пікірін, орнын анықтайды.
Екіншіден, сын тұрғысынан оқыту жаттанды қағидаларды дәлелдеп айта беру емес, оқушы оқып, оны еске сақтап айту қабілеті жоқ, керсінше терең ойлау арқылы ескіге жаңаша көзқарас қалыптастыруы мүмкін, тың идеялар ойлап табуы мүмкін.
Үшіншіден, сын тұрғысынан ойлау сұрақтар қойып, шешімін табуды қажет ететін мәселені анықтаудан басталады. Жалпы адамзат баласы тумысынан білуге құмар болып келеді. Өзінің жеке қызығушылықтарымен қажеттіліктеріне жауап беруге талпынады.
Төртіншіден, сыни тұрғыдан ойлау көңілге қонымды дәлелге ұмтылады. Саналы дәлелдер арқылы жаңалық ашуға бейім келеді.
Қазақ тілі сабақтарында оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдана отырып тұлға қалыптастыру тәжірибесін сабақтарда қолданумын. Сын тұрғысынан ойлауда оқушы болжайды, зерттеп, қорытып, өз ойын жеткізеді, негізін ашады, сұрыптайды, талқылайды, сын көзбен қарайды, пікірін дәлелдейді, пікір алмасады, ортақ пікірге келеді, мақсатқа жетеді, өзін-өзі басқарады, топпен жұмыс істеуге үйренеді, жан дүниесін өзгертеді, ойлауды дамытады, қызығушылықты дамытады, кез-келген сабақты меңгертеді, оқушы өзін-өзі тәрбиелейді.
Осымен де байланысты, баланың жанына берілетін «азықты» — білім мазмұнын әдістемелік сын тұрғысынан ойлау жағынан ғана емес, оқушының жан болмысымен байланыстыра отырып даярлау қажет. Оқушының қазақ тілі сабақтарында сын тұрғысынан, ойлау тұрғысынан оқушының ойлауы мен тілін дамыту, дүниетанымын қалыптастыруда қазақ тілі пәніне үлкен міндеттер жүктеледі. Қазақ тілі сабақтарында әрбір жұмыс түрлері мәтінмен жұмыс, жаттығулармен жұмыс, суретпен жұмыс, грамматикалық, лексикалық, фонетикалық талдау т.б. Мәселен, мәтіндермен жұмыс істеу кезінде оқушылар әр мәтін мазмұны мен ондағы негізгі ойды талдап, талқыға салу мәселесін көтере отырып, жақсы мен жаман жақтарын жан-жақты таратып айта алады. Мәтін мазмұны оқушысының кең дүниетанымын қалыптастыруға толығымен қызмет атқара алады. Өздерін толғандырған мәселе жайында түрлі сұрақтар қоя отырып, ой қозғай алады.
Қазақ тілінің грамматикасының сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдана отырып оқытуда нақты тәрбиелік мүмкіншіліктер қандай? Грамматиканың қай деңгейі, қай бірлігі оқушының ойлау мен тіл дамуында үлкен орын ала алады? Жалпы тәрбиелік тұлғаның қалыптасу үдерісіндегі грамматика сабақтарының салмағы қандай? Деген сұрақтар қойылып, қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың теориялық ойлауын дамытудың тәрбиелік негіздерін зерделеуді осы бастаудан аламыз. Бұл мәселе туралы қарастырған кезде төмендегідей мәселелер ескерілуі тиіс: қазақ тілін оқытудың тәрбиелік ықпалы, жалпы тәрбиелік мазмұнының құраушы бөлігі болып табылады. Өйткені, әрбір сабақтың, оқушының өз бетімен орындайтын жұмыстарының, сабақтан тыс жұмыстарының ішкі тәрбиелік мүмкіншіліктері болатыны және олардың мол потенциалы болатыны белгілі. Мәселе солардың көзін ашып тануда.
Сыни тұрғыдан ойлау стратегияларының оқушыларды еркін сөйлеуге, сөз ұшқырлығын ұштауға, өз ойын қысылмай жеткізе білуге мол әсері бар. Бұған сын тұрғысынан ойлау сабақ құрылымы да әсер етеді.
Сабақ құрылымы үш кезең бойынша жүзеге асырылады: қызығушылығын ояту, мағынаны ашу, толғаныс.
Осы үш кезең арқылы оқушыларды ойлауға жетелеп, қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, белсенділікке ынталандыруға болады.
1) Қызығушылығын ояту стратегиялары: ой қозғау, топқа бөлу, топтастыру.
2) Мағынаны ашу стратегиялары: ассоциация, Венн диаграммасы, бес жолдық өлең.
3) Толғаныс стратегиялары: автор орындығы, бірлескен жоба, эссе.
Ал грамматикалық материалдарды және лексикалық тақырыптарды оқытуда стратегия түрлерінің қолданылуы арқылы тілді дамытуға, сөздік қорды молайтуға, бір-бірімен қарым-қатынас (сөйлеу, жазу, айту, оқу) жасауға, ойлау қабілетін дамыту, ойын еркін шешен жеткізе білуге үйретеді.
Оқылым мен жазылым арқылы сыни ойлауды дамыту технологиясы инновациялық педагогикалық әдістердің ішінде мәселені қоюда оқыту тиімділігі тұрғысынан сәтті шыққан әдістердің бірі болып саналады. Сыни ойлауды дамыту технологиясының негізгі ережелері негізгі үш кезеңнен немесе сатыдан тұрады, олар:
1) әңгімеге тарту (вызов);
2) жаңа ақпараттың мәнін түсіну (смысловая стадия);
3) ой қорыту (рефлексия).
Сыни ойлауды дамыту технологиясы оқу әрекеті түрлері бойынша оқыту үдерісін қамтитын белгілі бір әдістер, тәсілдер, мен стратегияларды ұсынады. Әр сатының өзінің нақты, мысалы, әңгімеге тарту сатысына арналған қолданылатын тәсілдер мен стратегиялары бар.
Сыни ойлауды дамыту технологиясы шеңберінде жұмыс істейтін мұғалім төмендегі ережені қатаң сақтағанда ғана, өнімді еңбекке қол жеткізуі тиіс:
1) Сыни ойлауды дамытуға көмектесетін ақпараттық материалды дұрыс таңдау;
2) Сабақ беру әдісін дәл таңдау.
Сонымен, сыни ойлауды дамытуға көмектесетін ақпарат қандай болуы тиіс? Өзекті ақпараттың тез меңгерілетіндігі айтпай-ақ түсінікті. Дегенмен мұғалімдердің пікірі көп жағдайда оқушылардың «өзектілік» мәселесі жөніндегі ойымен дөп келе бермейді.
Сол үшін де осы мақалада сабақтың алғашқы сатысы — әңгімеге тартуға баса назар аударамын. Сыни ойлау ұстанымдарын жүзеге асыратын мұғалімнің міндеті тақырып бойынша белгілі нәрсені «тартып ала отырып» оқушыны жалпы білім алуға қызықтыру, жетелеу және пайда болған сұрақтарды анықтау. Пайда болған сұрақтар жаңа білім алуға сұраныс туғызады. Әңгімеге тарту кезеңі жаңа ақпаратқа бағыттайды, дайындық жасатады, сол ақпарат келесі кезеңдерде одан әрі ашылады. Сабақтың бұл кезеңі келелі оқыту технологиясы деп аталады. Классикалық педагогикада жаңа материалды түсінудегі ішкі және сыртқы уәждеменің пайда болуы немесе күшеюіне жағдай жасайтын оқуға қызығушылық деп те атайды. Шындығында, оқушылар өз сұрақтарына өздері жауап беру үшін берілген кезеңде алдарына нақты мақсат қояды: жаңа материал не үшін керек және нені білуі қажет. Оқушылардың өз уәжі мен мақсатының пайда болуы жаңа материалды үйренудегі шығармашылық пен сыни ойлауды дамытатын басты себеп болып табылады.
Әңгімеге тарту сатысының міндеттері:
а) бар білімді белсенділендіру;
ә) жаңа ақпарат алуға ынталандыру;
б) осы сабақта және берілген тақырып бойынша оқушының өз мақсатын анықтап алуы.
Әңгімеге тарту сатысының атқаратын қызметі:
А) уәждемелік (жаңа ақпаратпен жұмыс істеуге қызықтыру, алдына мақсат қою мен оны жүзеге асыру тәсілдеріне ынталандыру);
Ә) ақпараттық (тақырып бойынша бар білімді «ішінара» тарту);
Б) қатысымды (шиеленіссіз пікір алысу).
Берілген сатының маңыздылығы сол, мұнда сабақтың барлық кезеңдері бірімен тығыз байланысты ғана емес, сондай-ақ бір-біріне тәуелді болып келеді.
Әңгімеге тарту сатысын ұйымдастыру тәсілдері жүйесі жеке жұмысты ұйымдастыру тәсілі ретінде және жұптық жұмыс пен топтық жұмысты ұйымдастыруда да жиі қолданылады. Шақыру сатысын құруды төмендегідей кесте түрінде беруге болады:
1) мұғалім қызметі
2) оқушы қызметі
3) әдістер мен тәсілдер
Бұл саты үйренушілердің зерттейтін мәселесін өзек тілендіруге, тақырып бойынша бар білімін белсенділендіруге, әрі қарай жұмыс істеуге ынталандыруға бағытталған. Үйренуші зерттелетін мәселе бойынша белгілі нәрселерді есіне түсіреді (болжам жасайды), жаңа материалды алғанға дейінгі ақпаратты жүйелейді, өзі жауап алғысы келген сұрақтарды қояды.
Инвентаризация – белгілі ақпараттар тізімін жасау;
Әңгіме – тірек сөздер бойынша болжам жасау;
Шын және жалған бекіту жаттығулары;
Шатастырылған логикалық тізбектер;
Жұптық жұмыс: ой түрткі, «миға шабуыл»;
«Қысқа және шұбалаңқы сұрақтар»;
Материалды кескіндік жүйелеу (кластер, кестелер).
Сабақ барысында тәсілдерді таңдағанда белгілі бір жүйелілік пен логика сақталуы тиіс екендігін атап өту керек. Мысалы, егер әңгімеге тарту кезеңінде «тірек терминдер» немесе «шатастырылған логикалық тізбектер» қолданылса, онда рефлексия кезеңінде мәтінді оқығанға дейін орындалған тапсырмаларға қайта оралу маңызды, оқушыларға ұсынылған оқиғаны немесе түсінікті хронологиялық немесе себеп-салдарлы жүйеде қайтадан құру тапсырылады. Тәжірибе көрсеткендей, берілген тәсілдерді дайындау және жүзеге асыру өте оңай.
Төменде «Мінез және маман» тақырыбы бойынша сыни ойлауды дамыту технологиясын сабақта пайдаланудың үлгісі көрсетілген. Қолданылған стратегиялар: инвентаризация, материалды кескіндік жүйелеу, «миға шабуыл», Әңгіме — тірек сөздер бойынша болжам жасау; «қысқа және шұбалаңқы» сұрақтар. Оқудың мақсаты – лексикалық дағдыларды тыңдалуым, сөйлесі, жазылым арқылы жүйелеу. Қатысымды мақсаты – нағыз дос қандай болуы керек, үлгілі отбасы қандай болуы керек, адамдардың қандай қасиеттері құнды деп есептейсіз деген сұрақтар төңірегінде пікір алысу т.б.
1-қадам
Мұғалім балаларға қағазға 9 баспалдақтан тұратын «саты» жасауды өтінеді. Төмендегі сатыда ең әлсіз эмоционалды (жағымды, жағымсыз) сөздер жазылады. Жоғары сатыда керісінше күшті, эмоционалды сөздер жазылады. Қандай адамдарды жақсы көресің, жек көресің. Түсіндіріңіз.
Дос деп санайтын адамдарды сипаттаңыз. Неліктен?
Тамаша отбасы қандай болады? Сипаттаңыз. Төмендегі мамандықтарды сипаттау үшін не керек? (Тәрбиеші, кітапханашы, заңгер, дәрігер).
2-қадам
Мұғалім сын есімдер қатарын оқиды. А) Мінез-құлықты сипаттайтын сөздер. Б) Отбасылық қатынастарды сипаттайтын сөздер. Әрине, сын есімдер тізімін өзгертуге де болады. Оқушылардың міндеті сын есімдерді жеке қасиет құндылықтарына сәйкес баспалдақтарға орналастыру.
Жұмыс барысында оқушылар сөздердің орнын ауыстыра алады. Мысалы, көпшіл, тұйық, жауапты, қайырымды, тәрбиелі, мейірімді, әдепті, әзілқой, кертартпа, мақсатшыл, табанды, т.б.
3-қадам
Оқушылар сөздерді неге осылай орналастыру себебін түсіндіру керек.
Мейірімді, қайырымды адамдарды жақсы көремін. Көңілді адамдармен дос болуды жақсы көремін. Мен қайырымды, көпшіл адамдарды ұнатамын. Мен қатыгез, қатал адамдарды ұнатамын. Мен көңілді адамдармен дос болғым келеді. Мен әзілқой адамдармен дос болғым келеді. т.б.
Кесте сызылып, карточкалар жасалады. Карточкалар оқушылардың санынан 3 есе көп болуы тиіс. Карточкаларда адамның қасиетін сипаттайтын сөздер жазылады. Карточкаларды оқушылар өз қалауынша ауыстырып алуына болады.
Осы технология оқылым мен жазылым арқылы сыни ойлауды дамытатын болғандықтан, оқылымға үйрету сабағында әңгімеге тарту кезеңін ұйымдастыру тәсілдерін беріліп отыр. Берілген мысалдарда ақпараттық материалды кескіндік жүйелеу стратегиясы пайдаланылады. Тапсырманы және оны жүргізу формаларын мұғалім сабақтың мақсатына, мәтін түріне және оқушылардың мүмкіндіктеріне қарай анықтайды.
1-қадам. Мұғалім тақырыпты атап, мәтіннің атауын хабарлайды, оқушылардан кейіпкер туралы ақпараттарды, жалпы ол туралы не білетінін еске түсіруін сұрайды, өтінеді. (Мен білемін).
2-қадам. Мұғалім оқушылардан осы мәтін арқылы не білгісі келетінін, кейіпкер туралы не білгісі келетінін айтуды өтінеді. (Нені білгім келеді?)
3-қадам. Мәтінді оқып, кестенің үшінші бағанын толтыру. (Не білдім?)
«Абылай хан» мәтінімен жұмыс
Мысалы, мен білемін бағаны бойынша жауаптар:
1) Мен Абылай ханды белгілі адам ретінде білемін.
2) Мен Абылай ханды атақты адам ретінде білемін.
3) Мен Абылай ханды тарихи адам ретінде білемін.
4) Мен Абылай ханның туған жылын білемін.
5) Мен Абылай ханның туған жерін білемін.
6) Мен Абылай ханның қайтыс болған жылын білемін.
Екінші баған бойынша, нені білгісі келеді, соны жазады.
Мысалы,
1) Мен Абылай ханның өмір жолы туралы білгім келеді.
2) Мен Абылай ханның қандай адам болғанын білгім келеді.
3. Мен Абылай ханның кім болғанын білгім келеді.
Үшінші баған мәтін оқылып болған соң толтырылады. Оған дейін нені білдім бағанына жазылатын сөйлемдер үлгісі:
1) Мен Абылай ханның шын атын білдім.
2) Мен Абылай ханның мұсылманша жақсы білім алғанын білдім.
3) Мен Абылай ханның домбыраны жақсы тартқанын білдім.
4) Мен Абылай ханның жастай жетім қалғанын білдім.
5) Мен Абылай ханның шығыстың жеті тілін білгенін білдім.
6) Мен Абылай ханның 20-дан астам күйі бар екенін білдім т.с.с.
Бұл тапсырманы жеке де, жұптық тапсырма ретінде де, топта да орындай беруге болады. Әр кезеңнің соңында ұжымдық талқылау жүргізіледі. Маңызды ақпараттар мен аса қызықты мағлұматтар кестеге, тақтаға немесе плакатқа жазылады.
Сын тұрғысына ойлау технологиясын қазақ тілі сабақтарында қолдана отырып тұлға қалыптастырудың тиімді жақтары өте көп екендігіне көз жеткіздік. Нақтылай қорытынды жасасақ, оқушылар күні бұрын берілген тапсырмамен де сабақ үстінде берілген тапсырмалармен қосымша ізденеді, өз бетімен дайындалады.
Оқушы ой қиялының дамуына, пікір айтуына еркіндік беріледі, өз өміріне, қоршаған ортаға сын көзбен қарап, өзгенің пікірін тыңдап, оған өз көзқарасын қоса білуге үйренеді. Шыншылдық, әділдікке дағдыланады. Өзгенің пікірімен санасуға үйренеді. Әр түрлі шығармашылық жұмыстарға дағдыланады. Өз пікірін қорғай дәлелдей алады. Топпен жұмыс істеуге үйренеді. Жан дүниесін тәрбиелейді.
Қазіргі кездегі мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, ерекше ой қызметін, мол шығармашылық мүмкіндікті, өзін қоршаған түрлі жағдайларға тез икемделіп қана қоймай, оларды керекті бағытына шығармашылықпен бұра білу қабілеттілігін қажет етеді.
Қазақ тілі сабақтарында сын тұрғысынан ойлау технологиясы тіл дамытумен қатар тұлға қалыптастыруда маңызы зор екендігі тәжірибе негізінде дәлелденуде. Сын тұрғысынан ойлау технологиясы – ойлаумен ұштастыра білім алуды бағыттайтын оқыту технологиясы.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Қабдешова Ә. Сын тұрғысынан ойлау Қазақ тілі мен әдебиеті. № 10.
2. Ташенова А. Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту Білім – Образование. – 2006, №2.
3. Тұңғатова Ғ. Қазақ тілі сабағында сыни ойлауды дамыту «Қазақ тілі: әдістеме» № 9-10, 2010.