Интонация туралы түсінік

ҚАЗАҚ   ТІЛІНІҢ   ИНТОНАЦИЯСЫ  ТУРАЛЫ

                                                              Садуақас Нұрбол Абдуллаулы

                                                          филология ғылымдарының кандидаты,    доцент Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  өңірлік мемлекеттік университеті.

Қандай тіл болмасын, оның интонациялық жүйесі белгілі бір   заңдылыққа сүйенеді. Тілдің интонациясы — көп функциялы құбылыс. Әлем  лингвистикасындағы басты мәселелердің бірі интонацияның сол тілдегі  ерекшелігін, басты белгілерін, маңыздылығын анықтау болып табылады. Қандай  сөйлем болса да, оның интонациясы, айтылу әуені болады. Сондықтан да Н.С.Трубецкой интонацияның фонемалардан ерекшелігі, оның өзіндік белгілері  болатындығына назар аударған еді [1.254]. Суперсегменттік фонетика тілдің интонациялық жүйесін қарастырады. Интонация сөйлеу тілінде естілуімен қатар жазба тілде (мәтінде) де оқылады. Интонациялық құбылыстар мен грамматикалық құбылыстардың арасында тығыз байланыс бар. Себебі мәтіннің интонациясын өзгертіп оқитын болсақ, оның стилистикалық реңкі де, грамматикалық мағынасы да өзгеруі мүмкін. Интонацияның тіл жүйесінде алатын орны, ерекшеліктері мен қасиеттерін анықтайтын саласы жалпы тіл білімінде интонология деп аталады. Интонологияның суперсегменттік бөлшектерін интонемалар деп атайды. Сөйлемде интонеманың атқаратын қызметі, өзіндік орны болады. Сондықтан интонема әрқашан синтагмада көрініс табады. Интонацияның негізгі қызметі 1) сөйлемнің түрлерін анықтау; 2) жеке коммуникативтік типтерін ажырату; 3) мазмұнның өзгешеліктерін ажырату; 4) мәтіндегі ерекшеліктерін көрсету; 5) әр түрлі эмоцияларда ажырату болып табылады. Интонацияның басты компоненттері әуен, негізгі тон жиілігі, интервалы, диапозон, ұзақтылық, қарқын, пауза, интенсивтілік, тембр тілдегі просодикалық әсілдер ретінде әр тілдің өзіндік интонациялық ерекшелігіне байланысты қолданысқа түседі. Интонация дыбыстан бұрын пайда болған деген көзқарас бар. Сонда да фонемаға қарағанда интонеманы зерттеу кейіндеу қолға алынды.

Қазақ тіл білімінің кейінгі кезеңде әлемдік ғылым жетістіктеріне сай озық әдістемелер негізінде зерттеле бастауы жаңа ғылыми салалардың пайда болып, тың теориялық идеялардың туындауына жол ашты. Қазақ тілі дыбыс жүйесі саласындағы теориялық мәселелердің дамуы және зерттелу барысына ой жіберетін болсақ, тіліміздегі фонемалардың санын, олардың түрлі фонетикалық ерекшеліктерін зерттеуге алғашқы кезекте назар  аударылды да, ал тілдің суперсегменттік деңгейін  зерттеу, әсіресе,  тіл жүйесіндегі интонация мәселерін зерттеу жұмыстары, кейіндеу  қолға алынды. 

Қазақ тіл білімінде интонация  мәселелері алғаш рет  Н.У. Түркбенбаевтың  қазақ тіліндегі сұраулы жай сөйлемдер интонациясы туралы, қазақ және  орыс  тілдері  фонетикасын  салғастыра  зерттеген  еңбегінде қарастырылды. Ғалым интонациясыз  сөйлем  болмайтынын, сондықтан интонацияның сұраулы жай сөйлемді  танытатын белгілерін   көрсетеді [2].  Ә.Н. Нұрмаханованың қазақ, өзбек, қарақалпақ тілдеріндегі  жай сөйлемге байланысты еңбегінде интонация  мәселесіне  ерекше  назар  аударылды [3]. Ол интонация құрамындағы  болатын физикалық элементтерді (әуен, ырғақ, қарқын, іркіліс) көрсетіп, түрлі  жай  сөйлемдерің  өзіне   тән  интонациясы  болатынын  айтады.  Ғалым  интонацияның   негізгі  бірліктері мен  компоненттері,  интонацияның  сөйлемдегі қызметі  туралы  мәселелерді  жай  сөйлемдер  грамматикалық ерекшеліктерімен  байланыста қарастырған. Ж.М. Утесбаев  қазақ  мәтінінің интонациялық  құрылымдарын  көркем  шығарма  желісі  бойынша  зерттеп,  мәтін лингвистикасындағы  интонацияның  маңызын  көрсетеді.  Қазақ тілінде интонация мәселелері  жөніндегі  алғашқы  пікірлер  ұшқыны А. Байтұрсынов,   Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев, Н.Сауранбаев  еңбектерінде  де  кездеседі. А. Байтұрсынов « Екпін  буыны  бірыңғай  келетін  тілдер  және  екпін  буыны  бірыңғай  келмейтін» деп, интонацияға  қатысы бар мәселе  ретінде  орыс,  француз, қазақ тілі  ерекшеліктерін екпінмен  байланыста  сөз   етсе,  Қ. Жұбанов интонацияны  « дауыс  сазы»  деген  атаумен  атап,  әр  сөздің    әні  болатынын  айтқан   еді. Интонация  мәселелері  қазіргі  қазақ  тілінің     синтаксисіне  қатысты  зерттеулерде  М. Балақаев, Т. Қордабаев, Қ. Есенов, Р.Әміров  т.б. ғалымдар  еңбектерінде  де сөз  болады.  Ғалым Р. Сыздықова  қазақ  тіліндегі  сөздердің  айтылуына  ерекше  мән  беру  қажеттігін  айта  келіп: «қазақ  тілінде  сөйлем   ішіндегі  сөздер   дауыс   ырғағы   жағынан  әрқайсы  бөлек- бөлек  айтала  бермейді, көбінесе, екі- екіден  немесе  екі-үштен  бір   ырғақты  топ  құрап,  бір  екпінмен, бір  деммен  үндесіп, үйлесіп айтылды», — дейді  [ 4.54].

Қазақ тіл білімінде  интонацияны  зерттеу   ісін  жоғары  деңгейге  көтеріп, өзінің мектебін қалыптастырып, шәкірттерімен бірге  осы  саланың  берік  қалыптасуына  ерекше  ықпал  етіп жүрген ғалым  З.М. Базарбаева   деп білеміз. Интонация  мәселелері  ғалым  З.М.  Базарбаева  тарапынан   жан- жақты  қарастырылып,  осы   саладағы    зерттеулерге  оң   ықпал  етті. Соның  нәтижесінде  тілімізді  зерттеу   аясы  кеңейе  түсіп, шешімін   күткен  кейбір  мәселелерді  тар   шеңберде  ғана  қарастырмай,  бір саланы   екінші  саламен  ұштастыра   зерттеуге  мүмкіндік  болды.  Ғалым  қазақ  тілі  интонациялық  жүйесін  жан- жақты,  жүйелі зерттеуі  нәтижесінде  осы бағыттағы  ғылыми  зерттеулердің  қарқынды  жүргізілуіне  оң  ықпалын  тигізді. Интонация теориясының негізгі мәселелері ретінде оның бірліктері, басты компоненттері, интонацияның қызметі туралы баяндап, олардың өзіндік ерекшеліктері мен ішкі заңдылықтарын көрсетіп, тіліміздегі интонацияның табиғаты мен қолданылу сипаты жөнінде жүйелі зерттеу жүргізген. Интонацияның өзіне ғана тән негізгі бірлігі (единицасы) «интонема» деп көрсетіп, «Сөйлемнің қай-қайсысы болса да, интонемасыз сомдала алмайды, олардың әрқайсының өзіне тән интонациясы бар. Сөйлемдердің қай түрінің болса да, сомдалып, аяқталып, коммуникативтік функцияға ие болып тұруында интонацияның мәні ерекше»,- дейді [5.19]. Интонема мен фонема ерекшеліктері туралы кезінде Н.С.Трубецкой «интонеманың  фонемадан  ерекшелігі сол, фонема  үшін ештеңе білдірмейтін  тыныс белгісінің мәні жоқ,  ал интонема  үшін мағына білдіретін  арнайы белгілер  қажет» деген еді  [1.54]. З.М.Базарбаева қазақ тіліндегі интонация мәселелері жөнінде айтылған пікірлерге сын көзімен қарай отырып, зерттеушілер интонацияның бірліктерін белгілеуде оның сөйлемдегі қызметін негізге алатынын, екпіннің қай жерде тұратындығын, пауза арқылы бөлінетін ерекшелігін алға тартатындығын айтады. Интонацияның компоненттері (әуен, пауза, интенсивтілігі, ұзақтылық, қарқын, тембр) туралы талдау жасай келіп, өзге зертеушілер «қазақ тіліндегі ең маңызды просодикалық компоненттер деп ұзақтылықпен қатар әуенді де атайды»,- дейді [5. 47]. «Интонацияның компоненттері тілдің бәрінде қолданылатын универсалды просодикалық тәсіл болып табылады. Олар әуен, ұзақтылығы, интенсивтілік»,- дейді [5. 43]. Ғалым ритмикалық топтар арасымен олардың ішіндегі пауза туралы айтылған пікірлерге назар аударады. Интенсивтілікке әсер етуші факторлардың бірі дауысты дыбыстардың синтаксистік сегменттегі орны дейді. Тембр сөйлемнің сезімдік (эмотивтік) мазмұнын беруге қатысады, ал акустикалық деңгейде спектрге сәйкес деп біледі. Интонацияның басты функциясы сөйлемнің жалпы мағынасы мен түрлері, жеке коммуникативті дифференциялау (тема және рема), семантикалық дифференциялау, эмоциялық дифференциялау деп көрсетеді. Зерттеуші қазақ тілі сөйлемдерінің және поэзия тіліндегі интонацияның сипатын жан-жақты талдап көрсетті.

         Ғалым З.М.Базарбаеваның шәкірттері қазақ тілінің функционалды стильдерін суперсегменттік фонетика тұрғысынан қарастыра бастады. Бұл зерттеулер қазақ тілі  фонетикасының суперсегменттік  деңгейдегі танымдық маңызын арттырып отыр. Осы   орайда,  қазақ   тіліндегі қосқұранды құрмалас сөйлем    интонациясының  ерекшеліктерін, фонетика мен сөйлем арасындағы  өзара   сәйкестігін  тауып,  эксперименттік  фонетикалық  зерттеу жолымен жүргізілген А.М.Фазылжанованың зерттеу жұмысының маңызы зор [6]. Ал Т.Ы.Кеншинбай «Фонетика-синтаксистік  бірліктер аралығының фонетикалық сипаты  мен   таныс  белгілері» атты   зерттеуінде бұған  дейін  тек  тыныс  белгілер  деңгейінде  ғана  бір жақты  сөз   болып  келген  мәселелерді  оның  басты  белгісі   болып   табылатын  интонациялық   рәсімделуімен  байланыста қарастырып,  сөйлем  деңгейіндегі  таныс  белгілері  мен   синтаксистік   бірліктер  шегарасын анықтаудың  фонетикалық  қисындары  мен  жолдарын  анықтаған.  Қатар   тұрған  екі  сөздің  бір  ритмикалық  топ  құрамындағы  фонетикалық көрінісі   олардың  екі   ритмикалық  топ құрамындағы   фонетикалық  белгілерімен  салыстырған. Ғалым  сөйлемнің  фонетикалық, интонациялық ерекшеліктерін  айтып,  оның   сазын  келтіріп  айту мен  тыныс  белгілерінің   бір-бірімен  байланысты   жақтарына  назар  аударады. Қазақ   тілінде   сөйлеудің  фонетика-синтаксистік  бірліктер  арасындағы   жағдайы  бірнеше  параметрде   қарастырылған. Ғалым   дауыс  кідірісінің    ұзақтығы, құрмалас  сөйлемнің  әр    сыңырындағы    сөйлеу   қарқынын, сөйлеу әуенін, әр    синтагмалық  топтағы   күшті   дыбысты, күшті    буынды   және   оның   айтылу    ұзақтығын  т.б.  мәселелерді   техникалық  құралдар   арқылы   тәжірибеде   сынаған. Зерттеуде   « Ақыл  бітпес    дәулетке,  дәулет  бітпес  келбетке»  деген   сөйлемдегі «дәулетке», «келбетке»  сөздерін  салыстырып,  қорытындысында  синтагма шегарасы  туралы ақпаратты  ырғақты екпін түскен  соңғы буын  алады да, одан кейін  пауза болады,  ал сөйлем соңы  біртіндеп  айтылым күшінің әлсіреуімен сипатталады дейді  [7.15].  Құрмалас сөйлемдерде    синтагма  арасында  дыбыстардың  көмескі  айтылуы,  түсіп  қалуы   сияқты  фонетикалық  жағдайлар  болуы  мүмкін  екендігін  айтады. «Қолы  батпайды, сипап  тұрғандай  ғана  білінеді» деген   сөйлемді  мысалға  келтіріп, «  екі синтагмада да сөз соңындағы қысаң «ы», «і» дауыстылары түсіп, ал олардың алдындағы ұяң  «д»  дыбысы  солғынданады,  ал «Көп  бастар  шұлғасып,  көп  сақалдар  шошаңдасып  қалды»  деген  сөйлемдегі  «шұлғысып», «шошандалып» сөздері  соңындағы «сып»  буындағы «ы» қысаң  дауыстысы  «алғашқы  синтагмада  ол   анық  айтылса, ал екінші  синтагмда күшті көмескі тартады. Бұл алғашқыда екпінсіз болады,  екі синтагма арасындағы пауза ұзақтығы 250 мс»,- дейді [7.15].        Ритмикалық  топқа  енген « фонетикалық   атаулар» деген   тіркесте  қатаң  «қ»   дыбысы  ұяң  «ғ»  дыбысымен  алмасатынын   көрсетеді. Сөйлеу  кезінде  « ғ»  мен  «а»   дыбысы, « несмотря  на  фонетическую  слитность», екі  буынға   бөлініп, « ғ»   дауыссызы   күштібас  дыбыс,  ретінде  алдындағы  «а»  дыбысына  емес,  өзінің  артындағы  «ы»  дыбысына   қабысатын  болса,  күшті соңғы  дыбыс  ретінде  «ғ»  дыбысынан  дыбысынан   бөлініп,  өз    алдына  буын  құрайды  екен [7.22]. Бұл  зерттеуде  қазақ  тіліндегі  пунктуация  мәселесі  фонетикамен  байланыста қарастырылып,  оның  делимитациялық,  семантика-синтаксистік   және  интонацияның  мағыналық  бөлінуі,  күрделі  сөйлем  құрамындағы  фразалар  қиылысындағы  фонетикалық   құбылыстар, тыныс    белгілердің   сөйлем   аралық  кездесер   тұстары  просодиялық  және  сегменттік  деңгейде   анықталған. 

          Қазіргі кезде суперсегменттік бірліктердің стильдік қызметін тануға мән беріліп отыр. Ә.Ж.Берікболова зерттеуінде просодикалық тәсілдердің стильжасау сипаты,  функционалды стиль  мәтіндерін түзудегі  интонацияның қызметі, дыбысталған мәтінді жіктеудің жүйесі анықталған [8]. Ә.Ж.Берікболова еңбегінде интонация мәселелері  функционалды стильдік жағынан зерттелді. Бұған дейін функционалды стильдің  интонациялық құрылымы туралы сөз болмаған еді. Қазақ тіліндегі просодикалық тәсілдердің стильжасау сипаты, фоностилистика  мен интонология байланысы, стиль түзудегі интонация функциялары, суперсегменттік бірліктердің стильдік қызметін таныту т.б. мәселелер қарастырылды .Зерттеуші әр стильдегі мәтіндердің өзіндік айтылу сарынын, дыбысталуындағы, интонациялық ұйымдасуындағы өзіндік ерекшеліктерін анықтауға болатынын дәлелдейді. Ғалым әр стильдің өзіне тән интонациялық сипатын көрсете келіп, “Тыңдау арқылы мәтіннің стильдік сипатын ажыратуға болатынын” дәлелдейді [9.23]. Зерттеуде интонеманың позициясы, қарқынның стиль түзудегі қызметі, әуен мен үдемеліктің ерекшеліктері анықталып, қазақ тілі функционалды стиль мәтіндеріндегі просодикалық тәсілдердің қолданылу көрінісі жан-жақты көрсетілді.      

         Тіл — қоғамдық  құбылыс. Қоғам  дамыған сайын  тілдің  де  коммуникативтік  қызметі  артып,  таным  көкжиегінің  кеңеюіне  алып  келсе,  ғылым да, оны  зерттеу  мәселесі  де  жаңа  ортаға  бет  бұрып,  дамып келеді. Қазіргі  тілтанымның   негізгі  бағыттарының  бірі  тілдік  құбылысты  тек белгілі  тар  шеңберде  қамап   ұстамай,  әлеуметтік  ортада  қолданылатын   қарым- қатынас  құралы  ретінде  басқа  салалармен  байланыстыра  зерттеуге  назар  аудара  бастады. Соңғы кезеңде қазақ тіл білімінде дыбыстық деңгейдегі сегментті бірліктердің функционалдық-стильдік жұмсалымын, олардың сөйлеу стиліндегі қызметі мен дыбыстардың модификациялануының көркем мәтіндегі қызметін зерттеу барысында фонология мен стилистиканы байланыстыратын фоностилистика саласы қалыптаса бастады. Ж.А.Исаева  «Қазіргі  қазақ  тіліндегі  сегментті   бірліктердің  фоностилистикасы» атты зерттеуінде  сөз  құрамындағы  дыбыстардың  өзгерісін  стилистикамен  байланыста  қарастырып, фоностилистика, фоника, фоностилистикалық қабат, лобиализация, гиперлингвализация,  дыбыстардың созылыңқылығы т.б. мәселелерді тіл дыбыстарының көркем мәтінде, ауызекі сөйлеуде т.б. стильдік қабаттардағы қолданысын теориялық жағынан жүйелі талдады [9]. Әлемдік линвистикада  фоностилистика  дыбыстық  деңгейдегі  тілдік  құралдарды  функционалдық  ыңғайта қарау   нәтижесінде  ғылыми  сала  ретінде  қалыптаса  бастаған  болса,  бұл  жаңа  бағыттағы  зерттеу   Ж.А. Исаева  еңбегінде  қазақ тілі  материалы  негізінде  қарастырылды. Орыс  тіл  білімінде фоностилистика мәселелері  Л.В. Щерба, Р.М. Аванесов, М.В. Панов, М.А. Соколова т.б. еңбектерінде  сөз  болған  болса,  қазақ  тілтанымында М. Балақаев, М. Томанов, Е. Жанпейсов,  Б. Манасбаев  сияқты ғалымдардың  бірлескен «Стилистикасында» алғашқы  пікір  айтылды. «Фонетика  тілдегі  дыбыстардың  жасалуын,  жүйеленуін зерттесе, стилистика  дыбыстарды,  оларға  тән  белгі,  интонация, қайталау, дыбыс  үйлесімділігі  сияқты  фонетикалық ерекшеліктерді  белгілі  мақсатқа  икемдеп,  қайткенде мәнерлі  құрал  ретінде  пайдалану  жағын  көздейді»,- деген  анықтама  берілген [10.8].  Қарым — қатынас  жасау  аясы  мен  ситуация  ауызша  сөйлеудің  функционалды  түрлерін   ажырататын  негізгі   параметрлер  болса, қазіргі  қазақ  әдеби   тіліндегі  сөйлеу  түрлері  әдеби  сөйлеу  тілі, ауызекі  сөйлеу  тілі  деп  қарастырылып   жүр. Осы  сөйлеу  стильдерінде  орфоэпиялық  талаптың  орындалуы, сөз  шегіндегі,  сөз  ішіндегі  дыбыстардың  жағдайы  т.б. мәселелер  фоностилистика нысаны  болып  табылады. Ғалым  салтанатты  сөйлеу  стилі,  тиянақты  сөйлеу  стилі,  ресми   сөйлеу  стилі,  сөйлеу  стилінің  бейресми  түрі, ресми  сипаты  басым  ауызекі   сөйлеу  стильдері туралы  баяндап, әр  стильге  тән  фонетикалық  ерекшеліктерді   көрсетеді. Көркем  шығарма  тілінде  дыбыстардың  стилистикалық  қызметі  1)  айтылған  жайға,  суреттелген  құбылыс  немесе  сипатталушы  кейіпкерге  қатысты  авторлық  қолданыстағы  түрленімі; 2)  әлеуметтік  және  индивуалдық  сипаттағы  кейіпкер  тілі, оның  ерекше  сөйлеу машығы; 3) дыбыстардың  шығарма  тіліндегі  поэтикалық  қызметі  деп  үш  топқа  бөліп қарастырған [10.20]. Фонетиканың  мәтіндік   шеңбердегі  дыбыстық  құрылымдардың  стильдік  тезге  түскен  қалпын зерттейтінін  айтып, зерттеуші  дыбыстардың  созылыққылығы, өлең мәтінінің  фонетикасы, дыбыстық  қайталау,  фонетикалық   қабат  т.б.  мәселелер  жөнінде   нақты  талдау  жасаған. Мысалы, дыбыс  созылыққылығы  арқылы  жазушы  кейіпкердің  болған  жайға  қатынасын көрсете  отырып,  оның характерін  ашуға   талаптанатынын,  адамның  психологиялық  жағдайына  байланыста  белгілі  бір  сөзді  немесе  дыбысты   созып  айту  сөйлеу  тілінде  болып  отыратын  құбылыс  екендігін  айтып,  осы  жағдайды  көркем  мәтіннен  алынған  мысалдар  арқылы  дәлелдейді. Автор «тілдің   функционалды- стилистикалық  мүмкіндіктерін   фонетика  деңгейінде  тексеретін  ғылым  фоностилистика   деп  аталады» деп  анықтама  беріп,  осы   саланың  қазақ  тіл  білімінде  зерттелуі кенже   қалып  келгендігін  айтады. Сөйтіп, ғалым  фоностилистиканың   әлемдік  лингвистикада, орыс  және  түркі    тіл  біліміндегі  зерттелу  тарихы мен қазіргі  қарастырылу  жайына  шолу жасай   отырып, негізгі  теориялық  және әдістемелік  ұстанымдарды, қазақ  тіл   біліміндегі  фоностилистика  қарастыратын  басты  нысандарды,  сөйлеу  стиліндегі  сегментті  бірліктердің  қолданасын  т.б. мәселерді  баяндаған. 

       Қорыта  айтқанда, қазіргі таңда қазақ тіл білімінде суперсегментті фонетика саласындағы ғылыми жетістіктеріміз  қазақ тілін одан әрі  заман талабына сай зерттеуге ерекше үлес қосып отыр.

 

                                                   Әдебиеттер:

  1. 1. Трубецкой Н.С. Основы фонологии. – Москва: Иностр. лит., 1960. — 372 с.
  2. 2. Туркбенбаев Н.У. Сравнитьельная фонетика современного русского иказахских языков. – Алма-Ата: Мектеп, 1978. – 104 с.
  3. 3. НурмахановаА.Н. Типы    простого   предложения  в   тюрских   языках (грамматические  и интонационные   особенности  на  материале   узбекского,  каракалпакского  и   казахского языков). — Ташкент, 1965.
  4. 4. Сыздықова Р. Сөз сазы. (Сөзді дұрыс сөйлеу нормалары). – А.: Санат, 1995. — 120 б.
  5. Базарбаева З.М. Интонационная система казахского языка. АДД. – Алматы, 1997. – 53 с.
  6. ФазылжановаА.М. Қазақ   тіліндегі  қосқұрамды   құрмалас  сөйлем  интонациясы. КДА. — Алматы, 2000. — 28 б.
  7. 7. КеншинбайТ.И. Фонетические  характеристики  и пунктуационное   оформление  стыка фонетико-синтаксических   единиц (экспериментально- фонетическое  исследование) АКД. — Алматы, 2002. — 28 с. 
  8. 8. Берікболова Ә.Ж. Қазақ тілі функционалды стиль мәтіндеріндегі просодикалық тәсілдердің көрінісі(эксперименттік-фонетикалық зерттеу) КДА. — Алматы, 2008. — 24 б.
  9. 9. Исаева Ж.А. Қазіргі қазақ тіліндегі сегментті бірліктердің фоностилистикасы (сөз құрамындағы дыбыстардың өзгерісі негізінде).КДА. – Алматы, 2000. – 30 б.
  10. 10. БалақаевМ., Томанов  М., Жанпейсов  Е., Манасбаев  Б. Қазақ   тілінің  стилистикасы. — Алматы: Мектеп, 1974. — 191 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *