Ә
Кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты жаңа кітабы жарық көрді. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр атамыздай тектінің тұяғы, асылдың сынығы — жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұндағы басты әңгіме арқауы Батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды.
Біз оқыған жанды ойландырмай қоймайтын мазмұнды кітаптан үкілі үзінділер ұсынып отырмақпыз.
***
— Бұрын қазақта қазіргідей үлкен-кіші, еркек-әйел жаппай сүйісіп амандаспайтын, — деді ата мен сусын апарғанда.
Әлгінде Бәкеңнің кішкентайдан бірге өскен, бірге оқыған досы келіп, екеуінің орысшалап сүйісіп сәлемдескенін көрген болатын. Мына айтқан сөзіне сол сүйісу түрткі болды-ау деймін…
Кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты жаңа кітабы жарық көрді. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр атамыздай тектінің тұяғы, асылдың сынығы — жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұндағы басты әңгіме арқауы Батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды.
Біз оқыған жанды ойландырмай қоймайтын мазмұнды кітаптан үкілі үзінділер ұсынып отырмақпыз.
***
— Бұрын қазақта қазіргідей үлкен-кіші, еркек-әйел жаппай сүйісіп амандаспайтын, — деді ата мен сусын апарғанда.
Әлгінде Бәкеңнің кішкентайдан бірге өскен, бірге оқыған досы келіп, екеуінің орысшалап сүйісіп сәлемдескенін көрген болатын. Мына айтқан сөзіне сол сүйісу түрткі болды-ау деймін…
— Әсіресе батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп амандасуы деген қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Осы сүйісу Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Жақсыны да, жаманды да алаламай тез қабылдай қоятын «талантымыз» бар. Бастықтың әр қимылын қалт жібермей, қайталап кәукелектейтін жағымпаз жампаңдығымыз тағы бар. Сөйтіп, жалпаңдап жүріп, жапалақ болып кетер ме екенбіз, құдай білсін… Ер-азаматтар қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын. Осы жерде бір нәрсеге тоқтала кетейін. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз — жатжұрттық, қыздың бағы — үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен.
Ал енді әжелер мен апалар жасы кіші жақындарын жақсы көргенде ұл болсын, қыз болсын, оларды құшақтап, маңдайынан не қолынан сүйеді. Қазір де ел ішінде жиі болмағанымен бұл әдет сақталып келеді. Жас балалардың маңдайынан иіскеп не сүйіп: «Үлкен азамат бол!», «Бақытты бол!», «Өркенің өссін!», «Өмір жасың ұзақ болсын!» — деп тілектерін қос қабат айтып жатады. Тегінде қазақ жас баланы, әсіресе кішкентай сәбиді бетінен сүймейтін, қызығып қарамайтын, таңданып сұқтанбайтын. Бұлар — тыйымдар. Ертеден келе жатқан осы ырым-тыйымдар негізсіз емес. Сәби құстың балапаны сияқты, нәзік әрі сыртқы әсерді өзіне тез қабылдайды. Ересек адамдар баланы мейірленіп сүйгенде әр адамның бойындағы әртүрлі деңгейде болатын биоөрісті сәби көтере алмайды. Сәбиде қорғану күші әлі жетілмегендіктен науқастанып қалады. «Көз тиді», «сұқ өтті», «аш кірді» деп жатамыз ондайда. Бұрын халық емшілері сумен ұшықтап, адыраспан, аршамен аластап, тұзбен емдеп жататын. Әрине, ешкім де жас баланы әдейі ауыртайын демейді. Көп адамдар өзінің бойында, көзінде қандай дәрежеде өріс бар екенін біле бермейді, ол тіпті ойына да келмейді. Сондықтан сәбиге қатысты жерде үлкендердің абайлап, сақ болғандары жөн. Өте еміреніп жақсы көру зардапсыз емес, балаға қауіп болуы ықтимал, — деді ата.
Мен осы әңгімеден соң ойланып қалдым. Атаның өзі жас балаларға онша жұғыса бермейді. Балаға үйірсектігі шамалы. Бір қарағанда баланы жаратпайтын секілді әсер қалдырады. Өзге адамдар сияқты жас баланы құшақтап, елжіреп сүйгенін өз басым көрген емеспін. Біреудің баласына керемет көңіл бөлгенде «жақсы бала екен ғой» немесе «жігіт екен ғой өзі» деп қана қолынан ұстап, арқасынан қағып қояды. Жас балаға тура қарамай, басынан, иығынан асыра назар салады. Атаның тіке қараған отты жанарына бала түгілі ересек адамның төтеп беруі екіталай.
Өзгені былай қойғанда, елу тоғыз жасында алғаш көрген немересін де көпе-көрнеу жақсы көре бермейді. Алғашқы кездерде атаның осы салқындығын түсінбейтінмін әрі жүрегіме тікендей қадалатын. Біз атаның қолына көшіп келіп, бірге тұрған соң ғана сырын ала бастадым. Ата баламен ойнауды білмейді, олармен үлкен адамша сөйлеседі. Немересінің толып жатқан бітпейтін сұрауларына жалықпай жауап береді. Бала қиялын жетелеп, оны әдейі сөзге салып, ойлау қабілетін өрістетеді. Қате кеткен бұрыс жерін сол замат түзеп, түсінік береді. Керек жерінде солдат құсатып қақшитып тұрғызып қойып, қаталдығын да көрсетіп жібереді. Бірақ қорқытпайды. Атаның көп қолданатын әдісі — қайталау. Немересіне әлденені үйреткенде осы әдісі арқылы нәтиже шығарады. Ержанға деген аталық пейілін айналып-толғанбай-ақ өзіне тән ерекше табиғатымен жеткізеді. Сырттай көрсеткісі келмегенімен бір ауыз сөзінен, бір қимылынан, көзқарасынан бұлтты жарып шыққан күндей жарқ ете қалатын аталық мейірімі бәрбір анық та айқын байқалатын.
***
Жарма есіктің бір жағын болар-болмас ашып сығалағанымда ата бір нәрсені жазып жатыр екен. Бөгет болып, ойын бөлмейін деп есікті ақырын қайта жаптым. Сол кезде:
— Бермен келгін, — деп дауыстады ата.
Мен кірген соң «отыр» дегендей ым қақты да, мұрнына қарай сырғып кеткен көзәйнегін түзеді. Кеудесін көтеріңкіреп, қағаздағы жазуды оқи жөнелді.
— «Қай ұлттың болсын ана тілі, ата дәстүрі, салт-санасы — сол халықтың өзіндік қадір-қасиетін, жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төл белгілері. Олар — бүкіл бір халықтың өмір жолында ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ардақ-мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар іргелі ел болып, бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүр өзінен-өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылуы не сақтап қалуы — әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты», — деп көзәйнегін алып былай қойды. Жаңағы оқыған қағазды маған ұсынды. Сынып кетер нәзік затты ұстағандай қос қолымды тең созып, абайлап қағазды алдым. Неге екенін толқып кеттім. Ата мұны байқамады дей алмаймын. Бірақ ештеңе көрмегендей, сезбегендей сөз бастады.
— Өкінішке қарай, арқау жіпті босатып алдық. Ескектен айырылған су бетіндегі қайықтай теңселіп қалтылдап жүрміз. Бабалар аманатына адал бола алмай, күнәміз көбейді. Қашан тәубеге келерімізді кім білсін?! — деді.
Көкті қымтаған бұлттай қабағы түнеріп, біразға дейін тұйықталып қалды. Атаның күрт өзгерер мінезіне төселген жанмын. Сондықтан үндемей тым-тырыс отырдым. Арасында көзімнің астымен ұрлана қарап қоямын. Тастан қашалған мүсіндей бір нүктеге қадалып, міз бақпай қатып қалған. Қоңырқай өңі қарауытып, буырыл мұрты айбат шеге едірейіп, онсыз да қисая қоймайтын кірпі шаштары атой салған қалың қолдай өре түрегеліп, тікірейіп кетіпті. Атаның қабырғасын қайыстырып, жанын кемірген күйдің не екенін аңғарып отырмын. Әлгінде өзі оқып берген түйдек-түйдек ойлы сөздері мына қиналысының жауабы еді. «Саналы ерде ұйқы жоқ», өз басының мұратын күйттеп, жан тыныштығын бағып жатқан жоқ. Ұлттық құндылықтардың қиюы кетіп, ұлттық намыссыздық пен жан мүгедектігіне душар болсақ, кейінгі ұрпақ кім болады деп күйзеліп отырғаны анық.
— Зерігіп отырсың ба? — деп ата оқыс үн қатқанда:
— Ойланып отырмын, -дедім. «Үкі батылдығынан түнде ұшпайды», тайғанақтамай тақ еткізіп жауап бергенім батылдығым емес, шынымен, ойланып отырғам.
— Ойлайтын ми болмаса, тыңдайтын құлақ әркімде бар. Иә, естігенді саралайтын сана болмаса, айтылған сөз тастаққа түскен дәнмен тең, солай ма?!
— Солай секілді…
— Секілді-мекілді деген дүдәмал көмескі сөзге көп әуес болмағын. Айтар ойыңның негізі — берік, ішкі сүйегі түзу болса, солқылдақ, буыны бос сөзді қоспай, түйіп сөйлегін! Ұқтың ба?
— Ұқтым, ата.
— Менің ығыма неге жығыла бересің? Әлде «бәлесінен аулақ, қырсық шалдан құтыла салайын» деп, бәріне бас изейсің бе?
Ә дегенде үндей алмай қалдым. Ата алдында әр сөзіңді өлшеп сөйлемесең, әлдеқалай боларыңды болжай алмайсың. Дегенмен «көтерем көтерілсе, көштің алдын бермейді» дегендей, әлдебір күш қолтығымнан демегендей осы жолы мен де көтеріліп кеттім.
— Ата, мен сөз түсінетін жақсы тыңдаушымын, — дедім шімірікпей. «Тым аспандап кеттің» дейді ішкі бір үн мені ұялтқысы келіп. Дәл қазір ұяла қоймадым. Ақиқатты айттым.
— Сөз түсінеді деп сенген соң саған көп сөйлеймін. Бірнеше күннен бері үздік-создық айтып жатқан сәлем төңірегіндегі әңгімелеріміз де — бабалар аманаты. Мен білгенімді саған айтам, сен өзіңнің балаңа айтасың, үйретесің. Кейін балаң өз баласына айтса, сөйтіп, бір шаңырақта бабалар аманаты жалғасады. Күнделікті тілімізде «елге еңбек сіңіріп, халыққа қызмет ету» деген сөз әр деңгейде жиі айтылады. Мұның шынайы мәнін көбі ұға бермейді. Елге еңбек сіңіріп, халқыңа, ұлтыңа қызмет ету деген — ең алдымен, ана тіліңді, ата дәстүріңді отыңның басында сақтап, ұрпағыңның бойына сіңіру деген сөз. Осыны ұмытпаған адам өз халқының алдында жеген нанын, татқан тұзын ақтайды. Басқа үшін жауап бермеймін, әркімнің өз еркі өзінде. Бірақ мына менің өз тұжырымым — осы! Балаларым ретінде сендерге де мұны аманат, өсиет етемін.
— Кіруге бола ма? — деген Бақыттың дауысы естілді.
— Кіргін, — деді ата.
Бірдеңенің жөнін сұрауға келді ме десем, креслоның арқалығына шалқая жайғасып отырып жатыр. Жазудан қолы бос болса, ара-арасында біздің қасымызға осылай келіп әңгіме тыңдап, өзі де кірісіп кетеді. Қайта бұл келгенде сөз жанданып, ажарланатыны бар. Мен секілді ішкі сырын бүгіп, тымырайып үнсіз отырмайды. Айтып қалатын жерде көбінесе аузымды бағып, талай нәрсе ішімде босқа өледі. Бәкеңнің жөні бөлек, ойындағысын сырғанақтатпай, көсілтіп әкете береді. Әкесіне сұрақ қояды, таласады. Кейде әңгіме ауаны қисайып бара жатқанда аяқ астынан қисынын тауып, оң жамбасқа оңай келтіріп, сытылып кетеді. Ал кейде қиямпұрыс қиқарлығына басып, атаның ыңғайына икемделе қоймай, теке тіреске түсіп, есе теңдік бергісі келмей, тым өзеуреп кеткенде ата жынын қағып алады. Қасынан қуып та шығады. Бір қызығы, екеуі де мұндай шекісулердің аяғын шиеленіс-тірмейді, соңы кексіз бітеді. Тағы бір байқағаным, дүниені аралап кететін үлкен ауқымды әңгімеге кіріп кеткенде, егесу жоқ, бірінің ымын бірі түсіне қояды. Тегі бір болғандықтан шығар…
— Неге үндемей қалдыңдар? Сәлемдерің бітіп қалды ма? — деді Бәкең қулана жымиып.
Ата оның сөзін құлағына ілмей, елеусіз қалдырды.
— Онда мен сендерге әңгіме болатын бір нәрсе айтып берейін, — деп Бәкең тағы үн қатты.
— Ішіңе сыймай бара жатса, айтқын, тыңдайық, — деді ата.
— Өткенде Жазушылар одағының алдында бір жігіт Мәриям апа Хәкімжановаға: «Ассалаумағалайкүм, апа!» — деп қолын кеудесіне қойып, сәлем берді. Ана кісі: «Бар бол, айналайын!» — деді. Шынымды айтсам, әйел адамға бұлай сәлемдесуді бірінші рет естідім. Өзім әдеттегідей «сәлеметсіз бе, апа» деп амандастым, — деп әкесіне сұраулы жүзбен қарады.
— Ы-ы-ым… Мына бауырлас өзбек, ұйғыр халықтарында қыз-келіншектер, жігіттер мен балалар өздерінен жасы үлкен ер адамға да, әйел адамға да: «Саламалейкум!» — деп қолын кеудесіне басып сәлем береді. Бұл салт олардың өздеріне жарасып тұрады әрі ұлттың бір ерекшелігі секілді табиғи көрінеді. Дүниежүзіндегі барлық мұсылман халықтар «ассалаумағалайкүм» деп амандасады. Өйткені бұлайша сәлемдесу — ислам дінімен бірге келген. Десек те, әрбір ұлттың ислам дінінен бұрынғы таным-нанымы болғаны тарихтан белгілі. Мүмкін сондай бір өзіндік ұғымдардың әсерінен бе, әйтеуір, қазақта ер адамдар ғана бір-бірімен «ассалау» деп сәлем береді. Ал ер адамдар — әйелдерге, керісінше әйелдер — ер-азаматтарға немесе өзара олай сәлемдессе, көзге де, көңілге де біртүрлі томпақ көрінер еді. Сонда да, жиі болмағанымен ел сыйлайтын үлкен әжелерге, өзің айтқан Мәриям апа секілді ел анасы болып кеткен кісілерге жігіттердің жоғарыдағыдай сәлемдесуінің ешбір қателігі жоқ. Құлаққа салқын естілмейді, қайта ерекше ілтипат белгісіндей салмағы арта түседі. Бірақ әйелдердің барлығына таралған әдет емес. Қазақта бұл жаппай сипат алмаған.
Сәлем жосындарының түрлерін айтқанда бір нәрсе ойымнан қалыс қалыпты, ұмытыппын. Олар — балдыз бен жезденің, қайны мен жеңгенің арасындағы амандасулар. Бұлардың былайғы адамдармен есендесу шеңберінен шығып кететін тұстары бар. Өзге ұлтты білмеймін, ал қазақта балдыз-жезде, қайны-жеңгелер әзіл-қалжыңдары жымдасатын, әңгімелері жалғасатын, ойын-күлкілері жарасатын өте бір тату жандар болып келеді. Бір-біріне батып та, батыл да сөйлейтін әрі оған ешқайсысы шамданбайтын, өзгеге айтпайтын жүрек түкпіріндегі сырларын өзара ашатын да — осылар. Қазақ ғұрпында балдыздың жездеге наздануы, қайнының жеңгеге еркелеуі сыйластығы ерекше сүйкімді қарым-қатынас болып саналады. Тонның ішкі бауындай жандары жақын сырлас әрі қимас болғандықтан олар қолдасып та, құшақтасып та амандаса беретін. Бұл еркіндікті қазақ атаулы біледі, түсінеді. Сонда да үлкендердің көзінше әдептен озбаған. Өз қатарларының арасында немесе қариялардың көзінен тасалау болмаса, кез келген жерде жұрт көзінше бойларын тартып ұстап, ұстамдылық қалыпты сақтаушы еді.
Әдетте, өз халқыңның ұлттық өнеге-өлшемдері қашанда ерекше сезіліп, басқалардікінен озық көрінетіні бар. Бұл — барлық ұлттарға тән табиғи қасиет. Алайда «менікі артық, басқанікі нашар» деген жаңсақ ой тумаса керек. Әр нәрсенің үйлесім тауып жарасатын өз ортасы, өсіп-өнетін өз топырағы бар. Саналы адам елін-жұртын, оның ұлттық табиғи болмысын ардақтай отырып, өзгенікін құрметтеп түсінуі керек. Өзін зор санап, өзгені қор санау — көргенділік емес, өзімшілдіктің, надандықтың бір белгісі. Ал енді туған халқыңды білмей, оның жанын ұғынбай тұрып, басқанікін келістірем деп еліктеу де кісілік емес. Ол намыссыздыққа жетелейді. Намыссыздық — жаман дерт. Оның өсер ұрпаққа, халықтың келешегіне кесірін тигізетінін ешқашан ұмытпау керек. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», әр халық, әр ұлт өзіне-өзі ұқсағаны жақсы, — деп ата баласының сөзіне орай мол мағлұмат беріп тастады…
(Жалғасы бар)