Дербестігімізді алып, тәуелсіздік туын көтергенімізге жиырма бес жыл толды. Тұтас бір ел, жеке қоғам үшін бұл уақыт оның даму тарихында аққан жұлдыздай қас-қағым сәт. Өйткені, кез келген қоғамдағы елеулі өзгерістер жолында ондаған, тіпті, жүздеген жылдар өте шығатыны тарихтан белгілі. Дегенмен, қоғам дамуының, ондағы күрделі өзгерістердің бір жылы он жылға, тіпті, одан да ұзақ мерзімге татитын кезеңдер болады. Сондай кезеңдердің бірі – біз, қазақтар, қазақстандықтар, атап өткелі отырған егемендігіміздің алғашқы ширек ғасыры. Ал осы ширек ғасырдағы қарышты қадамдарымыздың бірден-бір жетекшісі, әлбетте, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған кезекті туындысы – «Ұлы дала ұлағаттары» – қазақ сахарасының елдік философиясы дер едім.
Ширек ғасыр шыңдары
Әңгіме басын, тәуелсіздіктің жиырма бес жылындағы жетістіктерден бастасақ. Осы тарихи кезең ешкімге жалтақтамай тәуелсіз мемлекет құрудың қамына кірісуге жол ашты. Біз азаттығымыздың арқасында өркениетті елдердің жолымен жүруге мүмкіндік алдық. Осы уақыт ішінде көптеген күрделі реформалар жүргізіп, қоғамымыздың бұрынғы бетпердесін түбегейлі өзгертіп, қазіргі заман талабына сай қайта жасауға кірістік.
Ұлан-ғайыр істердің алғашқы жылдарында әртүрлі себептерден туған батпандай қиындықтарды да басымыздан өткізуге тура келді. Оларды еңсере біліп, қол жеткізген жетістіктерімізді ауыз толтырып айтуға болады. Алғашқы онжылдықта мемлекеттік басқару жүйесі, ішкі-сыртқы саясат, әлеуметтік қорғау, нарықтық экономика жүйелері жасалып, іске қосылды. Әлемдік қауымдастықта демократия мен нарықтық экономикаға көшкен ел ретінде тиісті орнымызды алдық.
Біз жүргізген сыртқы саясат көптеген әлем елдерімен достасуымызға, олармен тығыз байланыс орнатып, жас мемлекетіміздің дамуына керек мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға жағдай жасады. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан ешбір елмен дауласпады, жаға жыртыспады. Бүгінгі алай-түлей заманда байсалды, бейбіт қалпын сақтай білген бірден-бір ел – біздің Қазақстан.
Мемлекетіміз жүргізген ішкі саясат егемендік жылдарында еліміздегі ұлттар достығын, бірлігін сақтап, барша халықтың бір мақсатқа жұмыла кірісуін қамтамасыз етті. Әрбір қоғамның сапасы оның тұрақты дамуымен өлшенеді. Егемендіктің тұсында қазақ қоғамы тұрақты дамудың үлгісін көрсетті. Араласқан әлем елдері біздің қоғамның осы қасиетін әр уақытта айтып, үлгі етіп жүреді. Егемендік туын көтергенімізге он жылға жетпей, АҚШ, Германия, Франция, Италия, Австрия сияқты дамыған елдер Қазақстанды демократиялық үрдісті қабылдаған, нарық экономикасы елі деп таныды. Нәтижесінде, шет елдерден бізге керек миллиардтаған инвестиция келді, жүздеген кәсіпорын бой көтерді, өндірістің бізде бұрын болмаған – машина жасау, ақпараттық технология, ядролық энергетика, химия, құрылыс материалдары өндірісінің заманауи салалары, өңдеу, тамақ өнеркәсібінің көптеген нысандары салынып, іске қосылды.
Егемен елдің өзіне тән салық, бюджет жүйелері, кеден кешені құрылды, бүгін осы салалардың барлығы да елімізде тұрақты түрде жұмысын жалғастыруда. Кәсіпкерлердің саны да, сапасы да өсті. Қазір бізде әлемдегі озық үлгіге сәйкес жасалған қаржы жүйесі бар. Қазақстан экономикасын келеңсіз жағдайлардан сақтандыратын, тығырықтан шығуына тікелей жәрдемдесетін өте қомақты қаржы жиналған Ұлттық қорымыз жұмыс істейді. Егемен елдің экономикасының айналымын қамтамасыз ететін ұлттық валюта – теңге бар. Бір сөзбен айтқанда, елімізде нарық экономикасы толыққанды жұмыс жасау үшін оның барлық тетіктері жасалды.
Тәуелсіз елдің көшін бастаған Тұлға
Тәуелсіздік асуларын баяндай келіп, еліміздің көшін бастаған, реформаларды табандылықпен жүргізе білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ерен деп айтуымыз керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихымыздың өте бір күрделі кезеңінде егемендігіміздің туын көтеріп, мемлекетімізді басқару ісінде кемеңгерлігін көрсете білген қайраткер. Оның сарабдал саясаты Қазақстан жұртының қол жеткізген жетістіктерінің демеушісі һәм жебеушісі болды.
Мемлекет басшысы халқымыздың келешегін анықтайтын, болашағын бүтіндейтін күн тәртібін ұсына білді және оның жүзеге асуын үлкен шеберлікпен, жасампаздықпен басқарды. Қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешу жолдарын әлем елдерінің назарына ұсынғаны – оның халықаралық дәрежедегі қайраткер екенін танытты. Мұны әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің Президентіміз туралы шешіле сөйлеген сөздерінен, іскерлігін мойындаған пікірлерінен білеміз.
Бізді, қазақтарды, әлем сахнасына шығарып, елдігімізді баршаға паш ете алған Нұрсұлтан Әбішұлындай қайраткер қазақ тарихында бұрын болған жоқ. Ол ұсынған, халық қолдаған саясаттың арқасында біз, қазақстандықтар барша әлемді шарладық, жер беті өркениетінің озық үлгілерімен сусындадық. Дамыған елу елмен иық тірестік. Елбасы көрегендігімен қолға алынған шаруалар елімізді әлі талай белестерден биіктетіп, асулардан асыратынына сенім мол.
Ол жаңа астанамызды тұрғызды, өзінің кемеңгерлігімен Астананы әлем елдері басшылары жиналып, заманымыздың бүгіні мен ертеңі туралы кеңес құратын беделі жоғары халықаралық орталық дәрежесіне көтере білді. Астаналық форумдар шешімдері әлем елдері тарихында сақталатынына күмән жоқ.
Қазақ сахарасының елдік философиясы
Осыдан бір-екі жылдай бұрын Нұрсұлтан Әбішұлының қаламынан шыққан өзі туралы естелігін оның тамаша баяндалған өмір философиясы деп едім.
Міне, Елбасының қаламынан тағы бір тамаша туынды жарық көрді. Оқыдым, тақырыптарына көз жібердім, терең сырларына да бойлауға тырыстым. Осылардан кейін
«Ұлы дала ұлағаттары» қазақ сахарасының ғасырлар бойы қалыптасқан елдік философиясы деген тұжырымға келдім. Тұрмыс, салт-дәстүр, дархан көңіл, қариялар мен жас ұрпақ, жақсы мен жаман, үкілеген үміт, әлем елдері мен қазақ қоғамы, Мәңгілік ел болу жолдары, осылардың бәрі де біздің дүниетанымымыз бен асқақ арманымызды көрсете білетін ұлы дала перзенттерінің адами қырлары. Олар терең ой, сұлу сөзбен ерекше безендірілген.
Кез келген қоғамның кемшілігі де бар. Президент бұл туындысында дәл қазіргі кездегі түйінді мәселелерді де, шешуі қиын проблемаларды да сөз еткен екен. Және оларды тарқату жолдарын да егжей-тегжейлі баяндай кетеді. Сондықтан қоғам назарын тіккен еңбекті ендігі даму жолымыздың бір жоспары деп те айтуға болады.
«Ұлы дала ұлағаттары» оқырманына ой салады, жас ұрпақтың өз Отанына құрметін арттырады. Елдігімізді паш еткен еңбек орыс, ағылшын тілдеріне аударып, әлем жұртшылығы назарына ұсынуға сұранып-ақ тұр. Елбасының өз халқын, оның өмір философиясын әлемдік қоғамдастықтың білуіне жасаған тағы бір сәтті қадамы болар еді.
Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик
Туған тілдің тұғыры
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде тілге байланысты тебіренісін осылай «Туған тілдің тұғыры» деген тақырыппен бастапты. Ол тәуелсіз еліміздің сан түрлі өзекті мәселелерімен шұғылдана жүріп, ана тіліміздің тағдырын да ешқашан есінен шығарған емес.
Халықтың ұлы перзенті «ең әуелі қазақ елі барда қазақ тілі өмір сүреді, өседі, өркендейді, ұлтымыздың ұлы тілі мәңгілік» дегенді нысана етіп, арғы-бергі тарихты оймен шарлап өтеді. Шынында, ана тілін ардақ тұтатын біздің қазақтай ел көп емес. Мұны Елбасы бүкіл болмыс-бітімімен, жан-тәнімен түйсіне отырып, өзінің замандастарына, жас жеткіншектеріне жеріне жеткізе айтыпты. Кешегі кеңестік дәуірдегі отарлық құрсаудың темір қақпаны ана тіліміздің адымына шідер салып, дамуы тоқырай жаздағаны мәлім. Мұны бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. «Ұлттың ұлы қазынасы ана тілін жаңа ғасыр биігіне абыроймен алып шығу – бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы» дейді Елбасы. Өзім тіл маманы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы болғандықтан да, «Ұлы дала ұлағаттарындағы» тілге байланысты толғаныстарға баса назар аудардым. «Тәуелсіздік бізге не берді?» дегенде, алдымен айтарымыз, туған тіліміздің бұрын болмаған мемлекеттік мәртебе иеленіп, Конституциямыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бекітілуі болатын.
Ия, тілімізге теңдік тиді, төрге шықты, заңдық негізге ие болды. Елбасы айтқандай, мемлекетіміздің беделін көтеріп тұрған бұл бапты дұрыс пайдалана алмасақ, кімге өкпе артамыз? Өз тілін өгейсініп, өзге тілдің ығына жығылғандардың қарасы азайғанымен, мемлекеттік қызметте әлі де көптеп кездесетінін Елбасы біліп отыр. Содан да болар, Нұрсұлтан Әбішұлының бір кезде намыс пен жігерді қайрап, «он бес жылда аю да мемлекеттік тілді үйреніп алатын уақыт болды» деп айтқаны әлі есімізде. Осы ойлардың біразын тағы да қайталап еске салудан жалықпай отырған Елбасының ұлттық мәселені есінен шығармайтынын білдіреді. «Әр азамат әуелі туған тілге деген құрмет пен жауапкершілікті өзінен бастауы керек, отбасынан бастауы керек», дейді Елбасы. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының да әу бастан ұстанған бағыты – осы. Елбасы мемлекеттік тілді үнемі назарында ұстап келеді. Бағыт-бағдар сілтеудің ең төте түрі оның «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзі болатын. Сондай-ақ, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзді айтқан да Елбасы. Қадап, қазып айтылған бұл ұсыныстардың қадіріне жете алмасақ, тағы да намыссыздықтың салдары.
Үш тұғырлы тіл мәселесін Елбасы мемлекет дамуындағы маңызды мәселелердің бірі санайды. Бұл дұрыс. Алайда, мұны жүйелі, саналы түрде сауатты іске асырудың орнына ана тілден асырып, жалаулатып жүретін жандар бар. Әрине, көп тіл білгеннің зияны жоқ. Алайда, қандай жағдайда да туған тіліміз, қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс деген ұстанымынан танбайды Елбасы.
Президенттің мемлекеттік істерге байланысты толғауларының өзінен ақынжандылығы байқалып тұрады. Ол кісінің «қазақ тілінің қанық бояулары – қазақ әндерінде» деуі тегін емес. Соларды бойға сіңіре жүріп, өлең жолдарын туындататыны мәлім. Қазағының әніне, күйіне, өнеріне, тарихы мен кең байтақ жеріне сүйсіне көз тастай жүріп:
Арайлап таңым,
Асқақтап тауым,
Ән ойнап көгім,
Күй төгіп көлім,
Қол жетті, міне,
Аңсаған күнге
Жасай бер, жаса,
Қазағым менің!–деп төгілдірген Елбасының ана тілін аялай білетін осы қасиеті халық үшін туған, ел бастайтын көсемдік мінезін танытады.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, академик, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы
Қазақта «жылқы кісінескенше, адам тілдескенше»деген сөз бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің әр санына жарияланып отырған «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабы халық пен Президенттің өзара тілдесу, түсінісу, сырласу үлгісі екеніне дау жоқ.
Осы жазбаның «Саясат салтанаты» деп аталатын бөлімінде біздің еліміздің алғаш азаттық алған күннен бастап осы күнге қалай жеткені, қолға тиген Тәуелсіздік қалай тұғырға қонып, қалт-құлт етіп, жаңа тәй-тәй басқан мемлекет, мемлекеттілік қалай қалыптасқаны жайында тәптіштей баяндалады.
«Мен үшін елімді дамыған мемлекеттердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат» жоқ деген Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы мұрат жолында немен жігерленіп, күш-қуатты, ерік пен рухты, қайратты қалай шыңдағанына тәнті боласың. Ер азаматқа қанат бітіріп, ұлы істер тындыруда серік болатын ел сенімі екен. Сонымен қоса, әрине, туған еліне, жеріне деген махаббаты, Отанына деген сүйіспеншілігі. Бұл орайда Елбасы: «Қабырғалы халқы болмаса, қандай басшының да тауы шағылмай, тауаны қайтпай тұрмайды», — деп ағынан жарылыпты. Дәл осы бөлімде елді саяси-экономикалық жақтан біршама дамытып, алға межелі міндеттер қойып, қарыштап дамыған Қазақстанды әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері қатарына қосуға күш салғанын айта келе, Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдарда жеткен жетістіктерімізге де тоқтала кетіпті. Атап айтқанда, Қазақстанның халықаралық беделіне байланысты еліміздің биылғы, яғни 2016 жылғы 28 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын айтады. «Бұл Кеңес – БҰҰ-ның Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс істейтін орган. Еліміздің оған мүше болуы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз», — дейді.
Қазақстанның мұндай жетістікке жетуіне, сөз жоқ, тәуелсіздік алысымен еліміздің Семей ядролық-полигонын жабуы және қуаты жағынан әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тартуы, әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастық үшін республикалық және халықаралық ірі жобаларды қолға алып, терроризммен күресте өз позициясын мықтап ұстанып, ұдайы белсенділік танытып отыруы, Қазақстанның бейбітқұмарлығы, татулықсүйгіштігі жол ашқан.
Қазақстан білімі мен біліктілігіне көрегендігі үйлескен Президенттің басқаруымен осы жылдың өзінде халықаралық дәрежеде жаңа нәтижелерге қол жеткізді. 2016 жылғы 17 маусымда Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бәсекелестік жөніндегі комитетінің мүшелігіне қабылданды. Осылайша, жаһандық экономиканы қалыптастыруға әсер ететін белді халықаралық ұйым жұмысының бел ортасында жүріп, әлемдік нарықтың бағыт-бағдарын белгілеуге өз ықпалын тигізуге ұмтылды. Мұндай ауқымды шаруаларға рухы мықты, еңселі ел ғана бара алатыны анық. Бұл тұрғыда «Туған тілдің тұғыры» деген тақырыппен өзінің тіл туралы толғамдарын, мемлекеттік тіліміздің қазіргі қолданылу күйі мен оны дамыту, мәртебесін өсіру, аясын кеңейту жайлы өз ұстанымын баяндаған Нұрсұлтан Әбішұлы Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» дейтін қанатты сөзін тілге тиек етіп, Ата Заңымыздың 7-бабына «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазу Тәуелсіздіктің, азаттықтың жемісі екенін еске салыпты. Десе де, өз тілін өгейсініп, өзге тілдің ығына жығылғандар әлі де мемлекеттік қызметте әлі де көп кездесетініне қынжылыс білдіргендей болады. Мұның бәрі «ұлттық намыстың аздығы, ерсі әрекетке еліктегіштік, ұлт дәстүріне енжарлық» салдары екенін атап өтеді.
Кейде халық бала секілді. Қамқор ата-ана ненің қажет, ненің болашақта пайдалы екенін тәптіштеп түсіндіріп отырмаса, болашағын болжап білмейді. Бұл орайда, үш тұғырлы тіл саясатын ұсынған Нұрсұлтан Әбішұлы «бұрын көп тіл білу мақтан болса, енді ол қажеттілікке айналғанын» түсіндіріпті. «Әлемдік ақпарат, технология, жаңа инновациялық индустрия ағылшын тілінде жүріп жатыр. Демек, бұл тілді біз еркін меңгеруіміз керек», — дейді Президент «Ұлы дала ұлағаттары» кітабында. Әйтсе де, ұлттық рухтың өзегі туған тіл деп қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев отандастарын қанша тіл білсе де, туған тілінің туын жоғары ұстауға шақырады.
Бірлігі мықты, қуаты күшті, қарқынды дамуға бейім ел болу үшін сындарлы саясат ұстанып, алды-арты бажайланған экономикалық бағдарламалар қабылдап, ел тұрмысын дамытуды мақсат тұту тым аз. Ендеше, «Ұлы дала ұлағаттары» кітабындағы бір бөлім тіл мәселесіне арналса, тағы бір бөлімнің «Дін мен дәстүр» аталуы да қисынды. Дінді «рухсыздық пен қанағатсыздықтың алдына қойылған ең берік қамалдардың бірі» деп айдарлаған Елбасы бұл бөлімде еліміздегі қазіргі діни ахуалды біршама саралапты. Шариғат тұрғысында біз де қазір бірнеше ағым бар екенін айтып, «Солардың бірі – құдайсыздық пікірін ұстанатындар. Екіншісі – ислам дініне таза ұлтшылдық тұрғысынан қарайтындар. Енді біреулері – ислам дінінің негіздерін халықшыл-мемлекетшіл тұрғыдан терең түсініп, оның қадірін білетіндер» деп атап өтіпті. Алғашқы екі бағытты ұстанушылар тынымсыз еңбектеніп, діни сауаты таяз талай жасты тура жолдан адастырып отырғанын жаны қинала баяндапты. Отандастарын ислам дінінің құндылықтарын ажырата білуге, осы тұрғыда білімді арттырып, ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан мұсылманшылық дәстүрді, өз жолымызды ұстануға шақырған Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні адасқандарға жалау болған жиһад ұғымының шын-мәнінде қырып-жою, террористік әрекет жасап, кісі өлтіру емес, белгілі бір нәтижеге жету үшін, ел мүддесі үшін ынта-жігер таныту, күш-қайрат жұмсау екенін де жалықпай түсіндіріп өтіпті. Алла жаратқан өмірді сүю, адамды сүю, Отанды сүю және қастерлеу – мұсылманның басты шарты екенін жүректен шыққан сөзімен жеткізіпті. Адаспаудың, дұрыс, тура жолда өмір сүрудің ең тиімді жолы өткенге тас атып, өзге елдің үгіт-насихатының ықпалында кету емес, ата-бабаларымыз салып кеткен жолдан жаңылмау, топшыл болмай – көпшіл болу, мемлекетшіл болу.