Қазақстанның табиғи қорықтары — табиғат байлықтары

Қорық дегеніміз не? Ол қандай мақсатта керек?

Қорықтар – қоршаған ортаның табиғи эталондарға, реликтілерге, ғылыми зерттеулерге, ағарту, білім беру ісіне, туризм саласына және рекреацияға арналған нысандары ретінде экологиялық, ғылыми және мәдени тұрғысынан аса құнды болып табылатын, мемлекеттік қорғауға алынған аумақтардың жиынтығы. Олардың негізгі мақсаты – табиғи ландшафтар эталонын сол аймақта тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлар дүниесімен бірге сақтау, табиғат кешендерінің табиғи даму заңдылықтарын анықтап қана қоймай, адамның шаруашылық әрекетінен табиғатта болатын өзгерістерді болжау болып келеді.

Жерімізде барлығы 10 қорық бар. Әрине, мемлекетімізде географиялық зоналардың жекелеген аймақтарын табиғи қалпында сақтап, жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғайтын арнайы орындардың бары қуантарлық жайт. Дегенмен біздің кең байтақ жерімізге бұл қорықтардың аздық ететінін де ұмытпағанымыз абзал. Олай деуге себеп көп. Қасиетті қазақ жерінде таңғалып қарайтын дүниелер баршылық. Елімізде ұлт мәртебесін асқақтататын небір тарихи-мәдени орындар бар: киелі адамдардың кесенелері, әсем-әсем өзен-көлдер, тарихпен байланысқан ерекше таулар және солай-солай кете береді. Айтпақшы, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі – ол өзінше бір бөлек тақырып. Қазақстанда Қызыл кітапқа енген қаншама жануарлар мен өсімдіктер бар. Олардың саны жыл санап артып келеді. Оған не себеп? Олар тиісті деңгейде қорғалып жүрген жоқ. Ал қорық осының барлығын сақтап тұру үшін керек. Республикамызда мақтаныш сезімімен еңсемізді биікке көтеріп қарайтын дүниелер көптігін өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар?! Бір сөзбен қазақ жерін сыр сандық деп атауға әбден болады. Солай емес пе?! Оны барлығы мойындайды деп ойлаймыз. Сол рас болса туған өлкеміздің табиғат сыйлаған құндылықтарын бірге қорғауға атсалысайық.

Еліміз ТМД-ға кіретін мемлекеттер арасында қорықтар саны жөнінен 17-ші орынға ие. Ал жер көлеміне шаққанда қорықтар үлесі бойынша 13-ші орында. Қазақстандағы қорықтардың барлық ауданы – 1 610 973. Яғни жоғарыда айтылғандай бізде қорықтар саны жеткіліксіз. Табиғатты қорғау мекемелері осының барлығын ескере отырып, келешекте тағы 15 қорық ашуды жоспарлап отырғанын да атап өткіміз келеді. Енді осы тақырыбымызға арқау болып отырған мемлекеттік табиғи қорық қорына жеке-жеке тоқталып өтеміз. 

ақсу.jpg

Ақсу-Жабағылы қорығы.

Ақсу-Жабағылы – Орталық Азия мен Қазақстанның ішінде алғаш ашылған қорықтардың бірі. 1926 жылы гидробиолог А. Л. Бродский қорық құрылымының басы-қасында болады. Мемлекеттік қорғаудағы табиғи қорық Батыс Тянь-Шаньдағы Талас Алатауы жотасының батыс бөлігінде орналасқан. Ақсу-Жабағылы теңіз деңгейінен 1300 метрден 4200 метрге дейінгі биіктіктегі таулы өңірді алып жатыр.

Қорық сан алуан жануарлар мен өсімдіктерге бай. Оның аса үлкен емес аймағының өзінен Еуропаның, Солтүстік АфриканыңАлдыңғы және Орталық Азияның түрлі ландшафтарына тән жануарларды кездестіруге болады.

Ақсу-Жабағылы емдік қасиеті бар мекен саналады. Себебі ол жақтың ауасы таза және дәрілік өсімдіктерге өте бай. Онда 200-ден астам дәрумен болатын өсімдік түрлері өседі. Қорықтың өсімдік қоры жалпы алғанда 1737 түрге ие.

Таулы аймақ пен таза ауаның иісін сезіп, халықаралық дәрежедегі құжатымыз – «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктерді көріп, көздеріңізді қанық қылғыңыз келеді ме? Қарасаң көз тоймайтын кең даланың шуағына бөленіп қайтуға қалай қарайсыздар? Ендеше көп аялдамай ат басын Ақсу-Жабағылы қорығына бұрыңыз. 

наурызым.jpg

Наурызым қорығы.

Наурызым қорығының алып жатқан жері Қостанай облысы Наурызым және Әулиекөл аудандарының аралығында. Ол 1934 жылы ашылған. Адам қолымен жасалған жасанды мұражайлардан әлемдегі ең танымал ондық қатарында Париждегі «Лувр», Римдегі «Ватикан мұражайы», Лондондағы «Британдық мұражай», Нью-Йорктегі «Метрополитен», Санкт-Петербургтегі «Мемлекеттік Эрмитаж» және т.б. тұр. Ал Наурызым қорығын табиғат өзі жасап берген ғажайып мұражай деуге болады. Ал табиғилық қашан да жасандыдан жоғары сатыда тұратыны, онымен салыстыруға да келмейтіндігі айтпаса да белгілі. Осындай ерекше аймақтың біздің елімізде болуы көңілге жылылық ұялатады.

Қорықта «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді. Ол жерден мұражайдағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы терең мағлұмат алуға болады. Сондай-ақ жануарлардың мүсіндерін де көруге болады. Мұражайдан бөлек қорықтың өзін аралап жүріп 200 жыл өмір сүрген ағаштарды көре аласың. Келушілер оған алақандарын тигізіп, іштерінен тілек тілеп кетеді. Наурызым қорығының ерекшеліктерін айта берсек тоқтай алмайтын түріміз бар. Сондықтан дұрысы қазақтың табиғи «Эрмитажы» деп атауға лайықты мемлекеттік табиғи қорығымызды өз көзіңізбен көріп қайтыңыз.

алматы.jpg 

Алматы қорығы.

Өзінің жалпақ жапырақты және шыршалы ормандары, Альпы жайылымдарының белдеуі, шатқалдар мен көлдер бойынша өтетін экологиялық маршруттарымен туристердің көңілін аудартып жүрген Алматы қорығы 1964 жылы Іле Алатауының орталық бөлігінде орналасқан. Алматы қорығы да өсімдіктер дүниесіне өте бай келеді. Оның 1300-ден аса түрін кездестіруге болады. Барыс, коңыр аю, тас сусар, марал, таутеке, арқар, елік, суыртиін секілді сүтқоректілер де осы Алматы қорығында мекендейді. Одан бөлек құстардың да 200-ге тарта түрі тіршілік етеді. Бәрінен бұрын көпшілікті, әсіресе, шеттен келген туристерді қызықтыратын 2500 м биіктіктен жоғарыда өскен Тянь-Шань шыршасынантұратын шыршалы орман белдеуі екені даусыз. 1800-2000 метр биіктіктегі көктеректі нудан тұратын жапырақты ормандар, долана, жабайы алма және өрік ағаштарды көру қай-қайсысына болмасын қызықты. Ендеше не тұрыс?! 

қорғалжын новый.jpg

Қорғалжын қорығы.

Солтүстік жар­тышарда сақталған самалды Са­рыарқаның салиқалы жа­зы­ғындағы қоғалы көл, қоқиқаз­дардың құт мекені – Қор­ғал­жын қорығы 1968 жылы ұйымдастырылған. Қорғалжын қорығы орналасқан құт мекенде талай тарихи оқиғалар орын алған. Қорықтың көненің көзін көріп, тарихқа куә болғанына атақты Тоқтамыс хан жылқысын суарған Тоқтамыс көлі, Абы­лайхан шатыр тіккен Абы­лай көлі, Кенесары қона жатқан Сұл­танкелді көлі дәлел бола алады.

Жылына ұрпақ жалғастыру үшін қорыққа Қазақстаның оңтүстігінен емес, әлемнің оңтүстігінінен, мынау Ресей, анау тұрған Өзбекстаннан емес, сонау Африка құрлығынан 50-60 мыңға жуық қоқиқаз ұшып келеді екен. Ойлап қараңызшы, артта мыңдаған шақырымды қалдырып өтіп, қанаттарын талдырып, Африкадан Қорғалжыңдағы Теңіз көліне тікелей келіп отырады. Сондай-ақ, дүние жүзіндегі барша бұйра бірқазанның 20 пайыздан астамы осы жерге келіп, ұя салады.

Табиғаттың құдіретінде шек жоғын дәлелдейтін Қорғалжын қорығы Қазақстандағы ірі табиғи аймақ. Оның аумағы тіпті Швейцариядан да үлкен. Тарихтың беттері тұнып жатқан осынау жерге қалай бармай тұруға болады?! 

барсакелмес.jpg

Барсакелмес қорығы.

Сыр елінде, оның ішінде Арал теңізіаумағында етек жайып жатқан Барсакелмес қорығы еліміздегі басқа 10 қорықтың ішіндегі ең ерекшесі. Барсакелмес туралы сан түрлі аңыз әңгімелер тараған. Тарихта Барсакелмес қорығы «арал» атанып кеткен. Белгісіз бір ақын:

Арал жоқ көп теңізде оған теңдес, 
Алуан гүл көз тартады адам сенбес. 
Атының енді ұққандай шын мәнісін, 
Аралай түскен сайын кеткің келмес, –

деп өлең де арнаған.

1939 жылы ұйымдастырылған қорықты құрудағы мақсат ондағы азайып бара жатқан жан-жануарларды сақтап қалу болды. Әсіресе ақбөкен мен қарақұйрықтар басты қорғауда алынды.

Барсакелмес қорығы туралы фильм де түсірілді. «Құландар аралы» атты деректі фильм 2004 жылы Ташкентте өткен кинофестивальде 110-нан астам бақ сынаушылар ішінде үшінші орынға ие болды. Ақын жырлағандай, теңдессіз аралға барып, «Аралай түскен сайын кеткің келмесіне» көзіңізді жеткізіп қайтыңыз.

марқакол.png 

Марқакөл қорығы.

Қазақстан Алтайының Күршім жотасы мен оңтүстігінде теңіз теңгейінен 1440 метр биіктіктегі Азутау жотасы аралығындағы Марқакөл шегінде орналасқан Марқакөл қорығы 1976 жылы аймағындағы орман, көл, өзендерді табиғи қалпында сақтап, аң-құстарды қорғау мақсатында құрылды. Қорықтан Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстарды өте көп кездестіруге болады. Ал Марқакөл көлінің суы жұмсақтығы және тұщылығымен ерекше. Лосось отбасылығына жататын учкуч балығы көлдің басты байлығы болып табылады. Бұл қорық туралы да тарихта аңыз көп. Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың өзі «Ақбілек» романында арқау етіп, таңғажайып сұлулығы мен тамаша табиғатын әсем қылып суреттеген аталмыш қорыққа сіздің де қызығушылығыңыз туған болар, сірә?! 

устиртl.jpg

Үстірт қорығы.

Көлемі жағынан үлкен шөлді аймақты қамтитын Үстірт қорығы еліміздегі ең жас қорықтардың бірі. Соның өзінде оның 35 жылдық тарихы бар. Қорықтың маңайында көптеген тарихи орындарды кезіктіруге болады. Қарамая, Көкесем шатқалдары ондағы тау табиғатын ажарландырып тұр. Балуанияз, Көкесем қорымы, сондай-ақ әлі зерттеле қоймаған Табан-Ата деп аталып жүрген қорымдарды ерекше атап өтуге болады. Үстір қорығы жайлы қызық мәлімет: қорық Маңғыстау облысы бойынша ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасы мәртебесіне лайық бірден-бір үміткер. Әр қорықтың өз өзгешелігі бар. Бұл жердің де табиғаты өзінше бір қызық әлем. Сапарлатыңыз, көріңіз.

батыс алтай.jpg 

Батыс Алтай.

Кенді Алтайдың сотүстік-батыс бөлігінде орналасқан бұл қорық 1992 жылы ұйымдастырылды. Физикалық-географиялық сипаттамасы: Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы Кенді Алтайдың солтүстік-батыс бөлігінде Шығыс Қазақстан облысының Риддер (Лениногор), Зырян, Глубокое (Орталық кеңсе-үй-жайы Глубокое ауданының Риддер қаласында орналасқан) аудандарының аумағында Поперечное ауылының оңтүстік шығысында табиғатты пайдаланудан алынып қойылған жерлерде орналасқан.

Онда қылқан жапырақты ормандар, субальпі және альпі шалғындарысақталған. Батыс Алтай қорығында тайгалық жануарлар мекен етеді. Олар: бұлан, марал, елік, құдыр, қоңыр аю, құну, сілеусін, бұлғын, сасық күзен, аққалақ, қара күзен, суыр, шұбар тышқан және әртүрлі кеміргіштер. Құстар әлемінің 100-ден аса түрлерін кездестіруге болады. Қызыл кітапқа енгізілгендері: қара дегелек, тундра шілі, бүркіт, аққұйрық субүркіт.

Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы – бірегей табиғат туындысы. Қорықта орман шекарасынан биік өзендерге бастама беретін кішкене мұздан жаратылған тау көлдері және батпақ бар. Ол өңірінде Қара түйін (Черный узел) атты ауданның үш негізгі жоталарының (Көксу, Ивановский, Холзун) тоғысқан жері ең танымал жер болып табылады. Дәл сол аймақта туристердің арасында аса танымалдылыққа ие «Тас қала»(«Каменная сказка») орналасқан. Батыс Алтай мемлекеттік қорығы спорт-туризм салаларының ешқайда кездеспейтін нысанына кіреді. Сіз елімізде осындай туристік аймақтың барынан хабардар ма едіңіз? Барып, танысып қайтсаңыз тым жақсы емес пе?! 

алакол.jpg

Алакөл қорығы.

1998 жылы құрылған Алакөл қорығы Алматы облысындағы Алакөл ауданында қоныс алған. Қорық ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар қатарына енген. Ондағы Алакөл көлі республикамыздың аумағындағы әсем көлдердің бірі. Алакөл қорығындағы аралдар құстардың ұя салуына өте қолайлы болғандықтан, онда құстар топталып ұя салады. Сол себепті көбі қорықты «құс базарына» теңестіреді.

Қорыққа келген туристер Алакөл ойпаттарының көрікті жерлерімен танысып, демалып және әлемнің таза суларының бірі – Алакөл көлінде шомылып, таңғажайып құс әлемімен таныса алады. Тентек көлдің атырауына автокөлікпен барып, Қарамойын көліне қайықпен сапар шегіп, ол жерде су астында жүзетін және су бетіндегі құстарды көруге, Сасықкөл өзенінің бойымен автокөлікпен жүруге, Аралтөбе аралына су жолымен саяхаттауға болады. Бір мекенге барып осыншама ғажайыппен тамсанғыңыз келсе, сіз де жол тартыңыз! 

қаратаууу ноаааа.jpg

Қаратау қорығы.

Мойынқұм шөлдерімен және Бетбақдалаөңірімен шектесетін Қаратау қорығы 2004 жылы аймақтағы эндемикалық өсімдіктерді сақтап қалу мақсатында құрылды. Қаратау қорығы ерте заманнан адамдардың өмір сүруіне өте қолайлы жер саналған. Оған қорықтары көне тарихи-мәдени ескерткіштер дәлел. Өзге қорықтардағыдай Қаратау қорығы да жануарлар мен құстарға, алуан түрлі өсімдіктер өте бай. Қорықтың табиғаты бойынша әңгіме бір бөлек деуге болады. Сол табиғаттың мөлдірлігін сезініп, рахатқа бөлену ойыңызда бар ма? Табиғаттың сыйлаған сан мың байлығымен сіз де танысыңыз.

P.S: «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтарға тілі жоқ» демекші, табиғат жаратқан байлықты бірге аялайық!

Аружан Мырзатай
Ruh.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *