Алтайдан Атырауға дейін созылған кең байтақ қазақ даласының қай бұрышын алсаң да, тарихи тағылымға тұнып тұрған шежіре, ашылмаған сырға толы, қойнауы құт- ырыс дарыған киелі мекен екені сөзсіз.
Алтайдың асу бермес маржандай тізілген тау жоталарын құлдилай түсіп, Сарыарқаның құлан жортса құтылмас иен жазығын басып, батыс өлкенің ойпаты мен қыратының керемет көз сүріндірер көркін тамашалаған кез келген адамның таңданыстан бас шайқары анық. Адам баласы үшін өмірде алтынға бағалап, айырбастауға келмейтін асыл байлықтарының бірі — туған өлкеңнің тамаша табиғаты. Оның әр тауының әр тасы алтын, әр жотасының әр жусан исі небір аңқыған жұпардан артық, табиғатының сұлу көрінісі кез келген әлем кереметінен, ғалам ғажаптарынан абзал. Ұлы Жаратушы қазақ баласының бағына, қазақ даласындай ұлы нығыметті тарту еткен. Қазақ даласы қойнына бар байлығын сиғызған, шыбық қадасаң тал болған, дән тастасаң бау болған құнарлылығы бар; адасақан тай үйір болар, шұрайлылығы бар құт қонып, ырыс дарыған ұлы дала. Бұл қазақ даласы. Ұлы Дала киелі жерлерге толы. Ол жерлерді қадірлеп-қастерлеу — ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Тамырлы тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу, көмілген көмбелердің сиқырлы жұмбағын шешу, жер астында қалған ежелгі қалалар, үйіктер мен бекіністерді зерттеу бізге бұйырған бақ. Киелі атаулының тамырына балта шабуға барын салған кеңес өкіметі кезінде де қазақтың ақыны:
«Ал, менің әлі сапарым қанша алдымда,
Күш құяр жанға жолымда сәуле — бар ма, шам?
Әлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау,
Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам», — деп жырлады (Ф. Оңғарсынова, «Оғыланды».) Бұл өлеңнің астарында да қасиетті жерге деген сүйіспеншілік, өмірін туған өлкемен байланыстыру, киелі жердің құдіретін сезіну жатыр.
Ал, Тәуелсіздік жылдарында бұл бағыттағы жұмыстар күрт жанданды. Соның ішінде, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында сандаған тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылғанын көпшілігіміз білеміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» — деді Елбасы.
Біздің Жетісу жері де киелі өлкеге кенде емес. Жетісу даласы. Текті атағын аталы Алаш емес, алты құрлыққа танытқан айбынды мекен. Ұлы тумалардың көшін жалғап, алтын құрсағы талай алыптарды дүниеге әкелген ардақты мекен. Тарихты бір шолып өтсем жауырынын қалқан етіп, кеудесімен оқ тосқан аты аңызға айналған Қаракерей Қабанбай, жыр сүлейі Сүйінбай, жыр алыбы Жамбыл, Біржан салды жырдан сүріндіріп сұлулығына тәнті еткен ақын Сара, мұзтаудың мұзбалағы Мұқағали, арыны Ақсудың асау ағысындай құлагер ақын Ілияс, Ескелді би, Балпық би, Қабылиса жырау, өткен дәуірдегі көшбасшы қазақ қамқоры болған Қонаев, Ел басшысы, көреген көсем Н.Ә.Назарбаев осы қасиетті мекеннің мақтан етер тумалары. Әрине текті топырақтан тексіз ұрпақ шығуы мүмкін емес. Киелі мекеннің суын ішіп, бар болмысын бойына сіңірген әр ұрпақ ертеңгі ел қамқоры, ұлт мақтанышы. Осыған орай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында облыс көлемінде қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты арнайы жобасын жүзеге асыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылған. 2017 жылдың 28 маусымында сараптамалық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Отырыс нәтижесінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығынан келіп түскен сакралды нысандар мен орындар тізімін жасау бойынша жіберілген ұсыныстар негізінде, сакралды нысандарды іріктеу критерийлеріне сай, облыс бойынша нысандардың тізімі, фотосуреттері, аңыз-әңгімелері жинақталып алынды. 27 шілде Алматы облысы бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыру мақсатында кеңес мүшелерінің екінші отырысы өткізілді. Нәтижесінде облыс көлемінде Қора шатқалы, Жаманты бұлақтары, Тұздыкөл, Шыңғысханның тұрағы сынды 41 киелі микрообъектілер тізімі жасақталды. Қазақстан Республикасының Қырғызстанмен және Қытаймен шекарадағы ең жоғарғы нүктесі – «Хан Тәңірі» шыңы, Жаркент қаласында орналасқан «Жаркент мешіті» кешені, Ақсу ауданындағы Қапал ауылының орталығында орналасқан көне заманнан келе жатқан, тастан қаланып салынған ескі зираттардың астын үңгіп, тас қабырғаларды жарып шығып, тамшылардан құралып ағып жатқан қасиетті бұлақ «Тамшыбұлақ» сынды 17 макрообъекті енгізілді.
Қазақы қаймағы бұзылмаған бұл Жетісу өңінің табиғатының тылсымдығы, халқының тектілігі, ұрпағының ұлағаттылығы бәрі-бәрі біздің тұтас еліміздің көркем келбетін анық көрсетеді. Қазақ дейтін халықтың даналығын білгісі келген адам біздің тарихымызға үңілсін, ал даламыздың дархандығын білгісі келген топырағымызға табан тіресін.
Алматы облысы әкімінің орынбасары
Ақан Абдуалиев