Тәуелсіздік кезеңдегі Қазақстан топонимдік кеңістігіндегі жағдаят

Тәуелсіздік кезеңдегі Қазақстан топонимдік кеңістігіндегі жағдаят. Еліміз егемендікке ие болып, тәуелсіздік туын тігуі және қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы Қазақстан жер-су атаулар жүйесінің де ұлттық сипатқа қайта орала бастауына түрткі болды. Ұлттық сананың жаңғыруы қазақ халқының мәдени, әлеуметтік өмірінің барлық салаларында көрініс тауып, ұлттық құндылықтарды жаңғырту рухани болмысты жандандырды.
Президент Н.Назарбаев былай дейді: «Қазақтар – ұлы өркениеттердің мұрагерлері тарихтың сан-сапалық кұз-қияларынан өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиеттерін алып шыға алды. Жай ғана алып шығып, жай ғана сақтай білген жоқ, сонымен бірге еселеп жаңғырта да білді » [13,23].
Ономастика саласында жаңаша бетбұрысқа мұрындық болған қазіргі Қазақстан Республикасындағы елді мекен атауларын өзгертудің, реттеудің,

қалпына келтірудің ең алғаш Тұжырымдама жобасын академик Ә.Қайдаров мен профессор Т.Жанұзақов жасап, баспасөз бетінде жариялады, қоғамдық пікір тудырып, осы саладағы істің айтулы бастамасы болды. 1990 жылдың 20 сәуірінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақстан Үкіметі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құрылды. Осы қаулыдан соң Ә.Қайдар мен Т.Жанұзақовтың «ҚазКСР-індегі мемлекеттік және әкімшілік- территориялық бірліктердің атауларын реттеудін, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи, географиялық атауларын қалпына келтірудің Тұжырымдамасы» және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурызда №281 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы кәсіп орындарды, ұйымдарды, мекемелерді, теміржол станцияларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың транскрипциясын өзгертудің Тәртібі» республиканың барлық деңгейдегі ономастикалық комиссиялардың жұмыстарында басшылыққа алынды.
Бұл Тұжырымдамада: «Қазақстан халқының географиялық атауларын қалпына келтіруді реттеу, қайтадан өзгерту, елді мекен атауларын қалпына келтіру жөніндегі өскелең талаптарын, сондай-ақ республикадағы мемлекеттік және әкімшілік-территориялық объектілердің айтылуындағы ономастиканың тарихи, лингвистикалық және ғылыми принциптерінің елеулі түрде бұзылғандығын ескере келіп, Қазақ КСР Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссия қазақтың ежелгі тарихи, географиялық объектілерінің аттарын заңсыз және орынсыз өзгертуді жою, республика территориясында әр атаудың көп қайталануын реттеу, олардың казақша жазылуы мен орысша транскрипциялануын бірізге түсіру мәселесін қарауды қажет деп санайды»,- делінген және оның баптары мен тармақтары алғаш рет елді мекендерге жеке тұлғалардың есімдерін бермеу, бір әкімшілік бөлініс шеңберінде үш реттен артық қайталанбауын және т.б. регламенттейтін бағдарламалы құжат болды.
Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңі, яғни 90-шы жылдары бүкіл Қазақстан аймақтарында тарихи әділеттілікті қайтару мақсатында ондаған ірі елді мекен, облыстық орталық, ірі қалалар мен жүздеген, мыңдаған кент, ауылдар мен аудан, ауылдық округ атаулары өзгертілді, кейбіреуінің бұрынғы тарихи атаулары қалпына келтірілді, мысалы, Гурьев – Атырау, Шевченко–Ақтау, т.б. Сондай-ақ, бұрмаланып жазылып жүрген атаулардың орысша транскрипциялары түзетілді, мысалы, Кокшетау– (Кокчетав емес), Бурабай (Боровое емес), Шымкент (Чимкент емес), Жетысай (Джетысай емес), Шортанды (Щучье емес), Бозашы (Бузачи емес), Талдыкорған (Талды- Курган емес), Кызылорда (Кзыл-Орда емес), Алматы (Алма-Ата емес) және т.б. Мемлекеттік, облыстық, жергілікті ономастикалық комиссиялардың

жүргізген қыруар жұмыстарының арқасында мыңдаған бұрмаланған атаулардың ұлттық үрдіске сай орфографиясы түзетілді, мысалы, Аблакетка
– Абылайкеткен, Калагир– Құлаайғыр, Чурбай–Нура Шерубай–Нұра, Ктай Ақтай, т.б.
Республикада тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1991-2005 жылдар аралығында үш облыс, 12 қала, 53 аудан орталығы, 43 теміржол стансалары, сондай-ақ 957 шағын елді мекен атаулары өзгертілді. Елді мекен атауларын өзгерту жұмысы Қазақстанның барлық аймақтарында ешбір кедергісіз, бір деңгейде, біркелкі жүргізілді деуге келмейді. Егер еліміздің оңтүстік аймақтарында жер-су атауларын ұлттық үрдіске сай өзгерту жұмысы қызу қарқынмен жүрсе, қазағы аз солтүстік және шығыс аймақтарда осы 14 жыл ішінде бұрмаланған атаулардың 30 пайызы ғана өзгертілген.
Бастапқы кезеңде науқаншылдық сипатта өткен қисапсыз орынды- орынсыз өзгертулер уақыт өте келе саябырсып, сабасына түсті десе болады. Енді жергілікті жерде әрбір өзгерту алдында ономастикалық комиссиялар жан-жақты сараптама жұмыстарын атқарып, бұл маңызды іске асқан жауапкершілікпен мұқият қарауы тиіс.
ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің деректері бойынша тәуелсіздік алған жылдардан бері Республикамыздың жер-жерінде көптеген тарихи атаулар қайтарылып, бұрмаланған атаулар қалпына келтірілді. 1991 жылдан бері Үкімет жанындағы Мемлекеттік Ономастикалық комиссия шешімімен әкімшілік-аумақтық бірліктерге ат қою және олардың атын өзгертуге, атаулардың транскрипциясын нақтылау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 5 облыстың, 13 қаланың, 54 ауданның,
7 қалалық ауданның, 119 темір жол стансасы мен бекеттерінің атаулары өзгертіліп, 6 облыстың, 12 қала, 14 аудан, 76 темір жол стансасы мен бекеттерінің, 40-тан астам елді мекен атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланған. Сондай-ақ 1999 жылға дейін 641 елді мекен, білім, мәдениет т.б. объекті атаулары өзгертілсе, 2000-2009 жж. аралығында 1221 елді мекен, 951 білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау ұйымдары, т.б. аттары жаңғыртылды.
Бұл ақпарат тек Республика көлемінде Мемлекеттік Ономастикалық комиссия деңгейінде болған өзгерістерге қатысты, ал облыстық, қалалық жергілікті деңгейде өзгертіліп, бекітілтен шағын елді мекен, көше, білім және мәдениет ошақтарының саны мыңдап саналады деуге болады.
Соңғы екі жылдан бері кез келген объектілерді атауға және қайта атауға мораторий жариялануына байланысты атауларды өзгерту ісі шектеліп келді. Мысалы, ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы №1138 «2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағы туралы»

қаулысының 3-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар 2008 жылғы 1 шілде 2009 жылғы 1 сәуір аралығында әкімшілік-аумақтық бірліктерді кұру, тарату мен қайта құру және көшелерді қайта атау туралы ұсыныстарды енгізбеу жөніңде шешім қабылдаған болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *