Топонимия саласының ғылыми даму кезеңдері.
1- кезең (1950-1970 жж.). Топонимиканың қазақ тіл біліміндегі ғылыми бағыт ретінде қалыптаса бастауына географ-ғалым Ғ.Қоңқашбаевтың 1948 жылы «Қазақтың халықтық географиялық терминдері» атты тақырыпқа корғаған кандидаттық диссертациясы мен осы тақырып төңірегінде жазылған көптеген мақалалары ұйытқы болды. Еңбектерінде ғалым географиялық терминдердің шығу, пайда болу жайы, түсінігі, ерекшелік жақтары, моңғол, араб тілдерінен енген атаулардың типтері, халықтық, шаруашылық, тұрмыс жағдайларымен байланысты олардың қалыптасуы сияқты мәселелерді қарастырды.
Географ Ғ.Қоңқашбаевтың осы бастамасы келесі кезекте қазақтың кәсіби лингвист ғалымдарының іргелі еңбектерінде өз жалғасын тапты.
Қазақстан топонимдерін тарихилингвистикалық аспектіде, басқа туыстас тілдермен салыстыра тұңғыш зерттеген А.Әбдірахманов 1955 жылы кандидаттық диссертация қорғап, ғылыми дәреже алды. Ол осы диссертацияның негізінде 1959 жылы жеке монография жариялады. Автор бұл еңбегінде Қазақстандағы ірі объектілік-георафиялық атаулардың ішінен 800-ден аса қала, ауыл, поселке, аудан және темір жол стансаларының атауларына талдау жасады. Автордың ерекше назар аударған мәселелері: топонимдердің жасалуындағы лексика-грамматикалық құбылыстар, топонимдердің лексикалық жүйедегі орны, топонимдерді лексика- семантикалық тұрғыдан классификациялау жұмыстары еді. Көптеген топонимдерге этимологиялық талдау жасап, тіл тарихына қатысты ойларын ортаға салды.
Келесі онжылдықта Ономастикалық зерттеу проблемаларының аясы кеңейе түсіп, топонимия саласындағы ареалдық, аймақтық тұрғыдан зерттеу қарқын ала бастады.
1954 жылдан Т.Жанұзақов қазақ антропонимдері жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 1961 жылы «Личнособственные имена в казахском языке» атты қазақ антропонимдері мәселесіне арналған алғашқы еңбегін жазды.
Байқағанымыздай, ол кездегі және кейінгі кездегі қазақ ономастикасы саласындағы зерттеулердің дені топонимиялық ізденістер. Бұның өзіндік объективтік себептері де жоқ емес. Біріншіден, Қазақстан Ономастикалық кеңістігі сол кездегі ұланғайыр әлемнің алтыдан бір бөлігін құрайтын алып Кеңес Одағы территориясының Ономастикалық жүйесінің бір бөлігі еді.
Қазақстан топонимдерін регионалдық, ареалдық бағытта зерттеген кандидаттық диссертациялар әрбір облыс топонимдерінің шығу, пайда болу, даму жолдарын анықтау, олардың лексика-семантикалық, хронологиялық топтарын, лексика-фономорфологиялық құрылымдарын сипаттау тәрізді мәселелерге арналған. Е.Қойшыбаевтың «Жетісу топонимдерінің негізгі типтері» (1967), В.Н. Попованың «Павлодар облысының гидронимдері» (1966), О.А. Сұлтанияевтың «Көкшетау облысының топонимдері» атты кандидаттық диссертациялары бірінен соң бірі қорғалды.
Осы кезеңде қазақ ономастикасы ғылыми теориялық, фактологиялық мол материалмен байытқан, бұрын-соңды зерттелмеген тың лексикалық қабат есімдер жүйесіне арналған Т.Жанұзақовтың қос еңбегі жарық көрді, олар: «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» (1965) және «Қазақ есімдерінің тарихы» (1971).
Алпысыншы жылдарда Одақ көлемінде «топонимиялық бум» кезеңі болды десек артық айтқандық емес, яғни ғылыми орталықтарда жер-су атауларын зерттеу жұмысы асқан ыждағаттықпен қолға алынып, ұлттық Ономастикалық мектептер қалыптаса бастаған еді. Мәскеу, Томск, Киев, Донецк, Самарқан, т.б. көптеген ғылыми орталықтарда экспедициялар ұйымдастырылып, Ономастикалық топтама-жинақтар шығарыла бастады. Кеңес көлемінде Ономастикалық жұмыстарды атқаруға ортақ үлес қосқан белгілі орыс зерттеушілерінен В.Н. Топоров, О.Н. Трубачев, Н.И. Толстой, А.И. Попов, В.А. Никонов, А.К. Матвеев, А.П. Дульзон, т.б. есімдерін атауға болады.
Бұл кезең одақтық ономастикада топонимиканы лингвистер, географтар, тарихшылар мен этнографтардың әрқайсысының өзіне қарай тартуы, әр сала маманы өз саласының әдіс-тәсілін тиімді деп санауы жөніндегі пікірталас, кереғар көзқарастар оның (топонимиканың) ғылыми сала, пән ретіндегі мәртебесін толық айқындап бере алған жоқ. Лингвистер тарапынан топонимияны тіл, тарих, география ғылымдарының түйісіндегі ерекше сала деген ой-түйін айтылды.
Дегенмен, теориялық топонимиканың лингвистикалық сипаттағы ерекше пән ретінде қолдау таппауымен қатар ономастиканың үлкен
«құрлықтық» лингвистиканың проблемалық аясын кеңейтіп, жалпы тіл теориясына қосар үлесінің қомақты боларын мойындағандар да баршылық
еді. Поляк ғалымы В.Ташицкий кезінде алдын ала болжағандай:
«Лингвистиканың келешекте дамуы, оның аумағының кеңеюі көбіне Ономастикалық зерттеулерге тікелей байланысты» десе, А.А. Реформатский: «Ономастиканы тек тілші ғана зерттеп қоймай, тарихшы, географтар да зерттеп, шұғылдану керек. Географтар географиялық комментарий жасаса, лингвистер тілдік тұрғыда түсіндіріп талдайды, тарихшылар интерпретация жасап, тарихқа қолданады» дегенді айтқан.
Қазақ ғалымдарының бұл кезеңдегі жұмыстарында топонимиканың ғылыми әдістемелік аппараты жасала бастады. Ең бастысы, қазақ елінің жер- су атаулары, оның ішінде тарихи атаулары да жинақталып, ғылыми жүйеге түсіріліп, инвентаризациялана бастады, яғни
1) кейбір көне жер-су атаулары фрагментарлы түрде этимологиялық тұрғыдан талданды;
2) онимдердің құрылымдық модельдері сипатталып, онимжасаушылық, сөзжасамдық негіздері саралана бастады;
3) топоним жасауға қатысатын реликтілік түбір, форманттарды реконструкциялауға ұмтылыстар жасалды;
4) ономастикалық зерттеулерде тарихи-салыстырмалы, типологиялық әдістер қолданыла бастады;
5) ономастикалық бірліктердің мазмұндық жағына, оның ішінде сол бірліктерді тақырыптық топтарға біріктіру жұмыстары қолға алына бастады;
6) Т.Жанұзақовтың, А.Әбдірахмановтың, О.Сұлтанияевтің, Е.Қойшыбаевтың зерттеулерінде қазақ жер-су атаулар халықтың тарихы мен мәдениеті, этнографиясымен байланыста қарастырыла бастады.
Алайда сол кездегі Одақ көлемінде жүргізілген Ономастикалық зерттеулерді қамтыған ғылыми-теориялық проблемалар аясын, оны шешудің әдістемелік деңгейін, ал қазақ ғалымдарының зерттеулері де кеңестік ономастиканың теориялық, әдістемелік жетістіктеріне сүйенгендігін ескерсек, қазақ тіл білімінде ономастика саласы ғылыми бағыт ретінде бой көтеріп, орныға бастағандығын байқауға болады.
2- кезең (1970-1990 жж.) 1971 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының жарлығымен Тіл білімі институтында ономастика бөлімі ашылып, бөлім қызметкерлері А.Әбдірахманов 1975 жылы «Топонимика және этимология» атты еңбек шығарды. Е.Қойшыбаевтың «Краткий толковый словарь топонимии Казахстана» (1974) атты сөздігі, А.Әбдірахмановтың «Қазақстан этнотопонимикасы» (1979) атты жаңа кітабы жарық көрді. Сондай-ақ О.Сұлтанияевтің «Понятные непонятности» атты оқу құралын (1973) және сол жылдары мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген көптеген
жарияланымдарды ұлттық топонимияның дамуына тілдік, тарихи-деректік тұрғыдан қосқан үлес деп бағалауға болады.
Қазақ ономастикасының осы кезеңдегі үлкен жетістігі ол қолданбалы ономастика, топонимиканы стандарттау, транскрипциялау мәселесі біршама ғылыми шешімін тапқандығымеи ерекшеленеді.
1959 жылы ҚазССР Ғылым академиясы Тіл білімі және әдебиет институтының қатысуымен Мәскеудегі профессор Донидзенің жетекшілігімен «Инструкция по русской передаче географических названий Казахской ССР» атты кітапша жарық көрді. Бұл нұсқаулық Тіл білімі институты мамандарының күшімен 1971 жылы қайта қаралып, толықтырылып екінші рет басылып шықты.
Республикадағы Ономастикалық жұмыстарды жүргізуде басты құрал болған осы нұсқаулықты 2000 жылы, тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген өзгеріс, толықтырулар мен қайта шығарылуына ҚР Мәдениет министрлігінің Тілдерді дамыту департаменгі мұрындық болғаны мәлім.
Қазақ ономастикасының негізгі бөлімдерін қамти зерттеген кешенді сипаттағы тұңғыш еңбек Т.Жанұзақовтың «Очерк казахской ономастики» атты монографиясы (1982) топонимикамыздың қалыптасу тарихынын екінші кезеңіне өзіндік үлес болып қосылды.
Тіл білімі институты мамандары әр жылдары республиканың орталық, батыс өңірлеріне арнайы ұйымдастырылған кешенді, ұзақ мерзімді экспедицияда болып, топонимиялық аса құнды материалдар жинап қайтты. Ежелгі түркі жазба ескерткіші ономастикасын зерттеуге арналған В.Махпировтың «Собственные имена в памятнике X в. «Дивану лугат-ат- турк» Махмуда Кашгарского» атты кандидаттық диссертациясының қорғалуы да (1980) осы кезге тура келді.
1984 жылы қазақ атауларынан сыр шертетін, тартымды тілмен жазылған ғылыми публицистикалық сипаттағы екі кітап жарық көрді (белгілі жазушы Б.Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлке. Елжұрт, жер-су және Жетісу жайында тараулар» және Е.Керімбаевтың «Атаулар сыры»). Осы жылдары «Тюркская ономастика», «Қазақ антропонимикасының мәселелері», «Қазақ есімдері» (1988), «Есіміңіз кім?» (1989), «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» (1989) атты кітаптар қазақ ономастикасының қоржынын толықтыра түсті.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына таман қазақ топонимиясының жеке салаларын зерттеуге арналған жұмыстар саны жылдан-жылға көбейе түсті. 1988 жылы Қазақстанның жер бедерін сипаттайтын географиялық атаулар мен апеллятивтік атауларды типологиялық аяда зерделеген Е.Керімбаевтың «Лексико-семантическая типология оронимии Казахстана»
атты кандидаттық диссертациясында қазақ оронимдерінің ұлттық спецификасы, атаулардың жасалуындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, мәдениетінің маңызы баса айтылады.
Ал 1989 жылдан бастап республиканың түрлі аймақтары бойынша әр облыстың жер-су атаулар жүйесін жанжақты тілдік, экстралингвистикалық тұрғыда зерттелген жұмыстар жыл сайын көбейіп, тіптен жылына 23 диссертациялық жұмыс қорғалып келеді.
Сөйтіп 1989 жылы Қостанай мен Гурьев облыстарының топонимдерінің тарихи лингвистикалық талдауына арналған Б.Бектасова мен М.Қожановтың кандидаттық диссертациялары қорғалды. Осы он жыл ішіндегі ономастика саласының жемісі ретінде қорғалған 4 диссертациямен қатар ономастика бөлімінде бірнеше монография, ғылыми жинақтар, сөздіктер жарық көрді.
Алайда, ең бастысы, 80-жылдары Қазақ Ғылым академиясының Тіл білімі институты сол кезде Одақ көлемінде қалыптасқан түркітану саласындағы Мәскеу, Ташкент, Баку сынды беделді ғылыми орталықтардың біріне айналды. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында өзге республикалардан (Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Якутия, Әзербайжан, Қырғызстан, Башкұртстан, Тува, Хакасия, Кабардино-Балқария, Молдавия, Грузия, т.б.) келген көптеген ғалымдар кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғады.
Жалпы, бұл онжылдық қазақ ономастика саласының толыққанды қалыптасып, Одақ көлемінде танымал болған ірі түркологиялық ономастика орталығы ретінде қалыптасуы мен ұлттық ономастиканың даму тарихындағы орны зор, айтулы кезең болды. Өкінішке орай Кеңестер Одағы ыдырауымен түркітанушы, ономастика саласындағы ғалымдар арасындағы ғылыми іскерлік байланыс айтарлықтай бәсеңсіп қалды.
3- кезең (1990 қазіргі кезең). 90-жылдардың соңғы тұсы Кеңес Одағындағы қайта құру кезеңімен сәйкес келіп, ұлттық республикаларда саяси, мәдени реформалар қолға алына бастады. Қайта құру кезеңі жер-жерде ұлттық сананың бой көтеруіне, рухани жаңғыруға қозғау болды. Мызғымас Кеңестер Одағының ыдырауы ұлттық республикалардың, біздің елдің тәуелсіздікке ие болуымен ұласуы, қоғамымызда көптеген игі өзгерістер ұлттық сана деген ғаламат күштің оянып, тарихи, мәдени сананың жаңғыруына, ұлттық ономастикаға зор әсерін тигізді. Зиялы қауымның бастауымен идеологиялық құрсау кыспағынан шығудағы алғашқы шаралар тарихи атауларымызды қайтару, қалпына келтіру ісіне бүкіл халық болып жабылып, аса ыждағаттылықпен кірісіп те кеттік. Алайда бұның өзі де уақыт өте, байыппен қараған кісіге «маусымдық жұмыс» іспеттес көрінеді.
Бастапқы кезде іргелілік тұрғысынан салмақты ғылыми негізде жүргізілмегендіктен олқылықтар мен асыра сілтеушілік те болды. Басқаша айтсақ, бұрын Киров, Ленин, Калинин, Маркс, Энгельс, т.б. атаулары жүздеп кездесіп, тираждалған болса, енді ұлттық ұлы түлғалар атауларын тираждау қаупі туды. Осы абыр-сабыр, өтпелі кезеңде ұлттық топонимия саласында қыруар жұмыс жасалды. Олардың ішінен жарық көрген: «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі. Жезқазған облысы» (1990), «Қазақстан географиялық атаулары. Ақмола облысы» (1998), Т.Жанұзақов авторлығымен «Атажұрт», «Отечество», В.Н. Попованың авторлығымен
«Павлодар облысының топонимдік сөздігі» (1998), т.б. еңбектерді атауға болады.
90-жылдардан бергі кезеңді қазақ топонимиясы тіл білімі үшін аса нәтижелі болғандығы туралы осы аралықта қорғалған 20-дан астам диссертациялардың саны мен сапасы куә. Аймақтық топонимия бойынша топтастырып атасақ, Г.Мадиеваның Шығыс Қазақстан облысы гидронимдерін зерттеуге арналған (1990) кандидаттық диссертациясы қорғалды, Қарағанды облысы жер-су атауларының құрамы мен құрылымын А.Жартыбаев (1991), Қ.Сембиев Қызылорда облысы топонимдерін тарихи, этнолингвистикалық тұрғыдан талдаса (1992), Қ.Рысбергенова Оңтүстік Қазақстан облысы жер-су атауларын тарихи-лингвистикалық тұрғыдан (1993), Г.Сағидолдагийн қазақ-моңғол топонимдерінің салыстыра зерттеген (1993), Б.Тілеубердиевтің Оңтүстік Қазақстан топонимдерінің этнолингвистикалық сипатын айқындайтын кандидаттық диссертациялық жұмыстары арналды. Батыс Қазақстан облысы топонимдерінің этнолингвистикалық ерекшеліктері Ұ.Ержанованың жұмысында (1998), ал Ғ.Ермекбаев жер бедері атауларының семантикалық, морфологиялық, фоносемантикалық сипаттамасын 1999 жылы корғаған диссертацияларында қарастырған. Топонимдік мәселелерді тек тілшілер ғана зерттеп қоймай, географ мамандар да өз үлестерін қосты, сөйтіп К.Қаймулдинова қазақтардың табиғатты пайдалану және қорғау дәстүрлерінің топонимикалық аспектілерін қарастырып, географ ретінде А.Омарбекова «Социальное и природное в формировании топонимии Улытау-Торгайского региона» атты тақырыпта (1999), ал Э.Аяпбекова Батыс Қазақстан аймағынын ландшафт ерекшеліктерін анықтайтын топонимдер бірлестігі жүйесін зерттеді (2002).
Қазақстан аймақтарынын жер-су атауларын зерттеу жұмыстары әрі қарай Б.Биягювтың Оңтүстік Алтай оронимдеріне тарихи-лингвистикалық талдау жасаған жұмысында (2000), Г.Бекенованың Солтүстік Қазақстан гидронимдерінің семантикалық типологиясын зерттеуге арналған диссертациясында (2002) өз жалғасын тапты. К.Головина қазақ және орыс
тілдеріндегі топонимдер мен антропонимдер құрылымы мен мазмұнында идиоэтникалық компоненттердің салыстырмалы талдауын жүргізді (2000). А.Әлімхан Шығыс Қазақстанның оңтүстік аймағы топонимдерінің тілдік және этномәдени негіздерін айқындап берсе (2001), Б.Көшімова жалпы қазақ лексикасындағы бейонимдену үрдісін, яғни жалқы атаулардың онимдік сипаттан арылу процесін көрсетті (2001). Сондай-ақ облыстық топонимдік жүйесін жаппай бірізбен зерттей бермей, нақты бір аймақтың (Оңтүстік Қазақстан) топонимдік кеңістігін диахрондық тұрғыдан, бір ғасыр аралығындағы (19052005 жж.) өзгерістерді, яғни даму динамикасын көрсететін Ж.Исмаилованың кандидаттық жұмысын атауға болады.
Ұлттық топонимия мәселелері тек аймақтық сипаттағы зерттеулермен шектеліп қана қоймай, жер-су атауларына қатысты өзге де теориялық қырларын зерделеуге арналған мынадай жұмыстарды атауға болады: Ә.Арысбаевтың қазақ топонимдерінің кумулятивтік қызметін қарастырған (2005) және А.Керімбаевтың қазақ тіліндегі сакральды атаулардың этнолингвистикалық сипатына арналған (2007), А.Макұлбектің 2008) қазақ топонимдерінің фоносемантикалық сипатын айқындайтын, Жамбыл облысы ойконимдік жүйесін тарихи-тілдік тұрғыдан зерттеген З.Құлманованың кандидаттық жұмыстарын атауға болады.
Аталмыш топонимдік зерттеулерде Қазақстанның барлық облыстары қамтылмағандығын айта кету керек. Бірер облыс пен аймақ топонимикасы (Ақтөбе, Семей, Талдықорған, Алматы) сырт қалғаны болмаса, Қазақстан Республикасының жер-су атаулары түгел дерлік жинастырылып (жүйеленіп), инвентарланып, тарихи-лингвистикалық, этнолингвистикалық сипатқа ие болды.
Қазақстан жер-су аттарының тарих, этимологиялық, этномәдени және т.б. іргелі теориялық мәселелерін қарастыруға арналған бірқатар докторлық диссертациялар қорғалды. Олар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қазақ ономастикасында кезеңдік сипаттағы А.Әбдірахмановтың «Историко- этимологическое исследование топонимов Казахстана» (1991) және Е.Керімбаевтың «Этнокультурные основы номинация и функционирования казахских собственных имен» атты докторлық диссертациясында (1992) ұлттық ономастиканның басты салаларының фоно-морфологиялық, сөзжасамдық, құрылымдық деңгейлері мен лексикалық мазмұны этнолингвистикалық, ұлттық-мәдени тұрғыдан жан-жақты қарастырылған, ұлттық ономастика саласын жаңаша көзқарас, тың пайымдаулармен толықтыра түскен теориялық енбек болды. Сонымен қатар осы еңбек шеңберінде түркі, қазақ жалқы есімдерінің номинация проблемалары, қызмет ету аясы мен коммуникативтік қатыс барысында қолдану ерекшеліктері
ғылыми сипатқа ие болды. Сондай-ақ 1998 жылы үш бірдей докторлық диссертация қорғалғандығын айту керек. Олар: В.Махпировтың
«Древнетюркская ономастика» (Источники формирования, особенности функционирования, структурные типы и смысловые модели), В.Попованың
«Структурно-семантическая природа, топонимов Казахстана», Б.Бектасованың Мәскеуде корғаған «Топонимия Северных областей Казахстана» атты жұмысы болды.
Зерттеу барысында қол жеткізген нәтижелер мен ғылыми-теориялық тұжырымдар Қазақстан топонимиялық кеңістігінің жалпы сипаты мен мазмұндық, кұрылымдық жағынан салыстыруға, номинация принциптері мен атау жасаудағы негізгі уәж табиғатын, қазақ тіліне, топонимикасына ортақ немесе жергілікті өзіндік ерекшелікке ие топонимжасаушы апеллятивтер моделін, сөйтіп топонимдік модельдердің интегративтік және дифференциалдық белгілерін айқындауға, жалпы алғанда ұлтты топонимия жөнінде ой қорытуға мүмкіндік береді.
Ең бастысы қазақ тілінің аймақтық топонимдерін зерттеуде жаңа этнолингвистикалық бағыттың әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылып, ұлттық ономастиконда жалпы әлемдік лингвистиканың күн тәртібінде тұрған жаңа ғылыми бағыт – антропоөзекті парадигмаға бет бұруы үлкен жетістік, ғылыми өрлеу деп бағалаған жөн.
Қазақ топонимиясының дамуындағы екінші және үшінші кезеңдегі қазақ ономаст мамандардың қол жеткізген негізгі зерттеу нәтижелерін төмендегідей қорытып тұжырымдаймыз:
1. Қазақстан территориясындағы топонимдік, микротопонимдік бірліктер толық дерлік жинақталып, иивентаризацияланды.
2. Әр аймақтың топонимдік жүйесінің қалыптасуына ықпал еткен тарихи, географиялық т.б. экстралингвистикалық факторлар біршама толық сипатталды.
3. Қазақ ономаст-ғалымдары 70-80 жылдары қолданған
топонимдердің тақырыптық топтастыру әдісі толықтырылып, ғылыми тұрғыдан дәйектелді.
4. Қазақ мифотопонимдері, діни мазмұндағы онимдік бірліктері кешені қазақ ономастикасының лексикалық репертуарын байыта түсті.
5. Қазақ тілінің топонимдік бірліктерін жасаушы номинациялық
тип, атау жасауға ұйытқы болған уәждер негізінен ортақ, бірегей екендігі айқындалды.
6. Қазақ жер-су атауларының сөзжасамдық үлгілері, оларды жасауға
қатысатын форманттар мен жұрнақ, қосымшалар негізінен ортақ, ұксас келеді.
7. Атаулар құрамындағы кейбір көне реликтілік топоформанттар,
аффикс пен қосымшалар жүйесі тарихи, географиялық объективті факторларға байланысты қалыптасқандықтан «локальдық» жеке жүйе кұрайтындығы анықталды; мәселен, республиканың шығыс өңірлерінде (қазіргі қазақ тіліне тән емес) -ты формантты атаулар: Қалдығайты, Арғанаты, Аңқаты, т.б. тән болса, оңтүстік өлкелерде ғана кездесетін -нақ формантымен келетін топонимдерді атауға болады: Шорнақ, Қарнақ, Жүйнек, Ташнақ, Шобанақ, т.б.
8. Қазақ топонимдерінің фоно-морфологиялық, грамматикалық құрылымы мен синтаксистік жасалу жолдары да негізінен ортақ екендігі анықталды.
9. Ұлттық ономастиконның бет-бейнесін қалыптастыруға қатысатын тарихи, этномәдени және қоршаған табиғи орта ерекшелігі, яғни географиялық фактор ұйытқы болатындығы айқындалды.
10. Қазақ жер-су атауларын жасауға қатысатын халқымыздың рухани, мәдени дүниетанымдық жүйесі мен материалдық тұрмыс-тіршілігіне байланысты ұғымдар кешенінің ортақ, бірегей екендігі айқындалды.
11. Ежелгі қала мәдениеті, отырықшылық дәстүрі, суармалы шаруашылық ертеден калыптасқан оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерінде осы кәсіптерге қатысты қалыптасқан жер-су атаулары мен географиялық апеллятивтер репертуары, терминдік жүйесінде өзгешеліктер байқалатындығы көрсетілді.
12. Қазақ елі бастан кешкен түрлі тарихи дәуірлер мен оқиғалар әсерінен, іргелес жатқан өзге ұлыс, халықтармен ғасырлар бойы мәдени, экономикалық қарым-қатынас нәтижесінде, өзге тілдерден енген атаулар мен өзге тілдердің әсерінен қалыптасқан атаулар кездесетіндігі аға ономаст- ғалымдардың еңбектерінен белгілі жайт. Кейінгі толқын топонимистер зерттеулерінде кеңінен сөз болып, көптеген фактологиялық материалдар жинақталып, сараланды. Статистикалық тұрғыдан да, нақты тілдік мысалдармен де Моңғолия, Қытай жерлеріне іргелес орналасқан аймақтарда моңғол, алтай, ішінара кытай тілдері элементтері кездесетіндігі нақтылана түсті. Ал, керісінше, республиканың оңтүстік және солтүстік өлкелерінде жоңғар шапқыншылығынан қалған Қалмаққалған, Қалмаққырылған сынды нышандардан басқа атаулар жоқтың қасы. Есесіне оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарда араб-парсы (соғды) тілінің жергілікті топонимикондағы табы айқын, қалдырған ізі басым. Ресей, Сібірмен шекаралас өңірдегі топонимиялық жүйесіндегі сирек кездесетін аса көне реликтілік архетиптерден өзге орыс отаршылдығы дәуірінен бері қалыптасқан жер-су атауларында славян тілдерінің әсері мол екендігі сөзсіз.
13. Зерттелген аймақтардың топонимдік жүйесін жасауға қатысатын географиялық апеллятив, терминдердің басым көпшілігі ұқсас әрі ортақ болып келгенімен, жергілікті, өзіндік ерекшелігі бұзылмаған апеллятивтер саны да баршылық. Өзен, көлдері мол солтүстік, орталық Қазақстан жерінде гидронимдік апеллятивтер көптеп кездессе, табиғаты құрғақ оңтүстік, батыс өңірлерде шөл, шөлейт терминдері және құдық түрлеріне байланысты апеллятивтер, атаулар ерекше мол (мәселен, Маңғыстауда).
14. Жалқы есімдердің семантикасының құрылымына тән ерекшеліктері, денотатпен байланыс ерекшелігі айқындалды.
15. Аймақтың топонимдік зерттеулер барысында айқындалған басты факт Қазақстан Республикасының топонимикалық кеңістігін құраушы тілдік бірліктердің басым көпшілігі, яғни 80-85%-ы ана тіліміздің негізінде жасалғандығы нақтыланды.
16. Топонимиканың ең қызықты да сонымен қатар аса қиын, субстраттық қабаттарын айқындайтын, топонимдерді этимологиялық, типологиялық тұрғыда туыс, туыс емес тілдер материалы аясында зерттеу кең өріс алды. Алайда этимологиялық талдау жүйеден жеке этимонды оқшаулап, тарихи фонология мен морфологиялық синхронды талдаумен ғана шектеледі, яғни кешенді, кең аядағы материал негізінде диахрониялық тұрғыдан қарастыру жоқтың қасы.
17. Ұлттық ономастиконның жасалу, қалыптасу, қызмет етуінде әлемдік ономастикаға тән ортақ универсалийлер орын алады.
18. Қазақ топонимиконына айрықша тән заңдылық – атаулардың жоғары метафоралық касиеті мен апеллятивтердің полисемантикалық әлеуетінің зор болуы айқындалды.
19. Зерттеулерді талдау барысында байқаған тағы бір маңызды заңдылық – қазақ ономастиконы, оның ішінде топонимдік жүйесінде тарихи қалыптасқан номинация принциптері қазақ халқының ру, тайпалық құрылымына негізделгендігі, бұл заңдылық орал-алтай тіл бірлестігіне жататын өзге де көшпелі мәдениет иелеріне тән болғанмен көптеген қазақ жер-су атауларының шығу төркініне этимологиялық барлауға кіріспес бұрын, сақтықпен қарап, ол атауды қазақ этнонимдер тізімімен салыстыру керек, өйтпеген жағдайда топоним этимологиясы Шанышқылы, Қарақойлы, Балталы, Бағаналы, т.б. сындас атаулардың алғашқы апеллятивіне негізделіп, теріс ұғынылатындығы анықталды.
20. Қазақ тіліндегі Ономастикалық, оның ішінде топонимдік кеңістігі лингвокогнитивтік, қонцептілік, психолингвистикалық, аталымдық тұрғыдан жаңа ғылыми парадигмаға сай зерттеле бастады. Қазақ ономастикасының (топонимиясының) когнитивтік негізі салынды деуге болады.
Осы кезеңде ұлттық ономастиканың проблемалық көкжиегі кеңейе түсіп, қазақ ономаст мамандары әлемдік ономастика жетістіктерін ескеріп және жаңа зерттеу әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, іргелі де кешенді теориялық мәселелерді шешуге қол жеткізді.
Қазақ ономастикасы үшін бұл кезеңді (1990-2010 жж.) ұлттық ономастиконның фактологиялық базасы мен ғылыми-теориялық әдістемелік негіздері жақсы жетілген, ғылыми-теориялық аясы күрделеніп, алуандық сипатқа ие болған аса нәтижелі де жемісті кезең деп бағалау орынды болмақ.
Бүгінгі таңда әлемде коммуникация желісінің, жаңа технологиялардың уақыт озған сайын күрделене түсіп, жеделдеп дамуына байланысты, жаһандану үрдісі қоғам өмірінің басты салаларына зор ықпал етуіне байланысты, сондай-ақ әлемдік лингвистикада бой көтерген жаңа ғылыми парадигмаларға сай ұлттық тіліміз бен оның ономастика саласының да даму ретіне жаңа талап, міндеттер қойып отыр. Қазақ тіл білімінде 2000 жылдардың бас кезінен бастап әлемдегі жаңа ғылыми парадигма антропоөзектік бағытқа бет бұруымен белгіленіп отыр.
Бұл бағыт туралы С.Г. Воркачевтың ғылыми негізді пікірін келтірсек:
«Осыған дейін үстемдік құрып келген жүйелі-құрылымдық және статикалық парадигманың орнына антропоцентристік, функционалды, когнитивті және динамикалық парадигма, «адам барлық дүниенің өлшемі» деген мәртебесін қайтарып беруші және адамды дүние кіндігіне, әлем өзегіне қайта қоюшы парадигма келді» [14, 64].
Адамның биологиялық түр (вид) ретінде антропологиялық, нәсілдік, мәдени, интеллектілік, сана, таным, ойлау, қоршаған ортаны түйсіну ерекшеліктерін, тілі, діні, іс-әрекеттерін, бүкіл тыныс-тіршілігін жүйелі, жан- жақты зерттеуді қамтамасыз ететін когнитивтік ғылым қазіргі кезде жетекші орынды иемденді деуге болады.
Қазақ ономастикасында да жалпы қазақ тіл біліміндегідей антропоөзектік бағытқа қазіргі кезеңде басымдылық беріліп отыр. Осыған орай соңғы төрт-бес жыл ішінде төрт докторлық диссертация қорғалды. Оның ішінде Г.Мадиева мен Б.Тілеубердиевтің жұмыстары жалпы Ономастикалық проблемаларға арналса, А.Жартыбаев пен Қ.Рысбергеннің жұмысы Қазақстанның тарихи және қазіргі топонимдік кеңістігіндегі жер-су атауларды жаңа қырынан зерттеуге арналғандығын атау керек.
Г.Мадиева «Ономастическое пространство современного Казахстана: структура, семантика, прецедентность, лемматизация» атты докторлық диссертациясында (2005) Қазақстан Ономастикалық ғылымында қалыптасқан ғылыми-теориялық пайымдауларды жүйелеп, реттестіріп, зерттеу аспектілеріне жан-жақты тоқталған. Сонымен қатар зерттеуші алғашқы
болып қазіргі Ономастикалық жүйенің метадиалектісі мен қонцептуалды- терминологиялық аппаратын, Қазақстанның қазіргі Ономастикалық кеңістігіндегі онимдік бірліктерді леммалау мәселесін алғаш рет зерделеп, жүйелеп, тереңдете қарастыру арқылы бірқатар тың теориялық нәтижелерге қол жеткізді.
Б.Тілеубердиев «Қазақ ономастикасының лингво-концептологиялық негіздері» атты докторлық диссертациясында (2006) қазақ жалқы есімдерінің номинативтік кызметіндегі лингвомәдениеттанымдық аспектілерді, жалқы есімдердің семиотикалық қырларын қарастырып, Ономастикалық концептіні
«кеңістік», «адам», «жан-жануарлар», «өсімдіктер» сынды әмбебап концептілер құрылымында қарастырып, олардың концептуалдану ерекшеліктерін айқындап берді. Сондай-ақ зерттеуші өз жұмысында алғаш рет ғаламның ұлттық Ономастикалық бейнесін мифонимиялық, антропонимиялық, топонимиялық тұрғыдан сипаттап, белгілеп, бедерледі.
2006 жылы ұлттық топонимияның бірқатар этнолингвистикалық, тарихи, теориялық мәселелерін шешуге арналған «Орталық Қазақстан топонимиясының тарихи лингвистикалық, этимологиялық және этномәдени негіздері» атты тақырыптағы А.Жартыбаевтың докторлық диссертациясы қорғалды.
Ал Қ.Қ. Рысбергеннің «Қазақ топонимиясының лингвокогнитивтік және этномәдени негіздері» атты докторлық диссертациясы қазақ тіл білімінде ұлттық жер-су аттар жүйесін жаңаша көзқараста, жаңа әдіс- тәсілдермен когнитивтік, психолингвистикалық тұрғыдан зерделеуге талпынған алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Бұл жұмыста ұлттық топонимдік кеңістіктегі атаулар когнитивтік базаның халықтың топонимдік білімдер жүйесін құраушы, сақтаушы, таратушы элементі ретінде алғаш рет кешенді сипатта қарастырылды; қазақ ономастикасында алғаш рет топонимдік ақпарат түрлерінің жіктемесі жасалды; топонимдік атаулар мәдени кодтың репрезентанты ретінде қарастырылып, онимдік бірліктер соматикалық код, заттық-мәдени код, биоморфтық кодтар негізінде сипатталып, жер-су атаулары ұлттық санада көрініс тапқан ұлттық сәйкесімділіктің алғышарты ретінде алғаш рет проблема ретінде қарастырылды.
Сөйтіп Ономастикалық зерттеулерде, әсіресе топонимия саласында, қазақ ғалымдарының күрделі теориялық проблемаларға тереңдеп батыл баруы арқылы ұлттық ономастиканың когнитивтік бағытын қалыптастырып, іргелі теориялық жаңалықтарға қол жеткізді деуге болады.
Қазақ топонимиясы саласындағы бұл жетістіктерді айта отырып, ұлттық топонимдік кеңістігімізді зерделеу жұмысы әлі өз жалғасын таппақ
дегіміз келеді. Өйткені заманның, ғылымның даму барысына сай шешімін таппаған күрделі мәселелер жеткілікті. Мәселен, мәдени-этнологиялық, топонимдік кеңістігімізде әр кезеңде пайда болған көне жер-су атауларының этимологиясын анықтап, түрлі сөздіктер құрастырып шығару, этнонимдерден жасалған топонимдік модельдерді айқындау, олардың этимологиясын ашу, т.б. сынды мәселелер күн тәртібінде тұр.
Еліміздің жер-су атаулары барынша толық қамтылған қолдарыңыздағы Анықтамалықта заман талабына сай толықтырылып, құрылымы жағынан жетілдіріліп, болашақ жазылар осындай күрделі зерттеу жұмыстарына іргетас, негіз болмақ.