Шарын шатқалы Алматы қаласынан 193 шақырым қашықтықтағы Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарының аумағындағы Шарын өзенінің аңғарын бойлай оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 154 шақырымдық алқапқа созылып жатыр. Шарын шатқалындағы саналуан бедерлі көріністерді жергілікті тұрғындар ерте кездерде «Шайтан қала», кейіннен «Қызғылт қамалдар аңғары» деп атаған. Ондағы әр түрлі мүсін пішінді жеке жартастар «Сфинкс», «Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Тас қапшық», т.б. аталады. Шатқалдағы түрлі пішіндегі «жартасты қамалдардың» өзен арнасынан биіктігі 150-300 метрге жетеді, ал өзен аңғарының ені 20-80 метрдей болып келеді. Шарын өзені Теріскей және Күнгей Алатауларынан басталып, Іле өзеніне құяды, оның ұзындығы 427 шақырым. Шарын шатқалындағы өзен аңғарында геологиялық замандардан сақталған реликті ерен ағашы шағын тоғай болып өседі. Бұл ерен тоғайы Орта Азия мен Қазақстан аумағында ғана сақталған өте құнды бірден-бір табиғат ескерткіші болғандықтан, 1964 жылы 19 наурызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №447-Р арнайы қаулысымен республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші деп жарияланады. Ертедегі геологиялық замандардан бері өсіп келе жатқан ерен ағашының тоғайы қазіргі кезде дүниежүзінің екі аймағында ғана сақталған. Оның бірі Шарын өзенінің аңғарында болса, ал екіншісі Солтүстік Американың Невада штатындағы «Гранд» шатқалында ғана өсетіні белгілі. Ерен ағашының қазақша атауы туралы бір-біріне сәйкес келмейтін пікірлер бар. Қазіргі кезде жарық көрген сөздіктер мен кейбір мақалаларда ерен ағашын көбіне «шаған», кейде «шетен», «шеген», тіпті, «шынар» деп те атайды. Мұның бәрі де шындыққа сәйкес келмейді. «Ерен» бұл өңірде өсетін орысша «ясень» ағашының қазақша ежелгі атауы екендігін қаламы қарымды, әрі табиғат жайлы өте құнды мақалалар мен кітаптар жазып жүрген осы өңірдің тумасы, көрнекті журналист Жанболат Әлиханұлы (Аупбаев) бірнеше рет баспа беттерінде ерен ағашы атауының бұрмаланып, басқаша жазылып жүргендігі туралы, биолог-ғалымдарға ескерту жасағаны да белгілі: «…Онда (Шарын шатқалында) темір сияқты өте қатты, ыстық температураға шыдамды ағаш өседі. Оны биолог-ғалымдар Шарындағы шетен (ясень) тоғайы деп жүр. Біздіңше, бұл — дұрыс емес, қате атау. Себебі, шетен ағаштардың ішіндегі ең жасығы. Оның әлсіздігі сондай, егер қазық жасап жерге қақсаңыз, жартысынан морт кететін ол, соққы тиген сайын бой-бой болып сөгіліп, шытынап кетеді. Бала күнімізде Сарытоғайдан әкелген жоғарыдағы темір ағашты аталарымыз бен әкелеріміз: «Бұл — ерен ағашы Оны өзен көпірінің астындағы тіреуішке қойсаң шірімейді, үйдің төбесін жабарда белағашқа пайдалансаң сынбайды», — деп отыратын. Шарын шатқалындағы ерен тоғайы өскен алқап 5 014 гектар (кейбір деректерде 4 855 га) аумақты қамтиды. Ерен тоғайы Шарын өзенінің аңғарында теңіз деңгейінен 650-750 метр биіктіктегі алқапта өседі. Ерен ағашы өсімдіктердің зәйтүндер тұқымдасына жатады. Оны ғылыми тілде «соғды ерені» (Fraxinus sogdiana) деп атайды. Ол ылғал сүйгіш ағаш болғандықтан, өзен аңғарын бойлай өседі. Ағаштың діңі темір сияқты өте қатты әрі салмақты болғандықтан, суға батып кетеді. Оны балтамен ұзыннан шауып сындыру мүмкін емес, тек көлденеңінен аралап кесуге болады. Діңі тік өсіп, биіктігі 20-25 метрге дейін жетеді. Тамырлары жердің беткі тұзды қабатынан өтіп 4-5 жылда 1,5 метр тереңдікке дейін тарайды. Шарын шатқалындағы ерен ағашы «Сарытоғай» деп аталатын алқапта шоғырланып, тоғай болып өседі. Кайнозой заманының үштік кезеңінен бері өсіп келе жатқан көненің көзіндей жалпақ жапырақты ерен ағашы Балқаш-Алакөл су алабына жататын Іле, Жетісу Алатауларындағы, Кетпентаудағы, Талас Алатауындағы (Дәубаба, Берікқара), Қаратаудағы және Орта Азияның Памир-Алтай, Копетдаг тауларындағы өзен аңғарларында жеке-дара әрі сирек өседі. Ерен ағашының жасыл желекті көрінісі алыстан бірден көзге түседі. Ол тұқымы арқылы көбейеді, әрі өте баяу өседі де, ұзындығы 2 метр биіктікке жеткеннен кейін өсуі жылдамдап, 30 жылда 5 метрге, 70 жылда 18 метрге, ал 300 жылда биіктігі 20-25 метрге жетеді. Ең ірі ерен ағашының діңіне 7 адамның құшағы әрең жетеді. Шарын шатқалындағы ерен ағашының азаюына, негізінен, өзендегі су деңгейінің төмендеуі, мал жаю, өрт шалу және бейберекет қырқу жағдайлары әсер ететіні белгілі. Шарын шатқалының тарихи ландшафтылық, геоморфологиялық, эстетикалық, экологиялық құндылықтары мен ондағы биологиялық алуан түрлілікті сақтап қалу, қорғау және қалпына келтіру мақсатында бұл алқапта 2004 жылы 24 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №213 арнайы қаулысымен Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы ұйымдастырылды. Оның жер көлемі алғашында 93 150 гектар алқапты қамтыса, ал 2010 жылы жер көлемі кеңейтіліп, 127 050 гектар алқапқа жетті. Шарын ұлттық табиғи саябағының аумағында өсімдіктердің 940 түрі өсетіні анықталған және оның 23 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына (1981) тіркелген. Шарын ұлттық табиғи саябағының аумағында өсімдіктердің далалы, шөлді, бұталы, орманды, тоғайлы, шалғынды және батпақты топтарына жататын 70-тей табиғи бірлестіктері өседі. Мұнда эндемик және сирек кездесетін өсімдіктердің 60 түрі кездеседі. Көне замандардан өсіп келе жатқан түрлерге — тораңғы ағашын, Іле сасырын, зинаида шөлмасағын және михельсон кермегін атауға болады. Эндемик түрлерден — недзвецкий кекіресі, сөгеті сасыры, жартас дала зығыры өте сирек кездесетіндіктен, Қазақстанның Қызыл кітабына (1981) тіркелген. Шарын ұлттық табиғи саябағының аумағы жануарлар дүниесіне де бай алқап саналады. Мұндағы омыртқасыздардың түр құрамы толық анықталмаған. Омыртқалы жануарлардан ұлттық табиғи саябағының аумағында балықтың — 10 түрі, қосмекенділердің — 4 түрі, жорғалаушылардың — 18 түрі, құстардың — 111 түрі және сүтқоректілердің — 32 түрі кездеседі. Балықтардан — Іле шармайы Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) тіркелген. Қосмекенділерден — қызылаяқ бақа мен певцов (Даната) құрбақасы өте сирек кездесетіндіктен, Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) тіркелген. Жорғалаушылардан — ұлттық табиғи саябақ аумағында кесірткенің — 10, жыланның — 8 түрі таралған. Олардан шұбар бат-бат кесіртке Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) тіркелген. Құстардың табиғи саябақ аумағында сирек кездесетін түрлеріне — қарақұс, жыланжегіш, сақалтай, қара дегелек, бидайық, үкі, ителгі, жұртшы, бүркіт, дуадақ, т.б. атауға болады. Сүтқоректі жануарлардан — Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) — қарақұйрық, ақтөс сусар, шұбар күзен, сабаншы, кәмшат тіркелген.Шарын ұлттық табиғи саябағы аумағынан геологиялық замандарда кеңінен таралған, кейіннен жойылып кеткен өсімдіктер мен жануарлардың (піл, мастодонт, мүйізтұмсық, стенон жылқысы, т.б.) қазба қалдықтарының танымдық маңызының зор екендігіне дәлел бола алады. Іле өзенінің ең ірі тармағы саналатын Шарын өзені Алматы облысының шығысында жатыр. Шарын өзенінің негізгі қайнар көзі болып есептелетін Шалкөдесу өзені өз бастауын Кетпен жотасының оңтүстік баурайынан алады. Өзен өзінің орта ағысында Кеген болып аталып, Жалаңаш алқабынан кейін Шарын аталады. Шарын өзеніне Теріскей және Күнгей Алатау жоталарының солтүстік баурайынан бастау алатын көптеген өзен сулары қосылып, суы мол өзенге айналады да, Жалаңаш ойпаты мен Торайғыр тауын шығысынан қақ жара өтіп орасан зор шатқал жасайды. Трапеция пішінді шатқалдың ені 3 шақырымға, тереңдігі 200-ден 300 метрге дейін жетеді. Шарын арнасы шоңғалды, ағысы қарқынды. Қат-қатталып нығыздалып тасқа айналған қызғылт құмдақ шексіз жел эрозиясының нәтижесінде жалаңаштанып, ерекше бір көрініске ие болған. Әсіресе, батып бара жатқан күн сәулесімен шомылған тік құлама жарлар әсем көрініс сыйлайды. Ұзынбұлақ алқабы («Қазақ үйлер алқабы», «Сары шатқал») Қату тауының оңтүстігінде орналасқан. Бұл алқаптың танымалдығы аздау және соған орай, келушілер де көп емес. Дегенмен, Ұзынбұлақ алқабы да табиғаттың жауһары, аса әсем табиғат туындысы. Желдің мүжуі мен жауын-қар суларының шаюы сап-сары шөгінді тау жыныстарынан таңғажайып архитектуралық пішіндерді — қатар тізілген киіз үйді еске түсіретін бейнелер жасаған. Көптеген тілімделген жыра, аңғарлар мен сайлар қалың әрі ретсіз шағын шатқалдар тізбегін құрайды. Шатқалдан алғашқы қауым адамдарының тұрақтары мен құрал-саймандары, жалаңаштанған жыныстардан Юрск кезеңіне жататын тасқа айналған жануарлар мен өсімдіктер табылған. Тағы бір шағын шатқал «Қорғандар алқабы» мен Темірлік өзенінің оң жағындағы саласы арасында орналасқан. Ол «Қорғандар алқабының» кішкентай көшірмесі сияқты. Негізгі айырмашылығы сан алуан мұнаралары мен бағана тіреуіштері және Пасха аралы мүсінін еске түсіретін мұнараларымен ерекшеленеді. Шарын шатқалындағы тағы бір нысан — Шарын өзенінің оң саласы болып табылатын Темірлік өзені. Бұл өзен Шарынның ең ірі әрі соңғы саласы болып саналады. Шарын өзені сияқты Темірлік те ұзындығы шамалас болып келетін өз алдына дербес үш шатқалға бөлінеді. Шатқалдың ортаңғы бөлігі кең болып келген, оның ені шамамен 1,5 шақырымды, тереңдігі 160 метрді құрайды. Ұзындығы 11 шақырымға созылып жатыр. Таңқаларлығы сол, шатқалдың осы бөлігі басқа жерлерінен ғажайыптығымен ерекшеленеді. Жағаны бойлай өскен көптеген ағаштар мен бұталардың қара көлеңкесімен өзен суы бірқалыпты жап-жасыл әсем жағалауды бойлай ағады. Жартылай қуаң дала ыстығындағы нағыз оазис. Онан ары қарай өзен суы ағаш пен бұталар көлеңкесінен атыла шығып, жабайы жылқылар үйірі жайылып жатқан құзды шатқал арқылы қайтадан кең шатқалды кеңістікке шығады. Осыдан кейін шатқалдың ең қызықты бөлігі басталады. Миллиондаған жылдар бойы шөгінді тау жыныстарының тас-талқанын шығара қарқындай аққан өзен суы терең әрі тар арна жасаған. Жасалынған рельеф пішіні «Қорғандар алқабын» еске түсіреді. Шарын өзенінің басқа нысандарына қарағанда шатқалдың дәл осы бөлігінің зор артықшылығы сан алуан өсімдіктер әлемінен қалың жап-жасыл орман тоғайының өсіп, шатқал түбінде жайлы микроклимат жасап тұруында. Шарын шатқалындағы геологиялық факторлар қатарының арқасында бүгінгі күндері жойылып кеткен көне флора мен фаунаның қалдықтары анықталды. Шарын шатқалының тік, құлама жарларынан тасқа айналған сүйектердің мол шоғыры (мастодонт — көне заманда өмір сүрген піл тектес хайуан, шілдер, мүйізтұмсықтар, стенон жылқылары, қорқау қасқыр, т.б) табылды. Шарын өзені жағалауларынан өткен ғасырларда түрлі тайпа мен халықтардың тұрағы болғанын айғақтайтын жүздеген қорғандар табылды. Ұлы Жібек жолының бір бұтағы Шарын шатқалын бойлай өткендігіне де дәлел бар. Өткен ғасырларда жыл сайын Шарын өзенінің бастауындағы Кеген алқабында, күзгі Қарқара жәрмеңкесі өткізіліп бүкіл әлемнен сан алуан тауарлар жеткізіліп отырған. Шарын өзенінің барлық нысандары Мемлекеттік ұлттық табиғи Шарын паркі территорясында орналасқан. Парк 2004 жылы Шарын өзені алқабында Алматы облысының Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандары шекарасында флора мен фаунаның санын қалпына келтіру мақсатында ұйымдастырылған. Парктің жалпы аумағы 93150 гектар, Іле тауаралық қазаншұңқырында, Алматы қаласынан 193 шақырым жерде орналасқан. Ол шатқалды алқапты және желпуіш тәрізді өзен атырауын, Сөгеті алқабына жақын орналасқан шөл даланы, Үлкен Бөгеті тау жотасының төменгі етегін, сонымен қатар алқаптың жоғарғы жағы мен Торайғыр жотасының бөктерін қамтиды. Мұнда туристік маршруттар (автомобильмен, су және жаяу жүруге арналған) жасалған. «Қорғандар алқабына» жексенбі күндері көптеген табиғаттану экскурсиялары жүргізіледі. Жаяу саяхаттауды ұнататындар жоғарғы көпірден «Қорғандар алқабына», онан ары өзенді бойлай шатқал ішіне тереңдей енеді. Су туристері әрбір жаз сайын Солтүстік Тянь-Шаньның ең ірі өзеніне барады. Кең аңғарлы Ақтоғайдан Сарытоғай шатқалына дейінгі терең әрі айналмалы жер Шарын шатқалының негізгі бөлігін құрайды. Шарын шатқалындағы сумен ағып өтудің күрделілек санаты ең жоғары сатыда, сондықтан тек машықтанған кәсібилер ғана тасқынды суды ырқына көндіре алары сөзсіз. Табиғат сыйы — ғажайып ескерткіштерді теледидар мен суреттерден көру бір басқа, ал оны турист ретінде арнайы келіп көру мүлде бөлек. Шарын шатқалына атбасын бұрып, ондағы биік қорған-қамалдарды, өзге де дүниелерді тамашалауға әбден болады. Алматы қаласынан онша қашық емес, 200 шақырымдай жерде. Халықаралық Алматы — Қалжат автокөлік жолы бірер сағатта жеткізеді. 2014 жылы «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» құрылғанына 10 жыл толып, көргенді көзайым қызыққа бөлеген осынау жер жауһарын ел игілігіне айналдырып отырған ұжым бұл мерейтойын дүбірлі дүрмекпен атап өткен болатын. Он жыл ауқымында тек өз елімізде ғана емес, әлемнің сан түкпіріндегі табиғат жанашырлары мен қызықтаушы саяхатшыларды еліктірген Шарын шатқалының даңқы осы тойдан кейін арта түсті. Шарын шатқалы республикамызға, жақын, шалғай шетелдерге жақсы таныс. Мұны оған жыл сайын келетін мыңдаған саяхатшының географиясынан да айқын аңғаруға балады. Сондағы саяхатшыларды тартатын басты нәрсе — ерекше шырайлы Шарын шатқалы мен ондағы ерте дүние тәбәрігі ерен ағашы. Парк аумағында жалпы қашықтығы 49 шақырымды құрайтын 3 туристік бағыт жасалған. Оның бірінші бағыты қорыққа келген саяхатшыларды 5 миллион жылдан бері табиғи қалпын өзгертпей, тіршілігін жалғастырып келе жатқан соғды ерен тоғайын таныстырады. Табиғаттың осынау ерекше жаратылысын қорықшылар табиғи қалпында қорғап, сақтаумен қатар қолдан өсіруді де қолға алып отыр. Бұл бағытта саяхатшылар үшін 12 орынды бір қонақүй, екі коттедж бар. Бұған қосымша 2014 жылы 100 орынды жазғы демалыс орыны жасалып, айналасы, жолдары абаттандырылды. Екінші бағытта жаяу және автокөлікті саяхатшылар ғұн, сақ, үйсін дәуірлерінен қалған қорымдар мен қорғандарды қызықтайды. Үшінші бағыт жалпылап «Қамалдар мекені» деп аталып, туристерді Шарын шатқалындағы жер бедерінің геоморфологиялық нысандарына жетелейді. Қауіпсіздік шараларына байланысты шатқалдың ішіне көлікпен кіруге тыйым салынған. Саяхатшылар бұл бағытқа арнайы көліктермен жеткізіліп, шатқалдың ерекше көріністерін жаяу жүріп таныстырады. 2015 жылдың тоғыз айында ғана «Шарын» МҰТ паркіне 5045 саяхатшы келіпті. Оның екі мыңнан астамы 45 мемлекеттен келген шетелдік туристер. Қорық қызметкерлері жергілікті атқарушы билікпен, мекеме, кәсіпорындар және мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Табиғат жанашырларының қатарын көбейту мен оны қоғамдық қорғаудың пәрменін арттыру мақсатында жыл сайын көрші аудандардың мектеп оқушылары мен жергілікті жастар арасында көркем сурет салудан, әдеби-танымдық шығармалар жазудан және қолөнер туындыларын жасаудан жарыс жариялап, оның қорытындысын өздерінің төл мерекесі санатты халықаралық «Парктер шеруі» күнгі салтанатты жиында жариялап, талантты жастарды ынталандыруды дәстүрге айналдырған. Сол дәстүрлі табиғат қорғау акциясы облыс көлеміндегі 16 мектептің оқушылары, 2 колледж, 2 жоғары оқу орнының студенттері және 18 ауылдың жастары қатысуымен айшықталды. Қорыта айтсақ, өскелең ұрпақты, отандық және шетелдік саяхатшыларды туған жер табиғатында қызықтырып, таңырқатар, тамсандырар таңғажайыптар Жетісу жерінде аз емес. Сайлау Абылаев