Кеңес дәуіріндегі коммунистік идеология негізінде жасалған ойконимдер. ХХ ғасырда бүкіл әлемдегі саяси күштер мен елдердің саяси- экономикалық, саяси идеологиялық дамуындағы басымдылықтар түбегейлі өзгеріске ұшырап, адамзат өркениетінің кұндылықтар жүйесі басқаша
мазмұнға ие болды. Осы екі кереғар лолярлық идеологиялық дүниетанымға сүйенген дүниежүзіндегі елдер мен мемлекеттер қарама-қарсы лагерьге қақ жарылды. Бұл өзгерістің жаршысы рөлін Қазан төңкерісі атқарды. Отаршылдықтың қармағынан әзер босаған қазақ халқы қатігездігі мен озбырлығы асып түсетін большевиктердің тырнағына мықтап ілінді. Ұлттық болмысты рухсыздандыру процесі Ұлы Қазан революциясынан кейін масштабты түрде іске асырыла бастады. Қоғамда болып жатқан барлық кереғар құбылыстар, идеологиялық дағдарыстар міндетті түрде алдымен ұлттың тілінде, оның ішінде ономастикасында көрініс тауып отырды. Осыған байланысты проф. Т.Жанұзақ: «Ономастика (онимдер) белгілі бір тілдегі лексиканың ажырамас бөлігі ретінде қоғам өмірімен тығыз байланысты болады да, тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-экономикалық әрі мәдени-әлеуметік факторлармен тығыз ұштасып жатады», деп пайымдайды [11]. Шынында да, қоғамдағы өзгерістерге тілдік кұрылымдағы ең бір «сергек», кез келген өзгерістерді «елең етіп, жаңалықты қағып алатын» сала сөз мәдениетімен қатар ұлттың Ономастикалық жүйесі, оның ішінде, топонимдік жүйе.
Жаңа орнаған Кеңес үкіметінің географиялық жер атауларына лениндік ұлт саясаты жүргізілгендігі туралы ғалым М. Мырзахметов былай дейді:
«Халықтың тілегіне сай, бұрынғы патша сарайындағы императорлар мен ұлы кінәздардың, монархияшыл мемлекет қайраткерлерінің атына қойылған қала, елді мекен, жер-су атауларын түгелдей өзгерту жұмысы алдымен қолға алынды. Бұл беталыс тек ірі топонимикалық атауларды ғана камтымай, тіпті микротопонимдер мен қалалардағы көше атауларына дейін қалдырмай жаппай жаңарту саясатына алып келді. Себебі жаңа қоғам алдына қойған мақсаты жаңа дүниетаным, жаңа идеология тұрғысынан ескі дүниетаным негізінде қойылған атауларды өзгертуі заңды құбылыс еді. Мысалы, Қазақстандағы патша ағзамдарының құрметіне қойылған ірі қала аттары (Павлодар, Петропавловск) езгеріссіз қала берді. Тіпті, 1923 жылдың өзінде Петропавловск қаласына бұрынғы Кызылжар атауын беру туралы облыстық сессияда арнайы түрде күн тәртібіне қойылып қаралғанымен, қарсылық күшті болып, өзгеріссіз қала берді» [6,76]. Қазақ ономаст ғалымдарының жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, кеңестік кезеңнің атаулар репертуары сол кезеңдегі басым идеология жетегінде болатындығын көреміз.
Зерттеуші Н.Уәли қазақ тілінің дамуының советтік кезеңінің пафостық бастапқы сипатын 1920-30 жылдарға жатқызады да, ойын әрі қарай былай жалғастырады: «Жұртшылықка белгілі Ұлы Төңкеріс кезінде ұзақ жылдар бойы жинақталған сандық өзгеріс сапалық күйге өтті. Әлеуметтік организмде жаңару мен жаңғырту басталды. Соған сәйкес қоғамдық идеал түбегейлі әрі тез өзгерді. Ескіні қирату, жаңаны жасау, түрі ұлттық, мазмұны социалистік
мәдениет жасау, саяси бостандық, әлеуметтік теңдік, пролетариат билігі төңкеріс кезеңінің ұраны болды» [12,1011].
«Ұлы» төңкерістің қазақ даласына әкелген қасіретті «ұлттық апатынан», қазақ тілінің отаршылдық, тоталитарлық саясатынан ең көп зардап шегіп, құрбандыққа алдымен шалынған саласы да осы ономастика, оның ішінде топонимика болды.
Жүздеген, мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп, өз қызметін қазақ қауымының мүддесіне орай атқарып келген төл жүйе түбегейлі өзгерді. Бұрынғы уез, жайлау, этникалық мекен, ауылдык жүйе жаппай колхоздастыру, ұжымдастыру нәтижесінде мүлдем басқаша әкімшілік- аумақтық сипатқа ие бола бастады. Сол кездегі Қазақстанның барлық аймақтарында бұрынғы ұлттық үрдістегі сан мыңдаған микротопонимдер жұтылып, орнына жүздеген, мыңдаған ірілі-ұсақты колхоз, артельдер аты дүниеге келді. Олардың бұрынғы табиғи аталым нәтижесінде туындаған, жер бедерін, табиғи ерекшелікті білдіретін ұлттық мазмұндағы атаулардың орнына өте-мөте пролетарлық-большевиктік рухта жасалған атаулармен ауыстырылып, ұлттық аталым дәстүрінің тамырына балта шабылды. Мысалы, сол тарихи кезең реалийлеріне, замана талабына сай, ойконимия саласында жүргізілген лениндік саясаттың нәтижесінде Батрак, Большевик, Кедей, Жаңа шаруа, Қызыл Орақ, Бейнеткеш, Бейнетқор, Түзеу, Полезный труд, Шаруатеңеу, Жұмыскер, Жалшы, Құрама, Ұйымшыл т.б. сынды кедей- шаруаларды біріктіретін колхоз, артельдердің семантикалық тұрғыдан жұтаң да қарапайым бейұлттық мазмұндағы атаулары Қазақстан аумағында және өзге бұрынғы одақтық республикаларында да жүздеп, мыңдап жаңадан пайда болды.
Советтік кезеңдегі тілдік жүйедегі пафостық сипат, мәселен 1930-50 жылдары төмендегідей болды: «…Мәдени революция жеңістерін баянды ету, социализм жауларын әшкерелеу, ұлы көсемге табыну болды.[…] Тіл саясаты мақсаттың құралына айналды: араб жазуын латынға, одан кейін кирилшеге көшіру, терминдерді орыс орфографиясының нормасы бойынша жазу, т.б. болса, 1950-1960 жж. жеке басқа табыну, әміршілдік жүйені нығайту, мазмұны социалистік мәдениеттің ұлттық бет-бейнесін жоюға бағытталды…» [12, 11]. Аталмыш кезеңдердегі пафостық белгілер ұлттық топонимия жүйесінде мейлінше «толық» көрініс тапты. Бұл тарихи кезең жер-су атаулары, әсіресе, ойконимдік жүйе репертуарының қомақты бөлшегін әлемдік пролетариат көсемдері мен большевиктік партия қайраткерлерінің, Қызыл әскер қолбасшылары есімдері: К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И. Ленин, И.В. Сталин, Калинин, Киров, Молотов, Ногин, Орджоникидзе, Буденный, Чапаев, Дзержинский және т.б. көптеген меморативтік сипаттағы атаулар
құрады. Жер-су атаулары Орталықтың (Мәскеудің) бұйрық, әміріне сай реттестіріліп, қаулы, қарарлармен өзгертіліп отырды. Тоталитарлық саясат идеологиясының пафостық атауларына социализм мен коммунизмнің
«жарқын» болашағын көксеген, аянбай тер төгіп еңбек етуге үндейтін ұран тектес сан жағынан орасан көп орыс, қазақ тілдеріндегі ойконимдік қабатты жатқызуға болады. Мысалы: Коммунизм таңы, Заря Коммунизма, Бірлік, Алғабас, Кызылту, Коминтерн, Заря Востока, Жаңа өмір, Новый мир, Талапты, Соцқоғам, Бостандық, Азаттық, Заветы Ильича, Путь Ильича сынды атаулар және коммунистік партия мен комсомолдың кезекті съезіне арналған (КПСС XXII съезі, 23,24,25 съезі немесе ВЛКСМ съездері т.б. атындағы) елді мекен атаулары Қазақстанның барлық өлкесінде жүздеп, ал Одақ көлемінде мыңдап тираждалғандығы белгілі.
Түптеп келгенде, қазақ атауларының негізіндегі табиғи номинацияны коммунистік идеология мен жасанды номинация құрбаны ету нәтижесінде ұлттық топонимдік кеңістіктегі атаулардың үштен бірі идеологиялық сипаттағы, тоталитарлық мазмұндағы атаулармен алмастырылды.
Сол кездегі Қазақстан жеріндегі барша географиялық атауларды жинақтап, жүйелеп, карта, анықтағыш түрінде жазып, таңбалаған мамандардың басым көпшілігі орыс тілді топограф, картограф, геодезистер болғанын ескерсек, төл атауларымыз орыс графикасына сай төл жазудан өте- мөте алшақ, жобамен, қатты бұрмаланып жазылғанын да атап өткен орынды. Соның табынан ұлттық ономастикамыз әлі күнге дейін арыла алмай келеді.
1954 жылы КПСС Орталық Комитеті бұйрығымен Қазақстан жерінде тың игеру науқаны басталды. Бұл кезең ұлттық топонимиямызды славян тектес атаулармен, сан жағынан жат тілдік топонимдік материалмен орасан зор «байытты» десек болады. Бұрыннан келе жатқан байырғы атаулар орыс тілді атаулармен алмастырылды. Сондай-ақ бұрыннан атауы жоқ не ұмыт болған, жаңа игерілген жерлерге тың игерушілер поселкелері бой көтеріп, олар жүздеген орыс тілді ойконимдік атауларға ие болды. Мұның сыртында Ресей мен Украинаның түрлі облыстық аймақтарынан жер аударылып көшіп келген тың игерушілер өздерінің «тарихи» отанының атауларын қоса әкеліп, келтірінді атаулар арқылы ұлттық ойконимдік жүйедегі славян, орыс тектес атаулардың сандық үлесін күрт өсіріп жіберді. Мысалы, Киевка, Донской, Саратовка, Полтавка т.б. Бұл үрдістен де топонимиямыз әлі күнге толық арыла алмай келеді.
Революцияга дейінгі, кейінгі және тәуелсіздік алғанға дейінгі картографиялық өнімдер мен түрлі әкімшілік-территориялық, топонимдік анықтағыштардағы орын алған бұрмалаулар нәтижесінде Қазақстан картасында дүбәраланған атаулар мыңдап кездеседі. Яғни ту баста қазақ
тіліндегі атауларды орыс тіліне қате транскрипцияланған және кейін оны кейбір «мамандар» қазақыландыру мақсатымен кері ретранскрипциялау нәтижесінде не қазақша емес, не орысша емес «дүбәра», «жаңа қазақша» атаулар пайда болады. Мысалы, Дербісәлі атауы бір кезде Дерипсал болып транскрипцияланса, ал кері ретранскрипциялаудьщ нәтижесінде Деріпсал атауы пайда болады, сондай-ақ Сулыкесік, Сулукесик — Сұлукесік, Үйреккөл, Юраккуль — Жүреккөл, т.б. Осы сипаттағы жүздеген атауларды Қазақстан картасынан күні бүгін де кездестіруге болады.
Бұл жөніңде академик Ә. Қайдар мен профессор Т.Жанұзақов күйіне отырып былай сөз етеді: «Қазақстан картасындағы «жаңа типтегі» кейбір географиялық атаулардың халықтың намысына тиетін, зығырданын қайнататын тағы бір себебі бар. Ол қазақтың байырғы атауларын орысшаға толық не жартылай аударып немесе орыс тілі «мәнеріне» салып өзгертіп қолдануға байланысты. Бұл да ономастика мәдениетіміздегі дауасы табылмай келе жатқан қасірет. Қай заманда, кай елде өз жерінің атауларын өзге тілге аударып қолданғанын көрдіңіздер?» [5,153].
Сөйтіп, қоғамдық өмірдің барлық деңгейінде (мәдениет, өнер, тіл, ғылым, экономика, т.б.) үстемдік құрған коммунистердің әміршілдік саясаты халықтың этникалық, ұлттық бірегейлігінің басты белгісі мен алғышарттары болып табылатын жер-су атаулар жүйесінде айқын көрініс тапты. Ғасырлар бойы қалыптасқан, ата-бабаларымыз ат қойып төл тілімізде таңбаланған атаулар аяусыз өзгеріске ұшырады, басым көпшілігі мүлдем жойылса, қалған атауларымыз орасан зор бұрмаланды.
Осындай өзгерістер халықтың рухани мұрасы, тарихи жады жинақталған ұлттық сипаттағы мыңдаған топонимдердің жойылуына әкеліп соқты.