Ел тарихы — ұлттық құндылық

 
Қазақстан халықтарының бірлігінің нәтижесі, жемісі болып табылғандығы ғаламға мәшһүр. Демек, келешегі кемел, болашағы жарқын мемлекетіміздің қарашаңырағы – ел бірлігінің символы.

Ұлы даланың ұлы биі, сегіз қырлы семсер сөздің атасы Әйтеке бидің: «Біз қазақ деген – бір ұяның балапаны едік, сұңқар болып жетіліп, самғап ұшайық! Біз қазақ деген – бір тоғайдың ағашы едік, ормадай жайқалып, жасылданайық! Біз қазақ деген – бір биенің құлыны едік, тұлпар болып жетіліп, бәйгеден озайық! Біз қазақ деген – бір дархан едік, атамекенді түгел қамтиық!» деуінде бірліктің құдіреті терең сипатталған. Біртұтас саяси-әлеуметтік мемлекетіміз, Ата заңымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар. Қорғаныс қабілетіміз бар. Күллісі – ел бірлігінің, ұлттық егемендіктің арқасы.

Мемлекет болудың негізгі төрт-бес шарты бар. Олар: 1) территория, 2) тәуелсіздік, 3) тіл, ұлттық сана, 4) әскери қабілет, 5) халық. Осындай ұлы игіліктерді сақтау, болашақ ұрпаққа аманаттап жеткізу – Отан қорғаушылардың асыл да ардақты парызы. «Атаным сай, атым сай, Көшсем нуға жетемін, кеппенім сай, шотым сай, Қазсам суға жетемін» деп халық даналығында айтылғандай, жігерлі, қайратты, отты Отан қорғаушыларымыз – тыныштықтың, татулықтың, біоліктің кепілі. Олар асылдарымызды көздің қарашығындай сақтайтын, қызғыштай қорғайтын сайыпқырандарымыз, оғландарымыз.

Ел тарихы – елдік тарихы. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында қазақ халқының батыр ұл-қыздары тамаша ерлік көрсеткені әлемге әйгілі. Бес жүздей қазақстандықтар Кеңес Одағының батыры атанды. От пен оқтың ішінде Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров,  Талғат Бегелдинов (Екі мәрте Кеңес Одағының батыры), Сағдат Нұрмағамбетовтар қаһармандық іс-қимылдарымен халық тарихында мәңгі өшпес із қалдырды.

Мына бір тарихи деректі сөйлетейік. 1944 жылы Мәскеуде орыстың атақты жазушысы Алексей Толстой АҚШ-тың КСРО-дағы елшісі Уильям Аврелл Гарримонды қонақ етеді. Сонда А. Толстой қазақ жазушысы Сәбит Мұқановты елшіге таныстырғанда: «Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов қазақтың ару қыздары, Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова туған Қазақстаннан және Сәбит Мұқанов осы дастарханға басшылық етеді» депті.  Сонда АҚШ елшісі Уильям Аверелл Гарриман аты аңызға айналған Әлия мен Мәншүкке тәнті болыпты.

Екінші дерек. Тумысынан  от жүректі, ұшқыр ойлы, ақ жібектей таза, толық мінезге бай, заты пәк пейіштің шынарындай өрен тұлға Әлия Молдағұлова Ленинград қаласындағы № 140 мектепте оқыған еді. Осы мектепке күн сайын оқу басталар алдында кезекті оқушы: «Алия Молдагулова отсутствует. В январе 1944 года она погибла сметью храбрых в боях за Родину» – деп жүйелі түрде хабарлап отырады екен.

Қазақтың ержүрек Әлиясына деген телегей сезім, ізетті ілтипат десеңізші.

Үшінші дерек. Соғыс жылдарында Қазақстан ОК-нің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қазақ малшыларының қыз балаларын оқытатын ЖОО-ны керектігін КСРО-ның бас хатшысы И.В. Сталинге өтініш айтқанда қаһарлы басшы қазақ сахарасында туған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың есімдерін құрметпен атап, Қазақтың қыздар  мемлекеттік-педагогика институтын ашуға рұқсат берген.

Дәуір дауылпаздары Әлия мен Мәншүктің  қасиетті рухы осындай.

Күлтегін жазуында «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» делінген. Және қазақтың қария сөзінде «Еділ  – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары, Түркістан – үйдің төрі» деген ұлағатты сөз бар. Ендеше, ұлы даламызда ата дәстүріміз, ата тіліміз, ата кәсібіміз өркендеп, ел бірлігі мен бейбітшіліктің мүбарак мекені болғай.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *