Ана тілім — айбыным

Ана тілім – айбыным

         «…Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

(ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Мемлекеттік тіл – ұлтты біріктіруші фактор

Қазақ халқы қанша қиындықты бастан кешірсе де, биік парасат пен ұстамдылық көрсетіп, ішкі алауыздық пен ұлтаралық тартыс туғызатын тауқыметтерге жол берген жоқ. Небір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, әлеуметтік, экономикалық, саяси жаңару жолына түскен біздің Отанымыз – Қазақстан, Қазақ елі бүкіл әлемдік қауымдастықтағы өз орны, өз беделі бар абыройлы мемлекетке айналды.

Оның айғағы – еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, сондай-ақ түбі бір түркі әлемі елдерінен де ойып орын алуы, дүние жүзі елдерімен терезесі тең тіл қатысы алуы. Осының барлығы этносаралық  және конфессияаралық келісім арқылы қоғамдағы тұрақтылыққа бағытталған ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі.

Қазіргі кезде кез келген елде тұлғалық ұлттың тіліне, мәдениетіне, парасаттылығына сүйенбей, халыққа жайлы азаматтық қоғамды қалыптастырмай, гүлденген ұлттық мемлекеттің ірге тасын қалау мүмкін емес.

Дүниежүзінде егемен мемлекет болған елдердің барлығында басқа этнос өкілдері мемлекет құрушы байырғы ұлт төңірегіне топтасып, біртұтас халық болып, бір тілде сөйлеп, болашаққа сенімді түрде аяқ басып келеді.

Қазақстан жерін мекен еткен барлық этнос өкілдері татулығының, бірлігінің сыры – қазақ халқының кең пейілді, қонақжай, табиғи болмысында, бітімгершілік жаратылысында. Сол себепті елімізде тұратын барша этнос өкілдері қазақ ұлтының дамуына мүдделі болуы керек. Оның басты белгісі ретінде қазақтың тілін үйренуі қажет. Өйткені, қай кезде болмасын, ана тілі мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілде сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары түптеп келгенде мемлекет  тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді.

Еліміздегі бірлік пен этносаралық келісімнің негізгі факторларының бірі – мемлекеттік тіл болып табылады. Мемлекеттік тілді меңгеру – ынтымақ пен келісімнің кепілі, ал ұлтаралық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайту  Елбасы жүргізіп отырған саясаттың маңызды іргетасы болып табылады. Себебі, біздің көпэтносты мемлекетіміздегі бірлік пен келісімді сақтап, нығайта түскенде ғана экономикасы мығым, әрі қарқынды дамушы Қазақстанды одан әрі дәйекті дамытуға болады.

Иә, тіл қашан да мемлекеттің –  ең асыл қасиеті, табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл де жанды нәрсе сияқты, қалыптасады, дамиды, өркендейді, өседі немесе құлдырайды, кемиді, өшеді, жойылады. Тіл – ұлттың тірегі. Ол – жан дүниеңді ашып көрсететін мөлдір айнаң. Осы айна бетіндегі тоталитарлық жүйе түсірген дақты кетіріп, дидарымызды анық көруге ұмтылғалы да 20 жылдан асты.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының  бірі.  Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір қазақстандықтың тілдік мәртебесін арттыруға барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар туғызуды жүктейді.

«Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қоғамдағы тіл проблемаларын шешу  жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар қабылдауға мемлекеттік қолдаудың қажеттілігімен айқындалады. Ал тіл проблемасын оңтайлы шешу —  ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың факторы болып табылады.

Бұл орайда ең басты бағыт — тіл саласында нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын қажетті ғылыми — әдістемелік, материалдық – техникалық және кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету, тілдердің, ең алдымен мемлекеттік тілдің еліміздің  қоғамдық өмірінде қызмет ету аясын кеңейту, мемлекеттік тілді дамыту, оның қоғам өмірінің барлық салаларында , әсіресе ғылым, білім, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу, халықаралық қатынастар салаларында белсенді қызмет етуіне қажетті алғышарттар қалыптастыру, ресми іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшірудің нақты негізін жасау.  Екінші бір маңызды бағыт – ел азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті қаржылық, ұйымдастырушылық, материалдық – техникалық жағдайлар жасау, мемлекеттік тілді оқыту мен үйрету әдістемелерінің сапасын жақсарту. Тілдің мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі күллі білім беру жүйесінде оқытылуындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, тілдерді оқытудың төлтума бағдарламалары мен жаңа технологияларын әзірлеу.  

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күн талабы екендігі баршамызға белгілі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық даналығы. Ендігі мақсат – тәуелсіз мемлекетіміздің қоғам өмірінің барлық саласында қазақ тілін кеңінен қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» — деп қадап айтқан пікірі баршамыздың берік ұстанатын қағидамыз болуға тиіс.

Қазақстан Республикасының ХХІ ғасырдағы болашағы, шығар биіктері саяси-экономикалық факторлармен қатар, оның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің де дамуына тікелей байланысты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі Ата Заңымызда анық айқындалған.

«Адамның жаны бар сияқты ұлттың да жаны бар, оның тілі мен жаны табиғи тығыз байланысты. Тілінен айырылған халық міндетті түрде ұлттық қасиетінен айырылады» – деп Қадыр ағаның да сөзі менің пікірімді қуаттай түседі деп есептеймін.

Тіл – халықтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырып, біріктіретін фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу-өмір талабы, заман сұранысы,қоғам қажеттілігі деген жөн. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жеткізіліп келеді.

Қазіргі жаһандану заманында бізге мықты идеология керек екендігі хақ. Жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда кез келген адамның ішкі сүзгісі мықты болуы тиіс. Басқа елдің дәстүріне еліктемей өз ана тіліміз бен ата дәстүрімізді ардақтағанымыз абзал.

Қазақ елі аман болса, қазақ тілі де жасай бермек. Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің материалдық  ғана емес, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта-ықыласы тереңдей түсуде. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта біз осы рухани  құндылықтарымыздың қайнар бұлағы – қазақ тілінің қадір-қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет.

 «Мемлекеттік тіл – Бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді  дәл осындай рәміз. Сондықтан біз барша қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жүгерімізді жұмсауға тиіспіз» — деген  Елбасының тапсырмасын орындау — әрбір қазақстандықтың парызы болуы тиіс.

«Ана тілі- жан дүниеміздің айнасы» — деп Ж.Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімі болуы керек. Сондықтан ана тіліміздің өркендеуі – еліміздің өркендеуі екенін естен шығармайық. Өйткені біртұтас ұлт екендігімізді тіліміз ғана дәлелдейді.

Элеонора ӨТЕҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облыстық

прокуратурасының баспасөз хатшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *