Халқымыздағы қалыптасқан қағидаға сай қылымыс жасау – тәрбиесіздіктің белгісі. Ұлтымыз үшін ұрлық істеу тіпті ұят нәрсе. Сол себепті де қазақ халқы «Ұрлық түбі –қорлық» деп, өсіп келе жатқан жастарды жаман әдеттен жиреніп, жақсы істерге қарай ұмтылуға үндеген. Десекте, бүгінгі таңда еліміз бойынша түрлі себептермен қылмыс деңгейі өршіп тұрғандығы жасырын емес.
Ойнап жүріп от басқандар түптің –түбінде жазасын алады. Аяғын шалыс басқан жандардың тағдыры әрине аянышты. Осындайда оқырманға өмірде болған бір жағдайды ұсына отырып, мұндай олқылықтарға бой алдырмауды ескертеміз. Шілде айының шіліңгір мезгілі болатын. Алкогольдік ішімдік ішіп, мастанған аз.Б. Арыс-Түркістан каналы бойында арқандаулы тұрған аз. С-ның құны 250 000 теңге тұратын төрт жасар тор түсті байталына мініп ала жөнеледі. аз.Б. арқандаулы жылқы малын алып бара жатқандығын байқап қалған аз.С. ауылдасы аз.Р егесіне дереу ұялы телефонмен хабар береді.
Артынша ұрыны қашып бара жатқан жерінен ұстап алған аз.С. оны қалалық полиция бөліміне табыстайды. Әрі, мұндай жағдайдың қайталанбасын мақсат тұтып қылмыскердің тиісті жазасын алуына өтініш білдіріп, арыз жазады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жәбірленуші аз.С. және қорғаушының қатысуымен ашық сот мәжілісі болып өтті.
Сотта іс егжей-тегжейлі қаралып, жәбірленуші және куәгерлердің сөздері тыңдалды. Қорытындыда қылмыскер аз.Б. өзіне тағылған айыпты толық мойындап, жылқыны ұрлаған себебі, Кентау қаласына апарып сатып, ақшасын өзіне жаратпақшы болғанын, жәбірленушіден және сотқа қатысушы адамдардан кешірім сұрайтынын, келешекте ұрлық, басқа қылмыстар жасамайтындығын айтты. Сотта қылмыскер аз.Б. кінәсі өзінің берген жауабынан басқа жәбірленуші аз.С. және куәлердің жауаптары тыңдалып, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, айғақ затты алу хаттамасымен, беттестіру хаттамаларымен және басқа да алдын ала тергеу кезінде жиналған іс-құжаттарымен толық дәлелденіп үкім шығарылады.
Оңай жолмен олжа тауып, баиймын деген жандар әсте қателеседі. Оданда, білім алып, мамандық бойынша еңбек ету, ризықты – жерге дән себу, мал бағып, өсіру де табыс көзі болып табылады. «Маңдай термен тапқан нан қашанда тәтті болады» деген нақыл кейбір жандарға ақыл болса екен деймін.
Е.Рахман, Түркістан қаласы прокуратурасының прокуроры