Жақында (2018) «Арман-ТВ» баспасы «Географиялық хикаяттар» деген атпен Ә.Бірмағамбетовтің мектеп оқушыларына арналған кітабын басып шығарды. Авторы жоғары оқу орындарында 60 жылға тарта уақыт дәріс жүргізген ұстаз әрі ғалым. Ол көп жылдар бойы қазақ жерінің географиялық зерттеу тарихымен айналысып келеді. Мектепке арналған Табиғаттану, Дүниетану және физикалық географиялық оқулықтарын жазған. Әр жылдары оның «Мектеп кітапханасы» топтамасына кіретін «Географиялық атаулар сыры», «Тайны географических названий», «Саяхаттар және географиялық ашылулар», «Ш.Уәлиханов – географ және саяхатшы», «Туған өлкені зерттеушілер» деп аталатын кітаптары жарық көрген.
«Географиялық хикаяттар» оқырмандарды географиялық тұрғыдан танып-білудегі кейбір қызықты жәйттермен таныстыратын жеке әңгімелерден тұрады. Саяхатшылар мен географ ғалымдардың бастарынан кешкен сәттерімен таныстыру оқушылардың география пәніне деген қызығушылығын арттыра түсу мақсатын көздейді.
Географиялық зерттеулер тарихында орын алған қызықты оқиғалар мен деректер 16 хикаят-әңгімелерден тұрады. Олардың ішінде екі әңгіме бірнеше жүз жылдар бойы таласқа түскен мәселелерге арналған.
Мәселен, біздің заманымызға дейін созылып келе жатқан даулы мәселенің бірі – Американың аталуы жайында. География ғылымының тарихында бұл мәселеге байланысты екі түрлі пікір айтылып келеді. Колумбты жақтаушылар Жаңа дүниенің Америка аталуы Америго Веспучидің айлакерлік іс-әрекеттерінің нәтижесі деп есептейді. А.Веспучиді жақтаушылар Колумб өзінің ашқан жерлерін өле-өлгенше Азияның шығысы деп кетті деседі. Батыс жарты шардағы Жердің жаңа дүние бөлігі екендігін тұңғыш дәлелдеген Америго дейді. «Географиядағы тарихи әділетсіздік»деп аталатын әңгімеде бұл мәселе жан-жақты талданып, жаңа дүниені ашқан Колумб екендігі айтылады. Сондай-ақ, Американың Колумбқа дейінгі ашылуы да оқырман көңілінен шығарлық.
Магелланың дүние жүзін айналу саяхатынан кейін «Жер шарын тұңғыш толық айналып шыққан кім?» деген мәселе кезінде үлкен талас тудырғаны белгілі. Бұл мәселеде де кітапта көңілге қонымды деректер келтіру арқылы ұлы саяхатшының тарихи еңбегі жан-жақты бағаланған («Дүние жүзін тұңғыш айналып шыққан кім?» әңгімесі). Сонымен бірге, кез-келген адам біле бермейтін теңіз қарақшысы Дрейктің Магелланнан кейін жер шарын екінші рет айналып шыққаны жайында тартымды түрде баяндалған. Сонымен қатар, кітапта географиялық әдебиетпен байланыстыратын екі әңгіме берілген. Әсіресе, дүниежүзілік әдебиет қазынасына кіретін роман – «Робинзон Крузоның» қалай жазылғаны жайындағы әңгімеде келтірілген деректер оқырманды бей-жай қалдырмайды. Ол романның оқиғалары тарихта шын орын алған саяхаттар мен географиялық ашылуларға байланысты өрбігені жайында қызықты мәлімет алады. Ал «Картадан туған роман» әңгімесінде көркем шығармалардың жазылуында картаның атқаратын рөлі шебер баяндалған. Ағылшын жазушысы Р.Стивенсон «Қазына аралының» алғашқы басылымындағы кіріспеде «Мен оны карта бойынша жаздым» деп ерекше атап көрсеткен болатын.
Кітапта қазақ өлкесіне қатысы бар бірқатар мағлұматтар қамтылған. «Соңғы жолбарыс» әңгімесінде қызыл кітапқа енген жыртқыш – жолбарыстың біздің жерімізде мекендегендігі жайында географ ғалымдар мен саяхатшылардың қызық деректері келтірілген.
Қазіргі кезде Алматы мен Талғардың арасындағы бұта тоғайларда «жолбарыс жүр» десе, ешкім нанбас еді. Ал ХІХ ғасырдың орта тұсында мұнда қауіпті жыртқыштың тіршілік еткендігі жайында атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тян-Шанскийдің Тянь-Шаньға саяхаты кезіндегі жол жазбаларында деректер келтірілген. Ал Сырдың Аралға құяр сағасындағы қамыс қопалардан жолбарыс аулағаны жайында 1848–49 жж. Арал теңізін картаға түсіріп, зерттеумен айналысқан ғалым А.И.Бутаковта жазып қалдырған. Осыған ұқсас дерек қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлихановтың «Ыстықкөл сапарының күнделігінде» келтірілген саяхатшы Семейден Верныйға барар жолында Балқаш көлінің жағалауын басып өткен. Ол Лепсі өзенінің Балқашқа құяр сағасындағы қалың қопаларда жолбарыс жүретіндігін айтқан.
«Қазақ жерінің тұңғыш картасы» атты әңгімеде туған өлкемізді географиялық картада бейнелеудің алғашқы кезеңі баяндалады. Ежелгі заманда және орта ғасырларда жеке аймақтарының Батыс Еуропа және араб карталарында қылаң бергені айтыла келіп, ХVІ-ХVІІ ғ.ғ. орыс карталарында қалай бейнеленгені сипатталады. «Үлкен сызба» және С.Р.Ремезовтың «Сусыз, жолсыз және тастақты дала сызбасында» қамтылған жерлер жан-жақты баяндалады. Оқырман бұл әңгімеден қазақ жерінің географиялық зерттелуінің орта ғасырлық кезеңі жайында аса құнды мағлұмат алады.
Ұлы саяхатшы және атақты географ П.П.Семенов-Тян-Шанскийдің Жетісудағы саяхаттары кезіндегі қазақ халқымен достық қарым-қатынасы «Талбұлақтағы сот» әңгімесінің арқауы болған. Әлемге әйгілі Орыс географиялық қоғамының көп жылдар бойындағы басшысы П.П.Семенов- Тян-Шанскийдің халқымыздың аяулы ұлы Шоқан Уәлихановпен тығыз достық қатынаста болып – оның географ-ғалым ретінде қалыптасуында атқарған рөлі кеңінен мәлім. Бұл әңгіме ұлы саяхатшыны көпшілік қауымға белгісіз басқа бір адами қырынан таныстырады.
К.МАМИРОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті география және туризм кафедрасының менгерушісі, п.ғ.к., профессор м.а.