Балалықтың қайтып келмес бекетінде қалған көп қызық бар. Ауыл таңы еріксіз еске түседі. Іңір таянып, күн қызара ұясына батқаннан үй іргесіндегі сәкіге қаз-қатар жайғаса кетуші едік. Төңіректі қараңғылық тұмшалаған сәтте меңіреу тартқан аспан да тақиясындағы жақұт-маржандарын шашып жібергендей жарқырай түсуші еді. Көзді ашып-жұмғанша жұлдыздар самсап шыға келетін. Ал, сол жарқ-жұрқ еткен нүктелер шоғырында әрдайым бір шоқ жұлдыз дараланып тұратын. Ықылым заманнан халқымыз оған «Жетіқарақшы» деп атау берді. Ұйқыға кетерде түнгі аспанға бір мәрте көз қадау – бала күннен бергі әдетім. Жалғыз мен емес, үйдегі тете өскен бауырларым да меңіреу түнекке телміре қарап, аққан жұлдыздарды жарыса санамалай түсетінбіз. «Түнде жұлдыз ақса, бір адам қайтпас сапарға аттанады» дегенге балаң жүректің имандай сенетіні соншалықты, кейде бірнеше жұлдыз қара түнек қойнауына қатар сүңгісе, іштей бір жайсыздық орын алатын. Ал, самсаған жұлдыздар арасында қашанда мен мұндалап тұратын жетіқарақшы шоғыры біз үшін құпияға толы ғажайыптар әлеміндей болатын да тұратын. «Неліктен олардың саны жетеу?», «Сан жетпес жұлдыздар арасында неге олар дараланып тұрады?», «Жетіқарақшы деп қалай аталған?» дейміз. Бұл бала көңілін мазалайтын сансыз ойлардың бір ғана ұшы еді. Ал, аталмыш аспан денесі туралы естіген аңыз-әпсаналар тіптен қызық. Тыңдаған үстіне, тыңдай түскің келеді.– Жетіқарақшы Темірқазық жұлдызына байланған ақ боз ат пен көк боз атты ұрлап алмақшы болып, түні бойы торуылдап, аңдып жүреді екен. Сол кезде Үркер қаптаған қалың нөкердей аспан әлемінен көрінеді. Осы кезде Жетіқарақшы аспан әлемінің солтүстігіне қарай сырғи жөнеледі. Бір уақытта ар жағынан жарқырап Таразы жұлдызы оқ бойы көтеріледі. Оның тағы бір қырынан сүмпиіп Сүмбіле шыға келеді. Енді Жетіқарақшы көз ілмей, осы жұлдыздарды түгел батырып, ақ боз ат пен көк боз атқа таяп қалғанда, арайланып, жап-жарық нұрға бөлеп Таңшолпан күн шығыс жақтан жарқ ете қалады екен. Сонымен лезде таң атады да кетеді. Әлгі қарақшылар ұрлығын тоқтатып, жүзеге аспай қалған арам ниетін келер кеште жалғастыруға қалдыратын көрінеді. Ал, ертеңгі кеште бұл әрекет аспан әлемінде тағы солай жалғасады. Сөйтіп Жетіқарақшы жұлдыз болып жаралғалы бері аспан әлемінде қарақшылығын тоқтатпапты. Ұрлыққа да қолы жетпепті. Осылайша жыл он екі бойы айналып жүре береді, – деуші еді ауылдың көнекөз қариялары.Бұл – сол кездегі барлық ауыл баласының ұйып тыңдайтын әңгімесі еді. Күнде естіп-біліп жүрсек те, тағы да тыңдай түскіміз келеді. Құдды бір алғаш рет естіп отырғандай күй кешеміз. Бар ынта-ықыласпен құлағымызға құя түсеміз. Сосын «Әне, қарашы, Жетіқарақшы, біздерді қимай сөніп барады» деп жамырай әнге қосатын сол бір ғажап табиғат құбылысына деген іңкәрлік су сепкендей басыла қалатын. Себебі, көз тартар аспан сұлулығында да осыншама залымдық болады екен-ау деген бір үзік ой ештеңенің ақ-қарасын ажырата бермейтін сонау балаң жүрек түкпірінде қылаң ете қалатын. Сондай-ақ, халықтың дүниетанымында қатталған аңыздардың көне нұсқасының бірінде Жетіқарақшыны аспан сағаты деп те атағандығы айтылады. Мұның да шет жағасын ауылдың көнекөз қарияларынан естіп өстік. Аспан шырақтарының бағытын дұрыс бетке алғандықтан барар жерін, қонар ауылын адаспай тауып, аман-есен жетіп отырған көрінеді. Мәселен, малшылар Жетіқарақшы жұлдызының қозғалысынан түнгі уақытты дөп басып айыра білген.