Жапония мектебі: Ұлттық білім берудің заманауи озық жүйесі

Жапондар – әлемдегі ең еңбекқор халық. Азаматына еңбекқорлық қасиет балабақшадан сіңіп, мектепте бекиді. Ұлттық беріктік іргетасы да – мектептен. Әр адамның өзін өзі қадағалауы, қоғам алдындағы жауапкершілік, ортадағы сыйластық қарым-қатынас бастауы да – мектеп. Білім жүйесі сырттай қарағанда басқа капиталистік елдердің білім жүйесіне ұқсас болғанмен, мәні мен мазмұнына назар салсақ, көптеген ерекшелігі бар.  Жапон мектептері шйоугаккоу, чиюгаккоу, коутоугаккоу деген үш сатыдан тұрады. Бастауыш мектеп – шйоугаккоу­да оқушылар алты жыл оқиды. Орта мек­теп – чиюгаккоу мен жоғары мектеп – коутоу­гаккоуда үш жыл білім алады. Сон­да жапон баласы мектепте барлығы он екі жылын өткізеді. Жоғары мектепті бітір­ген соң университетке түсуіне болады. Бас­тауыш пен орта мектеп міндетті білім сатысы саналады. Бастауыш пен орта білім тегін беріледі, ал жоғары мектеп ақылы. Жапон мектептерінің бұл үш түрінің ғимараттары бөлек-бөлек орналасқан.  

 

 

Өмірлік ұстаным – еш нәрседен қателеспеу

Жалпы, жапондар білімқұмар халық. Білім жинау адамның өмір бойы айналысатын ісі деп есептейді. Еш нәрседен қателес­пеу­ді өмірлік қағидаттың бірі санайды. Сондықтан бұл елде оқушылардың сабақ­тан қалуы, мектепке кешігіп баруы, мек­теп ережесіне бағынбауы жоққа тән. Әр дүй­сенбіде, оқушылар бір қатарға тұра­ды да, мектеп директорының он бес ми­нуттық сөзін тыңдайды. Бір сыныптың оқу­шы­лары өздеріне тиесілі кабинетте оты­­рады. Оқушылар сабақтан қалмайды. Мек­­тепке уақытында барып, барлық са­бақ­­қа қатысу, тиянақтылық жоғары баға­­ланады. Сабақ кезінде тамақ жеу, тағы басқа бейәдеп әрекеттерден өздерін аулақ ұстайды. Балдырған балабақшадан соң бас­тауыш мектепке қабылданарда емтиханнан өтеді. Бастауыш мектепте оқу жеңіл, үй тапсырмасы берілмейді, қиын емти­хандар жоқ. Жапониядағы бас­тауыш мектептің басты мақсаты – бала бойын­да мәдениетті адам қасиеттерін қалып­тастыру, жалпы білім негіздерімен таныс­тыру. Оқушылар 4-сыныпқа дейін емти­хан тапсырмайды, өз бетімен орын­даған шығармашылық жұмыстарын өткізеді. Балаларға қоршаған ортаны сүюге үйрету, әдептілікке тәрбиелеу – бастауыш білім жүйесінің негізгі міндеті. Негізінен жапон тілі, музыка, әлеуметтану пәндері, бейнелеу өнері, үй шаруашылығы, ариф­метика, табиғаттану оқытылады, еңбек­ке баулу, дене шынықтыру да бар. Мек­тептерде арнайы жабдықталған кабинет­те «Отбасы тәрбиесi» деген пән оқытылады. Ал «Қарияларға құрмет» деп аталатын сабақ барысында балалар ақсақалдармен жүздесiп, шаруасына қолғабыс тигiзедi. Егiстiкте орақ орып, келсаппен күрiш түюге де бастауыштан баулиды. Оқушылар адамды құрметтеуге, таби­ғатты аялауға, ортаға зиян келтіретін әре­кет­тен аулақ болуға тәрбиеленеді. Өзін-өзі ұстай білу, қанағатшылдық, қоғам үшін еңбек ету – басты тәрбие бағыты.  

Бәрінен маңыздысы – ана тілі

Бірінші сыныптан бастап кокуго (мемле­кеттік тіл) пәні міндетті түрде оқыты­лады. Жапон тілі – барлық пәннің алдында тұрған ең маңызды сабақ. Жапонияда мемлекеттік тіл пәнінің маңызы зор. Кокуго – баланың ана тіліне сүйіспеншілігін оятумен қатар, ежелгі жапон тілінің ерекшелігін санасына бекітетін оқу жүйесіндегі басты ілім. Ағылшын тілі орта мектепте оқытылады. Бірақ баланың ұлттық жазу, оқу тілін классикалық деңгейде біліп шығуы бәрінен маңызды саналады. Барлық пән тек мемлекеттік тілде оқы­тылады. Бастауыш мектептегі ең көп сағат саны да кокуго пәніне бөлінген. Кі­тап­қа сүйіспеншілік бала бойына бала­бақ­шадан сіңеді. Бастауыш мектепте оқу­шы­лардың кітапқұмарлығын арттыратын түрлі шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек жапон баласы аптасына кем дегенде бір рет мектеп кітапханасына барып, кітап оқуға міндетті. Сондай-ақ аптасына бірнеше мәрте өтетін сыныптағы он минуттық кітап оқу шарасына оқушылар түгел қатысады. Білім министрлігінің ұсынысы бо­йынша әр мектеп оқулық таңдау мен білім беру бағытына өзі жауапты. Мектеп формасын да әр мектеп оқушылардың қалауын ескере отырып, өзі таңдайды. Орта мектепте мемлекеттік тіл, информатика, Жапония тарихы, дүниежүзі тарихы, денешынықтыру, музыка, ағылшын тілі, жаратылыстану пәндері оқытылады. Үш жылдық жоғары мектепте оқушылар көне және қазіргі жапон тілі, Жапония тарихы, география, дүниежүзі тарихы сияқты гуманитарлық пәндер, әлеуметтану, этика, саясаттану, экономика тәрізді қоғамдық ғылымдар, өнер, дене шынықтыру, ағылшын тілі, информатика бойынша білім алады. Бұдан бөлек оқушыға белгілі бір кәсіп бойынша курстар таңдауға ерік берілген. Бастауыш мектепте сабақ 45 минутқа созы­лады, күніне төрт сабақтан аспайды. Орта мектепте сабақ 50 минутқа созылады. Сабақтар арасындағы үзіліс 5-10 ми­нут, түс кезінде ас ішуге арналған бір сағат бар. Жоғары мектепте оқушылар сабақ­тан кейін түрлі үйірмелерге қатысатын­дықтан, бар уақыты мектепте өтеді. Мектеп формасына қатысты барлы­ғына ортақ талап бар. Балалар мектепке бірдей сөмке ұстайды. Қыз баланың сабаққа бетін, тырнағын, шашын бояп келуі, шашын жайып жүруі, денесіне тату таңбасын бейнелеуі, келте көйлек киюіне тыйым салынған. Қыздарға шаш бұйралауға да рұқсат жоқ. Оқушыларға ақ, қара, қою көк түсті шұлық киюге болады. Басқа түсті шұлық киюге ты­йым салынған. Мектеп ауласында тыйым салынған әрекеттің бірі – бозбала мен бойжеткеннің оңаша кездесуі. Жалпы, жапон қоғамында ұл мен қыздың мектепте оқып жүріп, махаббат оқиғаларын бастан кешіруі жат үрдіс. Оқушы білім алу жолында бөтен нәрсеге алаңдамауы керек. Жапон оқушылары әлемдегі бос уақыты жоқ еңбексүйгіш балалардың санатына жатады. Оқу жылы үш семестр­ден тұрады: бірінші семестр сәуір айынан шілдеге дейін, екіншісі қыркүйекке дейін созылса, үшінші семестр қаңтар мен наурыз аралығын құрайды. Жапон балалары демалыс дегенді білмейді. Мектепке деген құрметі соншалық, каникул кезінде де үйірмелерге үзбей барады. Жазғы демалыс кезінде балалар мектеп үйірмелерінде жыл бойы жинаған білімін іс жүзінде шыңдайды. Балалар каникул уақытын да емтиханға дайындалумен өткізеді. Басқа елде балалар каникулда қыдырып, демалса, жапон баласы кітап оқып, шығармашылықпен айналысады, өзін қызықтырған белгілі бір салаға қатысты ізденушілікпен шұғылданады. Оқушылар мектептен тыс әртүрлі пән бойынша білімді жетілдіретін джюку деп аталатын курстарға қатысады. Мек­тептегі сабақ аяқталған соң жоғары сынып оқушылары түгел джюкуге барып, кеш­ке дейін оқиды.  

Емтихан тозағы

Емтихандар орта мектепте басталады, жылына екі-үш рет тапсырады. Ем­ти­хан тапсыру кез келген жапон үшін қиын әрі жауапкершілікті талап ете­тін маңызды іс саналады. Емтихан сы­нағына дайындалу барысы азапты еңбек екені сөзсіз. Жапон баласының ем­ти­ханға үлкен жауапкершілікпен қарауы­ның белгісі «шикенджигоку» (емтихан тозағы) деген сөзден байқауға болады. Жо­ғары оқу орнына мектеп емтиханы мен уни­верситеттің қабылдау емтиханын тапсыру арқылы түседі. Мектепті 12 жыл бо­йы өте жақсы оқыған шәкірттер де емти­хан тапсырады, оларға елден ерекше же­ңіл­дік жасалмайды. Оқушылардың білімі әріптік таңбамен немесе балмен бағаланады. Емтихан басталардан бір апта бұрын үйірмелер жұмысын тоқтатады. Бұл оқу­шылардың басқаға алаңдамай, емти­ханға тыңғылықты дайындалуы үшін қажет. Емтихандар әдетте жазбаша тапсырылады. Орта мектепті бітірген балалар элиталы жоғары мектепте оқу үшін емтиханды лайықты деңгейде тап­сыруға ұмтылады. Орта мектептен соң кәсіби училищелерде білім алуға болады. Кәсіби училищелер, техникалық кол­лед­жерге оқуға тапсыру оңай емес. Жапо­нияда кәсіби жұмысшылар жоғары баға­ланатындықтан сынақ та үлкен. Көп­теген техникалық колледждер ірі кәсіп­орындарға қарайды, түлектер мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылады. Тәрбие мен тәртіп қатар ұштасқан жапон мектебінде оқушылардың мұғалім алдындағы жауапкершілігі жоғары. Мұғалім сыныпқа кіргенде бастауымен оқушылар орындарынан тұрып, ұстазға иіліп амандасады. Содан соң сабақ басталады. Оқушылар әр сабақтың басы мен соңында мұғалімге иіліп, тағзым етеді. Жапон оқушыларының сабаққа қатысу көрсеткіші 99,9 пайызды құрайды. Яғни бұл елде оқушылар сабақтан қалмайды, кешікпейді деген сөз. Шәкірттердің ұстаздарға деген құрметі жоғары. Сабақ кезінде басқа нәрсеге алаңдап, мұғалімді тыңдамау үлкенді сыйламаудың нышаны ретінде қабылданады. Жапон балаларының елден ерек тәртіпті екені соншалық, егер мұғалім кенеттен науқастанып, жұмысқа келе алмаса, оқушылар шулап, сабақтан қашпайды, берілген тапсырманы сынып ішінде орындап отыра береді. Жапон мектебінде оқушылардың әрекетті таңдау еркіндігі берілген. Әр мектепте сэйтокай деген оқушылар кеңесі жұмыс істейді. Аталған кеңесте басшы, орынбасар лауазымдарына сайланатын бала мектеп ұжымы алдында баяндама жасап, атқаратын істері мен жоспарларымен таныстырады. Жапон мектебінің өзгеге ұқсамайтын тағы бір ерекшелігі, сыныптағы оқушылар құрамы мен мұғалімдер жыл сайын ауысып отырады. Бұл баланың үйреншікті ортада тұйықталып қалмай, жаңа жағдайға бейімделуі үшін керек. Бұл елде оқушыларға кісі қызығарлық жағдай жасалған. Мектептер балалардың жаяу қатынауына ыңғайлы болуы үшін үйлерге жақын салынған. Токио сияқты ірі қалаларда «Балалар жүреді» деген таңбасы бар арнайы қызыл кірпішпен ерекшеленген, көлік өтпейтін жолдарды көруге болады. Балалар жүретін цугакуро деп аталатын жаяужол көліктер сапырылысқан трассадан бөлек төселген. Балалар осындай қауіпсіз жол арқылы мектепке жаяу қатынайды. Оқу жылы басталарда ата-ана мектепке баласы жүретін цугакуроның, яғни үй мен мектеп арасындағы жаяужолдың картасын сызып өткізуі керек. Әр ауланың балалары «хан» деп ата­­латын топ құрып, мектепке топ­тасып қатынайды. Ата-аналар коми­теті балалардың жол қауіпсіздігін қада­ғалай­тын кезекшілік ұйымдастырады. Бұған қоса аудандағы зейнеткер тұрғындар да арнайы жарық шағылыстыратын күртеше киіп, балалардың мектепке барып-келуін қосымша бақылайды. Яғни топбасшының жапон баласы мектепке ешқашан жалғыз қатынамайды. Кейбір жекеменшік мектептер үйлерден шалғай орналасқан жағдайда оқушылар қоғамдық көлікпен қатынайды. Оқуға көлікпен баратын балалар да үлкендердің ұдайы бақылауында болады. Мектептер балалар мінетін қоғамдық көліктер мен аялдамалар туралы толық мәліметті тір­кеп, оқушы мектепке барып-келетін дәл уақытты белгілеп отырады. Балалар жолдан өткенде бастарында ашық сары түсті телпек, қолдарында ар­найы жалауша болады. Өтпе жолда оқу­шылар жүргізушілерге қол көтеріп, «тоқтау» жөнінде белгі береді. Мұға­лімдер мен ата-аналар балаларға күн са­йын жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ес­кертіп отырады. Бала мектептен қайт­қанда басқа бағыттағы көлікке мініп немесе дүкен аралап кетсе, ата-анасына сөгіс жарияланады. Балалардың көшедегі қауіп­сіздігіне полиция да жауапты. Поли­ция қызметкерлері оқушыларға ар­нал­ған акциялар ұйымдастырып, мек­тепке жақын жол айрықтарына кезек­шілікке шығып тұрады. Рандосэру деп атала­тын оқушы сөмкесі де баланың қауіп­сіз­дігін жан-жақты ойластырып жа­салған. Сөм­кеге оқушы қажет жағдайда қолда­на­тын жарық шашатын белгі жапсырылып, ысқырғыш, т.б. құралдар бекітілген. Бұ­ған қоса заманауи GPS функциялы ша­ғын ұялы телефон салатын қалташасы бар. Жапон мектебінде асхана жоқ, тамақ арнайы дәріленіп тазартылған бөлмеде әзірленіп, арнайы қораптарға салынып, сы­ныптарға жеткізіледі. Ас ішерде оқу­шылар партаны жақсылап сүртіп, үйінен әкелген шүберек төсейді. Содан кейін басына арнайы тігілген телпек киіп, алдына алжапқыш байлайды. Оқушылар белгілі бір уақытта тамақтанады. Тамақты оқу­шы­ларға кезекші оқушы үлестіреді. Оқу­шы­лардың ас-суына тек аспаздар жауап­ты емес, медицина қызметкерлері тағам құрамын ұдайы тексеріп, сапасын бақы­лап отырады. Мектептегі тамақ жергі­лікті өнімдерден әзірленеді. Түскі ас аяқ­талғанда оқушылар ыдыстарды жинап, жуатын орынға апарады. Жапон мектеп­терінің өзгеге ұқсамайтын тағы бір ерек­шелігі, сыныптың, ауланың, тіпті дәрет­хананың тазалығына оқушылардың өзі жауапты. Сабақ аяқталған соң оқу­шы­лар кезектесіп, сыныпты, дәлізді, дәрет­хананы (унитазына дейін) жуып, тазалайды.  

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, жапонтанушы

www.egemen.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *