Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Кез келген қыз-келіншектің зергерлік бұйымдары, асыл тастары, онда бейнеленген ою-өрнек әсем келбетіне әдемі үн қосып, сымбатын одан әрі ажарландырып, тартымдылығын арттыра түседі. Олай болса, сұлулықтың нышаны болған ұлттық әшекейлерімізге қысқаша шолу жасап өтейік. Алқа – омырауға тағатын, көбіне күмістен жасалатын көркемдік бұйым. Білезік – күмістен, алтыннан соғылады. Жасалуына қарай алтын білезік, күміс білезік, құйма білезік, сағат білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, қос білезік т.б. түрлері бар. Жүзік – қымбат тастардан көз орнатылған жалпақ сақина түрі. Оның еркектер де, әйелдер де салатын түрлері болады. Отау жүзік, құдағи жүзік, қарала жүзік, ақық жүзік деген атауы бар. Қапсырма – әйел камзолына, шапан сияқты киімдеріне тағылатын түйме қызметін атқаратын жалпақ күміс бұйым. Кейде әдемілік үшін бірінің астына бірі, бірнешеуі қатар тігілетін болған. Кейбір жерлерде қаптырманы ілгек деп те атайды.
Мәлімет көзі:jasqazaq