1898 жылы немістің ІІ Вильгельм деген королі жанына бәйбішесін ертіп Шам еліне сапарлапты. Ресми кездесулерден кейін, елдің тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көрмек боп, шаһарды аралап жүрген ресми қонақтардың алдынан есек жетелеген бір мұсылман қарсы ұшырасқан көрінеді. Әлгінің есегі Вильгельм патшаның қатынына ұнап қап, ерке қатын сол кезде Сирияның әмірі боп тұрған Мұстафа Асим-пашадан сол есекті сыйға тартуын өтініп сұрайды.
Содан, қала әмірі әлгі есек жетелеген мұсылманға таяп кеп, тілдессе керек.
— Құрметтім, мен қала әмірі боламын. Сіз мына есегіңізді біздің қадірменді шетелдік қонағымызға сыйға тартпас па екенсіз?
— Жоқ, айналайын, атай көрме! Сыйға тартпақ түгілі, сатпаймын да! — деп, есек иесі азар да безер болыпты.
— Оу, құрметтім! Өзіңізден жақсылықпен сұрап тұрмыз ғой! Анау-мынау емес, биліктің атынан өтініш жасадық! Есіміңіз кім, өзіңіздің? — деп, қала әмірі де қатулана бастайды.
— Мен Әбіл Хайыр Талло деген момынмын. Үйімде алты бірдей асылтекті сәйгүлік ұстаймын.., солардың бәрін халифтың өзі кеп тартып алса да, бұл есекті ешкімге бермеймін! — дейді, әлгі пенде.
Билеушіні құдайындай сыйлайтын қарапайым мұсылманның мына сөзіне таң-тамаша болған қала әмірі әлгіден есек бермеуінің себебін сұрапты. Сонда Талло:
— Қымбатты әміршім! Бұл есек Германияға жеткізілген бетте әлемнің барлық баспасөзі «Батысқа Шам елінен құлағы салпиған есек келді» деп жарыса жазады. Содан кейін-ақ, «Сирия» десе, елдің көз алдына есек елестеп тұра қалатын болады. Ерінбеген елдің бәрі мұсылмандардың бұл сыйын мазақ етіп, күлкіге айналдырады. Өйтіп әлемге масқара болғанша, жанымды алсаңдар да, есегімді ешкімге бермеймін! — деп жауап берген деседі.
Қала әміршісі қиқар шалдың бұл сөзін халифке жеткізіп барған екен.., сонда рахаттанып бір күліп алған билеуші Әбіл Хайыр Таллоға медаль беріп, марапат көрсетуге бұйрық берген көрінеді…
«Ұлы мемлекеттерді Ұлы қылатын әміршілері ғана емес, қарапайым халқы» деген тәмсіл осындай оқиғалардан кейін айтылса керек…
Қанат Ескендір