— Менің 4 жастағы балам өтірікті жиі айтады, ойдан шығарып сөйлейді. Бұл қалыпты жағдай ма? Оны қалай түзеуге болады?
Телефон арқылы
Сұраққа облыстық перзентхананың психологыБадинур МҰХАНТАЕВА жауап берді:
– Баланың өтірік айтуының әр түрлі себептері болуы мүмкін. Бұл жағдайда мәселені анықтау үшін отбасында қанша бала бар екенін, ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасы қандай екенін нақты білу керек. Әдетте бұл жаста балалар көп қиялдайды, оларда қоршаған әлемді түйсіну, қабылдау сана-сезімі қалыптаса бастайды және сол кезде олар шындық пен қиялды шатастырып жібереді. Қалай дегенде де мен баланы психологқа көрсетіп, жеке консультация алуға кеңес беремін.
Бұл мәселеге байыппен қараған жөн бе? Осы сұраққа жауапты psychologos.ru сайтындағы практикалық психолог энциклопедиясынан таптық: «Өтірік айту – балалар үшін қалыпты құбылыс. Оның үстіне, баланың өтірік айтуы балада сөйлеу мен қиялдаудың қалыпты дамып келе жатқандығының белгісі болып табылады.
Жалпы, баланың ойдан шығаруы – осы сөздің толық мағынасына келсек, әлі өтірік айту деген сөз емес. Балалар пайдакүнемдік мақсатта өтірікті сирек қолданады.
Әдетте, балалардың өтірік айтуына ата-аналар тарапынан салынатын тыйымдар себеп болып жатады. Ересектер балалардың еркіндігін шектеуге, шектеу енгізуге мәжбүр. Ал балалар одан аттап өту үшін қулыққа салына бастайды.
Сондықтан ата-аналарға берілетін негізгі кеңес: балаларға тек қисынды, өнегелі, әділ талаптар ғана қойған жөн. Өз балаларыңызды құрметтеп, олардың мүдделерімен санасып, ымыраға келу керек. Егер біз баланы бізді тыңдауға және біздің талаптарымызды құрметтеуді үйреткіміз келсе, онда оған басқа адамның ісіне құрмет көрсету үлгісін бірінші болып көрсетуге тиіспіз.
Кейде балалардың қиялын өтірік деп атайды. Бұл бейімділік баланың кейбір жеке басының ерекшелігімен (дүмбілездігімен, тежелушілікпен, сын көзбен қарамаушылықпен) анықталады.
Эмоциялық тұрғыдағы сәтсіздік, қоршаған әлемге сенімнің жоқтығы, өзін-өзі жағымсыз сезіну, ата-анасымен, мұғалімдермен, құрдастарымен қарым-қатынастағы араздық. Осының бәрі баланы ақиқатты алмастыратын қиялындағы анағұрлым тартымды әлемді құруға итермелеуі мүмкін.
Балаға шамасы келмейтін талапты қойған кезде өтірік жиі туындайды. Немесе ол үнемі жазалауы мүмкін деген қорқынышта болады. Егер бала сізбен толыққанды қарым-қатынас жасаудан ада болса, оған сіздің назарыңызды түрлі әдістермен өзіне тартуға тура келеді.
Жағдайды өзгерту үшін баламен өзара қарым-қатынасты нығайтып, жақсарту керек. Өзіңіздің шаршағаныңыздың, шыдамсыздығыңыздың ызасын одан қайтармаңыз. Үнемі ақыл тыңдаудан, айқай естуден ығыры шыққан бала өзін және өзінің жүріс-тұрысын әдемілеп көрсету үшін өтірік айта бастайды. Яғни, өтірік айту ол үшін ерекше қорғаныс тетігіне айналады.
Балаға бір нәрсе үшін сізден рұқсат сұрауға тура келсе және өзі сіз «жоқ» деп айтады деп ойласа (немесе сенімді болса), осындай жағдай жиі орын алады.