Ас беру

 

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басыосында 

 

Халқымызда көне дәуірден бері келе жатқан ежелгі ғұрыптардың бірі – ас беру. Ол дүниеден өткен адамдарды еске түсіруге арналған салт. Егер ас берудің саяси-әлеуметтік астарына мән берсек, ол алдымен, шығысы мен батысына ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талатын айшылық алыс аймақты алып жатқан қарға тамырлы қазақ елінің өзара достығы мен бірлігін жыл өткен сайын жақындата түсу, әр әулет, өңірдің салт-дәстүрін өзгелерге паш ету, қала берді қаза арқалаған ауыл-аймақ, тегіренің бастарына түскен ауыртпалығына өзгелердің ортақтасып, олардың қайғы-мұңын бөлісу, дүниеден озған игі жақсының өнегелі тұстарын ескеру арқылы оны кейінгі ұрпаққа үлгі ету, өліге деген құрмет үрдісінен туған игілікті іс екені сөзсіз. Тоқырау заманында қаншама адам “әкесіне ас берген” деген желеумен жазаланып, “керітартпа”, “діншіл” атанды. Солай десек те, ас беру үрдісі әлі күнге өз мәнін жоя қойған жоқ. Бірақ атын өзгертіп, көп жағдайда жалқыдан жалпыға ауыстырып, мемлекеттік деңгейде атап өту үрдісіне көштік. Мәселен, жеке жағдайда “бәленшенің жылы”, “еске алу күні”, “мүшелді мерей тойлары”, көпше түрде “100”, “125 жылдық”, тағысын тағы деп жаңаша айдар тағып, атаймыз, тойлаймыз. Былайша айтқанда бұл аты өзгерсе де заты қалған, яғни өркениетті елдерден алған, бұрынғы бар нәрсемізге таңған жаңа атауымыз.

ас беру

            Дәстүрде ас көбіне-көп кезінде еліне елеулі, халқына қалаулы, көп жағдайда жасы ұлғайып барып қайтыс болған ер адамға арналып берілген. Яғни бұл өлген кісінің артын күту салтының қалың қауымға арналған, қайғыдан гөрі салтанаты басым соңғы рәсімі. Осыған сай мұндайда ас берудің соңы жақсы мағынасындағы, кейінгі ұрпақтың бақытты, шалтты өмір сүруі үшін деген тілекпен шын мәніндегі үлкен тойға ұласып, айтулы аламан бәйгелер өткізіліп, көкпар тартылған. Алтынқабақтар ойналып, палуандар белдесіп, ақындар айтысқан. Бірақ кейде сирек те болса, әйел адамдарға да ас берілген. Ондай жағдайда жоғарыдағыдай ойын-сауықтар өткізілмей, тек ас арналған адамның қадір-қасиеті ғана еске алынып, ұлығыланған.

            Халық арасында ас берудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, қай уақытта да ас беру жиыны дүйім жұрт, қалың елге күні бұрын, ай, тіпті бір жыл бұрын хабарланып, сауын айтылады. Міне, мұның өзі әзірлік. Бұрын әр ас беруші қауым алдын ала ел ағалары, үлкендер болып бас қосып, ақылдасқан. Онда ас қайда, қашан беріледі, кімдер шақырылып, қанша қаражат жұмсалады, сойыс малы, тігілетін киіз үй, өткізілетін ұлттық ойын түрлері, сайыстар, оған берілетін байрақтар түрі анықталып, белгіленген. Соған сай қай өңірден келген қонақ қай үйге түседі, оларды кімдер күтетіні, асты басқаратын кім, бәрі-бәрі күні бұрын анықталып отырылған. Мұндайда – ас беру кезінде, бұрындары кейбір өкпе-назы ұлғайып, дүрдіараздығы көбейген ағайын, ру арасындағы кикілжіңдер де жуылып-шайылып, өзара келісімге келтіріліп отырылған. Бұл да ас берудің тәрбиелік мәнінің бірі болып есептелсе керек.

            Сан ғасырлар бойы қалыптасқан, халықтың қанымен біте қайнасқан береке-бірлік ұйытқысы болып табылатын ас беру дәстүрі тек бір өңір, аймақ емес, күллі қазақ халқына тән. Республика шеңбері емес, шет елдердегі бауырларымыз да бұл дәстүрді еш уақытта ұмытпаған. Моңғолияда 1926 жылы ірі бай Молыбайдың Бурылбайына ас берілгенде ол керейдің 12 баласына бір жыл бұрын сауын айтылып, ас он күнге созылған.

            Ас беру рәсімі басталар алдында байдың екі қара жорғасын, алтын, күміспен әшекейленген ер-тоқымы және өзі тірі кезінде киіп жүрген киімдерімен тұлдап, ірі молдаларға құран оқыттыру арқылы жаратылған.

            Ас беру кезінде күніне 200 қой, 80 жылқы сойылып, 300 сауын бие байланған, 200 қыз-жігіт, келіншек қызмет еткен. Бурылбайды жоқтап, дауыс қылуға 150 әйел қатысып, аста 480 жүйрік бәйгеге қатысқан. 200 палуан күресіп, қонақтарға 80 жорғамен тамақ жеткізіліпті. Бәйгеде 450 атқа байрақ, бірінші орынға екі жамбы (бір жамбы 50 қойға тең), 2 ат, 8 өгіз, ал соңғы орынға 5 тайынша берілген. Домбыраның бас жүлдегері бір жүйрік ат, қалғандары тай, шапанмен ұлығыланған.

            Соңғы кезде кейбір мерзімдік басылымдарда халқымыздың ас беру ғұрпы және оны бүгінгі өмірімізге жаңа қырынан енгізу туралы жиірек жазылып жүр. Бұл дұрыс та болар. Осы арада аталмыш ғұрыптың бір кезде біздің өңірімізде де өткізіліп тұрғанын ұмытпауымыз керек. Соның біразы Ойыл өңірі, Сағыз, Мұқыр, Жылыой аймағында болғанға ұқсайды. Кәрі құлақ абыздар аузынан естіп, түрлі басылым беттерінен оқығандарымызды жинақтап, жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік. Өйткені халқымыздың ас беру рәсімі жайлы көптеген адамдар біле бермеуі анық. Сондықтан оны үлкендер жағы еске алып, жастар жадында сақтағаны дұрыс-ау деп ойлаймыз.

 

            Өткен кезеңде e6a0b246b20dfe47abe0360175ca0c5dөңірімізде ас берудің ірілі-ұсақты саны көп болған. Соларды кезең кезеңге бөліп қарағанда 1750-1850 жылдар Маңғыстаудың ойын ескермегенде тек Үстірт, Жем, Сағыз, Көкжар бойының өзінде теңдесі жоқ тоғыз ас берілгенге ұқсайды. Олай деп бөле-жара қараудың басты себебі, әлгі астардың әрқайсысында 750-ден 1000-ға дейін үй тігіліп, күллі Кіші жүз өңіріне сауын айтылған. Атап айтқанда Жем бойындағы Ақкиізтоғай түлейінде 1756 жылы Жаңайұлы Қожаназарға арналып берілген асты әлі күнге алдияр қарттар ұмытпайды. Қожаназардың жеті баласы болған екен. Аталмыш асты ортаншы ұлы Таған басқарып, оған Кіші жүз ханы Нұралы да шақырылады. Бір ерекшелігі – хан күймесі тоқтаған жерден ол демалатын үйге дейінгі аралық, киіз үйдің іші-сырты, көлеңкелеріне де ақ киіз төселіп, жабылған. Асқа бір мың ағаш үй тігіліп, 2 мың қой сойылған. Бес жүз ат шапқан аламан бәйгенің бас жүлдесі — жүз жылқы болса, оны баласы Шонтының көк биесі иемденіпті. Кейіннен бұл түлей жоғардағыдай мол және бір өңді төсеніштің құрметіне есте қалып, Ақкиізтоғай аталып кеткен.

            Екіншісі – Оймауытта Мұңалдың Шоғы – Қарабасқа берілген ас. Ондағы аламан бәйгенің бас жүлдесіне 50 түйе, 250 қой тігіліп, байрақты Табын ағайындар иемденіпті деседі.

            Ал Қарақұмның Азнағұл деген жерінде Ақботаұлы Қозыбайға арналып берілген үшінші аста қанша мал сойылып, үй тігілгені, болмаса мүше үлестіріліп, байрақ берілгені дәл айтылмайды. Бірақ халық аузындағы

«Ауылдың ақсақалы бай Төлеген,

 Ауылы ерте көшіп, кеш жөнеген.

                                                  Ағасы Қозыбайға ас бергенде,

         Қонақты ет пен майға бес бөлеген»,-

деген өлең жолдарына қарағанда осал болмаған сынды. Ас берген баласы – Аман көрінеді.

            Төртінші ас – Байұлына қарасты елдің нақ ортасы деп Мұқырда Сүйінқара Үргешбайұлына арналып беріледі. Онда 900 үй тігіліп, үй басына малдан басқа бір-бір саба қымыз, шұбат үлестіріліп, оны батырдың ұлы Жалаңтөс Көтібар басқарғанға ұқсайды. Бас бәйгеге тігілген үш жүз қойды өз тумаласы Кенбайдың күрең аты алып, ол ошақ басына қалады.

            Матай Жамбозұлына арналып Сағыз бойындағы Терістаққанда берілген асқа Әлім мен Табын, Байұлы мен Жетіру баласы түгел шақырылып,шамамен 900 үй тігілген. Хорезмнен күріш пен өрік, басқа да көзі аз дәмдер алдырылып, үй басына бір шелектен үлестірілген, қозы қарын сары май тартылған. Бас бәйгеге бір өңді 50 айыр түйе тігіледі де оны Матайдың кәрі әкесі Боққарамен құда Кете Әжібайдың ала аты иемденеді. Бәйге сый ошақ басында қалады.

            Барақ Дөң баласына берілген астың да өз ерекшеліктері бар. Өйткені Барақ кезінде әлді адам болып, бірақ кейіннен малы жұтқа ұшырағанда бар болғаны үш мың жылқысы қалыпты. Олардың түсі өңкей көкала екен. Бәйгеге екі жүз жылқы тігіліп, байрақты інісі Райдың Қырқарту деп аталатын аты иемденіпті. Ат сол кезде 17 жаста екен. Жасынан тентектеу өскен Рай ағайындарының айтқанына көнбей алты көштік бәйге төрінің ортасынан үй тіктіріп, бәйге атын күтіп алады. Бұл кезде Қырқарту өзге бір сәйгүлікпен үзеңгі қағыстырып, әбден болдырып келеді екен, Рай оздырам деп ат қосып, жетектейді. Сөйтіп, мәрені де алғаш боп кеседі. Амал не, әбден қарттығы жеткен сәйгүлік сол жерде өкпесі өшіп, жантәсілім болыпты.

Бұдан әрі Сағыз бойында тағы да екі ас беріледі. Оның бірі Наршөккенде Бекболат Құдайбергенұлына арналса, екіншісі Қайнарда Тастемір Назар баласына беріледі. Артында 16 ұл өрбіген Бекболат асында әр бес үйге қонақасыдан басқа бір-бірден ту бие үлестіріліп, бәйгені Жарыпшыққан бойындағы Ысық ағайындар иемденген. Ал Тастемірге арналған екінші аста бір мың киіз үй тігіліп, сойыстық үстіне үй басына бір пұт ақ ұн, бір қозы қарын сары май берілген. Інісі Шотан батырдың шұбар аты бәйгеге тігілген 100 түйені иемденіп, байрақ ошақ басынан аспаған.

Тоғызыншы ас – Шаңқалада атақты шешен Сейіт Есенұлына арналып берілген.

1850-1900 жылдар аралығында аталған өңірде ұзын саны 500-300 үй тігіліп, 12 ас берілген. Солардың біразы Сағыз бойында аталып өткен. Аққұдықта Боран Есенгелдіұлына арналып берілген ас бәрінен де ірісі деп есептеледі. Онда бас бәйгеге 500 сом күміс ақша, бір ат, бір нар тігілген жүлдені Жаңайдың әйгілі атбегісі Барахаттың (біреулер Фархат деп те атайды) көк байталы иемденеді. Осы аста Боранның інісі Төлек Барахатқа

«Ас қайда Барахатқа той болмаса,

Торы аттай жүз қойға алған сый болмаса.

Бәйге алу кез-келгенге қиын сауда,

Қорада мыңнан-мыңнан қой болмаса»,- деп ғайбаттайды. Бірақ Барахаттың көк байталы мәре сызығын бірінші боп кескенде, Төлек жалған айтқан тілімнің айыбы деп астындағы құла қасқа атын күміс ер- тұрманымен Барахатқа мінгізіпті деседі.

Қайнар бойында Досжан Қыдыршаұлына берілген астың да айтар сыры мол. Досжан баласы Есіркеп арқа бойына көше бермей Үстірттің ойын қоныс еткен байырғы түтіннің бірі болса керек. Бірақ әкесіне ас беру ниетінде Кіші жүздің кіндігі — Сағыз бойына барғанды жөн көреді. Бірақ асқа сауын айту бар болғаны бір ай бұрын хабарланса да бәйгеге тігілген байрақ та, қатысқан халық та мол болса керек. Қайнар бойында сол мекен әлі күнге «Досжан ошақ» деп аталатын көрінеді.

Ал Қосай ауылының Жем бойында адайлар арасында аты қалған атақты бай Жұбан Еламанұлына берген асында (осы күнгі мемлекет қарауындағы Жұбан тамы дәл сол кезде салынған) 400 үй тігіліп, аламан бәйгенің жүлдегеріне 50 жылқы байланған. Байрақты Кете Дауылбайдың аты алған. Ал осы Жем бойындағы Сарниязда Қаржау ауылының Қуандық Амандықұлына, Қайнарда Есен Бозайұлына, Қарақұмдағы Азнағұлда, Жолболды Қонысбайұлына берілген астарды айтар болсақ, бұлардың да есте қалар ерекшеліктері болған. Әсіресе аламан бәйгеге 200 сек байланған соңғы рәсімде бұған дейін сөз еткен Сүйінғараұлы Көтібардың торы аты басқа аттардан оқ бойы бұрын келіп, қарақшыны бір айналды дейді. Сонда көрермен қауым “Мыны атқа бүгін қанат біткен шығар, не деген пырақ еді” деп жағаларын ұстапты. Мұндай астар өткен уақытта Жем, Сағыз, Мұқыр бойында көп берілген.

Ас берудің XX ғасырдан бергі кезеңін 1927 жылға дейін Маңғыстаудың құйма құлақ қариясы Алшын Меңдәлиевтің Қазақ ССР Ғылым академиясына берген деректеріне орай ұзын саны сегіз деуге болады. Алшын атамыз олардың бәрін де көзбен көрген. Алғашқысы – Жем бойындағы Сарнияз деген жерде Мәтекке берілген ас. Онда әр үйге тамақ үлестіріліп, мал сойылып қойған кезде “Ақмешіттегі Саламат қажы қайтыс болады. Ертең намазы” деген хабармен қонақтардың бәрі де сыпырылып, орындырынан тұра-тұра кете барады. Содан арада екі күн өткенде әлгілер қайта оралады. Тағы да әр үйге дәм-тұз, шай-секер үлестіріліп, мал сойылады. Бәйге болып, жүлдеге тігілген 500 күміс ақша мен 20 қама жаға торы байталы озып келген Жаңайұлы Әлінің қанжығасында кетеді. Ал палуандар белдесуінде Мәмбет Сүгірұлының беделі үстем болып, бір нар мен шекпендік кездемені меншіктейді.

1918 жылдың күзінде арасына ай салып Қайнар мен Қоңыраулыда екі ас өтеді. Бірі Әмір Қыдырұлына, екіншісі Оразалы қажыға арналады. 600-ден үй тігілген бұл астардың соңғысында бас бәйге – 25 мың сом Керенский ақшасы, немесе 50 жылқы, бір нар болып белгіленеді.

1922-1924 жылдары аралығында Қоңыраулыда Жұбанның Шамына, Шұқыркөлде Қошанға, Жемнің Бөрлағында Боқышқа арнап, үш ас беріледі. Олардың әрқайсысында 300, 500, 800-ден үй тігіліп, аламан бәйгенің жүлдесіне 30-50 жылқыдан беріледі.

Боқышқа арналған ас өлкеміздегі ең ірі және ең соңғы ас деп есептеледі. Мұнда бас бәйгені Қотырбастың қортық аты алып кетсе, екіншісін — Боқыштың жирен аты, үшінші, төртінші орындарды Мықтыбайдың кері аты мен Әбдірдің шабдары иемденеді.

Бұл айтылғандар соңғы екі жарым ғасыр ішінде өлкемізге, яғни Атырау өңірінде берілген астардың ең ірілері. Дегенмен сонау ноғайлы заманынан табан аудармай өрісі мен өркенін өзгертпей отырған 25 рулы ұлтанды аймақта бұлардан басқа да ауыз толтырып айтарлық асқан ірі, мазмұнды астар болуы ықтимал. Өйткені біздің байқауымызда қай қария ас туралы айтпасын тек өз руы, өңіріне қатысты көрген-білгендерін ғана сөз етеді. Ал мұндайда өзге жердегі өнегелі астар әңгіме болмай, тіпті ұмытылып қалуы да ықтимал.

Расын айтсақ, біздің жоғарыда келтіргендеріміз өз өлкемізге қатысты болған соң түрлі тарихи құжаттар мен баспасөз материалдары, қариялар аузынан естіп, көріп, жинақтағанымыз. Осындайда өз ортамызда сол астарды, әрине, қазіргі емес, сонау халықтық дәстүрдің қаймағы бұзылмаған 1920-1925 жылдардағы астарды көргендер бар ма екен, болса кімдер, қайда деген сұрақтар туады.

Әрине, уақыттың өзі біраз болды. Кеңестік қыспаққа дейінгі соңғы асты көргендердің өзі де тоқсаннан асып, жүзге жетті. Ал, ондай жаны сірі, құйма құлақты өз арамыздан таба қою да қиын. Бірақ күні кеше ғана арамыздан өткен Атырау қаласының тұрғыны Исләмғали Кереев сондай жан еді. Ол Тайсойған құмының түстігіндегі Саркөлде дүниеге келген. Көрген-білгені мол, жастай билікке араласып, ат арқасында жүрген айтулы тұлға-тын.

– Мен, — дейтін ол, сол бір тоқсаныншы жылдары (XX ғасыр) – өзім өскен Тайсойған мен Саркөлдегі талай жиын-той, ас берулерге қатыстым. Бірақ есім білгелі мың үй тігіліп, жүздеп қой айдаған, уыстап теңге үлестірген ас беруді көргенім жоқ. Шамасы бәрі де заманның шарғасы, уақыттың билігіне сай көсілсе керек. Әйтседе Саркөлде – Ораз, Әлжан, Тайсойғанда — Бисен деген ірі байларға ас берілді. Шамамен 40-50, тіпті жүз шамалы үй тігілді. Оларда түске дейін ат шабыс, палуандар күресі, алтын қабақ ату, тағысын тағы ойындар өтеді де, түстен соң қонақасы беріледі. Сол күні бәрі де бітіп кетеді. Өз басым екі-үш күнге созылған ас беруді көргенім жоқ.

Міне, бұл өлкемізде өткен соңғы астарды көрген қарияның сөзі. Оның кейбірімен өзіміз де сөйлестік. Дегенмен сөз басында айтқанымыздай бұл күнде ас берудің түрі мен мәні өзгерді. Бұрындары ас көбіне-көп өлген адамның бір жылдығына арналып берілсе, бұл күнде ол жеке отбасының азаматының өлгеніне бес, он, ал мемлекеттік деңгейде 100, 125, 150 жылдығына, тағысын-тағысына арналып беріліп жүр. Мұнда да ат шабыс, атан жарыс, спорттық ойын, басқа да уақыт ағымындағы мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Көшелерге есімдері беріліп, тұрған үйлеріне тақталар орнатылады. Соған қарап бұл сынды қастерлі ата дәстүрі әлі өгейсіген емес, есімізде, жадымызда деп айтуға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *