Дәрістің мақсаты: Француз романтизмінің қалыптасып, дамуы жайында жан-жақты мағлұмат беру.
Тірек сөздер: консульдік, бірінші империя, Наполеон империясы, романтикалық эстетика, июль монархиясы,
Дәрістің жоспары:
1. Франциядағы тарихи оқиғалардың романтизмге әсері.
2. Француз романтизмінің қалыптасу кезеңдері.
3. Француз романтизмінің алғашқы қарлығаштары.
4. Француз романтизмінің әлем әдебиетіне жасаған ықпалы.
Француз романтизмі ХVІІІ ғасырдың соңында болған буржуазиялық революцияға байланысты елдегі саяси күрестердің аясында туындады. Романтизм өкілдерінің қоғамдық өзгерістерге деген көзқарастары әр қилы болды. Біреулер өткен дворяндық қоғамды аңсаса, біреулері жаңа өзгерістерге барынша ықыластарын танытты. Романтикалық идеялардың өркен жаюы Францияда әсіресе XIX ғасырдың алғашқы 30 жылдығымен сәйкес келеді.
Зерттеушілердің дәуірлеуі бойынша: Француз романтизмінің бірінші кезеңі Консульдік және бірінші империя (шамасы 1801-1815 жылдар) тұсында қалыптасты. Бұл уақытта романтикалық эстетика жаңа қалыптасып, оған жаңа ағымның алғашқы өкілдері: Шотобриан, Жермен де Сталь, Бенжамен Констан сынды жазушылар енді.
Екінші кезеңі елдегі Қайта құру науқаны (1815-1830) тұсында басталды. Францияда Наполеон империясы күйреп, шетел интервенттерімен бірге ел билеу ісіне бұрын тақтан қуылған Бурбон корольдығының мұрагерлері қайта оралды. Осы кезеңде романтикалық мектептер түбегейлі орнығып, романтизмнің басты эстетикалық заңдылықтары пайда болған еді. Әсіресе әдебиетте түрлі романтикалық жанрлар: лирика, драма, тарихи романдар бұрын соңды болмаған қарқынмен жаңа бағытта көрініс тапты. Осы тұрғыда ірі жазушы-романтиктер Ламартин, Виньи, Нерваль, Гюголардың шығармашылық әлемін алуға болады.
Үшінші кезең – Июль монархиясы (1830-1848) жылдарына сәйкес келеді. Бұл кезеңде буржуазиялық үстемдік толық орнаған болатын. Көп ұзамай бірінші республикалық көтеріліс, Леон, Париж қалаларында алғашқы жұмысшылар қозғалысы бой көтеріп, утопиялық социализм идеялары тарай бастайды. Осы уақытта Виктор Гюго мен Жорж Санд секілді белгілі халықшыл романтиктердің алдында жаңа қоғамдық-әлеуметтік сұрақтар туындады. Сол сияқты өздерінің реалистік көзқарастарын таныта бастаған Стендаль, Бальзак сынды жазушылар соны жанр – әлеуметтік романтикалық романдарға қалам тартқан болатын.
Жалпы француз мәдениеті, соның ішінде француз әдебиеті 1789-1794 жылдар аралығын қамтыған ұлы әлеуметтік-саяси төңкеріс – Француз революциясының ықпалы негізінде қалыптасты. Бұл мәселе ХIX ғасырда да маңызды болып қала берді. Тіпті революцияның қарсыластарының өздері де оның тарихи заңдылығы туралы оң көзқараста болды. Көп жылдар бойы эммиграцияда болған Франсуа Рене де Шатобриан өзінің алғашқы шығармасын «Өткен және бүгінгі революциялардың тарихи, саяси, моральдық тәжірибелерінің Француз революциясымен байланыста қарастырылуы» (1797) деп атай келе, ескі режимнің күйреп, құлауын заңдылыққа балап, оның жаңаша қалпына келуін үміт етті. Ал, Шарль Нодье (1780-1844) өзінің «Қуғындағылар» (“Изгнанни-ки”) атты повесінде революцияның қоғам өміріндегі тарихи ролін аша отырып: «Бұл – келешек ұрпақ үшін үлкен мектеп болады»,-деп атап көрсетті. Осы арқылы олар өз замандастарының сол уақыттағы дүниетанымын аңғартқандай болды.
Тарихи процестер аясындағы адамның ролін тарихи тұрғыдан пайымдау өзгерді. Мысалы, Шатобриан, тарихи қоғамның прогресивті түрде дамуын жоққа шығарып, оны «еш мағынасыз оқиғалардың иірімдері» деп атады. Беранже бұған қарсы пікірді ұстанып бақты. «Франция үлкен саяси мәні бар орасан зор қоғамдық революция жасап, әлем жұртшылығына дамудың жаңа жолын ашты»- деп жазды.
Жалпы осы кезеңдердегі француз романтиктері қоғамда болып жатқан оқиғалардың заңдылықтарын ашып суреттеумен қатар, адамзаттың прогресивті алға жылжуында жеке тұлғаның беделді рөлін нақты көрсетуге тырысты.
Сонымен, Француз романтикалық әдебиетін шартты түрде мынадай кезеңдерге бөліп қарастырамыз:
1) 1801-1815 ж.ж., Консульдік және бірінші империя тұсында;
2) 1815-1830 ж.ж., Қайта құру науқаны кезеңі;
3) 1830-1848 ж.ж., Июль монорхиясы кезеңіндегі әдебиет.