Француз романтизмінің алғашқы кезеңінің ірі тұлғасы ретінде – Франсуа Рене де Шатобриан (1768-1848) аталады. Пушкин «француз жазушыларының жаңа өкілдерінің алды, барлық жазғыш ұрпақтың ұстазы» деп бағалаған тұлғаның француз романтикалық әдебиетіндегі орны айрықша.
Бретондық ақсүйектер отбасынан шыққан Франсуа аристрократиялық ортада тәрбиеленеді. Жасынан ағартушылық идеяларға бой ұрған ол, Парижге әскери мәнсап қуу ниетімен келеді. Бірақ сарай мен шіркеу ішіндегі жемқорлыққа төзбей, оларға қарсы пиғылы туындайды. Көңілін жайлау үшін, Жан Жак Руссоның шығармаларын оқып, қарапайым адам мен табиғат заңдылықтары туралы шығармалар жазуға бет бұрады.
Шатобриан сол кезде Францияда басталған революцияны қабылдамай, географиялық экспедициямен бірге Америкаға кетіп қалады. 1792 ж. Америка сапарынан еліне қайтып оралғаннан соң, мұндағы контреволюциялық қозғалысқа ат салысып, қолбасшы Конденің әскеріне де қосылады. Содан соң Англияға қоныс аударып, онда сегіз жылдай тұрақтайды. 1797 жылы Англияда жүріп Шотобриан эмигранттар арасында өзінің есімін танытқан «Революциялар туралы тәжірибе» («Опыт о революциях») атты белгілі шығармасын жазды. Автор аталған еңбегінде Францияда жуырда болып өткен революцияға деген үзілді-кесілді қарсылығын білдіреді.
Көп ұзамай француз романтикалық эстетикасының әліппесіндей болған «Христиандық данышпан» («Гений христианства») /1802/ атты философиялық трактатын жарыққа шығарды. Бұл шығармасында Шатобриан ағартушылардың көпшілігі қарсы болған христиан дінінің мәртебесіне оң көзқарасын білдіре отырып, жекелеген өзіндік ойларын да келтіреді. Ол: «Христиан діні – мәдениетімізді өркендетіп, байытты. Сондай-ақ, жан мен тәннің драматизмге толы жаңа күресін ашты», – деген тұжырым жасай келе, мәдениетті – «христианға дейін» және «христиандық» деп екіге бөліп, оның адамзат тарихымен бірге дамып, өзгеріп отыратындығын айтты.
Францияға қайта келгеннен соң Шатобриан саяси істерге жиі араласып, өзінің эгоцентристік көзқарастарымен көрініп қалып жүрді. Соған байланысты Бурбондықтармен ара қатынасы бұзылады. «Христиандық данышпан» шығармасындағы кейбір көзқарастары үшін шіркеумен де қарым-қатынасы керісінше өзгеріп, жазушы өмірі қуғынға, ауыртпашылыққа тап болады.
Шатобрианның атымен жаңа әдеби жанр – романтикалық тәубешілік (сырласу) романдардың қалыптасуы байланыстырылады. Лирикалық монолог арқылы кейіпкердің тәубесіне келуін бейнелейтін шығармаларда, автор тарапынан сыртқы әлем шартты түрде ғана алынады. Басты тұғыры, орталық кейіпкердің қиындық пен қайшылықтарға толы ішкі жан дүниесін ой елегінен өткізіп, аша білуінде. Бұл романдардан автордың өзіндік «мені» де айқын көрінетіндігі соншалықты, тіпті кей кездері шығарма кейіпкерлерімен астасып та кеткендей болады. Замандастары ойдан алынған оқиғалар сюжетінен өмірбаяндық элементтерді кездестірсе, ал кейіпкерлерден – нақты өмірдегі адамдарды аңғарған. Содан барып «кілтті роман» термині пайда болды.
Осындай бағытта жазылып, Шатобрианның атын әдеби әлемге танытқан шағын екі повесі «Атала» /1801/ мен «Рене» /1805/ оқиғалары америкалық үндістер өмірінен алынған.
«Атала» туындысында автор француз әдебиетіне ұмыт болған антикалық лепті әкелуге талпыныс жасайды. Повестке жазған түсініктемесінде: «Француз әдебиетіне антикалық әлемді жақындатқым келді», – дейді. Құрылымы жағынан алғанда «Аталада» көнеректік рапсодтардың формасы қолданылған. Бұл дегеніміз, мәтінді пролог, әңгіме, эпилогқа ажырату және әңгімені тарауларға бөлу болатын. Шатобриан осы шығармасын Америкаға барар сапары алдында жазбақшы болғанын айтады. Алайда, оның бұл ойы, Америка елді мекендерінің бай табиғаты мен байырғы тұрғындары – үндістердің әдет-ғұрыпы, салт-дәстүрімен жете танысқанынан соң ғана жүзеге асты.
Повестегі басты мотив – махаббат жайындағы әңгіме. Кейіпкердің әңгімесі. Бұл – туыстық қарым-қатынастарға, ежелден қалыптасқан дәстүрге, жазадан қорқуға қарсы тұрған махаббат хикаясы. Басты кейіпкерлер Шактас пен жауласқан көрші тайпа көсемінің қызы Аталаның қысқа ғана бақытына «үшінші кейіпкер» болып табиғат араласады. Табиғат өзінің әр түрлі құбылыстары арқылы оларға деген сенімін, көмегін, тіпті ренішін білдереді. Табиғаттың тамаша бейнесі кейіпкерлердің көңіл-күйімен бірге тыныстап, махаббат сырын шерткендей болады. Алайда бұл сәт ұзаққа бармай, христиандық заңға қайшы болғандықтан Шактаспен мүлдем тұрмыс құра алмайтындығын білген Атала, өз-өзіне қол жұмсайды.
«Атала» повесті өз оқырмандарына кереметтей әсер сыйлады. Себебі, шығармада америкалық әсем табиғат пен жергілікті жұмбақ халықтардың тұрмыс-тіршілігі айрықша бояумен суреттелген. Осыған орай Шатобриан француз әдебиетіне мүлдем жаңа материал – экзотиканы енгізді. Бұл кейінен романтизм мәдениетінде қомақты орын алған құбылыс болды.
«Рене» – Франсуаның екінші повесі. 1805 жылы жарық көрген бұл туындысы бастапқыда замандастары тарапынан қолдау таппады. Өмірден әбден түңілген басты кейіпкер Рене де өз басынан кешкен оқиғаларын еш бүкпесіз ортаға жайып салады. Бұл туындыда да кейіпкер экзотикалық табиғат аясында, ағаш түбінде отырып соқыр, әбден қартайған Шактас пен миссионер Суэлге өз өмірінен сыр шертеді.
Байырғы дворяндық жанұяның кенжесі Рене әкесі қайтыс болғаннан соң «қайнаған өмір» ортасына күмп береді. Алайда, адамзат әлемінің тұрақсыздығы мен баянсыздығының жапа шегіп, өкінішпен бар ғұмырын өткізеді. Өмірге деген құштарлығынан айрылып, дел-сал күйді басынан кешіреді. Өйткені шығарма кейіпкерлерінің арасындағы қарым-қатынастарға бұл ортадан мүлдем орын жоқ болатын. Ол өмірдегі жанына жақынның барлығынан айрылған еді.
Жалпы Шатобрианның бұл туындысы алғашында өз бағасын алмағанымен, кейіннен оның барлық шығармаларынан асып түсіп, оқырман қауымның рухани байлығына айналды.
Жазушының сондай-ақ, 1809 жылы «Азаптағылар» («Мученики») прозалық эпопеясы, 1810 жылы «Абенсеррахтардың ақырғы тарихы» («История последнего из Абенсеррахов») повесі, 1811 жылы «Парижден Иерусалимге саяхат» (Путишествие из Парижа в Иерусалим») туындысы жарық көрді.
1830 жылғы революциядан соң Англияға қоныс аударған Шатобриан жазуын жалғастырады. Оның өмірлік мемуарлары қайтыс болғаннан кейін ғана, 1849-50 жылдары журналдарға басылды.
Шатобриан өзінің дүниге деген күрделі көзқарасы туралы 1826 жыл меммуарында былай деп жазады: “Ақсүйек және жазушы, мен ой-сананың ұйғарымымен роялистпін, ар-намысыма байланысты бурбонист және тәбетім бойынша республикандық-пын”. Бұдан шығатын қорытынды: Шатобриан алғашқылардың бірі болып XVIIІ ғасырдың соңы мен XIX ғасыр басындағы дүрбелең дәуірдегі тарихи кикілжіңдерге душар болған адамның ішкі жан дүниесін шебер аша білуінде. Ол осындай ерекшеліктерімен әлем әдебиетінің тарихындағы талантты жазушы, шебер суретші болып қала бермек.
Шатобрианның шығармашылығы кейінгі замандастарына да үлгі-өнеге болып, зор ықпалын тигізді. Жас Бальзак пен бозбала Гюго кезінде өздеріне рухани ұстаз санап, Гюго тіпті өз күнделігіне: «Шатобриан болғым келеді – немесе ештеме!», — деп жазған екен.