Сөйлеу мәдениеті

 

Ашимова Қымбат Төлебайқызы

Көкшетау гуманитарлы-техникалық колледжі

Қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы

Сөйлеу мәдениеті өспейінше жоғары

ақыл мәдениетіне жетуге болмайды.

Теплов Б.

Тіл – жанды құбылыс. Тіл мәдениеті дегеніміз – бір қарағанда, тілдік норманы сақтап сөйлеу, дұрыс жазу деген түсінік. Алайда бұл ұғым-түсінікке дәл өз мағынасында тереңірек ой жіберсек, сөздік қоры дамыған оралымды, бай тілдің ұлт мәртебесін асқақтатып, халқына қызмет ету үшін қарапайым сөйлеу тілінен бастап, сан түрлі бояуға қаныққан тілге айналуы сатысында соншалықты қиын қалыптасу кезеңі жатыр.

Тіл мәдениетіне барар жолдың бастауы – сөйлей білу. Тіл адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады. Тілдік қатынас – адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсінісу, айту, пікірлесу, т.б. әрекетіне тікелей қатысты құбылыс.

Ойдың тілі – сөз. Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойларымызды сыртқа білдіре аламыз. Сөзді қабылдау және оны ұғыну бір-бірімен тығыз байланысты. Адам баласының сана-сезімінің дамуында дыбысты тілдің пайда болуының маңызы зор болды.

Сөйлеу – адам санасының басты белгісі. Тіл, сөйлеу ежелден бері жеке адамның, қоғамның ой-санасын дамытып, жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Сөз ойлы да мәнерлі болуы тиіс. Әйтпесе, ол көздеген мақсатына жете алмайды. Халқымыз мәнді сөйлейтіндерді «сөзі мірдің оғындай екен» деп дәріптейді. Ал Ж. Баласағұн  «ақыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деп тауып айтқан

… Көне замандағы мәдениет ошақтарының бірі – шумерлердің тас табақтарына былай деп жазылған екен: «…аузыңа абай бол, көкейдегі ойды айтуға асықпа, ойланбай сөйлесең, опық жейсің…», ал мексика халықтарында «сөйлегенде сабыр сақтаған жөн, асығып-аптықпа, қызбаланба, дауысыңды көтерме, сөзің орынды да ұрымтал болсын» десе, үнді заңында «қандай бір қиын жағдайда да балағат сөзге тыйым салынады, көкейге қонымды, көңілге ұнамды сөздер ғана айтылсын» делінген. Бұл адамның сөйлеу тілінің адам өміріндегі маңызын, жөнімен сөйлей білудің қажет екенін, сөздің құдіретін мойындаудан туған жауапкершілік

Тіл дедік, сөйлеу дедік, ал  енді сөйлеу әдебі дегеніміз не?

Сөйлеу әдебі ағыл. speech etiquette – Тіл практикасының ұлттық, өзіндік ерекшеліктерге ие қағидалары; бұл ережелер әңгімелесушімен «сыпайы, биязы» байланыс жасауға (байланысты орнату, оны қолдап отыру, байланысты тоқтату) қоғам тарапынан бекітілген қалыпты нысандар мен тілдік бірліктер жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сөйлеу әдебінің жағдаяттары ретінде назар аудару және назарды өзіне аудару, амандасу, танысу, шақыру, өтініш, кеңес беру, ұсыныс жасау, келісу, қарсы болу, кешірім сұрау, көңіл айту, қошемет сөз айту, құттықтау, қоштасу және т.б. түрлерді атауға болады.

Адамның мәдени тұлға ретіндегі табиғатын зерттеуші ғалымдар, адамның мәдениеттілігі мен адамның қасиетін түсіндіру үшін сол адамның өскен, өнген, тәрбиеленген ортасында алған тәлім-тәрбиесі негіз болатындығын айтады. Адам – қоғам өкілі, белгілі бір ортаның саналы тұлғасы. Қоғамдық қарым-қатынастың ішінде адамның түрлі субъекті не объектімен қарым-қатынасында тілдің орны әрдайым басты рөлде болады. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста сыпайылық, кішіпейілділік пен адамгершілік қасиеттер тіл арқылы көрініс табады. Сөйлеуші жақтың тыңдаушыға деген құрмет-қадірінің қаншалықты дәрежеде екені де сөз жұмсалым арқылы беріледі. «Тіл барлық заттар мен құбылыстарды, т.б. таным белгілерді ұғынуға көмектеседі. Адамның рухы мен ішкі эмоциясын, сондай-ақ, адамдық қарым-қатынастан туған адами сыпайылықты да айқын көрсетеді».

Сыпайылық ағыл. politeness – әңгімеге қатысушылардың Тілдік практикасының көрінісі; бір-біріне құрмет көрсетудің әдістері; мыс., Сен-Сіз есімдіктерін, әңгімеге қатысушының лауазымын, атағын (мыс., доктор, профессор), қазіргі кезде сөйлеу этикетінің (әдебінің) мәдениетін көрсететін ханым, мырза сөздерін, әңгімеге қатысушының өз ісіне, кәсібіне қосқан үлесін көрсететін (мыс., әдебиеттің ақсақалы) шынайы қошемет сөздер мен сөз тіркестерін әңгіме барысында қосып отыру сыпайылықтың белгісі болып саналады.

Сөйлеу әдебі қарым-қатынаста, қоғамдық орындарда, жалпы өз елімізде  сирек сақталады. Көптеген студенттер ойын жеткізе алмай қысылғанда аузыма сөз түспей тұр, тілімнің ұшында тұр, көкірегімде бәрі сайрап тұр, айтуға тілім жетпей тұр деп мүсәпірлікке ұрынады.

Сондықтан да бірінші мәселе: сөйлеу әдебін қалыптастыратын  сөйлеу сапаларын әрдайым ескеру қажет. Сөйлеудің сапаларына кіретіндер: мінсіздігі, тазалығы, байлығы, дәлдігі, қисындылығы, мәнерлілігі, бейнелілігі, әсерлілігі, орындылығы, түсініктілігі.

Студент тілінде болатын кемшіліктердің себептері:

1.    Ортаның әсері;

а) студенттің сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етеді

ә) көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл)

2.    Сөйлеу дағдыларының жоқтығы  (оқу орнының тіл дамытуға немқұрайлы қарауы);

3.    Жекелеген студент тіліндегі кемшілік (сақаулық, быдықтық, мыңғылдық т.б.)

«Сөйлей білу – өнер». Бұл өнерді қажымай-талмай, үздіксіз, жан-жақты ізденіп, өзін-өзі баптап, машықтану арқылы игеруге болады.

Әрбір тұлға қоғамда белгілі бір орынды иемденеді және нақты міндеттерді атқарады, ол үшін соған сәйкес оның құқықтары мен міндеттері, яғни белгілі бір әлеуметтік мәртебесі болады. Әлеуметтік мәртебе адамның үлкен әлеуметтік топтың өкілі ретінде (мамандық, тап, ұлт, жыныс, жас мөлшері, дін) қоғамдағы орны.

Әлеуметтік мәртебе ағыл. social status – құқықтарын, міндеттерін және мінез-құлықтың өзара алмасу кезегін (оның ішінде Тіл практикасы да) қамтитын, қоғамның әлеуметтік құрылымындағы жеке адамның орны, жағдайы.

Әлеуметтік мәртебе өз кезегінде адамның дүниеге келген сәтінен белгіленген, яғни субъектінен тәуелсіз, туғаннан сақталатын мәртебе: нәсілі, жынысы, ұлты және қол жеткен, яғни индивидтің өз күшімен жеткен мәртебесі болып бөлінеді. Кейде индивидтің аралас мәртебесі де болады. Ол жоғарыда аталған мәртебелердің екі белгісінен тұрады. Әдетте бір тұлғаның өзінде бірнеше мәртебе болады. Тұлға екі немесе одан да көп әлеуметтік топтардың, институттардың, қауымдастықтардың, ұйымдардың, т.б. субъектісі болып табылады. Мысалы, тұлға: еркек, әке, күйеу, бала, оқытушы, профессор, ғылым докторы, редколлегия мүшесі, т.б. Бір адам әртүрлі адамдарға қатынасына сәйкес қарама-қарсы мәртебені де иеленеді, айталық, тұлға өзінің балалары үшін – әке, ал өзінің анасы үшін ол – ұлы болады. Бірақ сол мәртебелердің бірі адамның қоғамдағы ахуалын анықтайтын негізгі, басты мәртебе болып саналады. Мұндай мәртебе көбіне-көп негізгі жұмыс орнындағы қызметпен байланысты болады. Мысалы, ер адам үшін негізгі жұмыс орнымен анықталады: банк директоры, заңгер, жұмысшы, ал әйел адам үшін – тұрғылықты жерімен   айқындалады. Бұдан да басқа нұсқалары болуы мүмкін. Бұл басты мәртебенің салыстырмалы екенін көрсетеді, оның жынысқа, нәсілге немесе мамандыққа байланысты емес екендігін анық көрсетеді.  Тағы да бір үлкен  ерекшелік – тұлғаның сөйлеу әдебімен байланысты. Яғни, тұлғаның  тілі, сөзі, сөйлеу әдебі оның  әлеуметтік мәртебесін анықтауда үлкен рөл атқарады.

Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас құралдарының ішіндегі өмірде кең қолданылатыны және аса маңыздысы – тіл. Сондықтан адамдар арасындағы қатынас мәдениеті туралы айта отырып, сөз мәдениетіне соқпай кету мүмкін емес.

Сөз мәдениеті, біріншіден, ауызекі тіл мәдениеті және жазба тіл мәдениеті болып екіге бөлінеді.

Ауызекі сөйлеу тілінің де жазба тілінің де бастау негізі – белгілі бір ұлттың дәстүрімен сабақтасқан жалпы халықтың тілі. Ауызекі сөйлесу кезінде жеке адамдар өзінің мінез – құлқын көрсетеді. Сондықтан да сөйлеу, сөйлесе білу өнер, мәдениеттіліктің белгісі. Тілдік норманың жүйесін толық сақтайтын жазба тіл. Соның ішінде жазба әдеби тіл. Жазба әдеби тіл – жазу арқылы бнлгілі жүйеге түскен жазу дәстүрі мен әр түрлі жазба әдебиетінің негізінде қалыптасқан, тұрақты нормалары, стильдік – жанрлық тармақтары бар тілдің түрі.

Екіншіден, сөз мәдениеті сөзді дұрыс қолдану (сөз дұрыстығы) және сөзді бедерлі жұмсау (сөз шеберлігі) деген екі сатыдан тұрады.

Сөз дұрыстығы қәзіргі әдеби тілдің жұртшылық таныған, үлгі түтқан нормасын ұстану дегенді білдірсе, сөз шеберлігі тек нормаға тән дұрыстықты ғана білдірмейді, сонымен қатар алуан түрлі тілдік амал-тәсілдерінің ішінен мағына, стильдік жағынан аса дәл, ұтымды түрін талғау дегенге негізделеді. Бұл жерде сөзге дұрыс не бұрыс деген баға берілмейді. Сөз “дәлірек”, “айқынырақ” деп бағаланады.

Тіл анық болмас, ой анық емес деген сөз. Тіл – ойдың айнасы. Тілдегі сауатсыздық – адамның жалпы сауатсыздығының, мәдениеті төмендігінің көрінісі, рухани байлығының әлсіздігі.

Сөз мәдениеті орыс. культура речи — әдеби тілдің ауызша түрлеріне тән нормаларын игеру, тілдік амал-тәсілдерді айтылатын ойдың мақсатына сай орнымен қолдана білу, сөйлеуде мәдениеттілік, әдептілік таныту. Сөз мәдениеті қазіргі әдеби тілдің жұртшылык таныған, үлгі тутқан нормаларын жеке адамдардың сақтауын талап етеді. Сөйлеуде диалектизмдерді, қарапайым, дөрекі сөздерді, варваризмдерді қолдану, орынсыз көп сөйлеу, бір пікірді қайталау беру, өзіне өзі сілтеме жасау, асқақтап сөйлеу, дене қимылдарын араластыра беру Сөз мәдениетіне жатпайды. Кірме сөздерді орынсыз жұмсай беру, сіреспе құрылымдарды қолдану Сөз мәдениетіне нұқсан келтіреді. Сөз мәдениеті сөйлеу әдебі деген ұғыммен ұштасып жатыр. Сөз мәдениеті теориясының дамуында лексикография, әсіресе нормативті түсіндірме сөздіктер, орфоэпиялық, орфографиялық, синонимдік т. б. арнаулы сөздіктер манызды орын алады. Қазақ тіліндегі Сөз мәдениетінің дамуына ауыз әдебиетінің өкілдері және Абай, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, т.б. шығармаларының ықпалы зор болды. Қазақ тіл білімінде Сөз мәдениетінің мәселелерін А. Байтұрсынұлы,М. Балақаев, Р. Сыздықова т. б. ғалымдар зерттеді. Кенестік орыс тіл білімінде Сөз мәдениетінің теориялық мәселелерін Л. В. Щерба, В. В. Виноградов, Г. О. Винокур, Р. И. Аванесов, С И. Ожегов, Ф. П. Филин т. б. зерттеді. Сөз дұрыстығы, байлығы, тазалығы, көрнекілігі –сөйлеу мәдениеті. Ал сөйлеу мәдениетінің ең жоғарғы сатысы – шешендік өнер.

Еліміз егемендік алып, көк байрағымыз көкте желбіреп, елтаңбамыз елдігімізді айқындап, әнұранымыз асқақ шырқалып, ел алдына мақсат қойып, бағытын айқындар жолды таңдап, жарқын болашаққа бет бұрған шақта ең басты назарда ұстағанымыз – ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, тілімізді биік тұғырдан көру, сөз мәдениетін, шешендік өнерімізді дамыту, бәсекеге қабілетті, сөйлеу мәдениеті жоғары ел болу екені баршамызға мәлім болды. Міне, егемендік алған 20 жыл ішінде еліміз межедегіден де артық іс тындырды. Бұл қазақ ұлтына ғана тән қасиет. Жетістігіміз ұшан – теңіз.
Жоғалтқанымызды қайта тауып, тілімізді дамытып ескімізді жаңарттық. Ұлтымыздың өзгеден ерекше қабілетті, дарынды, ынтымағы, бірлігі жарасып,
батыр, мықты ел екенін бүгінде әлем аренасына шығып тағы бір мәрте паш еттік. Бұл біз үшін зор қуаныш. Ал, осы өрлеу, өркендеу жылдары халқымыз, біз, кейінгі ұрпақ өз еншімізге ғана бұйырған баға жетпес ешбір елдің тіл байлығы тең түспес «сөз байлығымызды, саф алтын – сөз өнерімізді, шешендік өнерімізді» дамытуға қаншалықты ат салысып, қандай үлес қостық,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *