Самюэль Колридж (1772-1834)

СаКөлдік мектептің тағы бір көрнекті өкілі – Самюэль Тейлор Колриджді В.Скотт «үндестікті қалыптастырушы» деп атаған. Колридж 1772 жылы Оттериде (Девоншир) провинциялық дін қызметкері жанұясында дүниеге келген. Мектеп жасында (1782-1791) ол философияны көп оқып, Вольтердің, Дарвиннің, Платонның, Плотиннің, Ямвлихтің туындыларымен танысты. Ерекше сезімтал және тумысынан тік мінезді ол, үлкен рухани байлықтың иесі болған.

Француз революциясын Колридж «Бастилияның күйреуі» («Разрушение Бастилии») /1789/ атты өлеңімен қарсы алады, он жеті жасар ақын «қуанышты бостандықты» шаттана жырлайды.

1793 жылы Колридж Р.Саутимен кездесіп, оны өзінің ғажайып жоспарларымен еліктіреді. Олар бірге Америкаға кетіп, ешқандай билікке бағынбайтын, еркін еңбекшілер мен ойшыл-гуманистерден құралған ерекше бір қауым құруды қиялдайды. Ақынның тұрмыстық-утопиялық ойларға бой ұруы – оның «Пантисократия» /1794/ және «Америкада пантисократияны орнатудың болашағы» («О перспективе пантисократии в Америке») /1794/ атты өлеңдерінде айқын байқалады. Дегенмен, Америкаға баруға қаражаттары жетпегендіктен, олардың құрғақ қиялдан тұратын жоспарлары іске аспай қалып, Колридж қатты қапаланады. Оның Саутимен бірге жазған драмасы «Робеспьердің күйреуі» («Падение Робеспьера») /1794/. Ал өзінің келесі туындысы «Осорио» /1797/ трагедиясы Шиллердің «Қарақшылар»(«Разбойники) атты шығармасымен үндесіп жатыр.

1796 жылы Колридж Вордсвортпен танысады. Таныстықтан соңғы олардың шығармашылық одағы 1798 жылы «Лирикалық балладалар» атты жинақтарында тоғысып, көпшілікке танымал болды. Дегенмен, олардың бұл байланыстары көпке созылмай, Колридж Германияға кетіп, әдебиет пен философияны тереңдетіп оқумен шұғылданады. Отанына оралған соң Колридж Вордсвортқа көрші Кезуик деген жерге орналасады. Өзінің болашақтағы тағдырына үлкен әсері болған Сара Хитчисонмен сонда танысады. Кейіннен Сараға деген баянсыз махаббатын сезінген ол, оған өзінің ең бір жүректен тұнып шыққан әсерлі мұңды өлеңдерін арнайды. Азра – Сара Хитчисонның поэтикалық есімі. Бұл бейне Колридж өмірінің соңына дейін шындық пен сұлулықты шарық ұрып іздеп қиналған кездерінде де жадында болады.

1816 жылы Колридж Лондонға келіп, әдеби-сын және ағартушылық жұмыстарымен айналысады. Осында ол «Әдеби өмірбаян» («Литературная биография») /1817/, «Сивилла жапырақтары» («Листки Сивиллы») т.б. өлеңдерін жазып, философиядан, ағылшын поэзиясының тарихынан дәрістер оқыған.

Колридждің ерте кездегі өлеңдерінен «Чаттертонның өліміне байланысты монодияны» («Монодонию на смерть Чаттертона») /1790/ атап айтуға болады. Колридждің монодия (ежелгі гректер қолданған ән түрі) жанрын өз туындысында жаңғыртуға әсерін тигізуші ХҮІІІ ғ. өмір сүрген ағылшын ақынының трагедиялық көңіл-күйі мен хал-жағдайы.

«Оттер өзеніне сонет» («Сонет к реке Оттер») /1793/ өлеңінде балалық шақпен қоштасудың көңілді де мұңды жақтары көрінсе, «Женевьева» /1790/ өлеңінде шекспирлік қараторы әйел затының бейнесі сомдалады. Оның жас кезіндегі өлеңдерінен әсіресе сонеттері көңіл аударарлық. 1794-1795 жылдары Колридж көрнекті қайраткерлер Пристел, Шеридан, Годвин, Костюшколарға арнап бір талай сонеттер циклін жазған. Осы жылдары ол Англиядағы демократиялық қозғалыстың өкілдерімен жақындаса отырып, саяси көзқарасын нығайтты. Колридж қоғамдағы келеңсіз шындыққа сын көзімен қарап, өзінің демократияға ықылас-тілегін «Джеон Телуолуға» /1795/ атты өлеңінде анық білдірген. Сол себепті Колридж біршама уақыт полиция назарында жүріп, қамауға алына жаздайды.

Дегенмен, ақынның көңіл-күйіне байланысты оның туындылары да өзгеріп отырған. Мысалы 1794-1798 жылдары жазған туындылары, әсіресе «Өткен жылға арналған ода» («Ода к уходящему году») /1796/, «Діни толғамдар» («Религиозные размышления») /1794/, «Халық тағдыры» («Судьба народов») /1796/ атты өлеңдерінде писсимистік сарын басым.

Өмірдегі барлық зорлық-зомбылық атаулыға қарсы ақын жүрегі ағылшын әскерінің Ирландияда жүргізген жазалаушылық жорықтарын естігенде қатты толқып, қатыгездік пен үстемдікті қатты айыптайтын «От, Аштық және Кескілесу» («Огонь, Голод и Резня») /1798/ атты әскери эклогын жазады.

1797-1802 жылдар Колридж шығармашылығының жемісті кезеңі болды, Оның көпшілікке танылған көркем туындылары «Кәрі Теңізші жайлы баллада» («Баллада о Старом Мореходе») /1797/, «Кристабель»/1797/, «Кубла Хан» /1798/, «Франция» /1798/, «Уайым»(«Уныние») /1802/, «Любовь и старость» («Махаббат пен кәрілік» /1802/ т.б. осы кезеңде қалам ұшынан шықты. Колридждің бұл аралықтағы лирикалық және прозалық туындылары оның шығармашылық белсенділігінің артқанын, романтикалық көркем ойларының әбден орныққандығын аңғартады.

Колридждің романтикалық эстетикасының басты бағыты – қиял әлемін көркемдік тұрғыдан қолдана білу. Қиял «өмірлік күш» ретінде алынып, оның ойынша дүниені өзгерту құралы болып табылады.

Өзінің шығармашылық өмірінде Колридж романтикалық ойдың тікелей шыңына шығудың белгілі бір тәртібін бұзып, оны кез келген уақытта туындаған үзік поэтикалық ой, қиял, көркемдік интуициямен байланыстырады. Оның әлемге танымал поэмасы «Кәрі теңізші», аяқталмаған поэмасы «Кристабель», «Кубла Хан», т.б. осы тұрғыдағы туындылар. Бұл шығармаларының барлығы үзінді композияцияға құрылып, күрделі символикалар және елесті романтикалық образдармен өрнектелген.

«Кәрі теңізші» балладасы ортағасырлық туындылардың мақамында жазылған. Онда дін мәселесін – күнә мен оны өтеуді дәстүрлі баяндау арқылы көрсеткен. Кәрі теңізші «ақ ұлпа қардай Альбатросты» (қайырымдылықтың, адамгершіліктің, махаббаттың, пәк сезімнің символы) садағымен атып түсіреді. Ол құс бүкіл теңізшілерге алыс сапарларға жүзуде дұрыс жол сілтеген «сәттілік символы» іспетті болатын. Осы опасыз әрекетімен ол жақсылыққа жамандық жасайды. Өз жолдастарын қайғы-қасіретке бөлеп, жаппай өлімге душар етеді. Басқарусыз кеме теңіз бетінде алған бағытынан ауытқып кетеді. Желкендері дәрменсіз салбырап, кеме ағаштары тропикалық күннен жарылып, шіри бастайды. Ал, жападан жалғыз қалған кәрі теңізшінің қасынан Өлім және оның аса қорқынышты бейнедегі серігі – өмірдегі Өмір әуе кемесімен дәл қасынан жүзіп өтіп, күнінің санаулы екенін ескерткендей болады.

Кәрі теңізші тек шөлден, аштықтан және аптап ыстықтан ғана қиналмайды. Олардан басымырақ, жүрегін жегідей жұлып жеген – жан күйзелісінен қиналыс табады. Көпшілікпен санаспаған, өркөкірек, өзі білермендіктің салдарынан Теңізші жан күйзелісінің жазасын алып, жалғыздықтың азабын тартады. Сол себепті шығарманың 3-4 бөлімдерінің оқиға желісі «жалғыздықты» жырлаған.

Осы азаптан кәрі теңізші тәубәсінә келіп, теңіздің сұлулығына қызыға қарап, таңдана отырып, батасын жолдағаннан соң ғана, сиқыр күші сейіліп, кеме өз мекеніне жетеді. Теңізші соңынан өмір бойы ел кезіп жүріп, жұртқа өз басынан кешірген қателігі мен қасіретін қайталамауды ескертеді.

Колридждің осы іспеттес туындыларының басты идеясы, терең моральдық мәні мынада: ақын өз өлеңдерінде адам тағдырындағы француз революциясы, буржуазиялық бостандық әкелген жаңа трагедиялық құбылыстарды сергек түрде сезіне отырып, кейіпкердің көңіл-күйі, ішкі жан-дүниесі арқылы бере білуінде. Суреткердің ақындық шеберлігін оның замандастары аса жоғары бағалаған. В.Скотт ақынды жиі мысалға алып, оны «ұлы ақын» дей отырып, оның әсіресе махаббат лирикасын «ағылшын тілінде жазылғандардың ең кереметі, ең көркемі» екендігін атап айтады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *