РОМАНТИЗМНІҢ БАТЫС ЕУРОПА ЖӘНЕ АҚШ ӘДЕБИЕТІНДЕ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ

1. РОМАНТИЗМНІҢ БАТЫС ЕУРОПА ЖӘНЕ АҚШ ӘДЕБИЕТІНДЕ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ

Дәрістің мақсаты: Романтизмнің шығармашылық әдіс ретінде Батыс Еуропа және АҚШ әдебиетінде қалыптасу кезеңдермен таныстыру.
Тірек сөздер: Романтизм, реализм, қияли шындық, азаматтық әуен.

Дәрістің жоспары:
1. Романтизм – шығармашылық әдіс
2. Романтизмнің даму кезеңдері
3. Романтизм әдісіндегі шығармалардың басты идеясы
4. Романтикалық көркемдік жанрлардың дамуы

ХІХ ғасыр әлемдік мәдениеттің даму үрдісіне үлкен бетбұрыстар әкелді. Әсіресе, Еуропа, Америка елдеріндегі гумманистік және эстетикалық идеялардың қалыптасуымен белгілі. Он сегізінші ғасырдың соңы мен он тоғызыншы ғасырдың өн бойында бұл құрлықтар көптеген қоғамдық-саяси өзгерістердің куәсі болды.
Атап айтсақ, 1871 жылғы Париж коммунасы, 1789-1794 жылдардағы атақты француз революциясы, Англиядағы өндірістік төңкеріс, Америкадағы ұлт-азаттық соғыс, Наполеон басқыншылығы, т.б. оқиғалардың барша Батыс, Шығыс, Америка елдерінің тарихи-мәдени жаңғыруларына тигізген әсер-ықпалы өте зор.
Еуропадағы әдеби өрлеу көбіне француз революциясымен тығыз байланысты. Революция ең алдымен Франция және басқа елдердегі романтизм мен сыншыл реализмнің қалыптасып, дамуына негіз болды. Содан барып, ХІХ ғасырдың бастапқы кезеңінде осы елдердің бүкіл мәдени өміріндегі негізгі бағыт – романтизммен байланыстырылады. Дегенмен сол ғасырдың отызыншы жылдарында бұл ағым өз ықпалынан бірте-бірте айрылып, реализмге жол бере бастайды.
Әдебиет сонымен қатар сол кезеңдегі ұлт-азаттық, саяси күрестер мен наполеоншыл, Наполеонға қарсы соғыстарға байланысты оқиғалар төңірегінде өрбиді. Нақты келсек, Наполеонның атақты қолбасшы, саяси қайраткер ретіндегі жеке тұлғасы Пушкин, Лермонтов, Байрон, Гейне, Беранже, т.б. ақын-жазушылардың туындыларында сомдалды. Сондай-ақ Наполеон басқыншылығына қарсы азаттық қозғалыстарды насихаттайтын тақырыптағы неміс, ағылшын, орыс әдебиеті қарқынды дамыды.
Ғасыр басында Францияда Виньи, Ламартин, Гюго, Санд, т.б. романтикалық әдебиеттің жарқын беттерін ашса, 20-30 жылдары Мериме, Стендаль, Бальзактардың реалистік өмірді айқындайтын туындылары дүниеге келді. Ал Байрон, Шелли, Диккенс, Теккерей сынды суреткерлердің сыншыл реалистік туындылары Англия әдебиетін жаңа бір белеске көтерді. Германиядағы романтизм иендік мектептен бастау алып, Гофман, Шамиссолардың тамаша романтикалық туындыларымен жалғасын тауып жатты. Г.Гейне герман әдебиетіне реалистік бағыттың алғашқы соқпағын салды.
Әдебиет зерттеушілері ХІХ ғасырдағы Батыс Еуропа әдебиетінің даму тарихын шартты түрде екі кезеңге бөліп қарастырады:
1. 1789-1830 жылдар аралығы – романтизмнің қалыптасып дамуы;
2. 1830-1871 жылдар аралығы – реализмнің қалыптасып дамуы.
Алғашқы кезеңге келер болсақ, романтизм – (француздың roman деген сөзінен шыққан) – өз кезеңінде аталмыш елдердің рухани мәдениетінде, әдебиетте, философия, тарих, медицина, жаратылыстану ғылымдарының кейбір салаларында кеңінен тараған идеялық бағыт. Бұл бағыт өкілдерінің шығармашылық әлеміне тереңірек үңілу үшін ең алдымен романтизмнің нақты сипатын біліп алуымыз қажет. Осы тұрғыда академик Зәки Ахметовтің берген анықтамасына тоқталсақ: «Романтизм (түпкі мағынасы өмірді кітаптағыдай, ой-қиялмен ұштастырып суреттеу) – әдебиеттегі, көркем өнердегі өмірдің жарқын, жағымды жақтарын көбірек алып, көтере суреттейтін көркемдік әдіс. Сондай-ақ осындай әдісті қолданған, қалыптастырған әдеби ағым, әдеби бағыт деген мағынада да айтылады. Осы соңғы мағынасында романтизм белгілі бір дәуірмен, сол кездегі әдеби процеспен, нақтылы ақын-жазушылардың творчествосымен байланысты алып қаралады да, нақтылы сипат алады. Ал көркем әдіс ретінде алғанда романтизм әлде қайда кеңнен мағына береді, осы әдістің негізгі принциптерін, бейнелеу тәсілдерін (қиялшылдық, ерекше көңіл аударарлық оқиғалар, сирек кездесетін арманшыл кейіпкер, романтикалық көтеріңкі леп, романтикалық сарын т.б.) белгілі бір тарихи кезеңнің шеңберінде алып, нақтылы бір елдің әдебиетімен, өнерімен шектеп қою дұрыс болмас еді.
Романтизм әдісі негізінен алғанда жазба әдебиетінде 19 ғасырда толық қалыптасып, өзінің кемелдік дәрежесіне көтерілгенін айта отырып, осы әдіске тән бейнелеу тәсілдері одан әлдеқайда ерте кездегі сөз өнерінен (ауыз әдебиетінен) қылаң беріп, көрініп қалып отыратынын, бұл көркемдік әдістің кейін 20 ғасырда жаңа сипат алып, дамып келе жатқанын, оның негізгі принциптері көркем өнердің табиғатына сай болатындықтан алдағы уақытта да қолданыла беретінін мойындау керек. Әрине романтизмнің әдеби ағым ретіндегі және нақтылы кезеңдегі қоғамдық, мәдени жағдайға, ортаға байланысты қалыптасқан бейнелеу өзгешеліктері, әдіс-тәсілдері сол тарихи дәуірдің талап-тілектеріне сәйкес, философиялық, эстетикалық көзқарастарымен жалғас келеді.
Еуропа халықтарының әдебиетінде, орыс әдебиетінде романтизм нақтылы қоғамдық өмір шындығына романтикалық арман-мұратты (идеалды) қарама-қарсы қояды. Мұның өзін бір жағынан қиялшылдық, күнделікті күйкі тіршіліктен жоғары тұрған жарқын өмірді аңсау, алға ұмтылу десек, екінші жағынан өз ортасын олқы көріп, өз кезіндегі қоғамдық тәртіпті қабылдамау, оған наразылық білдіру деуге болады. Қоғамдық өмірге сын көзімен қарау орыс әдебиетінде М.Ю.Лермонтов шығармаларына тән қасиет. Лермонтов творчествосында сол дәуірдегі орыс қоғамының ең озат идеялары жарқын көрініс тапқан. Ал романтизмнің кейбір осал жақтарын, (өткенді аңсау, жаңалықтан безу т.б.) мысалы В.А.Жуковский шығармаларынан табуға болады.
Романтизм түгелдей алғанда әдебиетке жаңа тақырып, жаңа кейіпкерлер әкелді, сөз өнерін көптеген ерекшеліктермен байытты. Азаматтық лириканың тақырыптық, идеялық ауқымын кеңейтіп, романтикалық поэманың озық үлгілерін туғызды. Романтизмнің құнды, ұтымды жақтары оған ілесе өркендеген реализмге үлкен тірек болды. Алайда романтизмді реалистік әдіске қарсы қойып, оған алыс-жақындығы тұрғысынан қарап бағалау дұрыс болмас еді. Романтизмнің бағалы жақтары, өзіндік артықшылықтары да, сонымен бірге осалдығы да өз табиғатынан туындайды. Романтизм мен реализмді екі түрлі көркемдік әдіс деп қарасақ, олар бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі нәр бере алатындығына есте сақтаған жөн. Қазақ әдебиетінде романтикалық сарын мысалы М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» атты дастанында айқын көрініс тауып, өте әдемі, әсерлі болып шыққан. (Әдебиеттану терминдер сөздігі. Алматы, «Ана тілі». 1998, — 288 б.)
Жақсы өмірді, баянды ғұмырды болашақтан іздеу, немесе ортағасырлық тәжірибелерге қайта оралуға шақыру батыс романтиктері шығармашылығының екі жақты қыры. Оның біріншісі ілгерішіл немесе революциялық романтизм, соңғысы кертартпа романтизм делінеді. Ілгерішіл романтизмнің өкілдері қатарында француз жазушысы Виктор Гюго, ағылшын ақыны Джордж Гордон Байрон, неміс ақыны Генрих Гейне, т.б. аталынады. Кертартпа романтиктер ағартушылық идеяны жақтамай, тіпті оның қоғамдағы ролін жоққа шығара бастайды. Өткенді аңсап, писсимистік ойларға бой алдырады.
Романтизм ғасыр басында тек әдебиетте ғана емес музыка, көркемөнер, театрда да қалыптасты. Сөйтсе де романтикалық идеялар әр өнер түрінде түрлі деңгейде, өзіндік ерекшеліктерімен көрініс тапты. Романтиктер мінез ерекшелігі мейлінше анық, арманшыл, өз қатарынан биік тұрған, мақсаты асқақ, ізгі ниетті қаһарман туралы түпкі мүдделеріне сай келетін көркем тұлғаларды жасады.
Романтизм бағытында жазылған туындылардың кейіпкерлері, әдетте болмыстың ырқымен келіспейтін, азаттық, теңдік, бақыт үшін күресетін рухы күшті жандар болып келеді. Адамның бас бостандығын, адами-қоғами мәні бар, құлшынысқа толы жағымды іс-әрекеттерге ұмтылыстарын мадақтау – романтизм туындыларына ортақ қасиет. Романтиктер болмыс пен замана қайшылықтарын түгелдей шешуді қиялдайды. Олар дүние жүзі әдебиетінде тұңғыш рет адам жанының аса күрделі ішкі әлемін, оның тұңғиық терең иірімдерін ашып көрсетті. Бұл әдеби бағыт адамзат мәдениетінің тарихындағы тұтас дәуірді құрайды.
Тарихилық – романтиктер тарапынан өзіндік бір жаңалық ретінде қабылданды. Өз кезеңінің басты тарихи оқиғалары классицизм трагедияларының сюжеттік негізін жиі құрап отырды. Алайда драматургтер тарихи қойылымдардың түпкі мәнісіне жете үңілмей, жеңіл де жалпы көріністерге бой ұрады. Сахнада нақты тарихи жайларды емес, адамның мінез-құлқын, өмірге көзқарасын, әдет-ғұрпын суреттеуден ары аспады. Тіпті сахна костюдерінің өзі сол көрсетіліп отырған тарихи оқиғалармен сәйкес болмай, ала-құла киінгенді жөн көрді. Осы тұрғыда зерттеуші А.Елистратова: «Франциядағы революциялық төңкеріс тек әдебиет пен мәдениетке ғана өзгеріс әкелген жоқ, өмірдің ағымы, өмірге көзқарас, әдет-ғұрып, тіпті киім кию үлгісі де өзгерді», – деп жазды.
ХҮІІІ ғасырда И.Г. Гердердің айтқан «халықтық» деген ұғымы романтиктер арасында айрықша бағаланып, үлкен қолдау тапты. Олар ең бірінші халық фольклорының асыл қазынасына басты назар аударды. Сондықтан болар, халық әндері мен ертегілері жинақталып, мейілінше көп басылып жарыққа шығуы осы кезеңнің еншісіне тиеді.
Әсіресе бұл салада ағайынды Гримдердің жинап бастырған әйгілі «Ертегілер» кітабы әлем жұртшылығына жақсы танымал болды. Ал, Арним мен Брентано бірігіп бастырған «Сиқыр мүйізді бала» («Волшебный рог мальчика») атты халық әндерінің жинағы Германия, жалпы Еуропа әдебиетінде үлкен серпіліс туғызды. Романтикалық идеяны біреулер табиғи ортадан іздесе, біреулер мәдени өмірден, енді біреулер күрестен, қоғамдық күштерге қарсылықтан іздеді. Дегенмен «халықтық» деген ұғымды кейбір романтиктер ұлтшылдық идеяға балап, оны діни фанатизммен, ескіні аңсаушы кертартпалықпен байланыстырды. Сондықтан романтиктерді жақтаушы және оларға қарсы күштер пайда болды.
Ағартушылықтан романтизмге өтпелі кезеңдегі әдебиетте түбегейлі жанрлық, құрылымдық өзгерістердің болуы заңды құбылыс. Алайда бұл өзгерістер әр елде әр деңгейде қабылданды. Романтиктердің көңіл күй толғанысы ең алдымен лириканы жаңа белеске көтерді. Әсіресе табиғат лирикасы ерекше бояу алды. Лириканың даму қарқыны басқа да жанрлардың өркендеуіне әсерін тигізді. Осы тұрғыда: «Поэзия дегеніміз – романтизм», – деп жазды Томас Манн.
Сондай-ақ, романтизм дәуірінде он сегізінші ғасырда сұранысқа ие болған тұрмыстық-әлеуметтік романдар қолдау таппады. Керісінше тарихи романдардың жазылуы үлкен жаңалыққа баланды. Оның алғашқы сілемін салушы – ағылшын Вальтер Скотт. Ол өзінің атақты «Айвенго» атты романында сонау ХІ ғасырдың шытырман оқиғаларын асқан шеберлікпен ХІХ ғасырға сай қылып суреттей отырып, оқырманға қайталанбастай әсер силайды. Романтикалық кезеңнің тарихи жанрына тамаша туындыларымен үлес қосқан В.Гюго, Ф.Купер, А.Мандзони, Г.Клейст, А.Дюма, Ю.Словацкийлердің де есімдері әлем жұртшылығына танылды.
Өтпелі кезең философиялық ой-толғам, көзқарастарды өзгертіп қана қойған жоқ, оның құрылымына да өз әсерін тигізді. Мысалы, философиялық драма оның табиғатына тән емес лиризмге бой ұрады. Романтикалық-философиялық романдар кейде мифологиямен астасып кетеді. Осы тұрғыда Новалистің «Генрих фон Офтердинген» романын атап өтеміз.
Десе де, сол дәуірде неміс және американ романтикалық әдебиетіндегі басты жанр – новелла болды. Неміс новеллистерінің ішінде әсіресе ең көрнекті, асқан шеберлері ретінде Генрих Клейст пен Амадей Гофман аталады. Ал алғашқы американдық новеллистерге Вашингтон Ирвинг пен Эдгар По жатады.
Клейст қаламынан новелла жанры бұрын соңды болмаған бояу алды. Ол өз кейіпкерлері арқылы өмір қайшылықтарының жұмбақ та, трагедиялық болмысын бейнелейді. Осындай новеллалармен қатар неміс әдебиетінде новелла-ертегілер де көптеп жазылды. Бұл саладағы Л.Тик, А.Арним, К.Брентано, соның ішінде А.Гофманның еңбегі зор.
Әдеби ертегілердің жанр ретінде халық ертегілерінен айырмашылығы бар. Ол көбінесе белгілі бір автордың романтикалық қиялынан туындаған образдардың ертегілік әлемінен құрылады.
Сонымен романтизм Еуропа әдебиетінің даму тарихындағы тұтастай бір дәуірді құрады. Романтиктер өздерінің тамаша суреткерлік, көркемдік-эстетикалық табыстары арқылы бірқатар соны әдеби жанрларды қалыптастырып дамытты. Адам тағдыры мен қоғам өмірінің қыр-сырына бей-жай қарамай, оны өз кейіпкерлері арқылы нақты да нанымды ашып көрсетіп, көркем бейнелей білді.
ХІХ ғасырда барша Еуропаға романтизм сыйлаған үлкен жетістіктер мен жаңалықтар – әлемдік әдебиет тарихындағы жарқын беттердің бірі болып қала береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *