Дәрістің мақсаты: Студенттерді П.Б.Шелли шығармашылығымен таныстыру.
Тірек сөздер: лирик, «Ертеңгі күн келеді», ақсүйектер, материалистер, трактат, протестант, Прометей.
Дәрістің жоспары:
1. П.Шеллидің өмірі мен шығармашылығына шолу.
2. Шелли шығармаларының негізгі идеясы.
3. Лиро-эпикалық, дидактикалық поэмалары.
4. Саяси-әлеуметтік, пәлсапалық туындылары.
5. «Маб ханшайым» туындысындағы лирикалық қаһарман.
6. Шеллидің эстетикалық көзқарастары.
Перси Биши Шелли (1792-1822) ағылшын романтизмінің көрнекті тұлғасы ғана емес, ойшыл да күрескер ақындардың бірі ретінде танымал. Шелли поэзиясы негізінен оптимистік идеялармен сусындаған. Тіпті оның ең көңілсіз деген өлеңінің өзінде, ертеңгі өмірге деген үміт бар. Сондықтан «Ертеңгі күн келеді»,-деген қанатты сөзі ақынның басты-басты шығармаларында эпиграф болып қолданылған.
Перси Биши Шелли 1792 жылы Сассекс графтығындағы ағылшын ақсүйегі жанұясында дүниеге келген. Жастық шағын ата-анасының қонысында өткізген Перси, он екі жасқа келгенде сол кездегі ақсүйектердің балалары оқыған Итондық колледжге түседі. Алғашқы сәттен білімге деген ынтасы зор Шелли, осында өзінің тұңғыш өлеңдерін де жаза бастайды. Бұл өлеңдерінде оның сол кездегі танымал ақын Саутиге еліктеушілігі аңғарылады.
Жас талапкердің ең жақын қамқоршысы және бағыт-бағдар берушісі – жаратылыстану ғылымдарының докторы, сол колледжде дәріс оқыған профессор Линд деген болады. Линд өз шәкіртіне қоршаған ортаның, қоғам өмірінің қыр-сыры мен нақты шындығын дұрыс танып, түсінуге көмектеседі. Соның ішінде Шеллиді Уильям Годвиннің «Саяси әділдік» («Политическая справедливость») атты шығармасымен таныстырған еді. Линдтің түсіндіруінше Годвин қоғамдағы келеңсіздік атаулының түп-тамыры теңсіздікте жатқандығын ашып берген. Теңсіздік – бай монополистердің кедей шаруаның еңбегін қанауынан туындап отырғанын айтады.
Шелли сол кезде Жан Жак Руссоның «биліктің бүкілхалықтық» идеясымен, Гельвеций, Гольбах, Дидролардың атеистік көзқарастарымен танысады. Ал оның аса ынтамен оқығаны – Вольтер шығармалары болды.
Француз ағартушыларының тамаша ойларынан алған әсерімен Шелли, бірнеше өлең мен «Агасфер» поэмасын (1809) және екі романын жазып, баспаға бастырады. Бұл шығармаларының басты кейіпкерлері – дін мен құдайды мүлдем мойындамайтын атеистер.
1810 жылы Шелли колледжді аяқтап, Оксфорд университетіне түседі. Ол бостандық жолындағы күреске нақты қолқабысын тигізуді армандайды. Осы жылдары ақын өзінің антимонархиялық өлеңдерімен таныла бастайды. Соның ішінде 1810 жылы жарық көрген «Патша өлтірушінің жазбалары» («Записки цареубийцы») атты саяси өлеңдер топтамасы автордың қоғамдық көзқарасының әлі де толыса қоймағанын аңғартса да, біршама өзіндік құнды ойларымен ерекшеленді.
Шелли бұл туындысында соғыс жағдайындағы Англияның мүшкіл халін бейнелеу арқылы барша Европаны бейбітшілікке шақырады. «Құдіреті күшті» европалық монархтардың барша адамзат алдында жасаған қылмыстарын әшекерелеп, бейбітшілікті дәріптеу сол кезеңде көзсіз батылдықты қажет ететін.
Біраз уақыт өте ХҮІІ ғасырдағы француз материалистерінің еңбегі Шеллидің атеистік көзқарасын қалыптастырады. Университетте жүріп «Атеизмнің керектігі» («О необходимости атеизма») атты кітапшасын бастырып, оны жасырын түрде ғылыми кеңес мүшелеріне таратады. Бұл еңбектен олардың көпшілігі Шеллидің авторлық қолтаңбасын танып, бірден оқудан шығарылады. Сөйтіп әкесі армандаған парламенттік мәнсап жолы орындалмай қалады. Ұлының бұл қылығына қатты күйінген әкесі қарғысын жаудыра, үйінен біржола қуып шығады.
Шелли Лондон қаласына қоныстанып Уильям Годвиннің саяси-экономикалық және әлеуметтік-утопиялық идеяларын тереңірек оқумен айналысады. Лондонға оның қарындасы Элизавета құрбысы он алты жастағы Герриэт Вестбрук деген қызбен жасырын келіп, кездесіп тұратын. Гарриэт те өз әкесінің қатыгездігін көп көрген бақытсыз жан болатын-ды. Шеллидің оған қатты жаны ашып, соңынан өзіне әйелдікке алады. Сөйтіп жұбайы екеуі Шотландиядағы Эдимбург қаласына қоныс аударады.
Ақынның ата-анасы қыздың ұлына тең әулеттен еместігіне зығырдары қайнап, Шелли әулетінен қалған мол мұрадан бас тартуын талап етеді. Бұдан соң Шеллидің жеке басында тұрмыстық өте ауыр кезең басталады. Бірақ өмір ауыртпашылығына мойымаған талантты жас, өзінің ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі.
Соның нәтижесі ретінде 1813 жылы тұңғыш көлемді туындысы болып табылатын – лиро-эпикалық поэмасы «Маб ханшайымды» («Королева Маб») жарыққа шығарады. Бұл шығармасында автор тек монархтар мен аристократтарды құртып-жоюға шақырған жоқ, адамзат арасындағы қарым-қатынастарды бұзатын тойымсыздық, пайдакүнемдік атаулыға қарғысын жолдағандай.
Әйтсе де, Шелли осы алғашқы туындысына кейіннен сын көзімен қарап, ХҮІІІ ғасыр әдебиетінің мұрасы іспетті дидактикалық элементтерді жиі қолданғанына қынжылады.
Дегенмен «Маб ханшайым» – өз қоғамының ең өзекті мәселелеріне жауап бере алған, жоғары деңгейде жазылған көркем туынды ретінде танылды. Көп ұзамай Англиядан өзге елдерге тарап, ақын есімін басқа еуропалықтар біле бастайды.
«Маб ханшайым» поэмасы – романтикалық шығарма болып табылады. Соңынан автор, өз поэмасын Саутидің «Талабысы» мен Байронның «Чайльд Гарольдының» лирикалық мақамына барынша ұқсатуға тырысқанын ашық жазады. Алайда, бұл туындысында Шелли өзін шәкірт ретінде емес, толық қалыптасқан шебер ақын ретінде көрсеткісі келген.
Поэманың басты кейіпкері – бойжеткен қыз Ианте, шығарма-ның композициялық құрылымына тірек бола, үйлестіріп тұрған образ. Ианте өмірден бақыт іздеген тұлға. Поэманың қысқаша союжетіне тоқталар болсақ, ұйқы құшағындағы Иантеге түсінде, бақытқа барар жолды көрсетуге сиқырлы ару – Маб ханшайым келеді. Ол өз сиқырының көмегімен ұйқыда жатқан қыздың рухын шақырып, сиқырлы күймеге отырғызып, әсем де әдемі гүлдермен көмкерілген кемпірқосақ үстімен көкке, күнге қарай алып ұшады. Ианте мен Маб аспан әлемінің қақ ортасында тұрған, «жарқыраған сансыз жауһарлары» көз қарықтырар сиқырлы сарайға келеді. Ханшайым үлкен сиқырлы айнадан қонағына адамзат тарихының өткені мен бүгінін, болашағын ғажайып суреттер арқылы көрсетеді.
Шелли поэмасының бірінші және үшінші өлеңдерінде кейбір романтиктер жырлағандай бұрын ешқандай бақытты күндердің болмағандығын дәлелдей түседі. Ал поэманың төртінші өлеңінде, монархтар мен аристократтарға ашық қарсы шығып, оларды «халық денесін құрттатқан жалтырауық көк шыбынға» теңейді.
Негізінде автор бұл тундысында билеуші топтың қанауындағы езілген халықтың жиынтық образын сомдаған. Әлеуметтік теңсіздік мәселесі Шеллиде өз кезеңінің романтиктеріне қарағанда әлдеқайда тереңірек сипатталады. Ол саяси шиленістердің барлығы экономикалық тәуелділікке байланысты туындайтындығын ашып көрсетті.
Поэманың бесінші өлеңінде ақын аса пайдакүнемдік пен тойымсыздықтың адамгершілік қасиеттер – аброй, ар-ұждан, адалдық, асқақтық, сұлулық және білімге деген құштарлықтан жұрдай қылып, қайрымсыздыққа апаратынындығын ескертеді.
Ал соңғы, тоғызыншы өлеңінде болашақтың тапсыз қоғамы өзінің жарқын көріністерімен бейнеленеді. Адам баласы мүлдем басқа қырынан көрінеді. Тек қана жақсы қасиеттерді ғана бойына жинақтап, жаманшылық пен қылмыс атаулыдан мүлдем ада жұмақ қоғам мүшелері бақытты өмір сүргендей. Бұл өлеңінде Шелли адамгершілікті сүйетін нағыз гуманист ретінде, барлық моральдық, тұрмыстық-әлеуметтік келеңсіздікке қарсы тұрады.
«Маб ханшайым» поэмасының басқалардан өзгешелігі – оптимистік рухының басым болуында. Алдағы өмірден зор үміт күтетін автор, әлем жұртшылығының зорлық-зомбылық пен қанаушылықтан түбінде бір құтылатындығына сенімі мол. Сол үшін ақын оптимизмді өзінің басты қаруы етіп алады.
Шеллидің бұл туындысы халық арасында үлкен сұранысқа ие болды. Бар-жоғы 200 данасы ғана жарық көрген кітабын, сатылмай жатып талап алады. Соңынан қолжазба күйінде ғана тараса да, лезде барша еуропалық оқырманға танылады. Дегенмен туындының көркемдігі жағынан солғындау тартып жатқан жерлері де баршылық. Себебі кей тұста автор тарапынан әдемі, асқақ сөздер мен романтикалық символикалар тым асыра қолданылған еді.
Осы кезеңде оның жаулары көбейе бастайды. Монархия, парламент, шіркеуге ашық қарсы шыққаны үшін Англияның билеуші топтары оған «крест» жорығын жариялағандай болады. Оның атының өзі оларға көзге шыққан сүйелдей көрінеді. Еріксіз Шелли Англиядан Ирландияға кетуге мәжбүр болады. Жанұясымен де ұрыс-керісі ұлғайып, ақыры әйелімен айрылысып тынады.
Екінші рет Годвиннің қызы Мэриге үйленеді. Соңынан Мэри белгілі жазушы және әдебиет сыншысы болып, Шелли мұрасының жарық көруіне көп еңбек сіңіреді.
1816 жылы ақын жас жұбайымен Швейцарияға кетіп, сонда Байронмен алғаш танысады. Осы жылы ол біршама философиялық мақамдағы, рухани-әлеуметтік тақырыптағы туындыларын жазады. Соның ішінде «Интеллектуальдық әдемілік әнұраны» («Гимн интеллектуальной красоте»), «Аластор, немесе жалғыздық Рухы» («Аластор, или Дух одиночество») туындыларын атауға болады.
1816 жылы Англиядағы жұмысшылар қозғалысы күшейіп, демократиялық-радикалдық партиялар өз күресін жандандырады. Осы бағыттағы газет-журналдар көбейіп, жұмысшылардың жасырын одақтары халық арасында белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Шелли де бұл тарихи оқиғадан тысқары қалмай, бел шеше араласады. Қоғамдық қозғалыс әсіресе оның шығармашылығынан айқын көрініс табады. 1818 жылы жазған «Ислам көтерілісі» («Восстание Ислама») атты екінші лиро-эпикалық поэмасы, демократиялық күштердің белсенді күресіне ризашылығынан туындаған тамаша шығарма. Өзінің алғы сөзінде автор былай деп жазады: «Маған адамзат қоғамы өзінің мешеулік ұйқысынан ояна бастағандай көрінеді. Енді қазір бүтіндей бір ұрпақ бұрынғыдай надандық пен жоқшылық тудырған қырсыққа төзушілікке сенбейді». Сөйтіп, езілген халықтың ашу-ызасы ақын қолына қалам ұстатады.
Поэма кіріспесінде Шелли Француз революциясына баға бере келе, революциядан ол «болашақ бостандықтағы қоғамды» әкелген кереметтей жетістікті көреді. Автор көтерілістің «феодальдық жабайылық» пен «орасан зор езгіден» құтқарған құбылыс болғанын айтады.
«Ислам көтерілісінде» суреткер өмірге бұрынғыдай философиялық тұрғыдан қарамай, қоғам келеңсіздігін сатиралық мысқылмен сынауға көшеді. Билеуші топты келемеждей отырып, «халық және революция» тақырыбын асқақтата, көркем бейнелеген. Сондықтан Шелли поэмасынан біз халық революциясының нақты романтикалық бейнесін аңғарамыз.
Ақын оқырмандарға бостандық жолындағы күрескерлер: Лаон мен сүйген қызы Цитна, Белгісіз бозбала, Кезбе және т.б. кейіпкерлердің жағымды қырларын үлгі еткендей. Лаон мен Цитнаның алға қойған мақсаттары асқақ та өте тамаша. Олар қатыгез де нақұрыс қоғамды түбегейлі өзгертуге тырысқандары сондай, «билеуші тақ мүлдем жойылып, алтын өзінің қанды құдыретінен» айрылса деп армандайды. Осы жолда күресті де. Алайда көтерілісшілер ұйымсыздықтың, сатқындықтың кеселінен өз мақсаттарына жете алмай қолға түсіп, отқа өртеледі. Дегенмен де халықтың көзін ашқан революцияға бастаушылардың ерлік істері зая кетпейді. Олардың ізбасарлары шығып, күрес жолын жалғастыра жеңіске жетеді.
Шеллидің бұл поэмасы оптимизмге толы, өлеңдерінен жігер оты шашады. Сондықтан 30-40 жылдары Англияның қоғамдық өміріне өзіндік ықпалын тигізді. Атап айтсақ, Чартистер туындыны жоғары бағалып, кейбір үзінділерін баспасөз беттерінде қайта-қайта бастырып пайдаланған. Оларды поэмадағы бостандық идеясы, әділдік қасиеттер мен терең де көркем лирика баурап алады. Англияның реалист жазушысы Теккерей жас кезінде «Ислам көтерілісін» бірнеше қайтара оқып, тамсанғанын айтады. Американдық ақын Уолт Уитмен поэманы ағылшын лирикалық поэзиясының ең озық үлгісі ретінде бағалайды.
Монархия мен шіркеуге ашық қарсы шыққаны үшін Англия билігінің басындағылар ақынды тағы да қуғындай бастайды. «Ислам көтерілісі» тағы басқа мемлекетке қарсы памфлеттері үшін Шеллидің олармен шиеленісі ұлғая түседі. Тіпті жанұясына, өз өміріне қауып төне бастағаннан соң елінен біржолата кетіп, әйелімен Италияға қоныс аударады. Италияда ескі досы, өзі секілді елінен қуылған Байронмен кездесіп, шығармашылық байланыста-рын одан әрі дамытады. Ақын Италияның біршама қаласын аралап өмірлік, ақындық тәжірибе жинақтайды.
Шелли көптеген тамаша туындыларын осы Италияда жүргенде жазады. Ақын шеберлігі оның лирикасынан танылатын. Әсіресе табиғатты жырлағанда онымен етене сырласқандай тіптен шабыттана түседі. Өлеңдеріндегі сезім иірімдері көркем бояулар-мен астаса келе, оқырманға ерекше бір ләззат силағандай. Кейде ақын жүрегінен еліне деген сағыныш сәулесі есіп, бір уақ мұңға да батқандай болады:
Мен сүйемін аязбенен қарды,
Боран және жауын-шашынды,
Жағаны соққан толқынды
Табиғат сенің өзіңді.
Табиғат суреттері көбінесе терең философиямен астасады. Бұл «Құбылмалылық» («Изменчивость») деп ортақ атаумен жазылған өлеңдер топтамасында, «Бұлт» («Облака») т.б. өлеңдерінде анық байқалады. Ақын табиғаттың мәңгілік екендігін, оның үнемі жаңғырып, жаңарып отыратындығын айта келе, қоғамды да сонымен салыстырады. Оның ұқсастығына баса назар аудартады. Халықты қанаған өз қоғамының да түбінде бір өзгеретіндігін ескерткендей.
Шелли балалық шағынан сүйікті образына айналған ежелгі грек әдебиетінің кейіпкері, барша адамзатқа жақсылық жасаған Прометейді үлгі тұтатын. Түрік басқыншыларына қарсы Греция халқының күресі ақынға шабыт бітіреді. Қазіргі гректіктер де осындай ата-бабаларының талантын, батылдығын мұра қылып алғанына сенім білдіреді. Сондықтан Зевске қарсы шыққан Прометейдей бостандық үшін аянбай күресуге шақырады. Осы әсермен ақын 1820 жылы «Азат болған Прометей» («Освобожденный Прометей») атты лирикалық драмасын жазады. Кейін, қайтыс болғаннан соң жарық көрген шығармалар жинағының түсіндірмесінде сүйікті әйелі Мэри: «Прометей» – Шелли поэзиясының жаны болатын»,- деп жазады. Шындығында туынды өзінің лирикалық ерекшелігімен, өзгеше стилімен ағылшын поэзиясының биік шыңына шықты.
Шелли сондай-ақ қоғамдық күресті суреттеген «Ченчи» /1820/ трагедиясын, «Карл І» /1822/атты тарихи драмасын т.б. көптеген туындыларын жазады.
Күрескер ақын өзінің аз ғана ғұмырында соңынан мол мұра қалдырған талант иесі. Өмірі мен шығармашылығын халқына, азаттық үшін күреске арнаған Шелли бар-жоғы отыз жасында қайтыс болды. Ол 1822 жылы Ливорнода аяқ астынан болған дауылдан теңізге суға кетіп, содан он күннен соң денесін жағадан тауып алады. Байрон және басқа да достары ақынның денесін жаққызып, Рим қаласына жерлейді. Құлыптасына «Перси Биши Шелли – жүректердің жүрегі» деп жазыпты.
Сонымен Шеллидің лирикасында келешек жарқын өмір үшін күрес, тапсыз қоғам, бейбіт заман т.б. өзекті мәселелердің шынайы көрініс тапқанын аңғардық. Суреткер поэзиясынан революциялық мазмұндағы жаңа романтикалық форма қалыптасты. Ол жаңашыл ақын. Шелли Байронмен бірге ағылшын поэзиясының жаңа дәуіріне жол ашты.