ДЖОРДЖ НОЭЛ ГОРДОН БАЙРОН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

1. Байронның шығармашылық өміріне шолу жасау.
2. Байронның күрескерлік идеясын ашу.
3. Байрон шығармашылығының кезеңдері.
4. «Чайл Гарольдтың сапары» туындысынан ақынның жан-дүниесінің көрінуі.
5. Ақынның шығыстық поэмалары.
6. Байронның романтикалық кейіпкері.
7. Байрон және қазақ әдебиеті.
8. Г.Байронның әлем әдебиетінің тарихындағы алар орны.

Джордж Байрон ХІХ ғасырдағы Батыс Еуропа ақын-жазушыларының ішінде көптеген елдерде өршіл романтизмнің дамуына зор ықпал еткен тұлға. Өз тұсында және кейінгі замандарда да Байронның атақ-даңқы жер жүзіне аса бір қадірлі беделмен таралып, оның асыл мұралары ерекше баға, құрметке бөленді.
Энгельс, Байрон шығармаларының әлеуметтік, тарихи, қоғамдық мән-маңызын, халықтық сипатын жоғары бағалай келіп: «Ақын творчествосын нағыз қадірлеуші – халық болды»,-деген еді. Орыстың ұлы сыншысы Белинский: «Әрбір ұлы ақынның ұлылығының өзі – оның қасіреті мен қуанышы қоғам өмірімен, тарихымен терең тамырлас болуында,-дей келіп, – тап осындай өмірі де, шығармасы да тарихи-қоғамдық өмірмен тығыз байланыста болған орасан зор ақын – Байрон», — деп құрметпен жазған. Пушкин, Лермонтов, Мицкевич сынды поэзия кемеңгерлерінің өзі Байронның ғажайып ақындық даналығы мен адамзаттың азат өмірін аңсау жолындағы тарихта теңдесі жоқ ересен ерлік өмірін мейлінше қадір тұтып, өздеріне өнеге санаған.
Осындай бірталай елдердің әдеби өміріне аса бағалы рухани мұраларымен белгілі, әлем поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі – Джордж Ноэл Гордон Байрон. Ол 1788 жылы 22 қаңтарда Лондон қаласындағы ірі ақсүйек жанұясында дүниеге келген. Болашақ ақын жастайынан әділдікке, ерлік рухқа бой ұрып, алғашқы әлеуметтік күресінен бастап-ақ өз отанындағы зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы тұрды. Өзі ақсүйек ортадан шығып, бала кезінен «лорд» мәртебесіне ие бола тұрса да, өз ортасымен, яғни Лондонның билеуші озбыр да өзімшіл тобымен сиыса алмай, азаттық үшін күресіп жатқан елдерге сапар шегеді.
Байрон лордтар палатасында мемлекет басшылығының халыққа қарсы ұстанған саясатын қатты сынға алып, екі рет сөз сөйледі. Бірінші сөзінде ол жазықсыз луддиттерге қолданылып отырған өлім жазасына ашық қарсы болса, екінші сөзінде ирландтық шаруа-католиктерді қайыршылық халге жеткізген ғасырлар бойғы үстемдікті жойып, Ирландияға егемендік берілуін талап етті. Дегенмен, ақынның бұл талаптары орындалмай, сөз жүзінде ғана қалды.
Ақын 1809 жылдардан бастап өмірінің соңына дейін Испания, Швейцария, Италия, Албания, Греция елдерінде болып, олардың саяси-әлеуметтік күрестеріне өзінің отты жырларымен үн қосады. 1816 жылы ағылшын озбыр топтарымен саяси тартысы мейлінше шиеленісіп, солардың қудалауымен ол өз отанынан біржолата кетеді. Сол жылы ақын Швейцарияда барып, ағылшын поэзиясының тағы бір шыңы Шеллимен кездесіп, танысады. Бірақ ол көп ұзамай Италияның Венеция қаласына қоныс аударып, өзінің жемісті шығармашылық жолын жалғастырған.
1819 жылдың сәуір айында Байрон графиня Терезо Гвичьолмен таныстықтан соң, Италия бостандығы үшін күрестегі каробинерлердің астыртын саяси ұйымына мүше болып кіреді. Тіпті ақынның Равенн қаласындағы үйі құпия қару-жарақ қоймасы мен көтерілісшілердің штабына айналады. Ол өзінің әдеби еңбектері арқылы тапқан қаламақысын каробинерлердің күресі үшін аямайды. Міне осы кезең Байронның шығармашылық өрлеуіне әсерін тигізгендей еді. Өз корольдерін тақтан кетірген неополитандық революционерлердің жеңісіне үн қосып, көтерілісшілерге ерекше бір рух беретін жалынды туындыларын арнады. Дегенмен, көтеріліс жеңіліспен аяқталғаннан соң ол қуғындалып, елден кетуіне мәжбүр болады. Грецияға барып, онда да тыныш жатпай ақын өз жырында мейлінше ардақтаған Греция елін Түрік басқыншыларынан азат ету соғысына қатысып жүріп, 1824 жылдың 19 сәуірінде кенеттен келген аурудан Миссалунг батпағында қаза табады.
Шетелдерде жүріп, бар-жоғы 36 жыл ғұмырында қаншама құнды мұралар қалдырған кемеңгер ақын әдебиетке де, саясатқа да жастайынан араласты. Оның шығармаларының көпшілігі соғысқа, басқыншылыққа, үстемдікке, әділетсіздікке қарсы бағытталған. Осы тұрғыда «Чайльд-Гарольд сапары» («Странствия Чайльд Гарольда»), «Теңіз көкжалы» («Морской волк»), «Гяур», «Шильон тұтқыны» («Шильонсий узник»), «Қола ғасыр» («Бронзовый век»), «Дон Жуан», «Мезепа», «Абидосc қалыңдығы» (Абидосская невеста»), «Ирландия аватарасы» («Ирландская аватара»), «Минерваның қарғысы» («Проклятие Минервы») т.б. дастандарын, «Кайн», «Манфред» секілді келелі драмалық поэмалары мен көптеген өлеңдерін алуымызға болады. Еуропаның алдыңғы қатарлы барлық ақындары оны «ой-пікірді билеуші» деп атап, өз шығармашылықтарын шыңдауда үлгі-өнеге тұтқан.
Байрон шығармашылығын шартты түрде екі кезеңге: 1807-1816 жылдар және 1817-1824 жыдарға бөліп қараймыз. Ақын шығармашылығының алғашқы кезеңі ағылшын классицистикалық поэзиясының ықпалында болса, екінші кезеңінде ол нағыз толысқан ақын-романтик ретінде көрінеді.
1807 жылы жарыққа шыққан «Бос уақытта» («Часы досуга») атты өлеңдер жинағы Байронның алғашқы әдеби қадамы болып табылады. Бұл жинағынан жас ақынның толыспаған, еліктеушілік көзқарасын байқауға болады. Дегенмен де осы жинақтағы кейбір туындыларында («Кайн», «Прометей») оның жеке ақындық қасиеттері де қылаң бергендей.
Ақынның өзіндік шығармашылық ерекшелігі, қайталанбас көркемдік әдістерінің толық көрінуі, оның 1812 жылы жарыққа шыққан «Чайльд Гарольдтың сапары» дастанымен байланысты. Негізінен бұл туынды бірнеше жыл бойы жазылып, 4 әннен тұрады. Бұл лиро-эпикалық поэма тек ағылшын оқырмандарына ғана емес, Бүкіл Еуропаның озық ойлы қауымына теңдессіз әсер қалдырып, ақын атын әлемге әйгілі етті. Туынды бір ғана 1812 жылдың өзінде 5 рет баспа бетін көріп, еуропалық романтизмнің ірі жетістіктерінің біріне айналды.
Поэманың орасан зор табысқа жетуінің басты құпиясы, ақынның сол уақыттың ең келелі де күрделі мәселелерін ашық қозғап, асқан ақындық шеберлікпен көңіл күй тебіренісін бере білуінде. Туындыны жазуына негізгі себеп болған жай Байронның 1812 жылы Еуропаға жасаған сапарында алған әсері. Өзінің осы сапарда жазған әр түрлі күнделік жазбаларын басшылыққа ала отырып, оларды біртұтас сюжетті поэтикалық көркем дүниеге айналдырда білді. Ол шығармадағы басты кейіпкері Чайльд Гарольдтың жиһанкездік тарихын баяндай келе, бүкіл жаңа Еуропаның бүгінгі келбетін көз алдыңызға әкеледі. Әр түрлі елдердің тыныс-тіршілігін кейіпкердің кеме үстінен бақылауы арқылы ақын таза романтикалық ойлармен көркемдік мәнерде, көптеген лирикалық шегіністерімен және аса әсерлі суретті сөзден жасалған бояулардың үйлесуі арқылы келтірген. Романтиктерге тән «экзотикаға», «жергілікті колоритке» құмарлықпен Байрон әр түрлі елдердің тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын суреттейді. Дегенмен, туынды көптеген жекелеген бейнелеулерге толы болса да, олардың бір арнаға тоғысқан ішкі бірлігі бар.
Байрон суреттеген Албания, Испания, Грецияның бір-біріне ұқсамайтын жекелеген бейнесін көре отырып, сол заманға тән ортақ бір жайды аңғарамыз. Автордың басты айтпақ идеясы осында жатыр. Поэмадағы бұл ортақ тақырып, революциядан соңғы Еуропаның мүшкіл халі, қанаушылық, қайыршылық, төніп келе жатқан Наполеондық езгі, халық басына түскен қайғы-қасірет басты кейіпкердің көзқарасымен шебер өрілген.
«Шығыстық поэмалары». 1811-1812 жылдар ағылшын тарихындағы өте келеңсіз, ауыр кезең болды. Ішкі және сыртқы реакциялық күштер халықты езіп, бостандық идеяларын жаншып отырды. Міне осы жайлар Байронға қатты әсер етіп, ол терең рухани дағдарысты басынан өткереді. Оның туындыларынан көңілсіз көңіл-күйдің лебін аңғарамыз. Дегенмен, ақынның осы келеңсіз жайлармен саяси тартысы оның осы кездегі туындыларында керісінше өрши түседі. Міне осы кезеңдегі ақын шығармалары «шығыстық поэмалар» деп аталған. Бұл поэмалар тобына: «Гяур» /1813/, «Абидостық қалыңдық» («Абидосская невеста») /1813/, «Корсар» /1814/, «Лара» /1814/, «Коринфті қоршау» (Осада Коринфа») /1816/, «Паризина» /1816/ атты 6 туындысы жатады.
Байронның «шығыстық поэмаларының» басты кейіпкерлері көбінесе қандай да бір тәртіпке көнбейтін бүлікшіл жеке тұлғалар. Бұл романтикалық кейіпкерлер өздеріне ғана тән жеке тағдыры бар, өмірге құштар, ештеңеге илікпейтін қайратты болса да, махаббат сезімі алдында дәрменсіз, баянсыз махаббат иелері. Белинскийдің сөзімен айтқанда бұл кейіпкерлер «Олар барша қоғамдық ортаға ызалы, қашанда қарсы, өзіне ғана сенетін күресшіл азаматтар, нағыз тұлғалар». Байрон өзінің осы қайсар кейіпкерлері арқылы оқырман қауымды батыл іс-қимылға, күреске үгіттегендей.
Шығыстық поэмалардың композициясы мен стилі романтизм өнеріне сай. Оқиғаның қай жерде болып жатқаны белгісіз. Ол көбінесе әсем табиғаттың аясында, шетсіз-шексіз теңіз, жабайы жағалау жартастары арасында т.б. экзотикалық орындарда өрбиді. Шығыстық поэмалардың көпшілігі кішігірім өлеңмен өрілген повестен тұрады. Олардың сюжеті белгілі бір романтикалық кейіпкердің тағдырына құрылған. Автордың басты назары олардың ішкі жан дүниесін ашу, орасан зор ынта-жігерін көрсетіп, сезіміне тереңдей бойлау. «Чайльд Гарольд» дастанына қарағанда бұл поэмалардың сюжеттері аяқталған.
«Гяур» поэмасына қысқаша тоқталар болсақ: ол Гяурдың өлім халінде жатып монахқа тәубелік етуінен басталады. Гяурдың сөздерінен оның Лейла екеуі бірін-бірі қатты сүйіп, ғашықтар бақытты болғандығын, бірақ сүйіктісінің қызғаншақ, сұм күйеуі Гассан аңдып жүріп, Лейланы зұлымдықпен өлтіргенін, соңынан Гяур Лейланың кегін алғандығын баяндап, өзінің осындай үлкен махаббат сезімінің аяқ асты болғандығына қатты налып, бұл өмірге лағнет айтады.
Ал, «Корсар» поэмасының басты кейіпкері қарақшылар көсемі. Олар қоғамдағы ешбір заңға бағынбай тіршіліксіз бір аралда өмір сүрген ержүрек, ерікті адамдар. Корсар олардың мықты басшысы, ол да Гяур сынды көтерілісші. Одан барша аралдықтар, тіпті жауларының өзі атын естісе қорқатын. Себебі ол өте қатал, мейірімсіз жан болатын. Дегенмен, Гяур өмірде жалғыз, достары жоқ. Өткенін ешкім біле бермейтін құпияға толы адам. Алайда Корсар да Гяурдың кебін киіп баянсыз махаббаттың тұтқыны болады. Медораны сүйіп, өмір бойы оған деген махаббатына шек қоймайды. Аяғында Медораның өлімі жанына қатты батып, өмір өзінің мән-мәнісін жоғалтқандай. Поэма кейіпкері әрдайым өзінің ішкі жан дүниесімен алысып, қайғысымен әлек болады. Сөйте тұрса да өлермен-өркөкіректігімен өзінің бұл өмірдегі жалғыздығын қызғыштай қорғайды. Міне осыдан біз Корсардың басқалардан бөлек жеке бейнесін көреміз.
«Лара» туындысында феодалдық ортадан шықса да, сол құрылысқа қарсы тұрып, қара халықтың азаттық күресіне үн қосқан көтерілісші тұлғаның типтік образы поэма сюжетіне арқау болған. Негізгі кейіпкері Лара феодалдық бұғаудан босануға талпынған шаруалар көтерілісінің басшысына айналады. Алайда, кейіпкердің бұл шешімі алғашында қара халықтың қамын ойлағандықтан емес, жеке бастың кегі және өзінің амандығын күйттегендіктен туындаған болатынды. Бірақ, бара-бара нағыз күрескер ретінде шыңдалып, талай оқиғаны басынан өткереді.
Негізінде «Ларада» көтерілісші халық бейнесі «Чайльд Горольд» туындысындағыдай жан-жақты ашылмаған. Байрон бұл поэмасында өмірдегі нақты шындыққа біршама жақын келеді. Лараның басшылығымен болған халық көтерілісінің келешегі бұлыңғыр екені белгілі болса да, кейіпкердің нақты ерлік іс-қимылын, өзіндей бостандықты күйттеген күрескерлерді маңына топтастыра білген өзгеше қабілетін өзгеге өнеге еткендей. Ұйымдаспаған, тәртіптен жұрдай шаруалар көтерілісін тіптен мағынасыз соғыс екендігін автор әу бастан ескерткендей. Алайда бұл идея қаншалықты сәулесіз көрінгенімен, ақын бұл тұста да өзінің күреске деген жігерінен айрылмайды. Сол күш-жігерді «Лара» сынды туындыларында өзінің кейіпкерлерінің бойынан бар ынтасымен, көркем де келісті тілімен көрсете білген.
Байрон лирикасы. 1815 жылға таман Байрон «Еврей саздары» («Еврейские мелодий») атты тамаша лирикалық өлеңдер топтамасын (цикл) дүниеге әкелді. Жиырмадан астам туындыдан тұратын бұл жинақ Байрон лирикасының шырқау шыңы ретінде бағаланады. Бұл шығармаларда да «шығыстық поэмалардағыдай» ақынның көңіл-күй дағдарысынан туған толғанысы анық сезіледі. Соның бірі Лермонтов аударуындағы «Көңілім менің қараңғы» («Душа моя мрачна») өлеңі. Туындының Лермонтовтан Абай аударуы бойынша қазақ даласына да мәлім болғанын білеміз. Осы өлең жөнінде Белинский: «Еврей саздары» ақынның ішкі жан дүниесін ашып көрсетеді. Бұл жүректің жылауы, кеуденің ауыр дем алысы, өлген қуаныштың ескерткішіне жазылған жазу»,-деп жазды.
Байронның 1813-1817 жылдары жазған махаббат лирикасы өзінің мол рухани байлығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ақын туындылары асқақтығымен, нәзіктігімен, көркемдігімен оқырманды баурай отырып, ынтықтыра түскендей. Оның лирикасы қандай да бір мистикадан, құрғақ қиялдан, тақуалықтан, діншілдіктен мүлдем ада. Белинскийдің сөзімен айтқанда Байрон лирикасы «ашық аспанмен ұштасып жатқан жер жаһанымен тең». «Еврей саздары» жинағында автор махаббат сезімдері мен сұлулықты дәріптеудің өзіндік әлемін қалыптастырады:
Самаладай жұлдыз жанған түн дерсің,
Көрсең көркін, көз тойдырған бейнесін.
Оның әсем жанарының түбінде,
Түн түнегі, сәлесі бар күннің де.
Сол екі түс бір қосылған шақта, сен,
Одан асқан ешбір нұрды таппас ең!
(Г.Байрон. Еврей әуендері. //Ауд. Ғ.Қайырбеков — Астана: ауд., 2005, 474-бет)
Сондай-ақ, асқақ гуманизмге толы Байронның: «Катуллаға еліктеу» («Подражание Катуллу»), «Альбомға» («В альбом»), «Афиналық қызға» («Афинянке»), «Тирзаға» («К Тирзе»), «Басталған махаббат туралы сұрауға» («На вопрос о начале любви»), «Айырылысу» («Разлука»), «Сен жыладың» («Ты плакала»), «Португалшаға еліктеу» («Подражание к португальскому») т.б. лирикалық өлеңдерінде жаңа қоғамдағы бостандық идеясы жырланған.
Байронның жолын жалғастырушы әр еуропалық ақын – оның лирикасынан өз ой-толғамдары мен сезіміне сәйкес дүниелерді тауып, байрондық поэзияға шынайы шабытпен бойлай енді. Әсіресе орыс халқының данышпан ақындары Пушкин мен Лермонтовты осы тұрғыдан аламыз.
1816 жылы Швейцарияның Женева қаласында тұрғанда Байрон ХVІ ғасырда республика үшін азап көрген Женева патриоты Франсуа де Бонивар (1493-1570) жатқан Шильон бекінісінде болады. Бонивардың ерлік істері ақынды қатты толғандырып, «Шильон тұтқыны» («Шильонский узник») атты белгілі поэмасын жазады. Оның сюжеті Карл Х Савойскийдің әскеріне қарсы азаттық үшін күресте ерлігімен даңққа бөленген, Швейцарияның ұлттық батыры Бонивардың өмірі жайлы деректерден құрылған. Деспотизм мен озбырлықтың құрбаны болған ол, алты жыл бойы Шильон сарайының жертөлесінде азап шегеді. Еркін ойлы, азаттық сүйгіш қайыспас қаһарман бойынан Байрон өзін көргендей болады. Автордың нақты айтпағы – өзі өмір сүрген қоғамда әділеттікке, ерікті ой-пікірге орын жоқтығы. Поэмада қаншама азаттықты аңсау, түрмешілерге деген ыза-кек, қарғыспен қоса, ғажап жан тебірентер жеке бастың сезімдері де жатыр.
«Манфред» (1817) – Байронның драмалық поэмаларының ішіндегі ең көңілсізі. Бұл шығармадан 1816 жылы Англиядан қуылуына байланысты ақынның терең толқып, қатты қамыққан көңіл-күй дағдарысы нақты көрініс береді.
Байрон есімі оның тамаша лирикалық өлеңі «Көңілім менің қараңғы» (Лермонтов аудармасы) қазақ даласына алғашқы рет ұлы Абай арқылы мәлім болғанын білеміз. Байронның асқан ақындық өнерінен туған ең шұғылалы асылдарының бірі «Еврей саздары» циклынан осы өлеңінен аударылуы Абайдың ұлы ақын шығармаларының ерекше қасиетіне еркін бойлай алғандығын аңғартып қана қоймайды, сонымен бірге ағылшын ақынының туындыларының алуан-алуан сыры мен қырларының ішінен қазақ қауымына жақынырақ, түсініктірек, жайлырақ поэзиясын ұсынған.
Сөйтіп Байрон жырлары қазақ ақындарының назарын да өзіне аударып, солардың шынайы еңбектері арқылы қазақ оқушыларының да құнды мүлігіне айналды.
Байрон шығармаларымен қазақ елінде Абай бастаған танысу өткен ғасырдың бас кезінде одан әрі жалғасы түсті. ХХ ғасырдың алғашқы жылдары демократ ақынымыз С.Торайғыров орыс тілінде Байроны шығармаларын оқыды. А.Ғалимов Байронның «Шильон тұтқынын» қазақша аударып бастырды. Бертін келе С.Сейфуллин бастаған қазақ әдебиетінің әр кездегі буын өкілдері Байрон шығармаларына айрықша ынта қоя бастады.
30-шы жылдары «Чайльд Гарольдтің» үзінділері, «Шильон тұтқыны» қазақшаға аударылып, газет-журналда басылып шықты. Кейбір ақындар Байрон сарынында өлеңдер де жазуға тырысты. Қасым Аманжоловтың «Испан қызы» деген өлеңі Байрон мақамында жазылған деуге болады. Қазақ ақындары Байрон шығармаларын қазақ тіліне аударуға қызу кірісіп, 1960 жылы бір томдық таңдамалы шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Сөйтіп Байронның тамаша лирикалық өлеңдері, бір алуан атақты поэмалары «Чайльд Гарольд», «Мазепа», «Қола ғасыр», «Шильон тұтқыны», «Минерваның қарғысы» және шығыстық дастандары – «Теңіз көкжалы», «Гяур», «Абидос қалыңдығы» секілді шығармалары қазақ оқушыларының да рухани қазынасына айналды.
Байрон шығармаларын қазақ тіліне аударуға талантты ақындар Т.Жароков, Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, І.Мәмбетов, Т.Молдағалиев, т.б. атсалысып, ақын туындыларының байрондық рухын, өршілдік, азаткерлік әуендерін сақтай отырып, қазақ оқушыларына әсерлі, әсем түрде жеткізе алды деуге болады. Мысалы, «Еврей саздары» Ғ.Қайырбековтің аударуында езілген халықтың қайғылы хал-жайы мен адам бойындағы сарқылмас күш-қуат, үміт пен жігер, ерлік пен күрес қасиеттерінің жырлануы әсерлі шыққан. Осы циклдағы «Иеффай қызының» азаматтық ерлігін суреттейтін өлең жолдары қазақша былай берілген:
Туған жердің маңдайының қырсығын,
Арылтуға керек болса бір шығын.
Жаным әкем, құрбандыққа мені шал,
Қиналма сен, әкем! Менің қаным адал қан,
Ақырғы арман аңсауынан жаралған,
Жаным, әкем, құшағыңды аш маған,
Ақтық рет бата аяма балаңнан.
Жоқтар Сәлім, ол қайғыдан езілер,
Сен берік бол, төрелігін өзің бер!
Туған отан, сен азат бол деуменен
Қызық мәңгі тыныш табар, көзілер.
Байрон шығармаларының қазақ жеріндегі бір томдық жинағына «Өр дауысты ұлы ақын» деген кіріспе мақала жазған М.Мақатаев пен Қ.Бекхожин, жер жүзі әдебиетіндегі ұлы тұлға Байронның тамаша мұраларының қазақ тілінде тұңғыш рет шығуы, біздің зор мәдени жетістігіміз екендігін және Байрон шығармаларының ұлттық поэзиямыздың одан әрі өрлеуіне өзінше игі әсер еткендігін айрықша атады.
Қазақ жазушыларының көптеген шығармаларын орыс тіліне аударған ақын М.Д.Львов Байрон туындыларының қазақ тілінде шыққанына мынадай өлең арнады.
Білдің бе сен, ағылшындық ұлы ақын,
Жүрегінде толқынында тарихтың.
Шалғай шетте Іле жақта тұратын,
Бар екенін қазақ деген халықтың?
Аспандағы аққуға әнін қосатын,
Жасайды олар бүгін қазақ елінде.
Өзің сынды бір әдемі жас ақын,
Сені оқиды таза қазақ тілінде.
Аудармасын жүрегіммен түсінем,
Таныс тағы мәңгі өлмес ырғағы.
Тыңдаңыздар: ақындар мен халықтар,
Байрон бүгін қазақтарша жырлады.
Сонымен, Байрон сынды әлем әдебиетінің асқар шыңының шығармашылық мұрасын оқып-үйрене келе, оны қазақ тілінде сөйлету – қазақ сөз өнерінің, өлеңінің өресі кеңейгенінің, көркемдік мәдениетінің биіктігінің бір айғағы болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *