Бертолле (Berthollet) Клод Луи (9.12.1748, Таллуар, Савойя — 6.11.1822, Париж) — француз химигі, Париж Ғылым Академиясының академигі (1785), химиялық тепе-теңдік ілімінің негізін қалаушы. “Химиялық статистика” деген еңбегінде химиялық реакциялардың жүру бағытына әрекеттесуші заттардың табиғаты, қысымның, температураның қалай ықпал ететіндігін дәлелдеген. Ол А. Лавуазье, т.б. ғалымдармен бірге химиялық қосылыстардың жаңа жіктелемін жасады. 1785 ж. аммиактың (NH3), 1786 ж. көгерткіш қышқылдың (HCN), 1788 ж. күкіртті сутектің (Н2S) химиялық құрамын анықтады. Матаны, қағазды ағарту үшін хлор қолдануды алғаш ұсынған (1785), калий хлоратын (бертоле тұзы КСLО3) алған. Ол құрамы айнымалы қосылыстардың бар екендігін анықтады; бұл құрам тұрақтылық заңын ашуға мүмкіндік берді. Бертолле химиялық байланыс туралы гравитациялық теорияны ұсынған.