АНГЛИЯДАҒЫ РОМАНТИЗМНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ, «КӨЛДІК МЕКТЕП» ӨКІЛДЕРІ

 

 

 Дәрістің мақсаты: Англиядағы романтизмінің қалыптасуы және оның өкілдері жайында жете мағлұмат беру. «Көлдік мектеп» өкілдерінің шығармашылығына үңілу.

 Тірек сөздер: Өндірістік төңкеріс, Лейкистік мектеп, классицизмді сынау, өз кезеңінің символы, көлдік мектеп, Пантисократия, баллада, поэтикалық есім, сонет.

 Дәрістің жоспары:

1. Англия романтизмінің қалыптасуына әсер еткен тарихи-әлеуметтік оқиғалар.

2. Өндірістік төңкерістің мәні.

3. Ағылшын романтизмінің кезеңдері

4. Лейкистік ағым. Лейкистердің басты идеясы.

5. «Көлдік мектеп» өкілдері және олардың ағылшын романтизмін қалыптастырудағы орны.

6. У.Вордсворттың туындыларындағы басты кейіпкерлер, сонеттері.

7. С.Колридждің романтикалық көркем ойлары.

8. «Кәрі теңізші» балладасындағы басты идея.

9. Р.Саути шығармашылығының кезеңдері.

10. Саутидің ортағасырлық сюжеттерді пайдалануы.

 

Романтизм Англияда Батыс Еуропаның басқа елдеріне қарағанда ертерек қалыптасты. Бұл бағыттың ағылшын мәдениетіне бірте-бірте сыналай енген уақыты 1790-1800 жылдарға сәйкес келеді. Осы кезең көптеген тарихи-әлеуметтік мәні бар оқиғалармен ерекшеленді. Мәселен, Франциядағы революция бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірсе, Англияда болып өткен өндірістік өзгерістің маңызы өте жоғары болды. «Өндірістік төңкеріс» деп аталған бұл құбылыс бір жағынан үлкен қалалардағы индустриялық өндірістің қарқынды дамуына әсер етсе, екінші жағынан – барып тұрған сорақы тұрмыстық ауыртпашылыққа: жаппай қайыршылық, ашаршылық, жезөкшелік, қылмыстың өрескел өсуіне, ауылдағы шаруалардың кедейшілік пен ауыр тұрмысты бастарынан кешіп, толықтай басып кетулеріне әкеліп соқты. Міне осы жайлардың төңірегіндегі оқиғалар ағылшын романтикалық әдебиетінің басты сарыны, негізгі тақырыбы болды.

Ағылшын әдебиетінде романтизмнің алғашқы соқпағын салушылардың алдында Вильям Вордсвордт пен Сэмюель Тейлор Колридж тұр. Олардың 1798 жылы шыққан «Лирикалық балладалар» (Лирические баллады) атты жинағы жаңа қоғамдағы жаңа мәдениеттің өзекті мәселелерін айқындап берді.

Ағылшын романтизмінің бірінші кезеңін «Көлдік мектеп» (Озерная школа) немесе «Лейкистік» (лейкисты, ағылшын. Lake-көл) ағым өкілдерімен тығыз байланыстырамыз. Бұл термин алғаш рет 1800 жылы ағылшын әдеби журналдарының бірінде Вордсвортты «Көлдік мектептің» басшысы, ал Колридж бен Саутиді оның мүшелері деп жариялаған кезден бастап қолданылды. Осы үш ақынның өмірі мен шығармашылығы негізінен Англияның Солтүстігіндегі табиғаты өте әсем, көптеген көз тартар көлдерімен ерекшеленетін, көрікті жерлерімен байланысты еді. Сондай-ақ ақын-лейкистер С.Роджерс, У.Блейк, Т.Чаттертон, Д.Китс, Т.Мурлар өз жырларында туып-өскен өлкелерін асқан шабытпен жырлады.

Көлдік мектеп өкілдерінің әлем әдебиеті тарихының қоржынына қосқан үлестері айтарлықтай. Олар алғаш рет шығармашылықтағы классицизм принциптерін ашық түрде сынға алды. Лейкистік ақындар өз шығармаларында қоғамдағы басты тарихи оқиғалар мен көрнекті тұлғаларды суреттемей, еңбекші-шаруаның күнделікті тұрмыс-тіршілігін, қарапайым адамдар өмірін жырлауды дәстүр етті. Сонымен қатар жаңа мектептің басым бағыты – халықтық бағыт, фольклорды кең түрде қолдануы болды.

Осы ағамның көрнекті өкілдерінің бірі – Вильям Блейк (1757-1827), ағылшын романтиктерінің ішінде алғаш көркемөнердегі классицизмге қарсы болған ақын. Блейк ақындықпен бірге бейнелеу өнерін де қатар алып жүрді. Көп мағыналы, күрделі символдарға толы ақын және график Блейктің өнерін замандастары жете түсінбей, біршама уақытқа дейін көңіл аударылмай, тек ХІХ ғасырдың аяқ шеніне таман ғана оның туындылары өзінің әділ бағасын алды.

Ақынның атап айтар лирикалық жинақтары «Кіршіксіздік әндері» («Песни невинности») /1789/ және «Тәжірибе әндері» («Песни опыта») /1794/ туындылары болып табылады. «Әулиелік кітап»(«Пророческие книги») еңбегінде айналадағы зұлым күштерді адамзаттың түбінде бір жеңетіндігіне сеніммен қарайды.

«Тәжірибе әндері» жинағының лирикалық толғамдарында, үлкен капиталистік қаланың қайнаған тіршілігін суреттей отырып, ақын, керісінше трагедиялық бояудағы сезімге беріледі. Бір-біріне қарама-қарсы екі лирикалық ойдың тоғысуы арқылы, өмірдің қиыншылығы мен қайшылығының арасындағы ақиқатты айқындайды.

Ағылшын романтизмінің екінші кезеңін (1812 жылдан бастап) – Байрон, Шелли, Скотт, Китс шығармашылығымен байланыстырамыз. Олар әдебиетке жаңа жанрлар мен тың тақырыптар енгізе отырып, осы кезеңнің символы болған лиро-эпикалық поэмалар мен тарихи романдарды өз оқырмандарына тарту етті.

Колридждің «Әдеби өмірбаян» («Литературная биография»), Байронның «Ағылшын бардтары және шотландиялық шолушылар» («Англиские барды и шотландские образователи»), Шеллидің «Поэзияны қорғау» («Защита поэзии»), Скоттың «Эдинбургтік шолу» («Эдинбургская обозрения») атты белгілі туындылары осы кезеңнің жемісі болып табылады. Проза поэзиямен қатар дамып, өзіндік орнына ие болды. Жазушылар М.Эджуорт, Ф.Берни, Д.Остен өз туындыларының құрылымын түбегейлі өзгертіп, роман жанрының нағыз ұлттық нақыштағы үлгілерін дүниеге әкелді.

Дегенмен, 1820 жылдары романтиктердің алдыңғы толқыны өмірден өткен соң, ағылшын романтизмі құлдырап, бірте-бірте өз үстемдігін жоғалта бастады. Ал, Вальтер Скоттың (1832) қазасынан кейін, романтизм өзінің ағымдық қасиетінен біржолата айырылып, басқа әдеби ағымдарға жол берді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *