СҮЙЕМ ӨЗ ТІЛІМДІ
Сүйсем өз тілімді,
Боламын білімді:
Өз тілім үйретер,
Өнерді, ғылымды.
Сүйем өз тілімді.
Әдібай Табылды
АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА
-Ана тілі тым оңай!
Деп Күлдірген тыңдамай
Терезеге қарады,
Теректерді санады.
Оны көріп мұғалім,
Қойды кенет сұрағын:
-Айтшы, тұрып сен енді
Анықтауыш дегенді.
-Анықтауыш … Әрине …
Анықтайды бәрін де …
Күбір сөзі ұзарып,
Күлдірген тұр қызарып.
Ана тілін білмесең,
Аһ ұрасың күнде сен.
Әдібай Табылды
АНА ТІЛІҢ – АРЫҢ БҰЛ
Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Қ.Мырзалиев
АНА ТІЛІНЕ ТАҒЗЫМ
Ана тілі – біздің туған анамыз!
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ, қалай біз
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
Ана тілін кім аялай білмесе,
“Анасынан безген ұл!” – деп қараңыз.
М.Әлімбаев
АНА ТІЛІ
Ақыл-ойын адамның
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты,
Ақ сүтіндей анамның.
Өсірген ой білімді,
Сүйем туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуді.
Ә.Табылды
АНА ТІЛІМ
Ана тілім – ұраным,
Ана тілім – құралым,
Ана тілім – болмаса
Мықты болмас тұрағым.
Ана тілім – елдігім,
Ана тілім – ерлігім.
Ана тілім – болмаса
Бүтінделмес кемдігім.
С.Кәттебайұлы
АНА ТІЛІ
Мейірі мол балаға
Барлық, барлық анаға,
Басымызды иеміз,
Бабамыздың тілі деп.
Даламыздың үні деп,
Ана тілін,
Ана тілін,
Ана тілін сүйеміз.
Ш.Сариев
Туған тілім – бабам тілі — өз тілім.
Туған тілім – анам тілі — өз тілім.
Туған тілім – далам тілі — өз тілім.
Туған тілім – адам тілі — өз тілім.
Д.Әбілев
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ РУХЫНА
Қасиет атаулының барлығы да
Халықтың кірігеді нарлығына …
Өзіңді ұйпаса да өрттей тағдыр,
Артыңда тот шалмайтын қалды мұра.
Ана тіл ғылымының Абайысың,
Туғандай ұрпақтардың талайы үшін.
Сақтаған жүрегінің күмбезінде
Туған ел сені өлімге қалай қисын?!
Ғұлама, халық жанды ғазиз бабам!
Халқыңнан бір сәтің жоқ ажыраған.
Келесің өлмей жасап, шырақшы боп,
Ана тілі – асыл жиған қазынаға.
Алуан алыс-жақын көршіміз де
Сыйлаған, қызыққан да өршіл ізге:
Сен – Адам-Академия! Сахарада
Тарихтың бұйырғаны еншімізге!
Аққудай қайта қондың Ақкөліңе,
Қазақтың қайта отырсың қақ төрінде!
Бірінші кластықтар жазып жатыр:
“Әділдік”, “Ақиқат” деп дәптеріне!
М.Әлімбаев
АНА ТІЛІМ, КҮМБІРЛЕ САРАЙЫМДА!
Тілін білген Абылай, Абайым да,
Құдырет берген ана тіл талай ұлға.
Қасиетті сол тілдің арқасында
Ерікті ел боп алысқа қарайын да.
Ана тілім, күмбірле сарайымда!
Тағдырым, даралама тілден мені,
Тіл – елмен қауыштырар іргемдегі.
Тіл – елмен табыстырар алыстағы,
Аспандатар жердегі жүрген мені.
Тілмен өрлер мерейім өрлесе де,
Тілсіз бақытын басынан ел кешер ме?
Тілер едім таусылса ақтық демім,
Жерлеңдер деп тілменен жерлесең де…
Ерекше бір сән беріп көшке бүгін,
Келе жатыр жаңғырып өшкен үнім.
Ана тілім рухымды көтереді,
Самал тербеп тұрғандай текше гүлін.
Өмір кешіп басынан ала құйын,
Жат жерінде күңіренткен дара күйін;
Атамекен,
Аңсаған Ана тілін,
Арманда өткен Мысырда Фарабиім!..
Көме түсіп көкірекке кекті мұңын,
Жетпіс жылды өңгеріп өтті күнім.
Ана тілмен жазған ғой Мұса Жалил
Түн – түрмеде отырып отты жырын…
Ана тілсіз тарих та жасалмайды,
Ана тілсіз іс өрге баса алмайды.
Желмаяның үстінде желіп жүріп,
Күңіренбеген тектен –тек Асан Қайғы
Тілін білген Абылай, Абайым да,
Құдірет берген Ана тіл талай ұлға.
Қасиетті тілімнің арқасында
Ерікті ел боп алысқа қарайын да.
Ана тілім, күмбірле сарайымда!..
* * *
Бәлкім, дарыр жаныңа сенің де өнер,
Сонда ғана бір жүгім жеңілденер.
Қара бұлттар айығып аспанымнан,
Күңгірт тартқан жан дүнием көңілденер.
Ана тілмен сомдалар тыныстағы үн,
Ана тілді мен дәйім пір ұстадым.
Ана тілдің жолында ұғын, балам,
Садақа ғой
Даңқ пен күміс тағың!..
М.Айтхожина
АХМЕТ ЖӘНЕ АНА ТІЛІ
Қазақтың әсте елеңдер
Аз емес лағыл-жақұты …
Ахмет, ақаң, кемеңгер –
Ана тілінің бақыты.
Ұрпағын ақын мінесе,
Ұға ма мәңгүрт,
Мақаулар?!
Алтындай қымбат мың есе
Ахмет тапқан атаулар.
Жылына емес,
Күніне
Жүз мәрте кіріп майданға,
Құдыреті бар тіліне
Құдырет қосқан пайғамбар.
Ұйқылы-ояу өмірде
Оятты ол неше жұртымды,
Сезінбес бұлай Тәңір де
Өзі жаратқан бір тілді!
Біліңіз!
Жақсы біліңіз!
Ұстаңыз есте ұдайы:
Қашан да
Ана тіліміз –
Қазақтың басты құдайы.
Қ. Мырза-Әли
АРДАҚТА, АНА ТІЛІҢДІ!
(Ахмет Байтұрсынұлы монологы)
Балғын ұрпақ, жолыңа нұр тіледім,
Аулақ болғай сендерден мұң сілемі.
Ана тілін қорсынар кейбіріңнен
Жәбірленіп, жаныммен түршігемін.
Көшкен елмен өмірдің күн шуағын,
Кейде ауыр ойлардан тұншығамын.
Ана тілім – қасиетім жырымдағы,
Тілім бітсе, халқымның құрығаны.
Сәлем саған, жас буын жалғастарым,
Болашақта сендермен жалғасамын.
Тек жалғасам қазақтың тілі арқылы,
Ана тілін ауадай ардақтағын!
Сақтар болсаң халқыңды – тілді сақта,
Баға жетпес мұра жоқ тілден басқа!
Тілден өзге жиһаздың бәрін түгел,
Базарлайсың қалтаңда ақшаң жатса!
Ә.Сәрсенбаев
СОЛ ТІЛМЕНЕН ДҮНИЕНІ АТТАДЫМ
Сол тілменен дүниені аттадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
Жатты онда уыз сүті ананың,
Жатты онда аманаты атаның.
Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,
Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
Талайлардың көз жастарын құрғаттым.
Сол тілменен аспан көрдім, жер көрдім
Сол тілменен көгершінге жем бердім.
Сол тілменен дүниеден кетемін,
Сол тілменен дүниеге мен келдім.
С.Мәуленов
ҚАЗАҚ ТІЛІ
Күш кеміді, айбынды ту құлады;
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті, күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың …
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
М.Жұмабаев
АНА ТІЛІМ
Ана тілім –
Анам тілі болғаннан,
Ана тілім —
Бабам тілі болғаннан,
Далам тілі,
Балам тілі болғаннан,
Арғы-бергі Заман тілі болғаннан …
Темірқазық жұлдызым деп ұқтым мен,
Жаза басып,
Жаңылыссам жолдардан,
Бағыт сілтеп,
Бағдарымды оңғарған!
Тірлігімнің,
Бірлігімнің нәрін мен
Жұтар ауам,
Ішер суым, дәміммен –
Тіл деп ұқтым,
Тіл деп ұқтым бәрін мен
Құдыретті тәңірден!
Жара түссе жазатайым жаныма
“Айналайын!” деген сөзден табылды ем.
“Тіл өлгеннен — өлмейді адам”, — дегенді
Көп естідім,
Бірақ оған мен енді
сенген жоқпын,
Тілсіз, ділсіз адамдар
көкірегі – көр, сезімі – тас керең-ді,
Көре алмайтын Биіктікті,
Ұға алмайтын Тереңді!
Сусыз, нұрсыз өспейтіндей гүл,
Тілсіз, жырсыз тіршілік те тұншығар.
Аспан, Жердің амандығын апаттан
Сақтап тұрған қасиетті Тіл шығар,
Тіл болмаса үнсіздікке кім шыдар?
Жалғасқанда жақсылықтың жолы әман,
Дүние – думан,
Шалқып – толқып толар ән.
Сырым – жырым,
Әнім – күйім,
Зар – мұңым,
Қуанышым – бұла күшім,
Таң нұрым –
Бабам тілі,
Анам тілі, бол аман!
Е.Зікібаев
ҚАЗАҚ ТІЛІ
Орта жолда бүріп тастап оқ құзғын,
Құлап жаттым құшағында көк мұздың.
Қасіретімді қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Көкірегінен атылса да оқ күздің,
Жаз етіп мен күздің өзін өткіздім.
Шаттығымды қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
С.Мәуленов
* * *
Ей, туған тіл! Ата-анамның бал тілі!
Көп нәрсе ұқтым дүниеден туған тілім арқылы.
Анам алғаш осы тілде бесік жырын жырлаған,
Ұзақ түндер анам айтқан ертегілер тыңдағам.
Ей, туған тіл! Ертелі-кеш қуатыңмен өзіңнің,
Қаршадайдан шаттығымды, қайғымды да сезіндім.
Ей, туған тіл! Туған тілде тілек айттым мың рет,
Ата-анамды, мен пақырды жарылқа деп, құдірет!
Ғ.Тоқай.
ТУҒАН ТІЛ ТУРАЛЫ ТӨРТТАҒАНДАР
Уақыттың желі аңызақ, күні небір,
Заманның болмай тұр ғой мұңы жеңіл.
Күн-көрік, ай-шырайлы Ана тілім!
Айнаңды сүрткім келер күніге бір.
* * *
Бұл кімнің қайдан шыққан бүлігі еді:
“Қазақ тілі – көшпенді тілі” деді.
Аристотель қазақша сөйлеп кетсе
Грекшесі пәс шығар … кім біледі?!
* * *
Қазақ тілі – парасат тілі нағыз;
Төле — толғау …Абай – ой… шырын – аңыз…
Сайратып қойып Әбіш, Ақселеуді,
Сабырмен тыңдай берсек, тынығамыз.
* * *
Тіл арқылы асқақтар мінбе кейде,
Ғасырларда қорланар тілде бейне.
Күй сазындай күмбірлеп, әндей ескен
Алты жүз эпосы бар тіл кедей ме?!
* * *
Қадырын сұлу білмес өз көркінің,
Ару тіл жайлап жаяр саз толқынын,
Шәкірт курд… тілші жапон … елші венгр…
Сұрайды қазақшалап сөз төркінін.
* * *
Алаңсыз серуен күнге, думан түнге,
Халқымды, — деп іздедім, — қуанту не?
Түбі бір түркі тілдер кенішінен
Қазына қанша әкелдім туған тілге?!
* * *
“Ана!” десем ана тілі ойға оралар.
Баладай қуанарсың тойға барар.
Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл
Олжам да қанжығама байлап алар.
* * *
Тере білсек бір – бір ауыз қара өлең,
Неше миллион інжу-маржан шамамен?!
Қанша гүлден “қазақ тілі бақшасы,
Қандай дана өлшер қандай бағамен?!”
* * *
Ерке тіл, еркелеткіш тілім – кенім:
“Еркежан, айналайын, күнім менің,
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым”,
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің!
* * *
Ана тілім ырысты ма, кұнды ма?
Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла.
Туған тілде ас қайырған сайын да,
Оқығандай серпіліп қал бір дұға.
* * *
Шұлғытар орыс тілді Олжастарды,
Жарқырат қазақ тілі алмастарын.
Халқына олжа салған айта алады,
Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?!
* * *
Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
Өміршең өзіміздің тілден таптым.
Тіл екен жемістісі, жұпарлысы,
Аялап халық баққан гүл мен бақтың.
М.Әлімбай