Алғыс айтудың 12 қадамы

Алғыс айтудың 12 қадамын меңгерген адам бүтін әрі үйлесімді өмір сүруді үйренеді.

Бұл қадамдардың кейбірін жасау тым қиынға соғады. Біртіндеп меңгеруге болады. Алдымен біріншісін, сосын екіншісіне көше бересіз. Кей адам бәрін бірден үйреніп алады. Әркімге әрқалай.

Әр қадам – өзіңе қарай жасаған ниет. Әр қадам – өзіңді тану. Алғыс айтқан адамның ішкі жан дүниесі кеңейіп, жүрегі мейірге бөленеді. Ішкі кеңістікті сезініп үйрен. Алғыс айтудың ешбір формуласы жоқ. Қалай сезінсең, солай айт. Шын жүректен айтсаң жеткілікті. Дауысыңды шығарып айтсаң да, іштей айтсаң да болады. Бұл біреуге емес, саған ғана керек.

Ғаламға алғыс

Ғаламға, Құдайға, Өмірге, Жаратушыға саған берген несібесі үшін алғыс айт. Қазір қолда бардың бәрін сол берді.

Маған өмір сыйлағаны үшін, ата-анама өмір бергені үшін, баламды дүниеге келтіргені үшін ғаламға мың да бір алғыс. Кеуде кере тыныстап, айналамдағы сұлулықты көре алғаным үшін алғыс. Маған күнделікті бұйыртқан өлшеусіз сыйы үшін, қамқорлығы үшін алғыс: көңіл күй, сыйлықтар, заттар, жағдайлар, адамдар, жұмыспен өмірімді өркендеткені үшін рақмет. Жалғыз қалдырмағаны үшін алғыс. Айналамдағы тамаша адамдардың болғанына алғыс. Оларды мені оқыту үшін, қуанту үшін, қайғырту үшін, бақытты ету үшін, рухани өсіру үшін жібергеніне рақмет.

Ата-анаға алғыс

Анаң мен әкең саған өмір берді. Оларға айтылар алғыс сол өмір үшін болмақ. Бәлкім, сен ойлағандай бір кереметті бере алмаған шығар. Мықты денсаулық, білім, бақытты балалық шақ, дәулетті өмірді жасап бере алмаған болар. Оларға сол үшін ренжудің қажеті жоқ. Айыптама. Тағдырыңа жауапкершілік тек сенің мойныңда. Ата-анаңа өмір сыйлағаны үшін алғыс айт.

Тіпті ата-анаң сені асырап алса да оларға алғыс айт. Осы өмірде бас болып, жақсы жолға түсіргені үшін, қамқор болғаны, жақсылық тілегені үшін алғыс айт.

Мені дүниеге әкелген әкем мен анам баяғыда бақилық болды. Бірақ олар сыйлаған өмір менде әлі бар. Ол жалғасып жатыр. Олар мәңгі-бақи менің жүрегімде. Сол үшін алғыс.

Шыққан тегіңе алғыс

Шыққан тегіңе алғыс айт. Тектегі ата-бабаң көзге көрінбегенмен, олардың әруағы сені желеп-жебеп жүреді. Сенің денсаулығыңа, дәулетіңе, отбасыңа, жетістігіңе септігін тигізеді.

Шыққан тегіме, ата-бабаларыма мың да бір алғыс. Мені қолдағандары, әрдайым сақтап отыратындары үшін рақмет. Қауіпсіздігім үшін, денсаулығым үшін, жиған-тергенім үшін, жетістігім үшін ата-бабаларыма рақмет.

Ұрпаққа алғыс

Балаға алғыс айт. Өзіңнің баларыңа да, бөтен балаға да алғыс айтып үйрен. Бала деген ең керемет тәрбиеші. Бала саған өзіңді жаратушыдай сезінуге мүмкіндік береді. Өзіңді ата-ана сезінесің. Жаңа өмірдің дүниеге келуіне ықпал еткенің үшін ғалам мен балаңа алғыс айт.

Балаға өмірді сүйетін құштарлығы үшін, еркіндігі үшін, шекараны білмейтін батылдығы үшін алғыс айт. Ересектерді де соған үйретеді. Бала – кішкентай ұстаз. Бала – біздің айнамыз. Сол айнаға қарап үйрен.

Қызыма алғыс айтам, қызымның арқасында әке болудың қандай екенін сезіндім. Әке болған соң ата-анамды түсіну оңай болды. Төрт құбыламның түгел екендігін қызды болған соң түсіндім. Қамқорлық таныту мен шын махаббатты сезіндіргені үшін қызыма алғыс. Мен басымнан өткеріп жатқан төзімділік сабақтары үшін оған алғыс.

Қарияларға алғыс

Қарттықтың арқасында адам уақыттың бар екенін көріп, біледі. Қарттық даналықтың белгісі. Әдетте өзіміз көргіміз келмейтінді қариялар көрсетеді. Олар да біздің айнамыз. Бәлкім, өзіміз жас кезде қисық айна деп танырмыз. Уақыты келгенде сол айнадан өзімізді көреміз. Түсінуге тиістіні түсінеміз.

Қарттықтың бізге көрсеткісі келген бағалы қазынасын бірден көрмеспіз. Қартаю – бұл тәжірибе. Бірнеше буынның тәжірибесі. Бағала. Қателіктен аттай алатын сәттерде алғыс айт. Жасы үлкен жанды құрметте. Оларды түсіну қиын. Себебі, көбіміз үшін өмір жолы енді басталып жатыр. Олар жеткен жерге әлі жетпедік.

Ертең не боларын білгің келсе, айналаңа қара. Көруге тиістіні көресің. Онда жетуге әлі ерте. Дегенмен, басқа өмірді көрсеткеніне рақмет. Өзіңе қандай өмір қалайсың?

Есімде қалған ата-әжелеріме рақмет. Балалығымның тәтті шақтары сол кісілермен байланысты. Олардың мейірімі, қамқорлығы, жан жылуы үшін қарыздармын. Көшеде кездестірген қариялардың бәріне алғыс. Маған беруге тырысқан тәжірибелері үшін мың да бір алғыс. Әлі де көп дүниені түсіне алмағаным үшін сол кісілерден кешірім сұраймын. Бірақ қартаюда үлкен мағына барын түсінем. Сондықтан қасымызда жүріп, айналамызда ақыл айта жүретін есті адамдардың болғанына алғыс.

Әйелге алғыс

Әйелдерге алғыс айт. Өзіңнің кім екенің маңызды емес. Табиғатта әйел мен еркек қатар өмір сүреді. Бір қызығы, кез келген адамның бойында осы екі полярлы принцип қатар әрекеттеседі. Ерге тән, әйелге тән қуат бәріміздің бойымызда бар. Бойындағы нәзіктігін қабылдаған ер-азамат әйел затын жақсы бағалайды. Ер мінезді әйелдер бойындағы нәзіктігін қабылдай алмағандар. Айналаңдағы әйелдерге, жан жүрегіңдегі нәзіктікке алғыс айт.

Жаратушы бәрін жұп қылып жаратқан. Ер адам өзінің бүтіндігіне тек әйел арқылы жетеді. Әйел ері арқылы бүтінделеді. Екеуі бір-бірін бүтіндейді. Екеуі жұптасса, жаңа өмірдің дәнін егеді. Сол мүмкіндік үшін алғыс айт.

Тек әйел арқылы бұл фәниде жаңа өмір басталып, нәресте дүние есігін ашады. Әйелді ана деп құрметтеп, жаңа өмірдің бастауы деп қадірле.

Менің өмірімде болған, қазір бар, маған азаматтығымды түсінуге, еркек болып қалыптасуыма себепші болған әр әйелге алғыс. Алғашқы әйел – ана. Екінші әйел – жарың. Үшінші әйел – қызың. Барлық әйелге маған берген сабақтары үшін алғыс. Махаббат, мейірім, қамқорлық, көңіл бөлу, өзін құрбан ету, кең пейілділік сабақтары үшін алғыс. Әйелдің арқасында ерлік жасап үйрендім. Ер мінезді әйелдерге де рақмет. Мен үшін олармен бір кеңістікте өмір сүру үлкен тәжірибе болды. Солардың арқасында жүрегімдегі нәзіктікті қабылдауды үйрендім. Азаматтығымды дамытуды білдім. Әйелмен жұптасып, отбасын құру тәжірибесін бастан өткердім, өзімшіл «Мен»-нен асып, жұптағы «Біз»-ге жеттім. Жүрегіме терең үңілуге мүмкіндік бергендері үшін әйелдерге тағзым етем. Әйелдің арқасында шынайы алғыс айтудың не екенін үйрендім.

Ерлерге алғыс

Ерлерге алғыс айт. Әйел бойындағы ер мінезді қабылдай отырып еркектің болмысын да қабылдайды. Еркектің бойынан мақтауға тұрарлық қасиет тап та, соған сүйсін. Еркексіз әлем мүлде басқа болар еді. Еркектің арқасында әйел ана атанады. Еркекке махаббаты үшін, қамқорлығы, қорған болғаны үшін алғыс айт.

Еркектің білегі мен азаматтық айбыны үшін, ақылы мен мақсатшылдығы үшін, өжеттігі мен қайсарлығы үшін, достығы мен адалдығы үшін алғыс. Қиын сәттерде маған қолдау болған азаматтарға алғыс. Оларға ес кіріп, ақыл тоқтатып, аяққа тік тұрғанымша арқасүйерім болғаны үшін алғыс. Бауырларыма мың да бір алғыс.

Рухани әлемге алғыс

Рухани әлемдегі тіректеріңе алғыс. Жаның үшін, менің үшін, рухани өрісің үшін, қорғап жүрген періштелерге алғыс. Көктегі Жаратушыға алғыс. Көзге көрінбеген қолдау мен сәттіліктерге алғыс. Бұл фәнидегі жол бастап, ертіп жүргені үшін, әрбірімізге қажетті сабақты меңгертетіні үшін ұлы күшке алғыс. Бұл туралы ештеңе білмесең де, түсінбесең де алғыс айт. Көктен көмек сұра, сол көмек үшін алғыс айт. Құдай — әр адамның жүрегінде. Құдай — біздің жан әлеміміз. Әркімдікі өзіне. Құдайды танығың келсе, өзіңді таны, ішіңе үңіл. Бұрын көрмегенді көретін шығарсың.

Жаныма, арыма, меніме, қорғаушы періштелеріме, көктегі Жаратушыға алғыс. Жанымды сақтағаны үшін, арымды қорғағаны үшін, менімді өсіргені үшін алғыс. Қандай қиындыққа тап болсам да жүрегімде болғаның үшін алғыс.

Жаныңа жара салғандарға алғыс

Біліп, білмей жаныңа жара салғандарға алғыс айт. Дұшпаның мен қастарыңа алғыс айт. Саған жақсы болуға ең алдымен солар көмектесті. Солардың арқасында үлкен сынақтан өттің. Қанша қиын болса да кешір. Саған өзгеруге көмектескендері үшін алғыс айт.

Тағдырыма тап келіп, жаныма жара салғандарға рақмет. Жаным қайғыдан есейді. Қайғының арқасында өмірдің мәнін, махаббаттың маңызын түсіндім. Есті болдым. Мені өзгерткендеріңе алғыс.

Жақсылық жасағанға алғыс

Жақсылық жасағандарға алғыс айт. Қолдағы барын берді. Шамасы келгенше көмектесті. Сен күткенді бере алмаса, оған себебі болғаны. Сол үшін айыптама. Сенің өміріңде қонақ екенін сездірткені үшін алғыс айт.

Сен үшін титтей нәрсе істегендерге алғыс айт. Тамақ жылытып, ыдыс жуса да, заттарыңды жинап, дәрі әкеп берсе де алғыс айт. Ақыл айтып, қолдау білдірсе де рақмет айт. Өзің сұрамасаң да, көмектескендерге алғыс айт.

Саған жұмыс беріп, демалуға мүмкіндік тудырғандарға рақмет айт. Басыңа күн туғанда қасыңнан табылғандарға рақмет айт. Қуанышты бөліскендерге рақмет айт.

Маған жақсылық жасағандарға алғысым шексіз. Өмірде ондай сәттер көп болды. Әрбіріне алғыс. Жұмыс беріп, өз менімді өсіруге ықпал еткендерге рақмет. Махаббатқа бөлеп, қамқорлығын танытқандарға рақмет. Қиын-қыстау сәттерде қасымнан табылғандарға рақмет. Қуанышта да, қайғыда да бір болғандарға рақмет. Мені емдеген, дертімнен айықтырған, кейде мүмкін еместі жасауға тырысқандарға рақмет. Жалғыз өзім ештеңеге жетпес едім. Қиындықты еңсере алмас едім. Рақмет бәріңе.

Ұстаздарыңа алғыс

Кей адамға ұстаз деген анасы, әкесі, атасы, әжесі, мектептегі мұғалімі, жақын құрбысы. Біреу үшін ұстаз деген рухани әлемге жетелеуші адам. Коуч, тренер, университет оқытушысы. Біреуге жай ғана өмірдің өзі ұстаз. Ұстаз кім екені маңызды емес. Сол үйреткен сабақты қалай сіңіргенің ғана маңызды. Оларға сол үшін алғыс айт. Шамаң жеткенше, шын жүректен алғыс айт.

Маған өмір сүруді үйреткен, даналыққа баулыған әр ұстазыма алғыс айтамын. Кітабын оқыған, мақаласымен өскен, семинарына қатысып өзгеруіме, дамуыма себепші болған әр ұстазыма рақмет. Мені өсірген, өзгерткен әр жағдай мен адамға рақмет. Маған айна болып, кемшілігімді көрсеткен, содан сабақ алып, ілгері басуды үйреткен, абыройлы болуды меңгерткен әр жанға алғыс. Алған білім мен тәжірибе үшін өмірге алғыс. Ұстаздарымның арқасында жетіліп, дамып отырдым.

Өзіңе алғыс

Ең соңында өзіңе алғыс айт. Егер біреуден алғыс жетпесе, әлде өзге үшін тым көп нәрсе істеп қойдым десең, бірақ рақмет естімей қалсаң, ол үшін өзіңе-өзің рақмет айт. Сосын бұл файлды жап. Ол адамға қайтып оралма. Адамнан алғыс күтпеуді үйрен. Алғысқа лайық болсаң, ғаламның өзі-ақ риза қылудың амалын табады.

Өзіңе алғыс айту – өзіңді жақсы көрудің бір көрінісі. Өзіңе алғыс айта отырып алғысты осы әлемге, өзге адамдарға трансляция жасайсың. Ең қиын алғыстың түрі дер едім. Сондықтан ол ең соңғы алғыс. Соңғы қадам. Өзіңе бастайтын қадам.

Өзгелерге алданып, өзімізді ұмытып кетеміз. Өзімізге алғыс айту – шын мәнінде алғыс айтқымыз келгендердің бәріне алғыс айту. Оларды жүрекке енгіздік. Жүректің төрінен орын бердік. Жанымызға кіргіздік.

Алғыс айтудың алдыңғы 11 қадамын бастан өткерсең, бәрінің де жүректен орын алғаны. Өзіңнің арқаңда жан жүрегіңе үңілдің. Алғыс айтқың келгендерді жүрегіңмен сезіндің.

Қолда бар бақытым үшін өзіме алғыс айтам. Өзгемен бөлісетін ырысым үшін рақмет. Жүрегімнен орын алған әр жанға рақмет. Алғыс айту – өзіңді қабылдау. Қабылдамасаң, алғыс шынайы болмайды. Қабылда, мойында, кешір, алғыс айт.

Алғыс айту өзіңнің бүтіндігіңді сезіну. Табиғатпен бірлігіңді сезіну. Үйлесімділікті сезіну. Алғыс сөзге сараң болма. Көбіне «алғыс» пен «рақметті» айтамыз. Бұл сөздердің астарында не тұрғаны маңызды. Астарында сенің сезінген сезімің тұрады. Сендік жүректі әркім ести қоймас. Ал сөзді бәрі естиді. Осының өзі зор мағына.

Адамға алғыс айтқанда не үшін екенін ашып айт. Бұл артық болмас.

Өзгеден рақмет күтпе. Әрине, саған да рақмет айтуға тиіс сәттер боп тұрады. Тек содан проблема жасап алма. Алғыс айта алмайтын адамнан рақмет күтпе. Істегеніңді бағалай алмағаннан рақмет күтпе. Оны сол болмысымен қабылда. Көрсеткен тәжірибесі үшін оған өзің алғыс айт. Ғаламға алғыс айт. Ғалам да саған алғысын білдіреді.

Алғыстың бір ерекшелігі бар. Оны тек сезіне аласың. Айта салу аздық етеді. Жүректен шыққаны маңызды. Ақылдан таралғаны да жаман емес. Бірақ адам тек жүрекпен сезіне алады.

Ғаламнан бір нәрсе алу үшін емес, сезіну үшін алғыс айт. Сезінгеніңнің өзі аз болмас…

Алғыс қуаты – адамды өзгертетін ең күшті қуаттың бірі. Оны жүрекке қондырған жан өзгереді. Басқа адамға айналады. Өзін басқаша сезінеді.

Олег Астапенков

Аударған Шынар Әбілда

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *