Әліпби немесе Алфавит (гр. ἀλφάβητος – жазу нұсқасы) —
- Тілде оның құрылмасын жазу үшін пайдаланылатын белгілі бір тәртіп бойынша орналасқан таңбалар жиынтығы;[1]
- Есептеу жүйесінде пайдаланылатын барлық символдар жиынтығы;
- Есептегіш техникада — берілген жиында өзгермейтін болып қабылданған, берілген тілде кез келген хабарды құрастыруға болатын символдардың (әріп, цифр және басқа шартты таңбалар) жиынтығы.[2]
- Алфавит ақпаратты кодтау үшін пайдаланылатын таңбалардың шектеулі жиынтығы. Қазіргі заманғы ақпараттық жүйелерде пайдаланылатын алфавитмысалдары ретінде мыналарды атап өтуге болады:
- Z33 алфавиті — орыс алфавитінің 32 әрпі және бос орын;
- Z256 алфавиті — ASCII және ААК-8 (КОИ-8) стандарттық кодтарға кіретін символдар;
- Бинарлық алфавит — Z2={0,1}; сегіздік алфавит немесе он алтылық алфавит;
Әліпби – жазуда қолданылатын әріптердің белгіленген тәртіп бойынша орналасқан жиынтығы. Әріптердің рет тәртібін де білдіреді. Ұғымды белгілейтін идеограмма жазудан, сөзді бейнелейтін логограмма жазудан әліпбилік жазудың жүйесі мүлде бөлек. Жазудың әліпбилік үлгісін, яғни таңбаның бір ғана дыбысқа (фонемаға) сәйкес келуін біздің заманымыздан бұрынғы 3-мыңыншы жылдардың ортасындасемит халықтары ойлап тапқан. Семит тілдерімен туыстас көлбеу сызықты (курсив) арамей (көне семит тілі) әліпбиі Таяу және Орта Шығыс елдерінің бәріне дерлік тарады. Біздің заманымыздан бұрынғы 6 – 4 ғасырларда Кіші Азиядан Үндістанға дейінгі билік құрған Ахемен әулеті билеген парсы мемлекетінде қолданылған парсы-арамей жазуы (парфян, соғды, хорезм жазуларына негіз болған), еврейлердің шаршы жазуы, сирия-арамей жазуы (манихей, несториан, яковит жазуларына негіз болған), жол асты, жол үсті дәйекшелерімен толықтырылған араб жазуы, т.б. арамей жазуының жергілікті тармақтарына жатады. Түзу сызықты финикийәліпбиі бастапқы түрінде Кіші Азия, Грекия, Италия, т.б. елдерде қолданылды.
Ал көне грек әліпбиі бірнеше тілдердің жазу-сызуына негіз болды. Византия жазуы, копт (христиан мысырлықтар), гот, славян жазулары көне грек әліпбиінің Шығыс тармақтарына жатады.[3] Ал италий, этрус, көне герман сына жазуы, т.б. батыс грек әліпбиінің тармақтары болып саналады. Бұлардың ішінде этрус әліпбиі латын әліпбиіне негіз болған. 8 – 13 ғасырлардаОрталық Азиядағы түркілердің арамей-сирия тармағынан тараған несториан, манихейжазуларымен жазған жазба ескерткіштері болды. Сондай-ақ парсы-арамей тармағына жататын соғды әліпбиі Шығыс Түркістанда кеңінен қолданылған көне ұйғыр әліпбиіне негіз болған. Ал көне ұйғыр әліпбиі негізінде 13 ғасырдан кейін тұңғыс-манжұр жазулары қалыптасты. Түркі халықтарының әлемге әйгілі Орхон-Енисейжазба ескерткіштерінің әліпбиіне соғды жазуы негіз болған деген де пікір бар. Ал орыс шығыстанушысы Николай Аристов түркі әліпбиін ешбір бөгде әліпбидің ықпалынсыз, түркі таңбалары негізінде туған төл жазу деп санайды. Жазу-сызу мен сауаттылық дінмен тығыз байланысты болды. Арамей жазуы зороастрашылдық, сирия-арамей жазулары яковит, несториан (христиан секталары), манихей діндерімен байланыста тарады. Араб әліпбиі мұсылман дінінің, ислам мәдениетінің кеңінен таралуына байланысты көптеген түркі халықтарының жазу-сызуына негіз болды. Қазақ жазба мұраларының көпшілігі араб әліпбиі арқылы біздің заманымызға жетті. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуына алғаш реформа жасады. Ол қазақ жазуы тарихында «жаңа емле» (төте жазу) деп аталып, халықты сауаттандыруда ірі бетбұрыс жасады. Әліпби 1913 жылдан бастап мұсылман медреселерінде, 1929 жылға дейін кеңестік мектептерде қолданылды. 20 ғасырдың 20-жылдары аяғында әліпбиді ауыстыру жайлы түркі, қазақ зиялылары арасында айтыс жүріп, Байтұрсынов реформалаған әліпби қолданыстан шығарылды. Шығыс Түркістандағы (ҚХР) – Шыңжаң автономиялық ауданындағы қазақтар Байтұрсынов әліпбиін қазіргі кезге дейін қолданып келеді. 1929 жылы КСРО құрамындағы түркі халықтары латын әліпбиіне көшірілді. 1940 жылы Кеңес Одағы халықтары біртекті әліпбиді қолдануы қажет деген саясатпен орыс әліпбиі қолданысқа енгізілді. Орыс тілінде жоқ қазақ тілі дыбыстарының таңбалары кирилл таңбаларына ұқсастырылып (қ-к, ғ-г, ө-о, ң-н,) қабылданды. Бұл әліпбидің қазақ тіліне тән ерекшеліктердің бәрін толық таңбалай алмауына байланысты кейінгі жылдары қазақ жазуын латын әліпбиінекөшіру мәселесі көтерілуде.