Халқымыздың сан ғасырлар бойы тұрмыс тіршілігінде және дүниетанымдық ұғымында құндыз елеулі орын алатындығын халық ауыз әдебиетінің түрлі салаларында сақталған ұлттық ұғымдардан айқын байқауға болады.
Ежелгі көшпенді тұрмыс салтымыз бен малшаруашылық салаларында кең-байтақ жерімізде таралған кәсіптік мәні бар жабайы жануарлар жайлы ұлттық ұғымдар мен тұжырымды түйінді түсініктер, танымдық мәні зор сөз тіркестері, мақал-мәтелдер, теңеу сөздер көптеп кездеседі. Осындай құнды ұлттық рухани құндылықтарымыздың әрі дүниетанымдық, әрі тәрбиелік мәні зор екендігін ерекше атап айтуға болады. Мысалы, еліміздің өзен-көлдерінде тіршілік ететін терісі бағалы құндыз туралы өте құнды ұлттық ұғымдар, сол жануарлардың биологиялық және экологиялық ерекшеліктеріне тікелей қатысты айтылғандығы еріксіз таңғалдырады.
ҚұндызҚұндыз – сүтқоректі жануарлардың кемірушілер тобына жататын терісі және «құндыз қайыры» бағалы, кәсіптік мәні зор аң болып саналады. Бұл жануарды орысша «бобр» деп атайды. Оның барлық тіршілік әрекеттері өзен-көлдермен тығыз байланысты. Соған орай, халқымызда «құндыз – суда, құлан – қырда» деген мәтел сақталған. Бұл мәтел құндыздың тіршілігі тікелей сумен байланысты екендігін аңғартады.
Қазіргі кезде дүниежүзінің өзендері мен көлдерінде құндыздың екі түрі кездеседі. Оның бірі – Солтүстік Америкада таралған канада құндызы болса, ал екіншісі – Еуразия құрлығында кездесетін – өзен құндызы (оны кейде кәдімгі құндыз деп те атайды). Құндыздың бұл екі түрінің жалпы дене құрылысы, тіршілік әрекеттері, тіршілік ететін табиғи орта жағдайлары және мінез-қылығы бір-біріне ұқсас болып келеді. Тек таралу аумақтары мен аздаған ерекшеліктері арқылы бір-бірінен айырмашылықтары бар.
Өзен құндызының дене пішіні жұмырланып келген ұршыққа ұқсас, басы біршама кішілеу, мойны айқын байқалмайды, денесінің артқы тұсы жалпақтау. Құндыздың бірден көзге түсетін жалпақ келген мүйізді қабыршақтардан тұратын түксіз жалаңаш, ескек пішінді құйрығы бар. Кеміруші сүтқоректі жануарлардың ішінде құйрығының пішіні дәл құндыздың құйрығына ұқсас бірде-бір аңды кездестіру мүмкін емес. Құндыздың құлақ қалқаны кіші, ол қалың түктің арасынан бірден байқалмайды. Құлақ қалқанының ішінде ұзына бойы орналасқан терілі қатпарлар су ішінде жүзген кезде құлақ қуысына судың кіруіне тосқауыл болады. Құндыздың үстіңгі етті еріні екі айыр болып күрек тістерінің артқы жағынан қосылып тұрады. Сондықтан да құндыздың үстіңгі күрек тістері үнемі көрініп тұрады. Осыған орай халқымыз күрек тістері ұзын адамдарды «тісі құндыздың ырсиған тісіндей екен» деп жатады.
Құндыздың барлық тіршілік әрекеттері күрек тістерінің кемірушілік қабілетіне тікелей байланысты екендігін атап өткен жөн.
Қалың түгіндегі ірі қылшықтары жылтылдап ерекше көзге түсетіндіктен «Құндыздай жылтыр қара», «Құндыздай құлпыру», «Құндыздай қою жылтыр», «Құндыздай мақпал қара», т.б. теңеу сөздер тілімізде сақталған. Ал «Құндыздай шұбау» деген сөз тіркесі құндыздардың бірінің соңынан бірі тізіліп жүруіне байланысты айтылған.
Құндыз күрек тістерінің көмегімен ағаштардың діңін кеміріп құлатады және оларды жеке бөлшектерге бөліп тасымалдап үйшік, су деңгейін бірқалыпты ұстап тұру үшін тоғандар жасайды.
Француздың мұхит зерттеуші көрнекті ғалымы Жан Ив Кусто 1983 жылы канада құндыздарының тіршілігіне бақылау жүргізіп, құндыздың өзіне тән басты белгісі әрі қалтқысыз қаруы олардың төрт күрек тісі бар екендігін айрықша атап жазған.
Құндызды дүниежүзінің көптеген халықтары, яғни Солтүстік Америка үндістері «орманның кіші адамдары», кейде «сөйлейтін бауырларымыз» деп атаса, норвегиялықтар «әрі сергек, әрі сезімтал жан иесі» дейді. Ресейдің солтүстігінде тұратын манси халқы құндызды «су асты Құдайы» деп дәріптесе, ал құндыз таралған аумақтарды «киелі жер» деп санайды.
Құндызды «киелі», «қасиетті» деп есептеу қазақ халқының әдет-ғұрпында да сақталған, осыған орай, «құндызды аулама, аққуды атпа» деген тыйым сөздер айтылады. Сонымен қатар халқымызда «құндыз қайыр» деген сөз тіркесі сақталған ол «бобровая струя» деген сөздің аудармасы.
Соңғы кезде баспа беттерінде «құндыз» – деп орысша «выдра» деген жыртқыш аңды атап жүргенін кездестіріп жүрміз. Бұл мүлде шындыққа сәйкес келмейтін қате пікір. «Выдра» сөзі қазақша «кәмшат» деген ұғымды білдіреді. «Құндыз қайыр» деген ұғымын кәмшатқа ешбір қатысы жоқ.
Тарихи жазба деректерде «құндыз» сөзі ежелден-ақ орысша «бобр» деген сөздің аудармасы екендігіне көптеп мысалдар келтіруге болады. Масалы, Махмұд Қашқаридың атақты «Түркі тілдерінің сөздігі» атты еңбегінде «құндыз – су иті», ал «құндыз қайыр» – «құндыздың жыныс безінен алынатын дәрі» деген анықтамалар келтірілген. Бұл пікірлер тікелей құндызға (бобр) байланысты орынды айтылған. Өйткені ерте кездерде құндызды «су иті» деп аталғандығын ХІ ғасырда өмір сүрген орта азиялық көрнекті ғалым Бирунидің фармокология (дәрі-дәрмек) туралы еңбегінде құндызды «су иті», оның жұпар безінен құндыз қайыр алынатындығы, оны буын ауруларын емдеу үшін пайдаланатындығы атап көрсетілген. Ертедегі араб және түрік саяхатшыларының жолжазба күнделіктерінде құндызды «су мысығы» деп те атаған. XVII ғасырда түрік жиһанкезі Э.Челеби Дон өзенінің өңіріне жасаған саяхаты кезінде «етті жануар – су мысығын» көптеп көргендігін және оны жергілікті тұрғындар «кунтуш» деп атайтындығын атап жазған.
Қазақ халқының «құндыз» деп атап жүрген жануары орысша «бобр» сөзінің тікелей аудармасы екендігіне ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Ертеде жазылған сөздіктерде де орысша «бобр» сөзінің қазақша «құндыз» деген ұғымды білдіретіні тасқа таңба басқандай нақты атап жазылған.
1774 жылы Өскемен бекінісінде құрастырылған Лютер жазған қолжазбада (бұл кейде «Скалон сөздігі» деп те аталады) 3130 сөз бен сөз тіркестерінің қазақша аудармасы берілген, бұл сөздікте «бобр» – «кундус», «камчатский бобр» – «қара кундус», «русский бобр» – «тюяк кундус» деп берілген.
Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін жақсы білетін көрнекті орыс ғалымы Г.Потанин 1864 жылдары Зайсан көліне жасаған арнайы саяхаты туралы еңбегінде Қаба өзенінен құндыздың көптеп ауланатынын және олардан «құндыз қайыр» алынатындығын жаза келіп «құндыз», «құндыз қайыр» деген сөздерді жергілікті тұрғындар тілінде жазып келтірген.
1883 жылы Ташкентте басылып шыққан орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздікте (құрастырған түркістандық Ешмұхаммед Букин) 3000-дай сөз қамтылған, мұнда да «бобр» – «құндыз» деп аударылған.
Түркі тілдерінің майталман маманы А.М.Щербактың (1961) «Названия домашних и диких животных» деген көлемді мақаласында «бобр» – қазақша «құндыз» деп, ал «выдра» – «қама», «кәмшат» деп аталатындығы атап көрсетілген.
Қазақ жеріне саяхат жасаған орыс ғалымдары А.К.Седельников (1910), Г.Е.Грум-Гржимайло (1914), т.б. «бобр» сөзі – қазақша «құндыз» деп аталатындығын жазған. Сонымен қатар Еуразия құрлығында құндыздың таралуын аумағына жан-жақты талдау жасаған әрі ол жөнінде іргелі еңбек жазған көрнекті орыс зоологы В.Н.Скалон (1951) қазақша «кундус» (кундуз) – орысша «бобр» сөзінің аудармасы екендігін атап көрсеткен.
Құндыз ерте кездерде Қазақстанның өзен-көлдерінде кеңінен таралғандығына археологиялық қазбалардан табылған құндыз сүйектерінің қалдықтары және құндызға тікелей қатысты қойылған өзен атаулары да нақты дәлел бола алады. Елімізде ірілі-ұсақты 20-дан астам өзендер «құндызды» деп аталады.
Халқымыздың аңыз-әңгімесінде «құндыздың қыз ұзатуы» туралы айтылады. Бұл аңызда құндыздардың топтанып тіршілік ететіндігі және ұрпақтары жұп құру үшін жаңа жерлерге қоныс аударатындығы және сол мезгілде әлсіз «сыңсудай» дыбыс шығаратындығы да құндыздар тіршілігіне ұқсайтындығын аңғаруға болады.
Кірпігінен секілді құнсыз атқан,
Жіңішке қара қасы тура тартқан.
Қолаң шашы қиылған арқасында,
Су еркесі құнайдай құндыз тапқан, – деген теңеу сөздерде де құндыз туралы құнды деректер келтірілген.
Құндыз терісінің құндылығына қатысты теңеу сөздер де тілімізде көптеп кездеседі. Мысалы, «Құлпырған құндыз сынды қылшықты жүн» (Ө.Тұрманжанов), «Түйілді төңірекке қасы құндыз» (І.Жансүгіров), «Шашың жібек құндыздай» (Ж.Жабаев), «Қолаң шашы құндыздай» (И.Байзақов) және т.б.
Ертеде халық арасында түгінің түсі шымқай қара құндыздар өте қымбат бағаланып, оны «бәт құндыз» деп ерекше дәріптеген. Өйткені құндыздардың түгінің түсі табиғи жағдайда көбіне қоңырқай түсті болып келетіні белгілі. «Бәт құндыз қыз балаға жарасқандай» (С.Мұқанов), «бәт құндыз, қара түлкі, түрлі жарғақ ілдіріп айқыш-ұйқыш сәнге қойған» (С.Сейфуллин), «Құлпырған қара құндыз» (Базар жырау), «Құндыздай құлпырған қара жүні» (С.Торайғыров) т.б. сөз тіркестері сақталған.
Кейбір зоолог ғалымдар жануарлардың атауын талдауда біржақты қарап, ұлттық ұғымдар мен түсініктерге терең мән бере бермейді. Әрбір ұлттық ұғымдарды жан-жақты талдаудың әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор екендігін естен шығармаған абзал.
Рысбай СӘТІМБЕКОВ,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің
профессоры,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері