Қазіргі түсіндірме сөздікте қос сөз мағынасы — тамылжып жадыраған, жайдары деп түсіндірілген. Әрине, әркімге оның мағынасын осылай түсінгенмен, құрамындағы жеке сөздердің алғашқы мағынасы мен түпкі теркінін біле беру қиын.
Түркі және Моңғол тілдері деректеріне үңілсек, бұл екі сөздің де мағынасы біріне-бірі жақын екендігін тағы көреміз. Якут тілінде: дьайғар — ашылу (аспанның) мағынасында қолданылады. Кейде якут тілінде қазақ тіліндегі «ж» орнына «дь» дыбысы айтылатынына мына мысалдар дәлел болғандай, қазақша — жар (өзен, сай жағасындағы), якутша — дьаар; қазақша — жорға, якутша — дьорус т. б. Ал осы тілде «дьайға» тұлғалы сөз — ала бұлтты, аз бұлтты мағынасын берсе, мұның өзі аспан ашық дегенмен бірдей. Осы деректер негізінде қос сөздің бірінші сыңары «жайманың» түбірі «жай»болады да, оның езі якут тіліндегі түбір «дьай»-мен барабар, ал мағынасы «ашық» дегенді аңғартады. «Шуақ» сөзінің де төркінін якут, әрі кетсе, Моңғол тілінен табуға болады. Якутша чуолкай — ашық, анық мағынасына нұсқаса, Моңғол тілінде «цэгээн» тұлғасы «ашық, анық»дегенді ұғындырады. Егер якут тілімен салыстыра қарасақ, бұл тілдегі «ч» -ның қазақ тілінде «ш»-ға айналуы және соңғы -ай қосымшасының, сондай-ақ «л» дыбысының түсірілуі тіліміздегі заңдылықтарға қайшы емес. Сондықтан да якут тіліндегі «чуолкай», қазақ тілінде «шуақ»болмасқа еркі жоқ. Ал Моңғол тіліндегі «ашық»мағынасын беретін «цэгээн» тұлғалы сөздің түбірі — цэг десек, оның біздің тілімізде «шуақ»қалпына дейін өзгеруінде де заңдылық жоқ емес. Басқы «ц» қазақ тілінде «ш» болып дыбысталады (салыстырыңыз Моңғолша — цунхгэр, қазақша — шұңқыр). Моңғол тіліндегі қосымша «ээн» түсіріліп, оның орнына тіліміздегі -ақ жұрнағы қосыла келіп «шуақ» қалпына дейін жеткен. Сөйтіп, «жайма-шуақ» қос сезіміздің ертедегі мағынасы —«ашық-ашық» немесе «ашық-анық» сияқтыларды ұғындырған деуге болады