Ескі Қазақ тілі

Ескі Қазақ тілі— орта ғасырларда (XІV — XVІ ғғ.) қолданылған Қазақ халқының тілі.


Бұл кезде қыпшақ және басқа қазақ тайпалары Алтын Орда мемлекетінен бөлініп шығып, «Қазақ» деген этникалық атпен өз алдына этнос болып қалыптасқан. Орта ғасырларда қоңырат, қыпшақ, алшын, үйсін, дулат, арғын, найман, керей, жалайыр т. б. тайпалардың, олардың бірлестіктерінің ауызекі сөйлеу тілімен қатар жазба әдеби тілі болған, ол ауыз әдеби тілімен қатар өмір сүрген. Ескі Қазақ тілінің негізінде Қазақтың халық тілі, одан кейін қазіргі ұлттық тілі дамып қалыптасқан.[1]

Даму мен жетілу дәуірі ( XІV — XVІІ ғғ.) және жаңа дәуір, яғни оның одан әрі де өркендеген уақыты ( XX ғ.). Ескі қазақ тілі өзінің бастау кезін орта ғасырдың орта кезеңінен ( ІX — XІІІ ғғ. ) алады. Ол кездегі халықтар «түрк/түрік, түркі» сияқты жалпы атаумен аталып, сол дәуірдегі жазылып қалған мұралар «ескі түркі ескерткіштері» деген атпен белгілі болған. Алғашқы орта ғасырдан ( V — VІІІ ғғ. ) қалған жадыхаттарды «көне түркі ескерткіштері» деп есептейді. Әрине, қазіргі қазақ тілі өзінің ескі түрі арқылы осы айтылған тарихтың қойнауына қарай үңілсек, ескі түркі тілдерімен де, көне түркі тілдерімен де тарихи өзектесіп жатады. Оның кейбір ерекшеліктері мен тамырлары алтай тілдерімен (олар арқылы орал тілдерімен де) араласып кетеді, демек, біз өз тіліміздің пайда болу (жаратылу) табиғаты мен өзгеруінің эволюциялық жолдарын антикалық дәуірден (прототүркі дәуірінен, б. з. д. ІІІ ғ. — б. з. ІV ғ.) іздеуіміз керек (О. Ысмағұлұлы). Кезі келгенде «көне қазақ тілі» (тіпті «ежелгі қазақ тілі» деп те айта беруге болар, бірақ көне түркі тілдерінің ( V — X ғғ. ) кезінде, әрине, «қазақ» («қазақ тілі») деген сөз дәл қазіргі мағынасында айтылмаған (жазылып та қалмаған), ал ескі түркі тілдерінің кезінде ( ХІ — XVІІ ғғ. ) «қазақ» деген сөз жазылып қалғанымен, оның беретін мағынасы дәл қазіргідей болмаған, яғни ол этникалық термин емес, бейтарап сөз болған (қазіргі «Түркі-араб сөздігі»). Алайда, қазақ тілінің көне, ескі тіл екендігін теріске шығаруға болмайды. Оның көнелік (ескілік) сипаттары көне (ескі) түркі жазба нұсқаларының тілінен айқын байқалып отырады (қазіргі Көне түркі тілі, Көне түркі жазба ескерткіштері).

Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан рулар мен тайпалардың, ұлыстармен халықтардың өз заманында қолданған тілдері — қазіргі қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуының қайнар көзі. Олар X — XV ғғ. өмір сүрген бұлғар, қыпшақ, оғыз және қарлұқ сияқты басты-басты тайпалар одақтарының құрамына еніп, солардың тілінде сөйлеген. Басты бір фонетикалық заңдылықтар д-з-й (адақ — азақ — айақ), н-ң-й (қон-қоң-қой), ғ мен г дыбыстарының й, у болып өзгеруі немесе айтылмай түсіп қалуы т. б. осы кезде қалыптасқан (д, з, н, ң, ғ, г дыбыстарын қолданатын тілдер не көне, не ескі болып есептеледі, осыған орай қазақ тілінде адақтау — айақтау, суғар — суар, жаз-жай сияқты сөздер кездесе береді). Орта ғасыр түріктерінің, соның ішінде қоңырат, қыпшақ, алшын, дулат, арғын, керей, найман, жалайыр т. б. рулар мен тайпалардың, олардың одақтық бірлестіктерінің ауызекі сөйлеу тілі мен қатар жазба әдеби тілі де болған, ол ауыз әдеби тілімен қатар өмір сүрген. Сол тілдерде жазылып қалған (немесе айтылып жүрген) нұсқалар мен ескерткіштер де аз емес: «Едіге«, «Ер Сайын» жырлары (алшындар тілінде), «Ер Көкше«, «Қабанбай батыр» (керейлер тілінде), «Мұхаббатнаме«, «Алпамыс» (қоңыраттартілінде), «Орхон — Енисей ескерткіштері» (дулаттар тілінде), «Наһдж-ул-Фарадис» (кердерілер тілінде), «Кодекс куманикус» (қыпшақтар тілінде) пайда болған (профессор С. Аманжолов). Әрине, «Ескі қыпшақ тілініңескерткіштері» өз алдына. Қазіргі қазақ тілінің қалыптасу дәуіріне дейін (15 ғасырға дейін) оның өзіндік белгілерінің бәрі де сараланып, өзіндік табиғи қасиеттерін айқындап, басқа түркі тілдерінен айырым жүйелерін айшықтап бөліп алған. Олар, сөз жоқ, ғасырлар бойы бір тілге жинақталып, өзара сіңісіп қалыптасқан. Мысалы, қазақ тілінің ж дыбысымен айтылу ерекшелігі (жоғарыда көрсетілген) орта ғасырдың орта кезінде пайда болған. Одан бұрынғы дәуірлерде бұл дыбыстың ешқандай ізі болмаған (бұл іспеттес фактілері аз емес). » XV — XVІІ ғғ. қазақ халқының мәдени өмірінде жаңа құрала бастаған халықтың сөйлеу тілі мен қазақ халқын құраған ру-тайпалардың әріден келе жатқан, поэзия тілінің негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті» (Р. Сыздықова).

Халық тілінің орайына қарай қалыптасқан іс қағаздары (кеңсе тілі) мен ғылым әдебиеттер жазылатын (ғылыми стиль), хат-хабар қағаздарын жазатын арнаулы тіл (эпистолярлық стиль) т. б. да қоғамдық-әлеуметтік, саяси-әкімгершілік, мәдени-шаруашылық салаларында қызмет жасайтын жазба тіл әртүрлі стильдер бойынша жүзеге асу үдерістерінен көріне бастады. Ол жалпы түркілік, ортаазиялық жазба әдеби тілмен («түркі» деп аталатын тілмен) байланысты болды, оған, бірінші жағынан, Орта Азия халықтары тілдерінің өзара жақындығы мен халықтардың құрдай араласып жатқандығы себеп болса, екінші жағынан, сол кездегі тілдік материалдардың кейінірек көбінесе шет өлкелерде (Қазан, Омбы, Орынбор, Санкт-Петербург, Ыстамбул, Томск, Троицк, Уфа т. б.) басылып отыруы әсер еткен болу керек. Ол кездегі қазақ пен ноғай тілдеріне ортақ туындылар әрбір ұлттық тілдердің тағдырына өз іздерін қалдырды, дегенмен, олар «біршама қазақыланды». Қазіргі қазақ тіліне қарағанда, ол дәуірдегі тілдің азды-көпті өзіндік (лексикалық, фонетикалық, грамматикалық, синтаксистік, стильдік т. б.) ерекшеліктері болды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *