Молекулалық генетика мен молекулалық биологияның қол жеткен табыстарының негізінде биология ғылымының жаңа бір саласы – гендік инженерия қалыптасты.
Бұл ғылымның мақсаты – іс-тәжірибелер мен теория үшін қажетті генетикалық бағдарламаның жобасын жасап, оны тірі организмге енгізу.
Басқа биологиялық ғылымдар сияқты генетикалық инженерияның да даму тарихы бар. Бұл саладағы алғашқы зерттеулердің қатарына Н.П. Дубининнің (1934 ж.) дрозофила шыбындарының хромосом санын өзгерту бағытында жүргізген жұмыстары жатады. Ол рентген сәулелерімен әсер ету жолымен хромосома санын өзгертуге болатындығын анықтады.
1956 жылы Е. Сире рентген сәулесінің көмегімен өңделген жабайы эгилопс өсімдігі жапырағының сары дақ ауруына төзімділігін анықтайтын генін, жұмсақ бидайдың хромосомасына апарып салған. Нәтижесінде жұмсақ бидайдың сары дақ ауруына төзімді формасы алынған.
ДНҚ құрамынан жеке генді бөліп алу жұмысы тұңғыш рет 1969 жылы Дж. Беквиттің зертханасында жүргізілді. Ол E. Coli бактериясынан лактозалық оперон тобына жататын гендерді бөліп шығарды.
1971 жылы В.А. Струнников ген және хромосома деңгейіндегі генетикалық инженерия әдістерін жібек құртында пайдаланды.
1972 жылы америка оқымыстысы П. Берг маймылдың онкогенді вирусының, бактериофагтың және E. Coli бактериясы геномдарының түрлі бөліктерін біріктіру арқылы рекомбинантты ДНҚ алды. Міне, дәл осы зерттеу жұмысынан кейін, гендік инженерия әдісі – биотехнология ғылымындағы болашағы үлкен сала ретінде жақсы қалыптаса бастады.