Ынтымақтастық – түрлі мүдделі топтардың бейбіт қатар өмір сүру жағдайында экономикалық, саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени және халықаралық мәселелерді бірлесіп шешудегі қабілеттілігі. Ынтымақтастық қоғамдық қатынастардың әр түрлі деңгейінде көрінеді. Микродеңгейдегі ынтымақтастық ретінде түрлі топтардың, ұйымдардың, партиялардың, қоғамдық ұйымдардың белгілі бір мәселелерді ұйымдасып шешіп отыруға ниетін атауға болады. Мезодеңгейдегі (орта) ынтымақтастыққа әлеуметтік топтар мен топтар, халықтар мен этностар арасындағы ортақ мәселелерді (экономика даму, әлеуметтік мәселелер, этнография даму) және міндеттерді шешуде бірігіп әрекет етуді жатқызуға болады. Макродеңгейдегі ынтымақтастыққа мемлекеттер, халықаралық ұйымдар арасындағы ғаламдық планетаралық мәселелерді шешуге бағытталған ұжымдық іс-әрекеттерді жатқызамыз. Ынтымақтастық қазіргі адамзаттық өзара түсінісуінің, ортақ мәселелерді біріккен әрекеттермен шешуге ұмтылуын, бейбітшілікті қамтамасыз етуінің негізгі формасы болып табылады. Сондықтан қазіргі әлемдік қатынастардағы ынтымақтастық бағыттары сан алуан. Әрине шешуші ынтымақтастық бағыттары – экономика ынтымақтастық, сауда, мәдени-техника, технология және ақпараттық ынтымақтастықтарының маңыздылығы арта түсуде. Ғаламдық мәселелерді шешудегі ынтымақтастықтың халықаралық ұжымдық мақсаттарының көрінісі ретінде БҰҰ-ны атауға болады. Мысалы: Қазақстан өзінің экономика мәселелерін Шанхай ынтымақтастық ұйымы арқылы жүзеге асыруда. Ал мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт ұйымы арқылы шешуде. Ынтымақтастық – әрбір мемлекеттің ішкі және сыртқы дамуына жағдай жасайтын, басқа күштермен бірігіп әрекет етуінің, қарым-қатынастар жасауының негізгі принципі және екі жақты, көп жақты пайдалы ахуалды қалыптастырудың жолы болып табылады.