Кенесары туралы ақын-жазушылар шығармалары

 

Астана қаласындағы Кенесарының ескерткіші

Кенесары қазақ халқының дербес мемлекеттілігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқарып, басын біріктіру, азаттық пен бостандыққа қол жеткізіп, тәуелсіз ел ету мұратын көздеген сұңғыла саясатшы, қайраткер, ірі мәмілегер, дарынды әскери қолбасшы ретінде ел есінде қалды. Кенесарының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары – Наурызбай» дастаны (19 ғ.) 1875 ж. сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. 20 ғ-дың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын (сахнаға бірер қойылуынан кейін тыйым салынған), 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын жазды. Алғашқы зерттеулер ішінде «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деген тақырыппен Н.Середаның 1870 ж. «Вестник Европы» журналының бірнеше нөміріне бастырған кітабының дерек көзі ретіндегі маңызы зор. 1888 ж. Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан К-ның баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес өкіметі тұсында К-ның күрес жолына іргелі ғыл. зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов («ХІХ ғасырдың 20 – 40-жылдарындағы Қазақстан», 1947) саяси қуғын-сүргінге ұшырады. К. тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейін ғана қолға алынды. Тарихшылар (Ж.Қасымбаев, т.б.) өз зерттеулерін жариялады. 2002 ж. Кенесарының туғанына 200 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған және оның есімімен аталатын көше бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *