Дуань Хуэйзун Елшілігі — Хань империясыныңб.з.б. 30 — 10 жылдары аралығында Үйсін мемлекетіне жіберген елшілігі. Елшілікті Батыс Хань империясының Батыс өлке өкілдігінің (Си юн ду ху фу) бастығы (б.з.б. 33 — 19), дипломат, қолбасы Дуань Хуэйзун (б.з.б. 84 — 10) бастап келді. Б.з.б. 2 — 1 ғасырларда Хань империясыұұн тәңірқұттарына қарсы күресте одақтас іздеп, батыс өлкеге, әсіресе, үйсін еліне жиі елшіліктер жіберіп, үйсін күнбилері мен шонжарларына қыздарын ұзатып, өзара қарым-қатынас орнатуға тырысты. Бұл үйсін елін іштей ірітіп, берекесін кетірді. Елдің жоғары билігінде үйсін күнбилерінің ғұннан және қытайдан алған әйелдерінен туған мұрагерлері арасында тақ таласы өріс алды. Б.з.б. 53 жылы Үйсін мемлекетіүлкен күнби және кіші күнби билеген иеліктерге бөлініп, үлкен күнбилікті қытай ханшайымынан тараған ұрпақ, кіші күнбилікті ғұн бәйбішеніңбалалары биледі. Ішкі өзара қырқыс одан әрі күшейіп, ол халық толқуларына ұласты.Хань империясы осы тұста үйсін елімен арадағы қарым-қатынасты өзіне оңтайлы түрде реттеу мақсатымен елшіліктер жіберді. Дуань Хуэйзун өзінің үйсін еліне барған әр жолғы елшілік сапарында мол сыйлық-тартулармен, түрлі айла-шарғылармен үйсін елінің ішкі істерін Хань империясының пайдасына шешіп отырды. Б.з.б. 16 жылы кіші күнби Мочжэнцзян елді біріктіру мақсатымен Хань империясын жақтаушы ұлы күнби Цылимиді өлтіртеді, Хань сарайы Мочжэнцзянды жазаламаққа Дуань Хуэйзунды үйсін еліне аттандырады. Ол үлкен күнбилікке қытай ханшаның немересі Ичжимиді тағайындайды. Дуань Хуэйзунның б.з.б. 14 жылғы үйсін еліне кезекті елшілік сапары шапқыншылық сипатта болды. Ол өз әскерімен Үйсін ордасына басып кіріп, кіші күнби Мочжэнцзянды өлтіреді. Кіші күнби етіп Хань империясын жақтаушы, дәрменсіз Анлиді тағайындайды. Ол осы еңбегі үшін императордан сыйлық алып, жоғары шенге ие болады. Ал үйсін ордасындағы саяси жағдай сол күйінде қала берді. Б.з.б. 10 жылы Дуань Хуэйзун үйсін еліне кезекті елшілік сапармен келеді. Бұл оның Орта Азияға 8-рет, үйсін еліне 5-рет келген сапары еді. Қытай жазба деректері бойынша, (“Ханьнаме, Дуань Хуэйзунның өмірбаяны”) ол осы соңғы елшілік сапарында үйсін жерінде қайтыс болған