Біріккен ұлттар ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы (БЖҚБ) — босқындар мен қоныс аударушыларды қорғау ісін жүзеге асырып, әлеуметтік мәселелерді құқықтық тұрғыдан реттеумен айналысатын халықаралық ұйым. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясын 1949 ж. 3 желтоқсандағы № 319 (IV) қарарына сәйкес құрылды. Штаб-пәтері Женева қаласында. Ол босқындар бас сауғалап келген мемлекеттіңкелісімімен сол елде өзінің өкілдігін аша алады. Жоғарғы комиссар Экономикалық және әлеуметтік кеңес арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына өз қызметі туралы есеп береді. 1995 ж. тамызда Қазақстанда осы басқарма өкілдігі ашылып, нақты шаралар бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істеуге кірісті. Әсіресе, көші-қон легін халықаралық стандарттарға сай реттеу бағытында мемлекеттік органдарға жан-жақты көмек көрсете бастады.