Осыдан екі жыл бұрын Тұңғыш Президент − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жас сарбаз» қозғалысы құрылған еді. Оның еліміздің әр аймағында филиалдары қанат жайып, өскелең ұрпақтың игілігіне жұмыс істейтін іргелі ұйымға айналды. Қазіргі кезде 179 224 тәрбиеленуші 6 198 арнайы сынып-клубта біліктілігін арттыруда. Бірлестіктің бүгінгі жұмысы туралы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы Асхат Налшыбек айтып берді.
Патриоттық ұйымының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде аз-кем тоқталып өтсеңіз. – Еліміздің әр аймағынан осы ұйымның филиалдары құрылып, белгіленген бағыт бойынша жұмыс істеп келеді. Интеллектуалды сайыстар, дала жиындары, жеңіл атлетика марафоны, түрлі акциялар және басқа да тәрбиелік мәні бар шараларды ұйымдастыруға күш салып жатырмыз. «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері тек физикалық дайындықпен шектелмей, өнерді де қатар алып жүруі тиіс. Сол себепті шығармашылық сайыстары да жиі өткізіліп тұрады. Жоғарыда атап өткендей, бүгінде елордада жалпы орта білім беретін мемлекеттік мекемелерде 61 «Жас сарбаз» сыныбы, 82 әскери-патриоттық клуб және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 27 «Smart sarbaz» сыныбы ашылды. Бүгінде олардың жалпы саны 170-тен асты. – Әлеуметтік желілерден байқағанымыздай, сіздер де еріктілік қызметіне ден қойып, қоғамдық өмірге белсенді түрде араласып жатыр екенсіздер. Қозғалыстың осы бағыттағы жұмысы жөнінде не айтасыз? – Карантин уақытында «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері волонтерлермен біріге отырып, өз қалаларындағы көмекке зәру отбасыларға азық-түлік, медициналық жабдықтар жеткізіп беру ісіне белсене атсалысты. Осы орайда әлеуметтік желінің көмегі көп тиді. Instagram желісінде жастарды карантин және демалыс уақытын тиімді пайдаланып, спортпен айналысуға шақыратын бейнеролик тараттық. Бұдан басқа хакім Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның «Қара сөздерін» оқуды дәріптеп жүрміз. Сондай-ақ ZOOM платформасында Отан қорғаушылар күніне орай бірқатар қоғам қайраткерімен онлайн кездесу ұйымдастырдық. – Ұлттық бірыңғай тестілеу де өз мәресіне жетті. Сіздер бұл тарапта қандай көмек көрсеттіңіздер? – Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялағаны барлығымызға мәлім. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы «Жас сарбаз» филиалы жанынан еріктілер штабы құрылып, барлық қоғамдық шараларға белсене атсалысудамыз. Карантин және ұлттық бірыңғай тестілеу уақытында волонтерлердің еңбегі еселене түсті. Жассарбаздықтардың да денсаулығына қатты мән беріліп, олар медициналық қолғап және тиісті көлемде бетперделермен қамтамасыз етілді. Жассарбаздықтар Instagram желісінде мектеп бітіруші түлектерге арналған онлайн кездесу ұйымдастырды. ҰБТ-ға қажетті мәліметтер жинақталып, ата-аналарға да пайдалы кеңестер берілді. Бұдан өзге 22 маусымнан бастап, «Астана жастары» волонтерлік штабымен бірлесіп, 10 ерікті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі тест тапсыру орнына барып, қызметкерлерге карантин талабын сақтау бойынша көмек көрсетті. Мәселен, талапкерлерге вирустан сақтануға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бетперделер, қажет құралдарды тараттық.
© egemen.kz