Асан қайғы , Тоған, Абат» — Мұрын жырауданжазылып алынған ноғайлы жырларының жеке бір тармағы. Жырдың поэтик. ерекшеліктерімен қатар генеалог. сипаты да айқын. Асан Қайғы тұсындағы аңызбен сабақталған оқиға оның Әз-Жәнібекпен арақатынасына ұласып, інісі Тоған және баласы Абаттың қалмақтан кек қайтаруына жалғасқан. Жырдың топтамалық сипатын аңғартатын келесі бір белгі — алғашқы бөлігінің аңызбен сабақтасып, 7-8 буынды жыр үлгісіндегі соңғы бөлігінің бөлек-бөлек оқиғаларға айналуы. Аңыздық-эпик. желімен қатар тарихи-этник. мәліметтерді де қамтып отыратын жырдан ноғайлы дәуірінің тарихи тұлғаларының бейнелері елес береді. Олар бірде антропоним (Тарғын, Жәнібек), бірде топоним (Жем, Аштархан), бірде көне наным-сенім көріністері (Қыдыр, Ілияс, қырық шілтен) түрінде бой көрсетеді. Көлемі 800 жолдан астам жыр нұсқасы 1942 ж. Алматыда жазылып алынған. Қағазға түсірген — Дәуіт Сеңгірбаев. Қолжазба Қазақстан ғылым академиясының Орт. ғыл. кітапханасында сақтаулы (667 папка). 1990 ж. “Батырлар жырының” 6-томында толық жарияланған. Жыр туралы мәліметтер М. Мағауин, Б. Ысқақов еңбектерінде кездеседі.