Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр,
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр,
Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,
Сенің,жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын, мойындаймын,сен данасың, мен — бала,
Ұлтыңа кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты
Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана.
Адамдықсыз ақындық жоқ, тырмыссаң да жан сала,
Жомарттықсыз тағы алысқа шабамын деп шаршама,
Батырлығың қанша болса ақындығың соншама.
Тіпті өзіңді сыйдырмаған данқтың тар төріне
Мені бірге ап шыққың кеп арпалыстың қаншама.
Заманының ыңғайына жүрмей кеткен, іңкәрім,
Саһ өнерде қызғанышты білмей еткен, іңкәрім,
Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен, іңкәрім!
Жер астынан сәлем жолдап жатырсың сен күн сайын,
Қазағымның маңдайына сыймай кеткен, сұңқарым.
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқын, сенің салтың көгерсін.
Сайын далаң жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар,
Ол — ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың…
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шыңын көрсең, атыңнан түс, жас бала!
Мұхтар Шаханов