Цифрландыру – Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсаты емес, құралы. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді өнім өндіруді арттыру, міне, осы мақсат. Мемлекет басшысы цифрландырудың маңызын осылай түсіндірді. Ендеше, қоғамның барлық саласын цифрландыру маңызды міндет. Осы тұста, руханияттың қазығына айналған кітапханаларды цифрландыруға басымдық беріле бастады. Біз осыны зерделеген едік.
Аудандық кітапхананың электронды кітапхана бөліміне кіргенімізде сөреде тізіле жиналған СD дисктер мен үлкен көлемдегі мультимедиалық кітаптарға көзіміз түсті. Бағдарламашы Уалихан Қуандық электронды бөлімнің жұмысына тоқталды.
– Бүгін электронды кітапхана бөлімінде кітаптарды сандық технологияға көшіріп жатырмыз. Қордағы әдебиеттерді сканерден өткізіп, PDF форматқа көшіріп, оқырманға ұсынып отырмыз. Оқырман осы дисктерді үйіне алып кетіп немесе көшірмесін алып пайдалана алады. Алдағы уақытта кітапхана қорындағы кітаптардың барлығын осылай электронды нұсқаға айналдырамыз, – дейді ол.
Бағдарламашының айтуынша, бүгінге дейін қордағы әдебиеттердің 224-і сандық жүйеге көшірілген. Ал, арнайы баспаханалардан келген 20-ға жуық аудио жазбалар мен қазақтың дәстүрлі әуендері, батырлар жыры, таңдаулы күйлер жазылған 6 мултимедиялық кітап бар.
– Электронды кітапхана 2014 жылдың қараша айынан бастап жұмыс жасап келеді. Кітаптардың сандық форматқа ауысып жатқаны өздеріңізге белгілі. Дегенмен, осы дүниені өзіміздің арнайы сайтқа әлі орналастырған жоқпыз. Бірақ, алдағы уақытта бұл мәселе шешімін тауып, қалың оқырманға біздегі кітаптардың электронды нұсқасы ұсынылатын болады, – дейді аудандық кітапхананың жүйе инженері Айгерім Тасымова.
Иә, күллі әлем сандық технологияға мойын бұрып, кез-келген саланы қолжетімді ету үшін электронды нұсқаға ауыстырып жатқанда кітапхананың бұл бастамасы көңіл қуантарлық жұмыс.
Бүгінде Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы бар. Оны қалыптастыруға елдің барлық ірі кітапханалары, облыстық және жоғары оқу орындарының кітапханалары, қоғамдық мекемелер және жеке тұлғалар (барлығы қазақстандық, таяу және алыс шетелдік 75 мекеме, 300 автор) қатысады. Оның ішінде екі ұлттық кітапхана, 18 облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана, 10 орталық-қалалық кітапхана жүйесі, 33 жоғарғы оқу орны кітапханасы, 11 қоғамдық орталық, институттар, музейлер және басқа мекемелер бар.
Электронды кітапхананы интернетке қосылған кез-келген компьютер не мобильді құрылғы арқылы қолдануға болады. Қажетті кітапты табу қолжетімді әрі оңай. Мәселен, электронды кітапханада электронды каталог және электронды қойма бар. Ол функцияларда қажетті кітапты іздеу жүйесі қарастырылған, мұнда керекті кітапты атауымен, авторымен немесе шығу мерзімімен тауып алуға болады. Электронды каталог электронды құжаттар көшірмесіне электронды тапсырыс беруге немесе толық мәтінге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жалпы, электронды кітапханадан оқырман өзіне қажетті дүниені тез табады. Ол үшін бұрынғыдай аяқтан тозып кітапханаларды аралаудың қажеті жоқ. Бар болғаны интернет көзінің қолжетімділігі жетіп жатыр. Осы арқылы кез-келген бағыттағы кітапқа қол жеткіземіз. Сонымен қатар, электронды кітапханадан кітаптардың, анықтамалықтардың, журналдар мен сөздіктердің электронды нұсқасын тегін жүктеп алуға болады. Бұл – заман талабының бір бағыты. Ал, бұл бастаманың негізгі идеясы адамдардың жағдайын жақсартып, оларға қолжетімділікті арттыру.
Электронды кітаптың ыңғайлы түрінің бірі – «мобильді кітапхана». Бұл қосымшаны смартфонға жүктеп алуға қолайлы. Яғни, қалта телефонындағы Play Маркеттен «куеркод» қосымшасын жүктеп алып, керекті кітапты оқуға мүмкіндік бар.
– Электронды кітап – бір ғана кітапты емес, бүкіл кітапхананы алмастыратын электронды құрылғы. Оны пайдалану өте ыңғайлы. Кез-келген адам өзіне керектіні алып, тіпті, қай шрифтпен оқитынын да таңдай алады. Ең бастысы – кітап үнемі қалтаңда жүреді. Мен көбіне аудио кітаптарды пайдаланамын. Мектеп жасындағы балаларыма халық әңгімелері мен батырлар жырын, ертегілерді тыңдатып отырамын, – дейді аудан тұрғыны Қуаныш Жүнісов.
Түйін. Заманауи технологиялар дамып, адам өміріне сандық технология дендеп енді. Уақыт өте дәстүрлі кітаптардың орнын электронды нұсқасы басатыны анық. Дегенмен, бұл – кітаптар мүлдем жоғалып кетеді деген сөз емес. Өйткені, ғасырлар бойы атадан мұраға қалған асыл қазына ешқашан өз қасиетін жоймайтыны һақ. Біздің айтқымыз келгені, күнделікті компьютер мен ұялы байланыстың құлағында отыратын жастарды кітап оқуға бағыттауға әбден болады. Сонда, әлеуметтік желілерде желікпей, электронды кітап оқу арқылы рухын байытып, таным-түсінігі мен зерде-зейінін арттыруға болмас па еді?…
Айсұлу Ажанханқызы