Қазіргі жылдам өзгеріп жатқан заманда біздің алдымызда жас ұрпақты болашақ өмірге және еңбек етуге тиісті деңгейде даярлап, оқушылардың бойында ХХІ ғасыр дағдылары деген жалпылама атауға ие болған дағдыларды қалыптастыру міндеті тұр. Бұл дағдылар пән бойынша білім, нақты дағдылар, сауаттылық пен тәжірибені қамтиды.
ХХІ ғасырдың әрбір дағдысын меңгеру үшін бүкіл оқушыларда пән бойынша академиялық білімнің болуы талап етіледі. Пән бойынша терең академиялық білімнің арқасында адамдар сын тұрғысынан ойланып, басқалармен тиімді қарым-қатынас жасай алады.
Пән бойынша академиялық біліммен қатар оқушылар қазіргі заманда табысқа жету үшін талап етілетін сын тұрғысынан ойлау, проблема шешу, қарым-қатынас жасау және бірлесіп әрекет ету сияқты негізгі дағдыларды да меңгеруге тиіс.
Сондықтан жоғарыда аталған мәселелер тиісті мемлекеттік білім беру стандартымен, бағалау жүйесімен және оқу бағдарламаларымен, оқыту жүйесімен, кәсіби даму және оқу ортасымен қабысып жатса, оқушылар оқу үдерісіне барынша тартылып, мектеп бітірген кезде қазіргі жаһандық экономика жағдайында еңбек етуге мейлінше дайын болмақ.
ОҚУ ЖӘНЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚ ДАҒДЫЛАРЫ
Оқу және жаңашылдық дағдылары күн сайын күрделеніп жатқан ХХІ ғасырда өмір сүріп, еңбек етуге дайын оқушыны осыған дайын емес оқушыдан айыруға көмектесетін дағды ретінде мойындалып отыр. Балаларымызды болашаққа дайындауда шығармашылық, сын тұрғысынан ойлау, қарым-қатынас және бірлесіп әрекет ету мәселелеріне назар аудару маңызды.
Шығармашылық және жаңашылдық
Шығармашылықпен ойлау
• Идея тудыру әдістерін кеңінен пайдалану (мысалы, миға шабуыл)
• Жаңа және құнды идея ұсыну
• Оның құнын арттыру мақсатында өз идеяларын ұсыну, нақтылау, талдау және бағамдау.
Басқа адамдармен шығармашылықпен жұмыс істеу
• Жаңа идея тудыру, іске асыру және басқаларға тиімді хабарлай білу
• Әртүрлі жаңа мүмкіндіктерге ашық болу, жұмыс барысында топтың үлесі мен пікірін ескеру
• Жұмыста бірегейлігін және бірнәрсені ойлап шығара алатынын көрсету және жаңа идеяларды қабылдауда шынайы өмірдің мүмкіндігі шектеулі екенін түсіну
• Қателіктен сабақ алу; шығармашылық пен жаңашылдық табыс пен әттегенайы кезектесіп келетін ұзақ мерзімді циклді үдеріс екенін түсіну
Инновацияларды қолдану
• Жаңа идеялар қолданылатын салаға қомақты және пайдалы үлес қосу мақсатында шығармашылық идеялармен жұмыс істеу.
Сын тұрғысынан ойлау және проблема шешу
Дұрыс пайым жасау
• Жағдайға байланысты түрлі ой тұжырымдау (пайым жасау) (индуктивті, дедуктивті т.б.)
Жүйелі ойлау
• Күнделі жүйенің жалпы нәтижесін шығару үшін бүтіннің қандай бөлшектеріне бір-бірімен ықпалдасқанын талдау
Қорытынды жасау және шешім қабылдау
• Негіздемелерді, дәлелдемелерді, пайым-пікірлерді тиімді талдау және бағамдау
• Негізгі баламалы көзқарастарды талдау және бағамдау
• Ақпарат пен дәлелдер арасында байланыс орнатып, оларды жинақтау
• Жақсы сараптама негізінде ақпаратқа түсініктеме беру және қорытынды шығару
• Оқу тәжірибесі мен үдерісі жөнінде сын тұрғысынан ойлану.
Проблемаларды шешу
• Әртүрлі таныс емес проблемаларды дәстүрлі жолмен де, инновациялық жолмен де шешу
• Алуан түрлі көзқарастарға сәуле құйып, анағұрлым тиімді шешім қабылдауға жол ашатын маңызды сұрақтарды анықтау және қою.
Қарым-қатынас және ынтымақтастық
Түсінікті қарым-қатынас жасау
• Әртүрлі формада және жағдайда ойлары мен пікірлерін ауызша, жазбаша және вербалды емес тәсілмен тиімді түрде білдіру
• Білім, құндылықтар, көзқарас пен ниетті қоса алғанда мағынаны ұғыну үшін тиімді түрде тыңдау
• Алуан түрлі мақсатта (мысалы, хабарлау, нұсқау беру, уәждеу және сендіру үшін) қарым-қатынас жасау
• Мультимедиа мен технологиялардың тиімділігін болжау, сондай-ақ ықпалын бағамдау үшін оларды пайдалану
• Әртүрлі ортада (соның ішінде көп тілді ортада) тиімді түрде қарым-қатынас жасау.
Басқалармен ынтымақтастық жасау
• Әртүрлі топпен тиімді және байыппен жұмыс істей алатынын көрсету
• Ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін қажетті ымыраға келуде ізетті болуға икемділік пен ынтызарлық таныту
• Бірлескен жұмыс үшін ортақ жауапкершілік қабылдау және топтың әр мүшесі қосқан жеке үлесті бағалау (құнды деп санау).