Герберт Ньютон Кэссонның “Ақшаны жұмсаудың 12 ережесі немесе қалай пайда табуға болады” атты кітабы ағылшын тілінде 1923 жылы Лондонда жарық көрген. Ал Мәскеудегі “Бутэк” халықтық концерні “Пробизнес” сыртқы экономикалық орталығының қатысуымен әзірлеп, 1991 жылы кітапша етіп шығарды. Кітап бірден қарабазар алыпсатарларының мүлкіне, бизнесмендердің үстелде үнемі ұстайтын ақылшысына айналды. Саудадан кенже қалған қазақ үшін қолайлы ақыл-кеңестері мол кітапша ықшамдалып, тұңғыш рет қазақша аударылып беріліп отыр. Герберт Ньютон Кэссон есімі мен шығармалары осы ғасырдың бірінші жартысында белсенді еңбек еткеніне қарамастан, оқырманға мағлұм емес. Өкініштен соңғы қуаныштай, бұл аталмыш туындының жарық көруінің қаншалықты маңыздылығын дәлелдейді. Кітапшаның отандық кітап базарында пайда болуы – үлкен жаңалыққа айналғанын жоғарыда айтқанбыз. Герберт Кэссон – Батыстағы бизнесті ұйымдастыру мен жүргізудің аты аңызға мәшһүр маманы, журналист, жазушы. Көптеген елдерде оны қызметіне орай “Өнімділік эксперті” деп атайды. Г. Кэссонның аты Торонтодағы университетті бітірісімен-ақ әлеуметтік-экономикалық мәселелерге арналған зерттеулері мен қоғамдық қызметі арқылы шықты. Ол лекциялар оқыды, мақалалар жазды. Кәсіпорындарда пайда табуды көтеру үшін жұмыс жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін зерттеді. Бизнесті кеңейту оның тиімділігін арттыру кәсіпорынның иелеріне де, жұмысшыларына да қолайлы екенін көрсетіп берді. Ғасырдың басында Г. Кэссон белгілі американ газетінің басшысы болды, әртүрлі басылымдармен тығыз жұмыс істеп, бизнес тәжірибесі бойынша әртүрлі кәсіпорындар жұмысын бақылау арқылы өзі берген кепілдіктерін тексеріп отырды. Көптеген фирмалар оның көмегіне сүйенді. Мәселен, ірі американ телефон компаниясының, сондай-ақ, белгілі мұнай синдикатының кеңесшісі болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде көптеген американ әскери кәсіпорындарының жұмысына жетекшілік жасады. Кейінірек, Англияға көшкен ол, ерінбей-жалықпай өзінің “іскерлік ғылымын” жетілдіріп, насихаттаумен айналысып, “Өнімділік журналын” шығарды, баспа және ұйымды қосқабат басқарды. Г. Кэссон қаламынан ілкімділік, адамдармен араласу (тіл табысу) психологиясы және оның техникасының тарихына арналған көптеген шығармалар туды. Оның “Құрыш романсы” – Дж. П. Морган мен Дж. Д. Рокфеллердің ең сүйікті кітабы болды. Г. Кэссон – бизнеске ғылыми көзқарастың жақтаушысы. Ол коммерциялық дилетантизм, сауатсыздықты айыптап, істі жүргізу үшін нақты, терең, байсалды білімге сүйену қажет деп қайталанудан жалықпаған. Ғылымның бұл саласы қаз тұрған уақытта оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Кэссон еді. Ол – менеджменттің көшбасшысы саналуға лайықты адам. Оның көптеген ой-пікірлері экономиканы ұйымдастыру және басқару, маркетинг, іскер байланыс психологиясы, т. б. осы замандық мамандардың шешімдерімен сәйкес келіп таңдандырады. Коммерция туралы арнаулы ғылыми түсініктердің дамуына орай Г. Кэссон кепілдіктерді өз маңызын жойды деу түбірімен қате. Қайта, іскер әлемдегі адамдық қарым-қатынас қасаңдынған тұста өзінше бағалы, мәнді бола түсіп отыр. Г. Кэссон кеңестері көпшілікке түсінікті тілмен жазылған, қорытылған, сүзгіден өткен, бизнесті жеке сала бойынша емес, тұтас түсіндіре алған. Бұл – іскер, өмірлік тәжірибенің қысқа, нұсқа, нақты формуласы. Г. Кэссон еңбектері – адамдарының психологиясын нәзік түсіндірумен ерекшеленеді. Ол іскер қатынастардың мінез – құлыққа тән тұстарын таң қаларлықтай дәл, толық, әдемі береді. Сондықтан, Герберт Кэссонды елімізде аты мәлім Дейл Карнегимен теңеуге болар. Г. Кэссон дегеніміз – бизнеске қолданылған Д. Карнеги. Г. Кэссон – бизнестің тісқақты маманы, психолог болуымен бірге, ғажап стилист. Сөзді шырайлы ойната біледі. Ойын жеткізу формасы – афоризмдей, әзіл-қалжың да араластыра алуы – пікірін оқығанда пайдалы және өте әсерлі етеді. Г. Кэссон кеңестері кәсіпкерлер үшін де, бизнес маңайында жүрген маман еместер үшін де бірдей пайдалы. Әсіресе, оның кепілдіктері жаңа бастап жүрген, біздің елімізде күннен күнге молайып келе жатқан сарыауыз бизнесмендер үшін өте қажет. Тағдырдың талқысынан да, келешектің беймәлімділігінен де қорықпай, тәуекелге белбайлап өз ісін бастаған, балапан бизнесмендер, жұмыстарың сәтті болсын, жемістерің тәтті болсын! Герберт Н. Кэссонның кіріспе сөзі Бұл кіпат – қауіпті, өткір құралдай. Бұл балаларға немесе әлсіздерге арналмаған. Оны тез қарап шығуға, асығыс танысуға болмайды. Оны жүйелі ынтамен үйреніп, толық түсініп алу керек. Әсілі, бұл достар үшін жазылған кітап. Сырттан енгісі келгендер тәуекелге бел байласын, қорқынышын жеңсін. “Ережелерді жазғанда ақша жасау ғана емес, оны іске қоса білу өнеріне өте жоғары іскер көмек көрсету мақсатын көздедім. Бұл – ғажап кітап екеніне көзіңіз жетеді. Бір де кітапханадан бұған ұқсас кітап таппайсыз. Бұл кітап – биржалық қормен байланысты жиырма жылдық қызметтің қортындысы. Менің ғана емес, менен гөрі ақылдылардан білген тәжірибем де бар. Олар мектеп оқулығынан алынған жоқ. Әдеби һәм ғылыми әлемнен тыс өмірлік тәжірибеден алынған. Қатардағы кітап шолушы бұған әдеби құны жоқ, өзі үйренген қаржыгердің жеке күнделігі деп қарар. Бірақ, ақиқат мынада: біз қаржы жұмсауда қатені көп жасайтынымыз сонша, ешкім де өзін бұл саланың ірі білгірімін деп айта алмас еді. Абсолют ақиқат, абсолют сенімділік өмірде болмайды. Әркім өз ісін жүргізем деп ретсіз шырайланып жүріп жатыр. Әкелер ұлдарын басқара білмейді. Әр жаңа ұрпақ сол баяғы, баяғы ескі қателіктерді қайталауға мәжбүр. Қаржыда “Аксимо” – математика мен бизнестегіден – кемшіндеу. Десек те әдістер бар, мен он екісін ұсынып отырмын, бұл – ақша жасай алған, енді оны жоғалтқысы келмейтін адамдарға арналған. Зерттеулер, 100 бизнесменнің 4-ші ғана бай болып, өз ақшасын сақтай алатынын көрсетеді. Көпшілігі ақша жасайды және оны құрытып алады. 35 жаста 100 адамның 20-сы байшікештеу дәрежеге жетеді де, соңыра әр түрлі жағдайда ақшасынан айырылып кедейленіп кетеді. Орташа бизнесмен 50 жасқа дейін өз ақшасын жасайды, сонсоң оны құртып алады. Неге бұлай болады? Бұл – оның бизнесті, яғни ақша жасауды үйреніп, ал қаржыны яғни, ақшаны сақтау өнерін үйрене алмағандығынан емес пе екен? Сондықтан төмендегі тарулардан қаржыларыңыз туралы мәлімет алумен қатар өз ақшаңызды сақтаудан бастап іске қосудың нақты дәл жүйесін табасыз, жүйе көмегімен сіз ақшаңызды өзіңізге қызмет еткізудің және сізге жаңа ақша әкелдірудің әдістерін үйренесіз. Мен сізге шаш-етектен пайда табасыз дей алмаймын және пайда қууға да кеңес бермес ем. Осы жүйе жәрдемімен мен 1922 жылы 18 процент таза пайда алдым. Бұл менің жүйемнің назар аударуға тұрарлық екенінің дәлелі. Қорыта келе, бұл кітапты кім көрінгенге ұсына бермеуге және кітапханада көміп тастамауға кеңес қосамын. Бұл кітап арқылы мол, жігер-күші мықты, алған білімді тиісті дәрежесінде жұмсай алатын тиянақты таңдаулылар үшін ғана жазылған. 1-ЕРЕЖЕ. БІЛЕТІН ЗАТЫҢДЫ ҒАНА САТЫП АЛ. Осы қысқа, қарапайым бес сөзден тұратын ереже орындалса, Қаржы әлеміндегі шығынның төрттен бірі болмас еді. Осы жолды оқып отырған әрбір бизнесмен бұрын үлкен шығынға ұшыраған болса, осы бірінші талапты (білетін затыңды ғана сатып ал) орындамағандықтан ұшыраған. Осыған қарамастан, таңқаларлығы, әрбір бизнесмен, ақшасын іске жұмсарда, не болса соны сатып алады. Ештеңеге қарамастан, өзі түсінбейтін нәрсені барынша және өлермендене молынан алады. Қаржылы іске араласқан жаңа адам мол пайда тапқысы келеді. Ол 6 не 7 процент пайданы менсінбейді. Ол 15 процент алғысы келеді. 20 процент туралы құлағы шалған. Ол бірден айды аспаннан шығарғысы келеді. Өз үйінде отырып айды алып, шыңға шығуға мүмкін болмаған соң, ол өз ақшасын өзінен 10000 шақырым жердегі меншікке жұмсайды. Қысқасы, әрбір ақша жұмсаушы-дилетант аз ба, көп пе, сағым қуған адамға ұқсайды. Тіпті ең пысық саудагер не кәсіпорын менеджерінің өзі алғашқы 100 фунтын алаяқтың арбауына түсіп, болмағыр қағаздарға жұмсап арандап қалады. Ол өзі білмеген нәрсені сатып алады. Ол Білім емес Надандықтың жәрдемімен сатып алады. Және өз ақымақтығы үшін толық төледі. Мен он екі Ережеде ащы шындықты айтқым келеді. Сондықтан, сауда, коммерция әлемінен гөрі Қаржы әлемінде адалдық аз болатынын мойындауым керек. Қаржы әлемінің шыңында қоғамның ең сенімді, ең іскер адамдары отыр. Бүкіл елдерде солай. Ал, Қаржы әлемінің тұңғиығында мүлдем арсыз алаяқтардың тұттай жалаңаш тобы жүр. Олардың көпшілігі заңды бұзбайды, шіркеуге барады, т. б. Бірақ, олар есік бұзушы, тонаушы, қалтақағар ұрылардың бәрін қосқандығынан көп қауіп әкеледі. Егер саудагер ескі көйлекті алдап сатса, сотқа апарып, айып төлетесің. Ал қаржыгер жыл бойы басқаның қарызын сізге майлап өткізіп, заңның алдын орап кетеді. Қаржы әлемінде естігенге сенуге болмайды. Декарт философиясына сүйен. Бәріне күдікпен қара. Он жағдайдың тоғызына сатып алу туралы кеңес – сатушыдан, ал сату туралы – алушыдан шығады. Сондықтан, Қаржы әлемінде бекер жүрген адам жоқ. Әркімнің өзіндік харам мақсаты бар. Әркім бағаны көтергісі немесе төмендеткісі келеді. Бұл жағдайда адамзаттың ақ-қарасын айырып отырған періште де есебінен жаңылады. … Хабарландыруларға көп адам сенеді. Бірақ, хабардағы сөзден гөрі, жариялағандардың сөзіне сен. Есіңе алшы, баспахана ешбір сауал бермей бәрін баса беруге дайын. Көптеген газет және журналдар да солай жасауда. Ауызша айтылған және тасқа басылған өтіріктің айырмашылығы соңғысының әдемілігінде ғана. Білетін затыңды ғана сатып ал. Егер сен саудагер болсаң ақшаңды саған тауар сататын ең жақсы компанияға ғана қос. Егер теміржолшы болсаң, ісін ақылмен жүргізіп жатқан жерге қос. Егер құрылысшы болсаң, жер сатып ал. Саяхатшы болсаң, кемеден ертерек орын ал. Сауда мен коммерция иісі мұрныңа бармайтын зиялы болсаң мемлекеттік бағалы қағаздар сатып ал. Қасыңдағы бизнеспен айналыс. Ақшаңды өз қалаңдағы затқа жұмса. Қолмен ұстап, көзбен көріп сатып ал. Алыстағы алқаптың бәрі көгілдір. Өзіңнің мол ақшаңды сол көгергенге жұмсасаң сен екі есе ақымақсың. Әуелі өзің тұратын үйді сатып ал. Содан кейін көрші үйді сатып ал. Үй иесі болып жиған тәжрибең сені сағымға алданудан құтқарады. Егер мүмкін болса, өзің білетін бизнеске ақша жұмса. Өзің білетін іс – сені ешкім оңайлықпен алдай алмайтын іс. Ақшаңды жұмсарда аңғал болма. Ақкөңіл сенгіш болма. Көзсіз болу қауіпті. Қаржы әлемінде одан бетер қауіпті. Өзің білетін бизнес – өз ақшаңмен өзің айналысу деген сөз. Қаржы саласында қызуқанды ойын көп, кім озары белгісіз бәйгедей. Сонымен, мен Қаржы қызметінде Өз Ақша Сақтау өнері және сол өнер арқылы Жаңа Ақша Табу деп анықтама берер ем. Алғашқы ереже – біреудің айтқанымен емес, өзің білетінмен айналысу. Адамда ақша пайда болса, оған көп кісі шынын айтпайтын болады. Адам ақшалы болды дегенше, кім көрінген сол ақшаны құртуға бар күшін салады. Әр адамның ақшасы қауіпті жағдайда. Сондықтан ақшаны табудан, сақтау қиынырақ. Сондықтан, бірінші ереже Байқампаз бол. Білетін затыңды ғана сатып ал. 2 – ЕРЕЖЕ ЗОРЛЫҚПЕН САТЫП АЛУШЫ БОЛМА. Бұл ереже бизнесте де, Қаржы қызметінде де жақсы нәтиже береді. Мағынасы мынау – әйтеуір ақшасы бар кімсана – әрбір адам міндетті түрде мына принципті ұстансын: ақшаңды шашпа, қарыз берме және зорлықпен жұмсама. Әлемде адасқандар, қалтасы тесік туысқандар, жылауық сұрамсақтардың көптігі сонша, ақшалы адам тасқамалдай болмағы ләзім. Оқыстан түсіп қалма. Барлық уақытта сақ бол. Басқаның ақшасын сұрай-сұрай күн көруге дағдыланған барша арамтамақтардан өзіңді қорғай біл. Біреу сенен қарыз сұраса жауабыңды үнемі ертеңге қалдыр – бұл ереже сені көп ақша жоғалтудан сақтайды. Әлемде кім болсын неге болсын сендіруге шебер адамдар көп, барын сақтау әр адамға оңай түспейді. Қаржы әлемінде қорғанудан шабуыл мықты. Мен бұл кітапты қорғану өнерін алғаш рет жасау үшін жаздым. Қаржы әлемінде ақшаңды ұрмай-соқпай алып қоятын қу алаяқтар быжынап жүр. Атақты аферист Боттомлей, ондаған тонаушыдан да көп ақшаны халықтан алдап алған көрінеді. Осы адам Англияда бізді жиырма жыл бойы мұрнымыздан сүйреп алдап жүрді дегенге сенгім де келмейді, бірақ факт осындай. Боттомлей жарықтық түрмеге жиырма бір жыл кешігіп түсті ғой. Әр қалада бостандықта жүрген кішкентай Боттомлейлер баршылық. Олар түрмеде емес, түсе де қоймайды. Олар маңдай термен ақша таппайды, сізден сүліктей сорып алады. Олар ғажап жобалар жасап есіңді екеу, түсіңді төртеу қып «миллион, миллион!» деп айқай салады. Адамдар алданады. Ай өтпей алаяқтар – ақша, адамдар – жобалар ғана алады. Адамды аңғалдықтан сақтайтын заң жоқ. Қаржы әлеміндегі арсыздықта шек жоқ. Қалың орманда улы бүйі шаққан ағаштардың әлсіреп өлгеніндей, Адамның бүйісі шаққан қуатты бизнесменнің өзі құриды. Қаржы әлеміне ендің бе, Өзіңді-Өзің Қорғау өнерін үйрен. Сен зорлық, қысым сезгеннен-ақ, өзіңе-өзің салқынқанды түрде: «Ал мен не алам? Қалай аламын? деп сұрауың қажет. Өзің қызыққан нәрсе – ұялатын зат емес. Өз пайдаң, міне, негізгі қазына , байлық осы. Керек десеңіз, бұл жалпы өркениет зәулімін ұстап тұрған ұстынның бірі. Аңқауды алдап сендіру философиясы – сұрамсақтардың өнері, мұны ұрылар да жиі қолданады. Адалдық дегеніміз – өзің ақша табу, оны қорғау және өз қалауыңша жұмсау. Ақымақтар молайса ұры көбейеді. Моисей «Ұрлық қылма» дейді. Бұл заңның жартысы ғана. Ол бұл өсиетін «Сен ұрлатып алмауың керек» деген сөзбен толықтыруы қажет еді. Адамға меншік біткеннен әсершілікті қоюы керек. Ол басын таза ұстағаны жөн. Ол барлық уақытта үйіне келіп, әйелімен ақылдасқаны дұрыс. Ақша мәселесінде еркекке қарағанда әйелдер әйтеуір күдікшілдеу келеді. Сене бермейді. Аспандағы тырнадан қолдағы торғайды артық санайды. Әйелдер ақша табуға да икемді һәм ақша сақтауы да сенімді. Еркек – тағдыр ойынның қызбалау қатысушысы, ал әйел – жүлде алушысы. Сол себепті, ақша жұмсарда әрбір еркек әйелі немесе анасының ақылын алғаны дұрыс. Басқа адамға оның жағдайына жауап таба алмағандықтан өз ақшаңды берудің реті жоқ. Оның қысымына, зорлығына, қызметімен, мысымен басым тұрса да шыдап – ақша бермеуің керек. Белгілі брокер компаниясының мүшесі болмай тұрып, тәуекелмен ақша жұмсау – ақмақтық. Тәуекел бағасын брокер білгенмен, сен білмейсің: Біреу жүгіріп келіп: «Бол! Тез! Бас автостраданы сатып алайық» десе, салқын ғана «өзің сатып ала ғой» дей сал. Саған жоспары мол, қалтасы тесік адам келіп: «Асығу керек. Бол!» десе, бейтарап қала тұрып: үстелдегі: «Менде бар нәрсені өзімде сақтаймын» деген ұранды көрсет. Саған тұтас теміржолды бір түйір ірімшікке сатып алуды ұсынса ірімшігіңді бермегенің дұрыс. Барлық кезде сенің ақшаңды жұмсарда «Қазір немесе ешқашан» десе, «Ешқашан» деп жауап бер. Қаржы жұмсарда асықтыра, жеделдеткеннен күдіктене бер – асығыстық себебін тапқанша тынба. Бол, болдың астына алғанда түк те берме. Ертеңге қалдыру арқылы алтындай мүмкіндігіңді бір рет жіберіп алсаң да, басқа жағдайдың, кездің бәріне өз ақшаңды сақтайсың. Өз ісіңе өзің ақша жұмсап өз ойыныңды ойнағанда жылдам бол, ақшаңнан айырылу туралы сөз болғанда жылдам бол, ақшаңнан айырылу туралы сөз болғанда зілабан болып қал. Әйтпесе, бір жыл жинағаныңды бір минутте жоғалтуың мүмкін. Ешқашан зорлықпен зат сатып алма, қарыз берме және ақшаңды жұмсама. 3-ЕРЕЖЕ. ЖОСПАРМЕН ЕМЕС, МЕНШІКПЕН САУДА ЖАСА. Қаржы әлемінде бәрі саудаласады. Бәрі – тәуекелшіл. Әр кәлләда бір қиял, соны орындауда, не ұтыласың, не ұтасың. Қаржы қызметі жұмсау мен саудаласудан тұрады. Ең ақылды банкир мұның бас-аяғын айырып бере алмайды. Сақтық пен тәуекел де солай бір-бірімен ажырамастай ботабыжырықтанған. Бизнестің бастаушыларының бәрі тәуекелге белбайлауы шарт. Болашақты саудаға сап, жорамалдайды. Олар ойланбай жұмыс істуге абсолют ереже жоқ. Бәрі қауіпті. Бірақ ең қауіпті жаңылысудан сақтайтын бірнеше кепілдеме беруге болады. Оның бірі. «Жоспармен емес, меншікпен сауда жаса» деп келеді. Егер сен, «меншік пен жоспардың айырмасы неде?» деп сұрасаң, бұл сенің қаржы жұмсай алмайтыныңды көрсетеді. Меншік деген – қолда барың. Қажетіңде оны бір-екі аптада сатуға болады. Ал жоспар – қиял, идея. Адамзат табиғатынан жоспар құмар. Өйткені, кезкелген жоспар қатесіз, жетілген боп көрінеді. Оның жүзеге аспауы мүмкін еместей. Сананы улайды. Жоспар ойыңды шығыннан алыс алып кетеді. Жоспар – үміт, оптимизм, қалау. Оның шындыққа, қиындыққа, шығынға еш қатысы жоқ. Жоспар адамдарға сенгісі келетін нәрсені айтады, сенуге тиісті нәрсені айтпайды. Сондықтан жоспар кең таралған. Сондықтан жоспарға алдану тарихи жалғаса береді. Әр ұрпақ шығынға отыра береді. Мен жоспар заңсыз демекші емеспін. Ағылшын банкі, Гудзон мүйізі компаниясы, атақты фирмалар (екі жүз жылдай жасап келе жатқан) жоспардан туған. Менің айтпағым, жоспарды жүзеге асыру – қалталының ісі. Мүмкіншілігі шектеулі, тәжірибесі кемшіл адамдарға бұл қолайсыз. Жаңылысуың ақиқат. Мысалы, 50 жоспардың біреуі ғана сәтті болады. Жаңа жоспармен айналысу – байдың ісі. Әр адам жоспарға өз ақшасының 20 процентін жұмсасын. Жоспар – жақсы, нашар, орташа болады, бірден айыру қиын. Ақылдылар жаңылысып, алаяқтар ірі кәсіпорын құрып, адалдар күйіп, алдаушылар тұрақты бизнесмен болып та жатады бұл өмірде… Қолынан келсе, ақшаңнан айырылмайын десең, жоспардан аулақ бол, меншік иелен. Меншік азаяр, бірақ жойылмайды. Жоспар ауаға айналып кетуі мүмкін. Мешікті болжап, әдістеп сата білу арқылы ақша табу көзіне айналдыруға болады. Жоспарың көбейсе жұмысың жүрмейді. Дұрыс коммерциялық кәсіпорын – пирамида іспеттес, табаны нық. Керісінше пирамидадан сақтаныңыз, ауып кетеді. Мұндай кәсіпорында жоспар өте көп болады. Жоспардың іске асуы адамдардың іскерлігі мен адалдығына байланысты. Ақылды адам жоспарға сүйенсін. Қинала бастаса меншікке көшсін. Бұл кеңес жүздеген адамдарды құрып кетуден сақтап қалды. Торғайлар биік ұшпауы, қыран болуға тырыспауы қажет. Әуелі өзін сынап, қыран әлде торғай екенін нақты анықтағаны дұрыс. Қаржы әлемінде сақтанудың да, батылдықтың да өз мезеті бар. Бірақ, бірінші өсиет. Жоспарды түгел біліп ал, меншікті иелен, өзіңді зертте. Жүруді үйренбей жатып ешкім жүгіре жөнелмейді ғой. Бос сөздің батпағына батып қалма. Меншікпен жұмыс істей алған адам бос сөзге, уәдеге алданбайды. Үйлер, жер, жабдық дегеннің не екенін білген адам сағым қумайды. Ал жоспар жай нәрсе. Ол – тәжірибесіз адамның ақшасын құрту ғана. 4-ЕРЕЖЕ ҚАЙТА САТУҒА БОЛАТЫНДЫ ҒАНА САТЫП АЛ. Сатуға болмасқа әуреленбе – төртінші ереже осындай. Мұның маңызын белгілі бизнесменнің бәрі айтады. Мұны ұмытқан талай бизнесмен ыңғайсыз жағдайға тап болған. Осы себептен мыңдаған адам жиған ақшасын жоғалтқан. Бай болғаныңша, ақшаң құрыса ашынбайтын болғаныңша нәрсені өзіңе ұнағаны үшін алудан тыйыл. Әр сатып алушы, әуелгіде, осылай қателеседі. Өзі әуес тауарды ғана сатып алып басқаға түкке қажетсізін бір-ақ біліп өкініседі. Ол тауар сөреде шіриді. Мыңдаған адамдар жер немесе үйлер сатып алғанда осы қателікті жасайды. Олар шеттен жер алып, үй салады. Бес жыл өткен соң үйді сатпақшы болғанда ешкімге керексізін бір-ақ біледі. Құны да жоқ, тегін бере алмайды, жылдар күтеді не бір ақымақты алдауға тура келеді. Смит 10000-ға үй салып, 800-ге сатқан. Қайта сатуға болмайтын үй салған Смит төртінші ережені ұмытып кетті. …Мұндай мысалдар мың ғой. Тіпті әр адам кей-кейде қайта сатуға болмайтын нәрсеге ақша жұмсап қателесіп жүреді. Сатып аларда мынаны ұмытпау керек. Алатын затыңа көзқарасыңды өзгерт. Сен бүгін сатып алмақшы үй, ертең саған не әйеліңе ұнамай қалуы мүмкін. Сатылым бағасын сұраныс белгілейді – құнына не бағалығына байланысты емес. Баға – саған ұсынған сан ғана. Өткен айда, аэродромды 380 фунтқа, почта маркасын 1000-ға сатқанын көрдім. Өз ашу-ызаңды басу үшін ақша шашпа. Өзіңді жұбату үшін сатып алма, одан да ақшаңды желге шаш. Меншік қаншалықты ерекше, сүдіні бөлек болған сайын алушы табылмайды. Сатқанда шығының көбейеді. Зат неғұрлым қарапайым болса – алушы да сонша көп. Қарапайым халық қарапайым затты алады, ал әлемдегі онның тоғызы – қарапайым адам. Бұл – ұлы шындықты көп кісі түбіләйім ұмытып кеткен. Қаржы жұмсау көзімен қарасақ, тауарың ақшаға ұқсас болсын. Мысалы акция сатып алу. Ақшаның ардақтылығы – оның әркімге керектігінде. Ақшаны қашан болсын тауарға айырбастауға болады. Құнның бөлінбес бөлшегі – заттың сатыла алуы. Бұл ақиқат сатқанда ақша жасауға, сатып алғанда – ақшаңды сақтауға жәрдемдеседі. Тез сатылмайтын меншікке ақшаңды жұмсап қор қылма. Төртінші ереженің үш факторы бар – ең маңыздысы зат беделі (престиж), содан соң. Мәшһүрлігі, ең қымбатқа түсетіні – Мәлімсіздігі (ешкім білмейтін нәрсеге сұраныс жоқ). Ісің бірден қажетінде шығынсыз, тез ақша жасай алатын жағдайда болсын. Бұл – идеал, азымыздың ғана қолымыз жетеді. Бұған жақындаған сайын шығынға отырып қалудын алыстай бересің. Бизнес, процесс ретінде алсақ, тауарды ақшаға және ақшаны тауарға айырбастау ғой. Тауар – Ақша – Тауар – Ақша – міне, егер әр айналымда пайда түсіп отырса, бизнес деген осы. Пайыда жоқ жер – бизнес емес – құру. Зат сатып аларда былай де: “Бағасын көтерсем жұрт мұны алар ма екен?” Қажет деп тапсаң батыл сатып ала бер. Ереже өмірде қалай жүзеге асып жатқанын көргің келсе базарға бар да бағалардың өзгерісіне қара. Үстел сатылуда дейік. Әкімге керек. Он екі адам саудаласуда. Үстел 9,1 фунтқа сатылды. Шын бағасы – 8 фунт еді. Ерекше формалы темір жақтауы бар үлкен айна сатылуда дейік. Ол ешкімге керексіз. Көпшілік күлді. Сатушы алғысы келмеген біреуге зорлап әзер өткізді. Бір кезде ол 40 фунт тұратын еді-ау. Сонымен меншік құндылығы – оның өтімділігіне байланысты. Ақшаң тасып бара жатса, тез, шығынсыз қайта сатуға болатын нәрсені сатып ал. 5-ЕРЕЖЕ ӨЗ ПАЙДАҢНАН АЙЫРЫЛМА “Әттең мынаны кезінде сатпағаным-ай” деген өкінішті жиі естіп жүрміз. Өзің де айтқан боларсың. Азғана ақылды адамдар сатуға болатын кезде бәрін сатады. Көпшілік ақымақтар не болса соны сатып алады. Көпшілік баға жоғары кезде де сатып ала береді. Олар бәрі сатып алып жатыр ғой дейді. Ештеңе сатпай, алмай қатып қалатын адамдар да бар. Егер олар ақылды болса соңғы инесіне дейін сатып жіберіп, ретті тұсында соның жарты ақшасына мол зат алар еді. Мысалы, 20000 фунт тұратын мүлкі бар біреу осы ақшаға сата алар еді. Ретті тұсында 10000-ға сол затты қайта алып, 10000 пайда табар еді. Менің айтпағым да осы. Бизнесте басты нәрсе, процесс емес, пайда. Бұл, егер сатушы тауарынан гөрі дүкенін сатқаннан пайда табатын болса, дүкенін сатсын деген сөз. Егер аяқкиім өндірісі басшы аяқкиімнен гөрі фабриканы сатудан мол пайда табатын болса фабрикасын сатсын. Біз меншігімізге шегеленіп қалғанбыз, айырылғымыз келмейді. Сатылмайтын қастерлідей көреміз. Мысал келтірейік. Іскер жігіт Лондонда кәмпит дүкенін ашты. 250 фунт жұмсады. Бизнес аптасына 35 фунт пайда келтіреді. Жақында оған дүкеніңді 600фунтқа сат десті. Ол сатпады. Бұл қателігі еді. Ол келіп тұрған пайдадан айырылмау керек еді. Жылдық пайдасы – 300 фунт. Ол дүкен сатқанда 250 фунт пайда табар еді. Қосынды пайда 550 болар еді. Қолында 600 фунт бар ол үлкен дүкен сатып алып, он жылға жетер жетпесте байып кетер еді. Көп пайдадан аз салық, аз пайдадан көп салық төленетінін де ұмытпау керек. 250 фунт пайданы кәмпит сатып табу үшін ондаған айлар қатты жұмыс істеу керек. 20000 алушы қолынан өтуі керек. 25 фунт салық төлеуі керек. Ал дүкенді сатып 250 фунт пайда табу үшін оның түк те істеуінің қажеті жоқ еді – екі күн қағазбен отырып қол қойса болғаны. “Ол дүкеннен айырылып, арықарай не істерін ойлануы керек болады ғой” деуіңіз заңды. Міне, жұрттың неге сатпайтынының және неге пайда таппайтынының, себебі осы. Адамдар ойлануға тиіс. Он адамның тоғызы ойланып баю орнына көппен бірге болмашы ақшаға мәз болып ағыспен жүре береді. Егер біз 1000 жас жасасақ көпшілігіміз бай болар ек. Қаржы табу – тез ақша жасау қажет, яғни өлшеп берілген 20-30 жылда біз жағдайлы болып үлгеруіміз керек. Менің бір досым: «Мен үнемі ақша жасаймын, бірақ жетпейді»деп жазды. Бар мәселе осында. Жететін ақша табу үшін қысқа жолмен жүріп, пайда табудың бірде-бір мүмкіндігін жібермеу керек. Мен 20 фунтқа сиыр сатып алып, жолда танысым 30-ға бер десе, ал деймін. Үйге көңілді, күн сәтті болды деп қайтамын. Тауарын қымбат бағаласа болғаны көп адам күдіктенеді. «Біреу бағалап жатса, өзіме керек болар» деп ойлайды. Бұл – қате позиция. Уақытты, дер кезінде пайда жасауды ойла. Айына 100 фунт жасаған, жылына 200 фунт жасағаннан жақсы. Осы ақиқатты игергеннен қаржыгер боласың. Баға ауытқып тұрақсызданып тұрғанда икемділігінің арқасында ойланып, жоспарлап, мүмкіндік іздестіріп пайда табуды – ақша жасауды үйрен. 6-ЕРЕЖЕ. ЕСЕПШІҢМЕН АҚЫЛДАС. (Бұл жерде банкир, бухгалтер мағынасында). Қаржы Орманында қарта да, бағдарнама да жоқ. Жолдан адасқан жолаушыдайсың. Осы Орманда өмірі өтіп орман заңын жақсы үйренген адамдар бар. Бұл тұрғыдан ең сенімдісі – есепшің (банкирің). Алтыншы Ереже көп шығыннан құтқарады. Олар кезкелген жағдайдан жол табады, кеңес береді. Қалтаң толы кезінде көмекші де, кеңесші де көп. Орманда өздері адасып жүргендер Алтын көмбеге апарамыз деседі. Орманның жұмбақ заңы да осында – жолы болмағандар саған бай болу жолын көрсеткісі келеді. Қалтаң босағанда жолбасшы да, ақылшы да табылмайды. Соқа басың сопайып өзің қаласың. Алтынға жолды білген адам біреуге көрсетуші ме еді. Міне, енді өзіңе-өзің жол іздейсің. Ақыл сұрайтын адамыңның ақырғысы брокер болсын. Өмір өте келе бұл шындықты өзің де мойындайсың. Сенбесең, 20 жыл саудамен айналысқаннан сұра. Бұл брокерлер адал адамдар емес, олар – өз есебін білетіндер. Бүкіл қаржы орманын қозғалысқа келтіретін – брокер. …Орманда басқа түрлі адамдар да бар. Олар жолбасшы болам демейді, бірақ, жолбасшыдан көп біледі. Олар – банкирлер (есепші, бухалтерлер). Есепшің – сақшың. Шығынан ақшаны сақтаушы. Ол – Сенім. Брокерден артықшылығы, ол сені қауіптен құтқара алады. Брокер – алып сату, банкир – сақтау. Банкир – Қаржы Орманының бақылаушысы. Жас кезімнен банкіде есебім болды, бірақ банкирмен ақша жұмсау туралы алғаш рет он төрт жылдан соң ақылдасыппын. Банкир 12 процент пайданы қалай табуды айта алмаса да, 6 процентті қалай жасауды айта алады. Жаңа бастаған адамға сенімді есепші керек. Аяққа тұрғандардың да есепшіні қажет етпейтінін кем көрдім. Әрбір бизнесменге осы кеңесті берер ем. Бүгін банкир – басты тұлға. Оның иығында әлем тұр. Халықаралық қаржы мәселелерін саясаткерлермен емес, парламент, конгресс емес, банкир шешеді.Ол – жай бухгалтер емес. Ол – күзетші. Ол – қамқор. Ол – жетекші. Сондықтан, алтыншы Ереже: Есепшіңмен ақылдас. Өзіңнің аз тәжірибеңе сүйенбей-ақ қой. Сенің шығыныңмен байығысы келетіндердің кеңесін құлағыңа ілме. 7-ЕРЕЖЕ. БАҒА ТҮСКЕНДЕ САТЫП АЛ, БАҒА ӨСКЕНДЕ САТА БІЛ. Сегіз сөзден тұратын ережені өмірде қолдана білмесең сегіз есе баюың неғайбыл. Айту оңай, мыңнан біреу батыл болып істейді. Көпшілікке қарап сатып алады, сатады. Кезкелген брокер, кеңесі – бүгіннің өсегін айтып береді. Бәрі бос сөз, пыш-пыш қана. Базарда екі топ: алушылар және сатушылар бар. Базарға келген адам көбіне қосылады, ол ақшаны азайтудың басты себебі. Көпшілігіміз ерме хайуани инстингтпен жүреміз. Көптің істегенін істейміз. Ерекше болғымыз келмейді. Ағыспен аға береміз. Қаржы да саясат дін, қоғамдық жұмыстағыдай деп ойлаймыз, істейміз. Біз сылбырмыз. Баспасөз бізді көпшілік тобыр етіп жібереді. Редакторлар мен тілшілер басқадан ақылды болмаса да, мылжыңын сата біледі. Олар не айтқанын өздері білмесе де, әр күн сайын айтқысы келеді. Осы сөздер көпшілікке әсер етеді: ойламайды, оқиды. Баспасөз басқарады. Көп адам туғаннан өлгенге дейін өзінше ештеңе істемей, көпшілікпен өтіп кетеді. Көппен тынышырақ деп ойлайды олар. Қаржыда көпшілік үнемі ұтылады. Мұны көп адам білмейді, аздар жасырады. Қаржы – саясат антонимі. Баға дауыс берумен белгіленбейді. Көпшіліктің пікірі қаржыға қажетсіз. Бірақ, қоғамдық пікір бағаны бұзады. Саясатта көпке қосыл – ұтасың, қаржыда – азға қосыл, ұтасың. Сауда өнерін ұғасың. Алушыдан сатушы көп кезде сатпа, кем табасың. Сатушыдан алушы көпте – сатып алма, артық төлейсің. Бір миллионер маған: «Сабан қалпақты қыста сатып ал» деп еді. Баға барлық уақытта тұрақсыз. Көп адам қазіргі жағдай өзгермейді деп бүгін ғана ойлайды. Қымбатқа алып, арзанға сатып әуреленіп жүреді. Уайымшылдан сатып ал. Ақжарқынға сат. Жетінші Ереже – көппен болма, шеттен бақыла, баға көтерілуін пайдалан деген сөз. Осылай істей алғанның көбі бай боп жүр. Олар базардың тұрақтандырушысындай. Көпшілікті осыған көндіру керек. Басшылар міндеті – осы. Баспасөз – қоздырушы ғана. Адам табиғаты мынадай, баға өссе өсе береді деп ойлайды, түссе түсе береді деп ойлайды. Бірақ, ақиқат, керісінше. Бағасы өскен тауар – арзандайтынынан хабар бергені. Арзандаған нәрсе – қымбаттайды дей бер. Көпшілік артық қорқып, артық үміттенеді. Осы шу басылысымен-ақ баға тұрақталады. 8-ЕРЕЖЕ. АҚШАҢДЫ ҮНЕМІ АЙНАЛЫМДА ҰСТА. Әлемдегі ең өнімді капиталист – газет сатушы бала. Ол күніне 200 процент пайда табады. Қалай? Өйткені, оның тауары да, ақшасы да үнемі қозғалыста болады. Ол әрі капиталист, әрі жұмысшы. Ешкімді жалдамайды, өзіне-өзі қызмет етеді. Зергер 5000 фунттық қымбат заттарын бір жыл сатады. Бала ақшасын 600 рет айналдырады, зергер бір рет. Бриллиант сатушы пайдадан гөрі жылтырақпен әуре. Демек, Қаржының ұлы Заңы 8-Ереже осыған апарады. Мәселе, ақшаның көптігінде емес, мәселе қозғалуында. Мамонттың күші бар істемейтін мотордан, мысықтың күші бар істейтін двигатель артық. Бизнес мәні – ауысуда. Ақша – тауарға, тауар – ақшаға және тауарға! Және тез! Мол пайда көзі – осы. Сылбыр саудагер мен жылдам саудагерді салыстыра беріңіз. Жылына 30 процент пайдадан айына 5 процент қолайлы. Тауарын ұзақ-ұзақ сатушы қателеседі. Басы үлкеннің бәрі ақылды емес. Ақша да ақыл сияқты. Басы үлкен кейбіреу қызметкер, аяғы асырып жүр, басы кішкентай кейбіреу, – басшы, ақылы асырып жүр. Бизнесменге ең керегі не десең: “Көп ақша” дейді. Қателеседі. Дұрысы – қолда барды тез айналдыру. Тауар айналымын тездету – ақшаңды молайтады. “Алдың ба – сат, алдың ба – ертең сат” – әркімге ереже осы. Дүкен – өтпелі уақытша тұрақжай, әскери қойма емес. Осыны сатушылар түсінбейді: ақшаңды үнемі айналымда ұста. Әр тиын – кішкентай жұмысшы. Ол ұйықтамасын, жұмыс істесін. Аптадан соң кішкентай жаңа жұмысшыны ертіп келсін. 9-ЕРЕЖЕ. ІСКЕ ҚОСА АЛАТЫНЫҢША ҒАНА ҚАРЫЗ АЛ. Көп бизнесмен қарыздан қорқады. Өзінде барды ғана жұмсап сақтанады. Олар сауданың кең мұхитына “Өз ақшам” деген кішкентай кемемен шығады да, жағадан ұзай алмай жүреді. Жағадан су астындағы тасқа тез ұрынады. Сонымен бітеді. Қаржыгер болып үйренбейді, туылады дейтініміз содан. Әкеңнің байлығын сақтағанмен сен бай болмайсың. Қаржы әлемі қауіпке толы. Аңшыға арыстан аулама, альпенистке шыңға шықпа деуге бола ма. Ең дұрысы – ақылды тәуекел. Бірақ, адым батыл болсын. Қарыз алуын алып, түнімен ұйықтамайтын адам қаржыгер болып әуреленбесін. Одан да тұрақты айлық ал да, жұмысыңды істеп жүре бер. Ал қарыз алып, іске қосып, өзін сынап көрген адам, іске қоса алатыныңша тағы қарыз алудан қорықпа. Поезда бір бизнесмен 27 жыл бойы бір тиын қарыз алмадым деп мақтанды. Мен оның бай екеніне сенбеймін. Ол бес жылда жететін байлыққа өмірін сарп етті. Ақшадай арзан нәрсе жоқ. Ақша мен Ми – міне, бизнестің әр торкөзін ақшамен толтыратындар осылар. Ақшамен бәрін сатып алуға болады. Ақылдан басқаны. Адам Миы бар екенін білісімен Ақша табуды ойлауы керек. Қарызсыз таба алса – өте жақсы, қарыз алса да айыбы жоқ. Кімнен? Тек өсімқордан емес. Одан ешқашан пайда келмейді? Қарызды арзан жолмен тап. Банкіден болса. Қолайлы жағдай жасаған банкі жағдайыңды түсінбейтін кезкелген досың мен туысыңнан артық. Банкіден ала алмасың, басқадан алмай-ақ қой. Банкілер қатал көрінеді, бірақ шыны, олай емес. Банк иесі қашан беруді де, қашан бермеуді де жақсы біледі. Әрине, басқадан қарыз сұрау үшін өзің де құр қол болмауың керек қой. Ақшаны қолдана алатыныңа көзің жеткен соң, өміріңе жететін ақша жасауды ойла. Егер көп ақша тапқың келсе, сегізінші Ережені тыңда. Іске қоса алатыныңша ғана қарыз ал. 10-ЕРЕЖЕ. ДАМУ ҮШІН ҚАРЫЗ АЛ, ДАҚПЫРТ ҮШІН ЕМЕС. Даму мен дақпыртты ажырата алмаған талай коммерциялық фирмалар күйреп кетті. Даму деген – бизнес көлемін өсіру үшін болашаққа қарау. Дақпырт – жұртты әсерлендіру ғана. Егер баспахана иесі жыл сайын жаңа заказ үшін баспасөзге 4000 фунт жоғалтатынын білсе, қарыз алып, баспасөз шығаруды түгел сатып алсын. Зергер әшекейді көп сата алатынын білісімен, қарыз алып көп бриллиант сатып алсын. Еркіңнен тыс өсу бар. Нағыз бизнес – өсіп келе жатқан бала. Бесікте ұстап отыра алмайсың, кең тұрақ керек. Ал дақпырт – көз алдау ғана. Армансымақ. Саяпара (зонтик) сатып алу қажеттілік, алтын балдақты асатаяқ сатып алу – ақмақтық. Пайда келтірмесіне көзің жетпесе қарыз ақша алмай-ақ қой. 10000 фунтты 6 процент қарызбен алсаң, пайдаң 16 процент болсын. Бәтіңке сатып алғанда қарыздансаң дұрыс емес. Нашар жабдығы бар фабрика директоры әсем автомобильмен түстікке апарса таңданбай болмайды, мен тілім қышып: “Сенің машинаңның орнына екі жаңа станок сатып алса ғой” дегім келді. Құрып бара жатқан фабрика басшысы болсам, тақтайда жатып, тас жастанып, ақша үнемдеп, бизнес жасар ем. Жағдай оңала бастағаннан, көп қарыз алып, соқыр тиынына дейін іске қосар ем. Алғашқы сілкіністен құлап түспейтін өміршең бизнес осылай жасалады. Өздері байыса да, ісі қожыраған көп адамды көрдім. Әйелдері мен достары оларды шығынға белшеден батырып-ақ бағады. Джон Макинтоштай адам мыңнан біреу шығар. Әлемге әйгілі кәмпит шығарушы қарапайым үйде тұрды. Өз сарбазын ойлаған генералдай соларша қар төсеніп, мұз жастанғандай, әр ірі бизнесмен әуелі істі, сосын өзін ойласын. Жоқтан бар жасағың келсе, тез байығың келсе – спартакшы да бола біл. Жеңіл жол жоқ. Бизнес – әсер үшін емес, пайда келтіру үшін жасалады. Бизнес әсем үйде емес, атқорада жасалуы мүмкін. Орталық көшеде кең үйде орналасқан фирма пайда келтірмей, керісінше, шеткі кең үйдегі фирма келтіруі мүмкін. Жаңа жарқыраған мекенжай сатып алған қателеседі. Көп бизнесмен өкініп жүреді. Ескі орнын аңсап жүрген саудагерлерді де білемін. Ескіні дұрыс пайдаланбай тұрып, жаңа салу неге керек? Суперстанция, супервокзалдар автобус пен трамвайдан адамды көп тасыған емес. Қарызға алынған ақша тиімді қолданылсын. Бұл болмаса, ақша түрлі залал әкеледі. Бизнес жасауға бізді жоғары мәртебелі Пайда және жоғары мәртебелі Мақтаныш апарады. Егер пайда үшінқарыз алсаң бәрі дұрыс. Мақтаныш үшін болса – бизнестің шаруасының біткені. Ақщаны қалай қолдансаң – солай азап, рахат аласың. Сондықтан, Даму үшін қарыз ал, Дақпырт үшін емес. 11-ЕРЕЖЕ. БЕР, БІРАҚ ҚАРЫЗҒА ЕМЕС. Тас жүрек ережеде – достарыңа қарыз бермеу туралы айтамын. Егер отыз жыл бұрын бір жазушы осы ақылды маған айтқанда, мол ақшам, көп досым сақталар еді. Ақшаң бары мәлім болды. Дегенше қиындық кездесті дей бер. Әуелі, Арамтамақтар пайда болады. Олар туралы тұтас – жәулік энциклопедия жазуға болады. Олар әр дәрежеде – көшедегі қаңғыбас діндарға дейін. Олар – туыстар, достар, бейтаныстар. Олар – әйелдер, еркектер. Олар – адамдар, арсыздар. Оларды аяуға да болады, аямауға да болады. Бәрінің мақсаты – сенің ақшаңды алу. Күдіктенбей-ақ қой. Паразиттер – олар! Беті жылтыр әйелдер! Сынық мінез еркектер! Туыстар, жақындар, ағайындар, жекжаттар, жұрағаттар, жұрттар! Бәрінің қолы созулы, көзі қалтаңда. Бұл әлемде ақша жасаушы мен сұраушы арасында бітіспес майдан жүріп жатыр. Өзіндей әйелге үйленген бизнесмен бақытты. Сұраушыға үйленген – сорлы. Ақылы айран, ойы ойран болып, түбі қирайды. Жалғыз ұлы сұрамсақ болған бизнесмен – ең бақытсыз адам. Он бірінші Ереже ақша жасаушы мен сұраушыдан сақтандырады. Ақшаны табу оңай, сақтау қиын-қайым. Нағыз бизнесмен мұны зият біледі. Бай адамның көпшіл болмайтыны-сақтандыратындығынан оны домаланып қалған кірпі десе жарасады. Сақ болмасаң – барыңнан айырыласың. Паразиттарде тойым болмайды, көп берген сайын көп алады. Ақшаңды сыйлама, қарызға берме, табысың кемиді. Ақша өтінген кімнің қағазына болсын алакөзбен қара. Банкіде, тіпті әйеліңмен бірге жалпы есебің болмасын. Ақша дауынан аулақ жүр. Ақша ашуы адамның жаман жағын тез ашады. Банкир де, өсімқор да қалай қарыз беруді біледі. Сен білмейсің. Олар өзін қорғай алады, сен қорғана алмайсың. Қарыз беру – не істерін білмеген адамның ісі. Қарыз – бұл сыйлық емес, ақша жұмсау да емес. Алғыс әкелмейді, пайда таппайсың, қарыз сұраған досыңа банкіден ал де. Банкіге қарызбен десе – берме. Әйтпесе, қарызынан құтқарардай дәрежеде ғана затын сатып ал. Қарыз бергенше, бизнесмендер ісіне ақша қос, пайда табасың. Жолың бомаса, ақшаң қайтады. Өзіне сенген адам ақша керегін досына да білдірмейді. Достарынан қарыз алғыштар сенімсіз, паразит адамдар. Оралған өрмекшідей. Ақша сұраған адам – қарыз беруге тұрмайтын адам түрлері көп. Олар білімді, келбетті болуы мүмкін, адам түрлері көп. Олар білімді, келбетті болуы мүмкін, негізі сұрамсақ бейшара ғой ол. Олар мәдениетті қайыршылар, өз қадірін білетін адамдар оларды сыйламайды. Шіркін-ай, осы Паразиттер батылдығы жетіп ұры да бола алмайды. Заңды аттамайды. Бірақ, адамдарды ұрыдан бетер тонайды. Жақсы адамға қарыз берген – досыңнан айырыласың. Алғыс айтпаушылық психологиясы туралы ешкім кітап жазған жоқ, жазуға тұрады. Қарыз бергішті ешкім сүймейді. Досың сені өз адамынан өсімқорға айналдырады. Қарызыңды бере алмаған адам азапқа салды деп сені кінәлайды. Ақымақшылық десеңіздер де, дәл осылай. Достық теңдікке сүйенеді. Досыңды екі рет мейрамханаға шақырып екі рет өзің төлесең, достығымыз тәмем дей бер. Бағынышты мен бастық арасында достық болуы мүмкін емес. Адам қатынасы заңын жоққа шығара алмассыз. Сұрағанға қарыз беру – сол адамға жамандық жасау деуге келеді, егер адамгершілік тұрғысынан алсақ. Өйткені оның сен өз күшіңе сенуден, өзін сыйлаудан ада-күде айырасың. Ақша сұраған адамға, шын мәнінде, ақша керек емес, осы жағынан алданып қалма. Ақиқат мынада, біз жиі қарыз береміз, бірақ жайдан-жай сирек береміз. Соңғысын азымыз ғана жасаймыз. Қарызды ақшаны айналдыра алатын, қолынан іс келетіндерге беру керек, өзі үшін мүмкін болғанның бәрін жасай алатындарға беру керек. 12-ЕРЕЖЕ. НАШАР САЛАНЫҢ ҮЗДІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚАРАПАЙЫМ АКЦИЯЛАРЫН САТЫП АЛ. Бұл ережені түсініп, қолдан алған адам бағалайды. Бұл менің өз Ережем. Жұртқа жарияламаған едім. Бұл – жүйе. Бұл жеке адам түгіл, қоғамға пайда келтіреді. Мәселе, мынада. Нашар өндіріс саласы көп қой. Мейлі, мақта, резеңке, темір, мұнай, ағаш өндіру болсын. Бұл саланың әйтеуір біреуінде бір дұрыс фирма бар. Онда қарапайым акция болуға тиіс. Басқа қағаздан соны сатып алған қолайлы. Өйткені, олардың бағасы өте жоғары көтеріледі және өте төмен түседі. Ешбір сала үнемі құрып қалмайды. Бірде көтеріледі, бірде төмендейді. Бұл Ереже, аз адамға, ақшасы молдарға, биржада ойнауға жүйкесі шыдайтындарға арналған. Әрине, “сақтық кітапшаңдағы ақшаңды құртпай 4 процентке мәз болып жүре бер” деуге болар. Бірақ, мен Азғантай таңдаулылар үшін, тұрақты оқырман мен жеке достарым үшін жаздым деп ем ғой. Менің мақсатым – ақшаны қалай көп, тез, оңай және ұнамды әдістермен жасауға дағдыландыру ғана. Менің мақсатым – ақша жасаған адал адамдарды жүліктерден сақтандыру. Ақымақ жазушылар биржа дегеніміз – қойды қасқыр жеп жатқан, қақпанды қауіпті жер деп жазады. Адамдар: “Биржадан қаш, ол тонайды” дейді. “Парктен қаш, мұнда кісі өлтіреді” деген сияқты. Сондықтан, біз, иә, Биржа – Күштілерге арналған жер. Әлсіздер айналып өтсін дейміз. Биржа – базар сияқты. Мұнда бағалы қағаздар сатуға да, алуға да болады. Биржа – темір жол сияқты зәру. Биржа – базардан бағалы. Ол – сауда мен коммерция барометрі. Әр бизнесмен оны біліп, үйренуге тиіс. Биржа – қоғамдық пікір, уақыт үні. Ол – болашақ. Ол – соңғы жаңалықты бірінші біледі., ол – үнемі алда. Қаржы әлемінің ақылды адамдарының үміті мен қаупінің көрінісі – биржа. Және адам Биржадан ақылды, не күшті бола алмайды. Ешкім өзінше баға қоя алмайды. Пысықтай біреу көтерсе, базар орнына қояды. Әлемнің бүлкілдеген миы сияқты баға қозғалыста болмақ. Егін түсімі, ауа райы, көтерілістер, соғыстар, сайлаулар, банкі қойылымы, бюджет – осылар бағаны жоғары, төмен қуалайды да тұрады. Бағаны – фактілер, аңыздар, қорқыныштар, мыш-мыштар, қалау мен толқулар қозғайды. Демек, ақша жасау деген сөз – осы кезгі, баға мен нақты күннің айырмашылығын байқай білушілік. Айтқан, естігенге сенбей нақты құнды жақсы білетін, көп білетін адам – мол табысқа жетеді. Сонымен, он екінші Ереже бойынша кеңесім: 1. Бағалы 15-20 қағаз таңда. 2. Өзің білетін ісіңе қатысты қағаз таңда. 3. Ол қалаңа қатысты болсын. 4. Биржада өтетін қағаз болсын. 5. Ең кемі бес жыл бұрын шыққан болсын. 6. Ісі жүріп тұрған фирмалардың қағазын ал. 7. Ең кемі он екі сала қағазын ал. 8. Өз еліңнің қағазын ал. Енді бағаны бақыла. Сала нашарласа акциясы нашарлайтынын байқайсың. Арзанға ал да, қымбатқа сат. Бәрі сатылғанша бәрін ұмыт. Егер кімде-кім бұдан да артық әдістер білем десе – құдай алдыңыздан жарылқасын! Менің әдістерім биржада 20 жыл ойнаған тәжірибем негізінде жасалған. Достарым, пайдаланыңыздар! Аударған – Мылтықбый Мамытұлы Ерімбетов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Толығырақ: https://old2.aikyn.kz/2018/01/24/40294.html
Материалды көшіріп басқанда www.aikyn.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.