Ақындық жолында негізінен реалистік шындықты ту еткен Абай орыс ақынының мысалдарынан өзі күнде көріп, зығырданын қайнатып жүрген қазақ ауылындағы жат қылықтар мен өрескел надандықты жеріне жеткізе әшкерелеп, әжуа, мазақ етудің қуатты құралын тапқандай. Табиғатында тілінің ілмешегі бар, әзіл-сықаққа бейім Абай, енді сонау Эзоп, Федр, Лессинг, Лафонтеннен бері қарай келе жатқан уытты да ұтымды, оқырман қауым тез ұғынып, жеңіл қабылдайтын қарапайым сюжеттерді айызы қанған сезіммен аударуға кіріскен. Өйткені хайуанаттар тіршілігі, солардың өзара айтыс-талас түріндегі қысқа әңгімелері арқылы қазақ жұрты ішінде де бел алған біраз кемшілік-кесапаттардың бетін ашуға, ел арасындағы атқамінер пысықайлардың, қотанындағы аз малдың буына семірген, бос кеуде мақтаншақтардың, жақсы мен жаманды ажырата алмайтын көп наданның, әкімдер алдында бас изеуден басқаны білмей шыбындаған жарамсақтардың, «Үйден үрген итке ұқсап» бас пайдасы мен «шен-шекпен ушін туған халқын талауға әзір жылпостардың кеселді қылықтарын әшкерелеуге мүмкіндік мол екенін көре білді. Бұрын қазақ арасына көп тарай қоймаған бұл жаңа жанр тыңдаушыны оқыс сюжетімен қызықтыра түсетінін түсінді. Олар ауызша айтуға да, жаттауға да жеңіл. Абай Крыловтан барлығы 13 мысал аударған. Рас, олардың барлығын бірдей бірыңғай таза аударма деу де қиын. Ақын көп ретте Крылов мысалының жалпы мазмұнын алады да, өзінше еркін баяндайды. Абайда дәл, көшірме-аудармадан көрі сарындас-аударма басым. Ақынның бұлайша еркін кетуіне орыс әдебиетіндегі мысал жанры мен қазақтың мысал-өлеңінің жанрлық, техникалық ерекшелігі себеп болса керек. Абай мен Крылов мысалдарын сан қайтара оқып, алыс-жақын қасиеттерін, көркемдік, мазмұндық, стильдік айырмашылықтарын салыстыра зерттеген М. О. Әуезов осы айырмашылықты ап-айқын етіп көрсетіп берген: «Ал, анық әдебиет жуйесінің көзімен қарағанда, орыс әдебиетінде мысал (басня) стих (өлең) емес. Ол өзі бөлекше жанр. Оның жол өлшеулері өлеңге тән өзгешеліктей боп шумаққа да бөлінбейді. Әр кезде сөйлеп айтатын ауызша әңгіме, халықтық әңгіменің нақышты, ырғақты қара сөзіне бейім келеді. Қысқа қайырылған, өте мазмұнды жауаптасу, қағысулар оқиғалы желіге құрылады.