ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

Тәуелсіздігін алған соң Өзбекстан ана тілін құрметтей бастады деу­ге болмайды. Тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып-ақ бұл елде өзбек тілін қолданушылардың үлесі 92% шамасында еді. Өзбек ұлты сан жағынан басым болғаны да көпшілікке белгілі.
Статистика мәліметіне сүйенсек, 1989 жылғы санақта Өзбекстан Кеңестік Социалистік Республикасында халық саны 19 млн аса адамды құраған. Оның ішінде өзбек ұлты 14 млн шамасында (71%), ал орыс ұлты 1 млн 600 мыңдай (8,3%) болған. 1989-2017 жылдар аралығында Өзбекстанда халық саны шамамен екі есеге өсіп, 27,5 миллионға жеткенімен, орыс ұлтының саны 750 мыңға төмендеді.

Өзбек тілін өзбек ұлты ғана емес, Өзбек­станда тұратын барлық ұлт пен ұлыс пайдаланады. Кейбір жергілікті сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Өзбекстан үкіметі Кеңестік Социалистік Республика кезінде-ақ ана тіліне берік болған. Сол уақыттың өзінде-ақ қажетті нормативтік құжаттар өзбек тілінде қабылданып, балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін тілді меңгеруге қажетті оқулықтарды өзбек тілінде шығарғанын айтады.
Тәуелсіз Өзбекстанда өзбек тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолдану ережелерін анықтайтын норматив­тік құқықтық құжат – 1995 жылы қабыл­данған Өзбекстан Респуб­ликасының «Мемлекеттік тіл туралы» Заңы.
Заңға сәйкес Өзбекстан Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – өзбек тілі. Сонымен қатар Заңда «Өзбек тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру республикада тұратын ұлттар мен ұлыстардың өздерінің ана тілдерін қолданудағы конституциялық құқықтарына нұқсан келтірмейді» деп жазылған. Күнделікті өмірде, жеке қарым-қатынаста және діни жораларды орындау кезінде азаматтар өз қалауы бойынша өзге тілді таңдауға құқылы.
Өзбекстанда барлық азаматтарға мемле­кет­тік тілді үйренуге және оның аумағында тұратын ұлттар мен ұлыс тілдерін дамытуға жағдай жасалған. Азаматтарға мемлекеттік тілді тегін оқытады.
Ел аумағында тұратын сол түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің қарым-қатынас құралы әрі этностарды біріктіруші басты факторы – өзбек тілі.
Бұл ретте өзбек тілі мемлекет аумағында қолданылатын басқа тілдермен, оның ішінде ең көп тараған орыс тілімен ұлтаралық тіл болу құқығы үшін бәсекелеспейді. Өзбек тілі Өзбекстанның ғылымы мен мәдени байлығын паш ету үшін ғана емес, сонымен қатар басқа ұлттың азаматтарына да ұлттық идеологиялық рух құралы ретінде де әсер етеді.
Статистикалық есепке жүгінсек, мемлекеттік тілде жергілікті халықтың 95%-нан астамы сөйлейді. Себебі мемлекеттік тілді балабақшадан бастап үйретеді. Өзбекстандағы мемлекеттік ғана емес, барлық жеке және халықара­лық мектептерде өзбек тілін өте жоғары деңгейде оқыту міндеттелген. Орта мектептерде өзбек тілімен қатар «Ұлттық тәуелсіздік идеясы» курстары пән ретінде оқытылады. Ел Президенті Шавкат Миризеев мырза кез келген жиындарда, кездесулерде және халықаралық форумдарда ана тілінде баяндама жасап, басқаға үлгі болады. Осының бәрі өзбек тілінің шын мәнінде мемлекеттік тіл болуын қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардағы ресми құжаттар, мемлекет тарапынан дайындалатын арнайы бюллетеньдер мен журналдар міндетті түрде өзбек тілінде дайындалады. Одан кейін, қажет болса басқа тілдерге аударылады. Өзбек тіліндегі сайттар көптеп ашылып, мемлекеттік тілдегі контенттің оқырманы қалыптасты. Теле және радиохабарлар, киноиндустрия бағыты да өз жұмысын толық өзбек тілінде жүргізеді. Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі ең озық кітаптарды өзбек тіліне аудару жүйесі мемлекет тарапынан өте жақсы жолға қойылған. Бұл жұмыстың мемлекеттің жіті назарында тұрғанын байқадық.
Соңғы жылдары Өзбекстанда ұйым­дас­тырылған ірі халықаралық конференциялар мен симпозиумдардың өзі, негізінен, өзбек тілінде өткізіліп, басқа тілдерге синхрондық аудармалар жасалады. Өзбекстанда аккредитация алған көптеген дипломаттар, оның ішінде АҚШ, Франция сияқты елдердің Елшілері де бар, көптеген басқосуда баяндамаларын өзбек тілінде жасай бастады.
Өзбек тілінің осындай жоғары қолданысқа ие болып отырғанына қарамастан, тіл саясатын мемлекет әлі де қолдап отыр. Мәселен, Өзбекстан Рес­публикасы Олий Мажлисі Сенатының Төрағасы 2018 жылғы 13 желтоқсанда Парламенттің жоғарғы палатасының отырысында жасаған мәлімдемесінде «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» заңының орындалуы көңілімізді алаңдатады» деп, әріптестерінің назарын осы заңның ережелерін жүзеге асырудағы бірқатар мәселелерге аударды және Әділет министрлігіне заңның орындалуына қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды.
Бұл бағыттағы келесі саяси қадам – Өзбекстан Республикасы Президенті Ш.Мирзиеевтің 2019 жылғы 21 қазанда өткен өзбек тіліне мемлекеттік тіл мәртебесінің берілуінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі. Мемлекет басшысы өзбек тілінің «ұлттық бірегейлік пен мемлекеттік тәуелсіздік символы, орасан зор рухани құндылық» ретіндегі маңызын атап өтіп, «мемлекеттік тіл мәселесі ұлттық идеяның басты ұстанымдарының бірі болуы керек» деп атап өтті.
Сол күні Президент «Өзбек тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі мен беделін түбегейлі арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Онда саяси және құқықтық құжат ретінде мемлекеттік тілді дамытудың бірқатар маңызды шаралары белгіленді, сөйтіп, Өзбекстанда жаңа тілдік модель қалыптаса бастады.
Биыл, 28 ақпандағы отырысында Өзбекстан Сенаты «Азаматтық туралы» заңның жаңа редакциясын мақұлдады. Бұл жерде басты өзгеріс, ол азаматтық алу үшін қойылатын талаптардын бірі – өзбек тілін меңгеру. Заң дайындаушылардың мәлімдеуінше, мұндай талаптар көптеген дамыған елдердің заңдарында бар және оны енгізу Өзбекстан азаматтығын алғысы келген тұлғалардың мемлекетке, ұлтқа деген құрметін арттырады.
2020 жылдың 25 сәуірінде Өзбек­станның Әділет министрлігі «Мем­лекеттік тіл туралы» заңның бұзыл­мауын қамтамасыз ету мақсатында дайындалған «Әкімшілік жауапкершілік кодексіне» өзгертулер енгізу туралы заң жобасын талқылау үшін жариялап, Кодексте 42-бапты келесі 2 бөліммен толықтыруды ұсынды.
1-бөлім: Азаматтардың тәрбие мен білім алуда тілді еркін таңдау құқықтарын бұзғаны, тілді пайдалануда кедергілер мен шектеулер туғызғаны, мемлекеттік тілге, сондай-ақ Өзбекстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың басқа да тілдерін елемегені үшін 1-ден 2-ге дейінгі базалық есептік шамаға (223 мыңнан 446 мың сомға дейін) айыппұл салуды көздейді.
2-бөлім: Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл туралы заңнаманың талаптарын сақтамаған лауазымды тұлғаларға 2-5 базалық есептік шамаға дейін (446 мыңнан 1,115 млн сомға дейін) айыппұл салуды көздейді.
Құжатты әзірлеушілер кодекске қосымша мемлекеттік органдардың жұмысын мемлекеттік тілге көшіруді қамтамасыз етуге, лауазымды тұлға­лардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік тілге деген қызығушылықты дамытуға және арт­тыруға мүмкіндік беретінін және басқа мемлекеттерде (Украинада тіл туралы заңның бұзылуы 3400 ден 6800 грн-ға (1,3 тен 2,5 млн сомға) дейін, Литвада 86-дан 173 еуроға (944-тен 1,9 млн сомға) дейін, Латвияда 35- тен 285 еуроға (384-тен 3,1 млн сомға) дейін, қайта бұзушылық кезінде 285-тен 710 еуроға (3,1-ден 7,8 млн сомға) дейін, Тәжікстанда 30-дан 40 есептік шамалар (1,7-ден 2,3 млн-ға дейін) айыппұлдар салатынын атап өтті.
Мемлекеттік тілді қолдаудың өзбекстандық моделін басқа да елдер, оның ішінде қазір халық санының 70%-ын қазақ ұлты құрайтын Қазақ­стан да тәжірибе ретінде пайда­лан­са, қазақ тілінің рөлі артып, Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ғана «Ана тілі» газетіне берген сұх­ба­тында айт­қандай, «мемлекеттік тіліміз ұлтаралық қатынас тіліне айналатын» еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *