«Балдырған» журналы – республикамыздағы бірден-бір әдеби басылым. Ол алғашқы санынан бастап-ақ қазақ бүлдіршіндерінің сырлас досына, жанашыр жақынына айналды. Өзінің ұзақ тарихында «Балдырған» көптеген балалар жазушыларын тәрбиелеп, олардың шабыттарын қанаттандырды. Журналдың тұңғыш редакторы болып оны отыз жылға жуық басқарған атақты балалар ақыны Мұзафар Әлімбаев ағамыздың «Балдырған» – балалар әдебиетінің бас кітабы, балалар жазушыларының ұстаханасы» деген тағылымды сөзі осы сөзіміздің дәлелі іспеттес.
Біз журнал авторларының құрамында қазақтың айтулы ақын-жазушылары, талантты суретшілері мен көрнекті композиторлары да бар екенін мақтан етеміз. Қолына қалам ұстап, балабақша бүлдіршіндері мен бастауыш сынып оқушыларына арнап шығармалар жазып жүрген көптеген қаламгерлердің есімі «Балдырған» журналымен тікелей байланысты.
Басылым беттерінде «Кім тез жаттап алады?», «Бала тілі – бал», «Балдырғанның» достары», «Халықтық салт-дәстүр», «Бастау», «Үш тұғырлы тіл», «Әуелесін әсем ән», «Балдырғанның» қызыл кітабы», «Балдырғанның» сурет галереясы», «Кел, ойнайық, балақан!», «Өзің бояп ал!», «Әлем халықтары әдебиетінен», «Әлем халықтары ертегілерінен», «Ойлан, тап!», «Балалардан – балаларға» сияқты айдарлар аясында әдеби-танымдық дүниелер мен балалар әдебиетіне тән жанрлардың барлығы дерлік тұрақты түрде орын алады.
Бала тәрбиесі ол күнделікті ойнайтын ойынмен тікелей байланысты. Бұл орайда «Кел, ойнайық, балақан!» айдарымен ұлттық ойындардың ережелері таныстырылса, «Ойлан, тап!» айдарымен алуан түрлі танымдық ойындар ұсынылады. Сондай-ақ «Ұлттық салт-дәстүр» айдарымен берілетін материалдар да өзінің этнографиялық сипатымен құнды. Онда балалар өміріне байланысты ұлттық салт-дәстүрлер арнайы жазылған көркем әңгіме формасында беріледі. «Балдырғанның» сурет галереясы», «Өзің бояп ал!» айдарындағы суреттер бүлдіршіндерді бейнелеу өнеріне қызықтырса, «Балдырғанның» ән кітапшасы балаларға арналған әндердің антологиясы тәрізді.
Еліміздің түрлі қалалары мен түкпір-түкпіріндегі шалғай ауылдарында талантты балалар аз емес. Олар журналымызға жазылып қана қоймай, автор ретінде де атсалысып, тырнақалды туындыларын жолдайды. «Балдырғанның» «Бастау» айдары осындай жас талапкерлердің тақпақтары мен өлеңдерін, ертегілері мен әңгімелерін, мысалдарын журнал оқырмандарына таныстыруға арналған. «Балдырғанның» достары» айдары оқушылар мен ұстаздардың редакциямен ұдайы байланыста болуын қамтамасыз етеді.
Қазір баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқаны белгілі. Ал бала тәрбиесі науқандық қана шаруа емес. Ол үздіксіз жалғасын табуға тиіс маңызды іс екені бесенеден белгілі. Осы орайда ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған барлық ата-ана, балабақша тәрбиешілері, алдынан шәкірт түлетіп, ұстаздық ұлы қызмет атқарып отырған әрбір мұғалім, еліміздің бүгінін ертеңге лайықты ұластыруды ойлаған ел ағалары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақпен атқаратын игі шаруаның бірі әр баланың қолына бір-бірден осы «Балдырған» журналын ұстату болмақ. Қазақ елдігін танытып бел буып кіріссе, бұл алдырмас асу ма?!
Ал «Балдырғанның» жазылу индексі – 75610,1 жылға жазылу бағасы: үлкен қалалар тұрғындары үшін 3051 теңге 60 тиын, аудан және ауыл тұрғындары үшін 3103 теңге 20 тиын ғана!
Бір жылға шаққанда бұл ешкімнің де отбасылық бюджетіне елеулі шығын келтіре қоймайтыны мәлім. Ендеше, өз балаларымыздың өнерлі де білімді, алғыр да ақылды болып өсуі үшін бәріміз де атсалысып, балаларымызға бір-бір «Балдырған» журналын сыйлауға асығайық, ағайын!