Қазақ жазуы және орфографиясы

 

Мақсаты: Орфография туралы түсінік,орфографияның ұстанымдары жайлы айта келіп, ХХ ғ. қазақ жазуы мен орфографиясына қатысты Ахмет Байтұрсыновтың сіңірген еңбегіне жан-жақты тоқталу.

  1. Орфография туралы түсінік.
  2. Орфографияның ұстанымдары.

  3.ХХ ғ. жазуы мен орфографиясына қатысты Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі.

Орфография – жазба тілде пайдаланылатын біркелкі жазудың тарихи қалыптасқан жүйесі.Ол жазба тілдің нормаларын қарастырады.Олар: Күрделі сөз түрлерінің жазылуы; халықаралық сөздердің жазылуы; сызықша арқылы жазылатын түрлері. Орфография жазба тілде пайдаланылатын біркелкі жазудың тарихы қалыптасқан жүйе, біркелкі жазуды қамтамасыз ететін ережелер жүйесін жасайтын және зерттейтін тіл білімінің саласы.Орфография тілдің белгілі бір даму кезіндегі жазба тілдің нормаларын айқындайтын деуге болады.
Ережелер жүйесі:1. дыбыстарды (фонемаларды) әріптермен беру, сөз және оның мағыналы бөлшектерін жазу, сөздерді бірге , бөлек және дефис арқылы жазу, бас әріпті пайдалану, тасымалдау сияқты мәселелерді қамтиды. (орфография ара-тұра «дұрыс жазу» деген синоним ретінде де қолданылады). Бұлардың әрқайсысы белгілі бір принциптерге негізделген ережелердің жиынтығынан тұрады.
Морфологиялық принцип – сөздің морфологиялық құрамын ескеріп, морфемаларды (сөз және қосымша) құрамында болатын дыбыс алмасуларын елемей, бастапқы құрамын сақтап жазу. Фонетикалық принцип бойынша сөз айтылуындай жазылады, яғни әрбір әріп фонеманы емес, дыбысты білдіреді. Дәстүрлік пинцип — сөздің бір кезде жазылып, қалыптасқан, дәстүрге айналған түрінде сақтап, жазу. Бұған қаза тіліндегі хат, хабар, қаһар, жаһан сияқты сөздерде х, һ әріптерін пайдалануды жатқызуға болады. Дифференциялаушы принцип — дыбыстық құрамы бірдей сөздерді бір-бірімен орфографияның көмегімен айыру. Бұл принцип қазақ тіл білімінде ескерілмейді. Дұрысы, дәстүрлік пинцип бойынша хабар, хал, халық, хат, хан. Хош түрінде жазып жүргендеріміз, о баста тіліміздегі омонимдерді (қабар, қал, қалық, қат, қош) орфографиялық жақтан айырудың нәтижесі деп түсіну қажет.

Қазақ тіліне қызмет ететін жазу таңбалары (графика, алфавит, әліпби) мен орфографиясы (емле) проблемасы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап баспасөз бетінде көтеріліп, әлеумет назарына іліне бастады. Араб графикасын реформалау идеясы бойынша нақты іске кіріскен ұлы ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. Ғалым «Жазу тәртібі» деген көлемді мақала етіп «Айқап» журналының 1912 жылғы 4-5 сандарында жариялайды. Қазақ тілінің әліпбиін түзу үшін алдымен оның фонетикалық жүйесін талдап береді. Ғалым араб жазулы (таңбалы) қазақтың өз алфавитін (әліпбиін) жасап, ғылым-білім дүниесіне ұсынады. Жүйелілікпен түзілген бұл әліпбиін Ахмет Байтұрсынов тәртіпті жазу деп атаймыз деді: «Тәртіпті жазу дегеніміз тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (әрпі) бар болса» деп анықтайды. Графика мен оқыту проблемаларын ғылыми-тәжірибелік негізде тұңғыш рет көтерген ұлы ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов болғаны белгілі. Ахмет Байтұрсынов енгізген «Жазу тәртібі» термині «Қазақ жазба дүниесіне қажет алфавит» деген ұғымды береді.

А. Байтұрсыновтың өзі «Қазақ жазуы» деп, кейінгі зерттеушілер «Қазақтың тұңғыш ұлттық жазуы» деп аталған араб таңбалы жазуды ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап латынға ауыстыру науқаны басталды. Сөйтіп, нағыз ғылыми дәлелдермен орын алған үлкен тартыстан кейін 1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті. Қазақ мәдениеті үлкен таластармен қабылданған латын жазуының да «қызығын» көп көре алмады. Тағы да коммунистік империялық саясаттың тегеурінімен латын жазуы аласталып, кириллица − «орыс жазуы» қабылданды. 1940 жылдың соңынан басталған жаңа «орыс жазуын» қазақ мәдениеті: оқу-ағарту саласы, мерзімді баспасөз, баспалар ісі тегіс пайдалануға кірісті. 1957 жылы (әрине, ұзақ пікірсайыстардан кейін) ғана біршама жинақталып, түзетулер енгізіліп қазақ тілінің орфографиялық ережелерінің жаңа редакциясы қабылданды. Бұл ережелерге түзетулер мен толықтырулар енгізілген, жаңа редакциясы да 1983 ж. 25-августа Қазақ ССР Жоғарғы Совет Президумының Указымен бекітілді. Күні бүгінге дейін емле ережелерінің бұл соңғы редакциясы азын-аулақ түзетулермен қолданылып келеді. Осы ережелердің негізінде Қазақ тілінің үлкенді-кішілі бірнеше орфографиялық сөздіктері жарық көрді.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

  1. Орфография туралы түсінік. Орфографияның ұстанымдары.

  3.ХХ ғ. жазуы мен орфографиясына қатысты Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі.

Әдебиеттер:

1.Дүйсебаев М. Қазақ әдеби тілі орфографиясының кейбір мәселелері. А.,  1973

2.Жолымбетов К. Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері. А., 1968.

3.Мырзабеков С, Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, -А.,2006

  4.Дүйсенбаев Р. «Қазақ алфавиті туралы мәселеге, ДУГ, 1897, №10

5.Қазақ тілі жөніндегі революциядан бұрынғы зерттеулер. А.,1993, 18-20 3. 6.Әміржанова Н. Латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуының графикасы мен орфографиясы (1929-40жж.). канд. дисс. авторефераты. Алматы, 2010ж

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *